Өткен аптада Лондон жоғары соты соңғы он жылда Ресей мен Ұлыбритания қарым-қатынасын шиеленістіріп жіберген атышулы оқиға – «Литвиненко ісі» бойынша жүргізілген зерттеудің қорытынды есебін жариялады. 2006 жылдың 1 қарашасында Лондондағы Millennium қонақүйінің мейрамханасында не болғанын, бұрынғы әріптестері Дмитрий Ковтун мен Андрей Луговоймен кездескеннен кейін Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұрынғы офицері Александр Литвиненконын жағдайы неліктен күрт нашарлап кеткенін, өліміне себепші болған радиоактивті полоний-210 оның ағзасына қалай түскенін егжей-тегжейлі түсіндірген құжат жарияланғанда талайлардың ұйқысы қашты. Әйтсе де, Лондонның айыптауларына Мәскеу мазасыздана қойған жоқ.
Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицері, 2006 жылы Лондонда радиоактивті полониймен улап өлтірілген Александр Литвиненконың қазасына қатысты ашық тыңдау осыдан 5 ай бұрын аяқталған болатын. Лондон жоғары сотының судья-коронері сэр Роберт Оуэннің төрағалығымен өткен ашық тыңдаудың соңында Литвиненко отбасының адвокаты Бен Эммерсон мен судьяның заң кеңесшісі Робин Там сөйлеген еді. Қорытынды сөзінде Эммерсон Литвиненконың қазасына Ресей мемлекеті мен сол елдің президенті Владимир Путиннің жеке өзін айыптаған. Оның сөзінше, «жүргізілген ғылыми сараптама Литвиненконы Кремль агенттері Андрей Луговой мен Дмитрий Ковтун у беріп өлтіргенін дәлелдеген».
Адвокаттан соң сөз алған сот тергеуінің заң кеңесшісі Робин Там қоғамдық тыңдаудың ашық бөлігі 32 күнге жалғасқанын, оның барысында видеобайланыс арқылы алынған жауаптарға қоса 62 куәгердің сөзі тыңдалғанын атап өткен. Бұдан соң британдық арнайы қызмет пен оның агенттерінің құпия құжаттары қаралатын жабық бөлігі басталатынын хабарлады.
Ашық тыңдауда Лондон полициясының мүддесін қорғайтын адвокат Ричард Хоруэлл де Луговой мен Ковтунды «адам өлтірген» деп айыптады. Соттың жабық бөлігі аяқталғанға дейін судья Роберт Оуэн өз қорытындысы қоса жазылған баяндаманы әзірлеп, Ұлыбританияның ішкі істер министріне тапсыруға міндеттелген болатын. Судья құжатты өткен аптада, нақтырақ айтсақ, 21 қаңтар күні жергілікті уақыт бойынша сағат 9.35-те ұсынды. Ал арада 15 минут өткен соң қорытынды есепті Корольдік соттың ғимаратында журналистердің алдында жария етті.
Баяндамада Литвиненконың улануы бірнеше адамның өміріне қатер төндірген «ядролық терроризм актісі» деп танылған. Есептің қорытындысында Литвиненко ішіп отырған шайына Луговой мен Ковтун қосып берген радиактивті полоний-210-ның күшті дозасымен уланғаны айтылған. Лондон жоғары соты марқұмның өліміне себепкер болған улау процесі Ресей мемлекетінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған деген түйін жасады. Роберт Оуэнның айтуынша, ұзаққа созылған жаулықтан кейін Литвиненконы өлтіруді ФСБ-ның бұрынғы директоры Николай Патрушевтің өзі мақұлдаған.
Құжатта қылмыстың болжалды себептері де көрсетілген: Литвиненконың ағылшын барлау қызметіндегі жұмысы, ФСБ-ны сынға алуы, марқұмның Борис Березовскиймен байланыстарынан туған. Құжат мазмұнына сүйенсек, Луговой мен Ковтун Лондонға қандай улағыш зат әкетіп бара жатқандарын білмеген болуы да мүмкін. Оның үстіне, олардың Литвиненконы өлтіруге жеке себептері болған жоқ. Десе де, Роберт Оуэнның пікірінше, депутат пен кәсіпкер Литвиненконы үшінші тұлғалардың тапсырмасы бойынша улаған.
