Экстремизм және терроризм қатерлерінің көріністерін бейтараптандыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заң әзірлеген болатын. Бұл толықтырулар бойынша ақпараттық материалдарды сот тәртібінде террористік деп тану процедурасы бекітілді.
Кейінгі кездері Интернет екпінді дамуда және қолданушылардың көпшілігі әртүрлі ақпаратқа қол жеткізіп отырған әлеуметтік желілердің танымалдылығы күннен күнге артып келеді. Әлеуметтік желілердің танымалдылығымен бірге бүкіл әлемде ауқымды сипатқа иеленудегі экстремистік және террористік идеологияның кеңінен таратылуы да қарқын алуда. Бүгінде Қазақстан тұрғындары Интернет арқылы діни экстремизм мен терроризм идеяларының негізінен шетелден насихатталуына жиірек ұшырауда. Террористік ұйымдар күнделікті Интернет желісі арқылы өз қатарларына жаңа жақтастарды тартумен айналысуда. Түптеп келгенде террористік ұйымдардың іс-қимылдары жалпы әлемдегі тұрақтылықты бұзуға бағытталған. Осындай көріністермен күресу үшін еліміздің мемлекеттік органдары терроризмнің қауіптерінен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының жүйесін пысықтады, оның тиімділігі арттырылуда.
– Сот-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, біздің азаматтарымызды терроризмге тарту шетел эмиссарларының және радикалдық идеологияның уағыздаушылары ғана емес, террористік мазмұны бар ақпараттық материалдардың әсерімен де жүзеге асырылады. Осындай материалдарда террористік қызмет насихатталады және ақталады, қолдан жасалатын жарылғыш заттарды дайындау және терроризм актілерін жасау бойынша нақты нұсқаулар қамтылады. Дей тұрғанымен, егер де бұрын қолданыста болған заңнамада сот тәртібінде экстремистік материалдар таратылуының жолын кесуге мүмкіндік беретін болған болса, онда террористік мазмұны бар материалдар бойынша мұндай рәсім болмаған. Осыған байланысты, осы рәсімді құқықтық негізде бекіту террористік деп танылған ақпараттық материалдарды ел аумағына әкелудің, сақтаудың, басып шығарудың және таратудың жолын кесуге мүмкіндік берді, — дейді Бас прокуратураның 1-ші Департаменті бөлімінің аға прокуроры Бекжан Қараманов.
Жаңа заңдағы тағы бір ерекшелік – соттың экстремистік деп таныған ұйымның мүлкін тәркілеуге және мемлекет кірісіне алуға мүмкіндік берді. Мұндай ұйымдардың жұмысын тоқтату үшін оның барлық қаржылық және материалдық активтерін тәркілеу қажет, сол арқылы ғана толық көлемде жолын кесуге болады. Ал бұл жағы бұрынғы заңда қарастырылмаған. Қазақстанда тіркелген ұйымның кейбіреуін экстремистік деп тану кезінде мемлекеттік органдар алғашқы рет заңдағы осы олқылыққа 2012 жылы тап болды.
– Экстремистік немесе террористік мақсаттарды ұстанатын тұлғалардың ел аумағына кіруінің және шетелге шығуының жолын кесу бойынша құқықтық негіздер бекітілді. Нақты айтқанда, экстремизмге немесе террористік қызметке қатысты шетелдіктердің Қазақстанға кіруіне тыйым салынды. Сондай-ақ, экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға жағдайлар туғызатын іс-әрекеттерге жол бермеу мақсатында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына жеке және заңды тұлғаларға орындалуы міндетті алдын ала ескертулерді хабарлау арқылы профилактикалық сипаттағы ықпал ету шаралары көзделген толықтырулар енгізілді, — дейді Бекжан Қараманов.
Радикалды идеологияның интернет-кеңістігінде таралуына қарсы іс-қимыл терроризмге қарсы қызметтің аса маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Оның міндетіне заңға қайшы, теріс мазмұндағы уағыздардың таралуын тоқтату ғана емес, сондай-ақ, интернет желісінің қолданушыларында радикалды идеялардың қалыптасуына жол бермеу жұмыстары кіреді.Прокуратура органдары басқа мемлекеттік органдармен бірге заңсыз материалдардың таралуына жол бермеу мақсатында экстремизм мен терроизмді насихаттайтын, сондай-ақ, қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды және жарылғыш заттарды дайындау бойынша материалдарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмыс жүргізуде.
– Осы жұмыс аясында жүз мыңнан астам интернет-ресурстың мониторингі жүзеге асырылды, — дейді Бас прокуратураның қызметкері А.Турабаева, — Экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттаудың, сондай-ақ, жарылғыш құрылғыларды қолдан жасау тәсілдері туралы ақпаратты таратудың анықталған фактілері бойынша талап-арыз жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ, сотқа дейінгі реттеу шаралары қабылданды. Соңғы бес жылда еліміздің соттары бір мыңнан астам интернет-ресурстардың өнімдерін заңсыз деп тану туралы прокурорлардың және уәкілетті органның арыздарын қанағаттандырып, олардың Қазақстан аумағында таратылуын тоқтатты. Сотқа дейінгі тәртіпте интернет-ресурстардың иелерімен жүргізілген жұмыс нәтижесінде екі жүзден астам материал жойылды.
Талдау көрсеткендей, ұлттық қауіпсіздік органдарының ресми алдын ала ескертулерін алғаннан кейін барлық дерлік тұлғалар өздерінің қылмыстық ниеттерінен бас тартқан. Осылайша, ұлттық қауіпсіздік органдарына осы құқықты беру экстремистік және террористік құқық бұзушылықтар жасауға жағдайлар туғызатын іс-әрекеттерге жол бермеуге бағытталған болжамдалған нәтижелер мен мақсаттарға қол жеткізді.