АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Отбасылық дәрігер – медицина болашағы

19704-212-otbasyly_d_r_ger_med_ruЖекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу.Бәсекелестік есебінен қызметтің қолжетімділігі мен сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайындағы бастапқы медициналық әлеуметтік көмекті қаржыландыру – бәсеке есебінен медициналық ұйымдардың корпоративтік басқару қағидаттарына көшуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту». 
«100 нақты қадам» – 81-қадам.

Басты байлық денсаулық, ұлт саулығы біздің табысты болашағымыздың негізі екенін Елбасы әр Жолдауында айтып, денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызмет сапасын арттыруға баса көңіл бөледі. Сондықтан да отандық медицина мамандары үшін қатерлі аурулардың алдын алу, ана мен бала денсаулығын жақсарту, медициналық-санитарлық алғашқы көмек жұмыстарын дамыту, ел тұрғындарының өмір сүру жасын ұзарту күн тәртібінде тұрған мәселелер. Осы мақсатта ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен елімізде жаңа реформа – отбасылық дәрігерлік (жалпы тәжірибелі дәрігер) қызметі енгізілді. Бұл жаңа жоба біздің аймақта да жүзеге асырыла бастады. Осыған орай облыста 179 учаскелік терапевт және педиатр мамандары «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша қайта даярлау курсынан өтті. 
– Тұрғындардың денсаулығын сақтау, оларды сапалы әрі тиімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету бағытында елімізде біраз жұмыстар қолға алынуда. Денсаулық сақтау жүйесі қызметінің ең басты көрсеткіші өмір сүру ұзақтығын арттыруға арналған. Осы бағытта ҚР Ден­саулық сақтау министрлігінің тапсыр­ма­сымен еліміздегі емханалардағы учаскелік дәрігерлерді отбасылық дәрігерлік тә­жірибесіне ауыстыру міндеті қойылған болатын. Сондықтан да МСАК дәрігер­лерінің ішіндегі жалпы тәжірибелі дәрі­герлердің үлес салмағын 50% көрсеткішіне жеткізу мәселесі бойынша мекеме басшы­ла­рымен жүйелі мониторинг жүргізіліп отырады. Жалпы, 2017 жылға дейін елі­міздің барлық аймағы осы жүйеге көшіп болуы керек деген тапсырма бар. Сол се­бептен өңірде 179 дәрігер Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында «Жалпы тәжіри­белі дәрігер» мамандығы бойынша жыл­жымалы қайта даярлау курсы бойынша оқытылды, енді арнайы сертификат алады. Биылғы жылы қайта даярлау курсынан оқытылатын мамандардың санын екі есеге жеткізу, терапиялық және педиатрлық учаскелерді қайта бейіндеу, облыстағы 33 жалпы тәжірибелі дәрігер учаскелерінің санын 50 пайызға ұлғайту жоспарда, – дейді облыстық денсау­лық сақтау басқармасы әкімшілік-кадр бөлі­мінің басшысы Ақмарал Ізмұратова. 
Дәрігерлерден біліктілік пен үлкен із­деністі талап ететін жаңа жүйеге көшуге бар­лық емханалар құлшыныс білдіріп кі­рісіп кете қоймаған. Алайда өңір бойынша Жетібай мен Бейнеуде жаңа жүйемен жұмыс істеу жақсы жолға қойылған. 
– Отбасылық дәрігерлік қызмет деге­ні­міз – отбасы мүшелерін жан-жақты тек­серіп, кешенді емдеу. Ол үшін осы қызмет стандарты мен талабына сай арнайы курстан өткен терапевт пен педиатр дәрі­герлер қабылдайды. Дәрігер отбасы мүше­лерін емдеу барысында ол жанұядағы ере­сектерді де, балаларды да толықтай тексеруден өткізіп, зерттеу жүргізіп барып, сырқатты анықтап, бірін-бірі толықтырып отырады. Жаңа тәжірибе кезең-кезең бойынша енгізілуде, бірақ профильдік мамандардың өкілеттігін жалпы тәжірибе дәрігеріне беру бағдарламасы толығымен жүзеге асқан кезде әрбір пациент оның барлық артықшылықтарын айқын сезі­нетін болады. Себебі бұл бағдарлама бірінші кезекте біздің еліміздің әрбір азаматының денсаулығы мен әл-ауқатын қолдауға бағытталған, – дейді Ақмарал Ізмұратова. 
Отбасылық дәрігерлік тәжірибе жүйе­сі шетелдік емханаларға өткен ғасырдың 80-жылдары енгізілген. Бүгінгі отбасылық дәрігерлік тәжірибе ісінің отандық ме­дицинаға енгізіле бастауы басқа елдердегі жаңашылықты өзімізде де жүзеге асыру арқылы тұрғындар денсаулығының жақ­саруына, әртүрлі аурулардың алдын алуға септігін тигізеді деген сенім бар. 
Венера МИРЛАН,
Маңғыстау облысы

http://aikyn.kz/