Баяндамадан кейінгі базына
Литвиненконың жесірі Марина Литвиненко британ тергеушілерінің есебіне көңілі толатынын айтты. «Күйеуімнің өлім аузында жатып Путинді айыптағанын ағылшын соты дәлелдеді» – деді Литвиненконың жесірі. Ол Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронға жүгініп, сот баяндамасында аты аталған тұлғаларға дербес экономикалық санцкиялар мен визалық шектеулер қойылуын, сондай-ақ Ұлыбританиядан Ресей арнайы қызметтерінің барлық қызметкерлерін шығаруды өтінді. Британдық БАҚ-тың хабарлауынша, Марина Литвиненконың бұл ұсынысын Ұлыбританияның Либералды-демократиялық партиясының көшбасшысы Тим Феррон да қолдап отыр.
Әзірге Ұлыбританияны Ішкі істер министрлігі Литвиненко ісінің негізгі күдіктілері – Алексей Луговой мен Дмитрий Ковтунның есепшоттарына құлып салумен шектелді. Бұл туралы ведомство басшысы Тереза Майға сілтеме жасап, ITV хабарлады. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі Ресейдің Ұлыбританиядағы елшісі Александр Явненконы шақыртуға ниетті. Елші арқылы ағылшын тарапы Ресейдің Литвиненко ісінің оң шешілуіне көмектесуден және сот сұратқан ақпараттарды беруден бас тартқанына наразылығын жеткізбек.
Ресей құқық қорғау органдарының пікіріне сүйенген «Интерфакс» Лондон сотының үкімі Луговой мен Ковтунды қылмыстық жауапкершілікке тарта алмайтынын хабарлады. Өйткені Ресей Федерациясының Конституциясы бойынша Ресей өз азаматтарын ұстап бермейді. Сондықтан Ресей мемлекеттік думасының депутаты Андрей Луговой мен кәсіпкер Дмитрий Ковтун Роберт Оуэннің баяндамасын шыбын шаққан құрлы көрмеген сыңайлы. Литвиненконың көзін жою процесінің негізгі орындаушылары деп танылған екеу өздерінің бұл іске қатысы барын табанды түрде жоққа шығаруда. Reuters-тің хабарлауынша, Лондон сотының есебінде өзіне тағылған айыпты Луговой «абсурд» деп атады.
Мәскеу бұған дейін Литвиненконың өліміне қатысты айыптауларды жоққа шығарып, қоғамдық тергеу «саяси мақсатпен» жүріп жатқанына наразылық білдірген болатын. Ал Оуэннің есебі жарияланғаннан кейін журналистер алдында ресми мәлімдеме жасаған Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова қылмыстық істің саяси сипат алып, екіжақты қарым-қатынасты шиеленістіріп жібергеніне өкініш білдірді. «Біздің ойымызша, ФСБ-ның бұрынғы қызметкері Александр Литвиненко өлімінің себептері жайлы Лондон жоғары сотының баяндамасы саяси мүдделерге басымдық берген. Ресей бұл істің Мәскеу мен Лондон қарым-қатынасына кері ықпал етіп отырғанына қатты өкінеді», – деді Захарова. Ресми өкілдің айтуынша, ағылшындар жүрізген тергеу процесінде шикілік көп. «Саяси сипат алған әрі қитұрқылығы көп процестің баяндамасы бейтарап әрі әділ болмайтыны о бастан-ақ белгілі еді. Ресейдің бұл іске байланысты ұстанымы баршаға белгілі және ол өзгеріссіз қалады», – деп атап өтті ол.
Отанынан қашқан офицер
2000 жылы Ресей билігі таққан айыптаулардан бас сауғалап, отбасымен бірге Ұлыбританияға қашқан Александр Литвиненко 2006 жылы 23 қарашада, ағылшын азаматтығын алғаннан соң көп ұзамай қаза тапты. Лондондағы Millennium қонақүйінің мейрамханасында Луговой және Ковтунмен кездесіп, шай ішкеннен кейін жағдайы күрт нашарлай бастаған Литвиненко аурухана төсегінде жан тәсілім етті. Ұлыбританияның Денсаулық қорғау агенттігінің мамандары оның ағзасынан радиактивті полоний-210 улы затының үлкен мөлшерін анықтаған болатын. Лондон билігі Литвиненконы Луговой мен Ковтун улағанына сенімді болса да, он жылдан бері жүргізіліп келе жатқан тергеу амалдары мұны дәлелдей алмай келеді. ФСБ-ның бұрынғы офицерінің есімі БАҚ-тағы шулы тақырыптардың арасынан түспей келе жатқаны сондықтан.
