Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, атап айтқанда, 44-баптың 3-тармағына сай, Президент жаңа сайланған Мәжіліске жаңа Премьер-министрдің кандидатурасын ұсынады. Конституция 70-бабы 2-тармағына сай, Премьер-министр жаңа Мәжіліс алдына Үкіметке сенім білдіру мәселесін қояды. Яғни, қалай болғанда да парламент сайлауынан соң Үкіметті де жаңарту мәселесі туындайды. Оның үстіне Президент сайлауынан кейін отставкаға кетіп, қайта құрамдалуы тиіс министрлер кабинеті өткен жылдың көктемінде де осы құрамында қалған еді. Президент ол кезде де Мәсімов кабинетіне сенім білдіріп, Үкіметті отставкаға жібермеген болатын. Осындай бірнеше себептерге байланысты алдағы жаңару мерекесі саналатын Наурыз мейрамында Үкіметіміздің де жаңарып қалуы мүмкін.
Осы ретте «Үкімет отставкаға жіберіліп жатса, министрлер кабинетін кім басқарады?» деген заңды сұрақ туады. «Қамшы» порталы осы сұраққа бірнеше жауап нұсқаларын ұсынады.
Ахметжан Есімов. Президенттің ең сенімді серіктерінің бірі саналатын А. Есімов мырза бұған дейін екі мәрте Премьер-министрдің орынбасары лауазымын атқарған. Премьерлікке пара-пар қызмет саналатын Президент Әкімшілігінің басшысы лауазымында да болған. Қазіргі таңда қазынаның қыруар қаржысы шоғырланған алып компания «Астана EXPO-2017» төңірегінде қаржылық құйтырқылықтар туралы әңгіме шыққанда да Елбасы компания тізгінін осы кісіге сеніп тапсырды. Одан кейін, саяси сарапшылар арасында А. Есімов елдегі билік жүйесіне ықпалы бар қаржылық-өндірістік топтардың ешқайсысына бүйрегі бұрмайды деген пікір және бар. Яғни, Үкімет басшысының орынбасары, әкім, министр сынды қызмет сатыларынан өткен саясаткердің премьерліктен үміттенуіне толық негіз бар. Дегенмен, Елбасының соңғы уақытта зейнет жасына толған шенеуніктерге ерекше «ықтияттылықпен» қарап жүргенін ескерсек, Есімов мырзаның Үкіметтің есігіне жақындай қоюы екіталай.
Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл азамат 2000-2002 жылдар аралығында Үкімет басында болған. Сол кезде ашық оппозицияға шыққан бір топ саясаткерге тағылған «киндер-сюрприздер» деген теңеудің авторы. Мамыр айында 63 жасқа толатын Кемелұлының да басшылық қызметтегі келешегі бұлыңғыр.
Нұрлан Нығматуллин. Президент Әкімшілігінде бірқатар лауазымдар атқарған, Қарағанды облысын басқарған, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған Н. Нығматуллин мырза түрлі ұлттық компаниялардың да тізгінін ұстаған. Алайда, Үкімет басшысының орынбасарлығы лауазымынан өтпеген. 2002-2004 жылдары көлік және коммуникакция вице-министрі болғаны есімізде. Қоғамда бұл кісі есімінің ықпалды тұлғалардың қатарында аталуы бүгінгі лауазымы Президент Әкімшілігін басқаруымен байланысты болса керек…
Түрлі ақпарат құралдарында премьерлікке үміткер ретінде бүгінгі Астана әкімі Әділбек Жақсыбековпен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың да аттары айтылуда. Әкім, министр, елші, мемлекеттік хатшы лауазымдарында болған Ә. Жақсыбеков мырзаны да Президенттің сенімді кадрларының бірі дегенімізбен Премьер-министр етіп тағайындауға әлі бір қайнауы жетпейтін сияқты. Ал, ұзақ жылдар бойы отандық ұлттық компаниялар мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшылығында болып келген Т. Құлыбаев мырза мемлекеттік билік органдарында көп төбе көрсете қоймайды. Қажетті шаруасын тасада отырып-ақ тындыра беретін Т. Құлыбаев мырзаның қызмет жолына көз жүгіртсек, сол премьерлікке Түкеңнің өзі де сондай қызыға қоятыны шамалы сияқты.
Осы лауазымға кандидат ретінде Өмірзақ Шөкеев пен Бақытжан Сағынтаевты, жас шенеуніктер қатарында айтылатын Әсет Исекешевті де атауға болады. Өмірзақ Шөкеев шенеунік ретінде бірқатар мемлекеттік қызмет сатыларынан өткен саясаткер. Облыс әкімі, министр, вице-премьер сынды лауазымдардың барлығынан өткен. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшылығындағы қызметі де тиянақты секілді. Н. Нығматуллин, Ә. Жақсыбековке қарағанда премьерлікке ұсынылу мүмкіндігі де жоғары десек артық кетпейміз.
Ал, Бақытжан Сағынтаев бүгінде Үкіметтің нағыз еңбекторысы болып отыр. Павлодар облысын басқарғандағы қызметіне де өңір тұрғындары дән риза. Алдыңғы жылдары, өңірлік даму министрлігін басқарған кезде де шағын қалалар мен құлдыраған елді-мекендердің мәселесін біршама шешуге атсалысты. Түрлі өндіріс нысандарына иелік етіп отырған олигархтардың да тілін тауып, жұмыстан қысқарту, жалақы мәселесіне қатысты туындайтын үлкен әлеуметтік наразылықтардың алдын алды. Бұл да шенеуніктің тек Елбасы сеніміне ғана емес, үкіметтік деңгейдегі шаруаларды оңтайлы шеше алатын іскерлік қасиеттерге де ие екендігін көрсетеді. Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында Елбасының Б. Сағынтаевқа тікелей тапсырмалар беріп жататынын да көріп жүрміз.
Әсет Исекешев те министр портфелін ұстаған, премьерге орынбасар болған жас болса да біршама тәжірибесі бар саясаткер. Елбасының бұл азаматқа да сенімі зор деп естиміз. Қысқа қайырар болсақ, бүгінгі мемлекеттік активтерді сату, шет елдерден инвестиция тарту сынды күйіп тұрған мәселелерге байланысты Президенттің көңілінен шықса, Үкімет тізгінін сеніп тапсыруға лайықты шенеуніктің бірі.
Осы премьерлікке фавориттер ішінен шаппай бәйге алатын тағы бір саясаткер бар. Ол – Иманғали Тасмағанбетов. Қазақстандық саясат сахнасындағы салмақты қайраткер NewTimes.kz сайты өткізген сауалнамада да көш бастап тұр. Премьер-министр креслосына лайық тұлғаны атап 1370 адам дауыс берген сауалнамада Иманғали Тасмағанбетов 48 пайыз дауыс жинаған екен.
Қазіргі Үкімет төңірегіндегі осы лауазымға лайық-ау дейтіндердің біразының есімі аталды. Саяси ұстанымы, саясаттағы салмағы, басқа да мүмкіндіктеріне байланысты басқа да есімдер аталуы мүмкін. Кім тағайындалса да жаңа Үкіметке артылатын міндеттер бұрынғыдан да ауыр болары анық. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құлдырауының өзі-ақ министрлер кабинетін біраз тығырыққа тірейді. Девальвция мен инфляция салдарынан туындайтын әлеуметтік қиындықтар әлеуметтің наразылығына әкеп соғуы мүмкін өйткені. Сондықтан да, Үкіметке басшы тағайындарда үміткердің біліктілігімен қатар, халық алдындағы харизмасына да назар аударылары сөзсіз.
Жомарт Абдоллаұлы