АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Көкесі барлар қорықпайды»

1450177663_2«Көкесі барлар қорықпайды»

Аурухана мен емханада ұзын-сонар кезекте тұрмаған адам кемде-кем шығар біздің елде. Одан қалды қағазбастылыққа жол беретін ақ халаттылардың тірлігіне ішің удай ашитыны тағы бар.

Жә, бұл біздің қоғамда қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Бар ашуыңды медицина қызметкерінен аласың. Ал кейде олардың өз жағдайы қандай болуы мүмкін деген ой келеді. Ақтөбеде 7-8 жылдай медициналық жоғары оқу орнында білім алып, еңбек жолын Алматының іргесіндегі ауданның бірінде бастаған Мақсат есімді жас маманмен сөйлесудің реті келген.
Жас дәрігердің айтуынша, жолығатын науқастың арасында аласы да, құласы да бар. Мақсат «Таяуда құқық қорғау орындарының бірінде басшылықта қызмет ететін бір кісі келіп «Мен кезекте не үшін тұруым керек, неге мен тезірек ем алмаймын?», – деп дікеңдеді. Қолымнан келгенше, жағдайды түсіндіруге тырысып жатырмын. Алайда бетінен зәрі шығып тұрған жігіт ағасының мені тыңдағысы жоқ. «Подполковникпін. Мен сені құртамын. Мына жерде ертең отырмайтын боласың», – деп өрекпіп барады», – дейді. Аты-жөнін, отырған кабинетімнің нөмірін жазып алған. Ондағы ойы – бастығыңа кіріп, Мақсатты жұмыстан босату. Айтып айтпай не керек, Алматыға келгелі Мақсаттың көргені тек бұл емес көрінеді. Халық ашулы болып барады. Ол көп жағдайда әке-көкесіне не қызметіне сенетін ағайлардың ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқанда, еріксіз тыңдап отыруға тура келеді. Қарсыласайын десе, расымен де, тірегі жоқ. Сондықтан, тағы кімнің ашуына тиіп қалармын деп қапаланып отыруға тура келеді. Жалпы, біздің қоғамда мұндай көрініс көп адамның басынан өтіп жатқаны жасырын емес. Күні қарап отырған бір айлық жалақысы үшін, іштей тынуға тура келеді. Бұл тек бір Мақсаттың басынан өтіп жатқан жай емес. Жас азамат онымен қалай күресу керегін де білмейді. Ұялы телефонға жазып алайын десе, қасындағы әріптестері одан еш пайда болмайтынын айтқан. Өйткені, осы «районның» дөкейлеріне ешкімнің қарсыласуға дәті жетпейтін көрінеді. Олардың «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып тұрса керек.
Өз еркімен қызметтен кетейін десе, дағдарыс жағадан алып тұрғанда қайдан барып жұмыс таппақ? Медицина саласында онсыз да жалақы көп емес. Үйдегі екі баланы қалай бағады? Оның үстіне қаншама жылын осы медицинаны игеру үшін жұмсады емес пе? Көз майын тауысып, өз мамандығы бойынша том-том медициналық әдебиетті бекер оқыды ма? Сұрақ көп, жауап жоқ әзірге!
Осы жайтты Мақсат әңгімелеп отырғанда, Ақтөбенің әуежайында болған оқиға еріксіз есіме оралды. Киевтен келген бойымыз. Төлқұжатымызды тексеру керек. Еуропаға бергісіз тәртіпті көріп, тамсанып келген біз үшін Ақтөбе әуежайындағы «қырағылық» тым оғаш көрінді. Қарыны қампиған үш-төрт ер-азамат кезектен тыс өтіп кетті. Сабылып кезекте тұрғандардың бірі – орыс әйел ұрысып еді, әуежай қызметкері әлгілердің өз қызметкері екенін айтты. Жеккөрінішті көрініс. Көп болса, 5-6 адамның алдын орап, кезексіз өтіп барып, төлқұжатын тексерткенін мәртебе сезінген болуы керек. Көп болса, 5-6 отандасының алдына шығып, діттеген жеріне жарты сағат бұрын жеткен болуы керек. Шет мемлекеттен келе жатып, өз жеріңде осындай көрініске куә болғаның үшін өзіңді де жек көріп кетесің. Осы қоғамның мүшесі болғаның үшін, қоғамның осындай дәрежеге түсіп кеткені үшін іштей шиырығасың… Байғұстардың, пасық жандардың, көп болса, әуежайда танысы бар шығар…
Әңгіме басында айтылған жас маманға әкіреңдеп жүрген тәртіп сақшысының сөзі өтетін көкесі бар болып тұр. Сол танысының бар екені де, әрі онымен дәрігерді қорқытуы да «мәртебе» емей немене?!.

Асқар Ақтілеу
Ақтөбе

«Жас қазақ» ұлттық апталық газеті

Сурет http://jasqazaq.kz/сайтынан алынды