Небәрі 43 жыл өмір сүрген Александр Литвиненко 1962 жылдың 4 желтоқсанында Воронежде дүниеге келген. Балалық шағы Нальчикте өтті. 1980 жылы орта мектепті бітірген соң КСРО Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерінде қызмет етуге шұғыл түрде шақырылып, 1985 жылы Орджоникидзе жоғары әскери қолбасшылығының С.М.Киров атындағы училищесін тәмамдайды. Одан кейінгі 15 жыл ішінде ішкі әскердің лейтенантынан бастап взвод командирі, ФСБ подполковнигіне дейінгі ұзақ жолдан өтті. 1988 жылы КСРО ҰҚК-нің әскери барлау қызметінің Жоғарғы курсын тәмамдады. 1988-1991 жылдары КСРО ҰҚК-нің әскери барлау қызметінде, ал 1991 жылдан бастап Федералдық қауіпсіздік қызметінде тер төкті. Лаңкестікке және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласы бойынша маманданған офицер КСРО мен Ресейдің аса қауіпті аймақтарындағы қарулы қақтығыстарға қатысты.
1994 жылы Борис Березовскийге қарсы жасалған шабуылдан кейін Литвиненко онымен танысып, осы істі зерттеумен айналысқан оперативті-тергеу тобының құрамына енеді. 1997 жылы ФСБ-ның Қылмыстық ұйымдар қызметіне қарсы күрес басқармасының 7-ші бөлімі бастығының орынбасары болып ауысады. 1998 жылы басқармадағы бірқатар әріптестерімен бірге (Шебалин, Понькин, Щеглов, Латышонок) Мәскеуде баспасөз мәслихатын өткізіп, 1997 жылдың қарашасында басқарма бастығы Евгений Хохольков және басқарма бастығының орынбасары Александр Камышниковтан Ресей Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары болған Борис Березовскийді өлтіру туралы ауызша бұйрық алғандарын жайып салады. Литвиненко мен оның әріптестері бұл бұйрықты орындаудан бас тартқан. Алайда «мемлекетті тонаған еврейді» өлтіруге келіспесе, таяқтың астына алынатындарын айтып қорқытқан көрінеді. Сондай-ақ, Литвиненко мен жақтастарына «Интурист Радамер» қонақүйі мен іскерлік орталығының бас директорының інісі Умар Джабраиловты кепілдікке ұрлап әкетіп, ақша талап ету және ФСБ подполковнигі Михаил Трепашкинді өлтіру жөнінде тапсырма алғандарын да сол жиын кезінде баяндап берді.
Алайда ФСБ басшылығы өз қызметкерлерінің барлық мәлімдемесін жоққа шығарып, болған жағдайға байланысты өз нұсқаларын келтірді. Олардың айтуынша, Литвиненко, Шебалин, Понькин, Щеглов мен Латышоноктың түрлі қылмыстарға: адам ұрлау, ұрып-соғу, заңсыз сауданы бүркемелеу, жұмыс бабын асыра пайдалану сияқты заң бұзушылықтарға қатысы болған. Шулы оқиғадан кейін ФСБ директоры Ковалев қызметінен кетіп, ФСБ Қылмыстық ұйымдар қызметіне қарсы күрес басқармасы қайта құрылымдалды. Ал Литвиненко ФСБ-мен біржола қош айтысып, ТМД Атқарушы хатшылығының қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Березовскийдің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Жортуыл жылдарында
ФСБ басшылығының былық-шылығы ашылған баспасөз мәслихатынан екі күн өткен соң Александр Литвиненконың өміріне қастандық жасалады. Ал 1999 жылдың наурызында қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып бойынша тұтқындалып, ФСБ-ның «Лефортово» тергеу изоляторына қамалды.
Ол 1999 жылдың қарашасында ақталды, алайда ақтау туралы үкім оқылғаннан кейін екінші қылмыстық іс бойынша сот залынан бірден Бутырск түрмесіне аттанды. 2000 жылы қылмыстық құрамның болмауына байланысты прокуратура екінші қылмыстық істі тоқтатты. Бірақ дәл сол күні оның үстінен үшінші қылмыстық іс қозғалып, Литвиненко ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылды.
Өз өмірі үшін үрейленген ФСБ-ның экс-офицері Ұлыбританияға тұра қашады. 2002 жылдың мамыр-маусым айларында ол Ресейде сырттай сотталып, 1996 жылы қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін, 1997 жылы жарылғыш заттарды ұрлағаны үшін және атыс қаруларын заңсыз сақтағаны үшін 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. 2001 жылы Біріккен корольдіктің үкіметі өз елінде қуғынға ұшыраған азамат ретінде Александр Вальтеровичқа саяси баспана ұсынды. Березовский жетекшілік ететін қордың есебінен Литвиненко бастапқыда ай сайын 4500 фунт алып тұрды, кейіннен бұл сома 1500 фунтқа дейін қысқартылды. Сонымен қатар, жат елде жүрген ресейлік азамат кеңесші әрі ағылшын компанияларын ресейлік кәсіпкерлермен байланыстырушы делдал ретінде де жақсы табыс тауып жүрді. 2006 жылдың 12 қазанында Литвиненко Ұлыбритания азаматтығын және Эдвин Картер деген жаңа есімі көрсетілген жаңа төлқұжатын алды.
