Египет әміршісі Птоломейдің XII өлімінен кейін б.з.б. 51 жылы таққа оның он жасар ұлы Дионис пен он сегіз жасар қызы Клеопатра отырады. Бағзыдан қалған ғұрып бойынша, таққа отырмас бұрын, ағалы-қарындас неке құрады. Ақылдылығы, жан-жақтылығымен қатар, өзімшіл әрі Еуропалық мәдениетке жақын балғын аруды халық бірден ұнатпады. Тақ мұрагерлерімен бірге елді басқарушы Потин әтек Дионисті (Птолемей XIII) қалдырып, қызды Сирия еліне қуып жібереді. Қуғынға ұшыраған қыз отанына тек бірнеше айлардан кейін оралады. Дәл осы шақта аты шыққан басқыншы, Римнің құдіретті әміршісі Юлий Цезарь Клеопатра мен Дионистен әкелерінен қалған қарызды өтеуді талап етеді. Қарызды төлемеудің жолын іздеп, қу патшайым өзінің әйелдік сиқырын пайдаланып, шапқыншы Цезарьдің жүрегін жаулап алмақ болады. Әдемі киім, әшекейлерімен жасанып, ол өзін қызметшілеріне кілемге орап, Рим қолбасшысының алдына апаруды бұйырады. Сол түнді Рим мен Египеттің әміршілері бірге өткізеді. Жас қызға ғашық болған Римдік патша оған інісінен билік тізгінін алып беру үшін сегіз ай бойы соғыс жүргізеді. Дионис патша соғыста қаза тауып, Клеопатра Египет елінің жеке-дара әміршісі атанады. Сүйіктісіне өз алғысын білдіру үшін патшайым оған Ніл өзеніне саяхат ұйымдастырады. Екі айға созылған ғашықтардың бұл сапарына олардың шаш-бауын көтерген төрт жүздей кеме аттанды деседі.
Империясының шекарасын сонау Үндістанға дейін кеңейтуді көздеген Цезарь жорығын жалғастырып, Дакия еліне аттанады. Ал оның аяғы ауыр сүйіктісіне елде қалуға тура келеді. Бір жылға созылған жорығынан жеңіспен оралған Рим елінің иесі елге Клеопатра мен ұлы Птоломей Цезарионды алдырады. Қарақұйрықтар мен гепардттардың табынын айдаған мың сан құлдарымен, алтын күймемен жол тартқан патшайым алтын таққа жайғасып, қымбат тастармен көмкерілген әдемі киіммен жасанып, басына алтыннан жасалған қасиетті жыланы бар тәжін киіп келеді. Клеопатраның бұл сән-салтанатына таңқалысқан Римдіктер біраз уақыт өздеріне келе алмаған деседі. Алайда, оны халық бірден ұнатпайды. Бөтен елден келген әйел Рим патшасының басын айналдырып, айласын асыруда деген халықтың наразылығы өсе берді. Ал шынында Клеопатра бөбегі мен еріне ғана уақыт бөліп, ел тірлігіне араласпай, бір жылдай өмір сүрді. Дегенмен, халықтың ықыласын ала алмайды. Римдіктер арасында махаббатқа мас болған ел әміршісі әйелінің сөзіне еріп, фараон атанып, елдің астанасын Александрияға көшіреді деген қауесет тарайы. Ал ғашық Цезарь бұл сөздерді жоққа шығармайды. Нәтижесінде, б.з.б. 44 жылы Цезарь өз кеңесшілерінің қолынан қаза табады.
Әмірші өсиетнамасында тақ мұрагері өз ұлы Птоломей Цезарион емес, жиені Октавиан деп көрсеткен болып шығады. Мұны білген Клеопатра бөтен елде қалуға сескеніп, өз отанына қашып кетеді.
Дайындаған: Салтанат Пердешқызы
http://anabol.kz/