Арада бір апта өткен соң, 19 қазанда Литвиненко журналист Анна Политковскаяның өліміне байланысты ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысты. Билік ресейлік саясаткер Ирина Хакамада арқылы журналиске қоқан-лоққы көрсетіп отырғанын мәлімдеді. Алайда Хакамада мұны жоққа шығарды: «Менің Кремльдің табалдырығын аттамағаныма 3 жыл болды. Үш жыл бойы Путинді де, Сурковты да, Кремльдің басқа өкілдерін де көрген емеспін. Сондықтан Литвиненконың айтқаны – сандырақ. Оның Лондонда тұрып жатқанына біраз болды, Ресейде не болып жатқанын қайдан білсін?» деді ол.
Ақтық сағат
2006 жылдың 1 қарашасында жергілікті сағат 14.00-де Александр Литвиненко Itsu суши-барында итальяндық Марио Скарамелламен кездеседі. Ақпарат көздерінде көрсетілген деректерге қарағанда кездесуге Скарамелланың журналист А. Политковскаяның өліміне қатысты құпия құжаттарды әкеліп беремін деген уәдесі түрткі болған. Кейіннен Литвиненконың жағдайы нашарлай бастаған кезде, Скарамелла тергеушілерге кездескен уақытта оның өзіне және Литвиненкоға қоқан-лоқы жасалған электронды хаттардың көшірмесін Александр Вальтеровичқа бергенін мәлімдеді. Бірақ Itsu суши-барында бейнебақылау камералары орнатылмағандықтан, полиция кездесу барысында шын мәнінде не болғанын анықтай алмады.
1 қараша, яғни ауруханаға түсетін күні Литвиненко тағы бір кездесуде болған. Сағат 16.00-де Millennium қонақүйінде ол ескі танысы, кәсіпкер, РФ Күзет басқармасының бұрынғы қызметкері, ОРТ телеарнасы қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы, Березовскийдің бұрынғы оққағары Андрей Луговоймен жолығады. Кездесуде Луговойдың екі жақын досы әрі әріптестері – Дмитрий Ковтун және Вячеслав Соколенко да болған. Соңғы он жылда Литвиненкомен тығыз іскерлік әрі достық қарым-қатынаста болған Андрей Луговой сол күні ЦСКА мен «Арсеналдың» ойынын көру үшін Лондонға арнайы келіп, жол түсіп тұрған соң Литвиненкоға соға кетуді жөн көріпті-міс. Оқиғаның шын мәнінде қалай болғаны әлі күнге дейін жұмбақ. Бір анығы – сол күні оның ағзасына радиоактивті полоний-210-ның үлкен дозасы түскен.
Кешке таман Барнет ауданының ауруханасына жеткізілген Александрдың жағдайы күннен күнге нашарлай берді. 20 қарашадағы жағдайы бойынша, қарулы күзеттің бақылауында жатқан науқастың тірі қалуы екіталай деп болжанды. Бұдан кейін дәрігерлер бастапқыдағы таллиймен уланды деген нұсқаны жоққа шығарып, науқастың ағзасына радиактивті зат түскеніне көз жеткізді.
Шешен сепаратистерінің көшбасшыларының бірі Ахмед Закаев «Радио Свободаға» берген сұхбатында Александр Литвиненконың 22 қараша күні, аурухана төсегінде жатып ислам дінін қабылдағанын айтқан болатын. Кейін мұны Александрдың әкесі Вальтер Литвиненко да растады.
23 қараша күні түнде науқастың жағдайы күрт нашарлап, жергілікті уақыт бойынша сағат 21:21-де Александр Литвиненко Юнивёрсити Колледждің ауруханасында көз жұмды. Оның денесі Лондонның Хайгейт зиратына қойылды. Сол сәттен басталған «Литвиненко ісінің» нүктесі әлі қойылған жоқ. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Литвиненко өлімі бойынша жасалған Лондон сотының баяндамасын талқылау Ресейдің қызығушылығын тудырмайтынын және күн тәртібіне енгізілмейтінін мәлімдеген еді. Десе де, құжатпен танысып шығатындарын жеткізді. Лондон Мәскеуге қарсы айыпты үйіп-төгіп жатқанда Кремльдің үнсіз қалмасы анық. Әлде бұл дүлей дауыл алдындағы өлі тыныштық па екен?
Анар ЛЕПЕСОВА
http://turkystan.kz/