АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

БІРЛІКТЕН АЙРЫЛҒАН ЕЛ ҚАҢҒЫП ҚАЛАДЫ

14Наурыз — ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына — 150 жыл

Максим Горький Сүлеймен Стальский туралы: «Ұлы халық бар, өзінің кішкентай ұлдарын ұлы етіп көрсете алатын, сондай-ақ, өзінің кішкентай халқын ұлы етіп таныта білетін ұлы ұлдар да бар», – депті. Қазақ халқын ұлы етіп көрсеткен сондай ұлдардың бірі – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан.

Бүгінде бүкіл әлем қазақ қайраткерін үлкен тұлға ретінде мойындап отыр. Өткен жылы Парижде халықаралық ЮНЕСКО ұйымы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту туралы шешім қабылдады.

Бүгін біз ұлт көсемінің 150 жылдық мерекесіне орай, оның әр жылдары ұлт ісі туралы айтқан қанатты ойларын беріп отырмыз. 

 

Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай, адам баласы қазынаға жарымайды.

 

***

Қазақ – баладай аңғал, сүттен ақ, судан таза, бүлінбеген халық.

 

***

Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда ғана орындалады.

 

***

Ежелгі түрік, бүгінгі қазақтың Тәңірісі – Көк!

 

***

Қазақтар өзгелердің үстемдігін еш­қашан мойындап көрген емес.

 

***Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қал­дырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар.

 

***Қазақ баласы бас қосқан жиылысқа әкеліп ортаға салатын, жиылыста сынға түсетін сөз ел арасында сөйленіп, жазылып, сынға салынып, иі болып пісуі керек.

 

***Қазақ болып бас қоссақ, біз кемшілікте отырған жетім жұрт үкіметпен екі араны сөз қылмай қоймаймыз. Мұны осы күнгі газета тілінде политика дейді. Политика — үкіметке таздың бөркін алғанмен бір есеп.

 

***Ұлтына, жұртына қызмет қылу — білімнен емес, мінезден.

 

***Адам баласы қылып жүрген іс, ой-ақыл болып басталады, адамды бала тапқан қатындай қинап сөз болып сөйленеді, иа жазылады, ақыл-сөз сонан соң барып іске айналады. Не жұмыс қылсақ, осы үш: ақыл, сөз, іс сана талқысынан өтпей, жұ­мысқа айналмайды.

 

***Бостандыққа апаратын жалғыз жол – жалғыз ынтымақ қана. Қазақ жерінің әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек.

 

***Мемлекеттілігі жоқ халық – жетім әрі жетекшіл халық. Мемлекеттігі жоқ халық – еліктегіш халық.

***Мен Кеңес өкіметін сүймеймін, бірақ, мойындауға мәжбүрмін.

 

***Қазақ-ау! Түзуің бірігіп, жұрт үшін қам ойлайтын кез келген жоқ па?!

 

***Қазақ жұрт болатын болса, өз ішіндегі екі қазақ жер дауын құрту керек…

 

***Неше түрлі залалды қазақ мінезі бұзық орысша, мұсылманша хат білгендерінен көрініп жүр. Бұлар өзге қазақтан білімді, білімінен жақсы мінез шықса, бұл қалай.  Бұл  білім-мінез жолы таусылмайтын статья жолы. ..

 

***…қазақ дауы орыстың төбесі көрінгенде құриды. Өз тізгініңді өзің алып жүре алмай, шатақ –даудан шықпайтын бір ескі ауруың бар-ау, қазағым! Бауырым, қазақ-ай! Қылығыңды көріп іш күйеді!

 

***Бөтен кісі қазаққа ешқайдан жақсы­лық әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды.  Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты.

 

***Түзу қалам — қисайған, өткір қалам — мүжілген заман.

 

***Газетаны  күйлеп, жаратып  бәйгеге  қосуға өз  ал­дына  шебер, білгіш,  жүйрік  керек:  газетаға  басшы  болу кім  болса соның  қолынан келмейді.

 

***Мемлекет болып іс атқару оңай емес.  Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараң­ғы, соқыр болса, Түркістан халқы­ның қараңғылық һәм шебер адамы жоқ­тығы бізден он есе артық. Қазақ Түркіс­танмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен бола­ды. Бұл арбаға мініп, біз қайда барамыз.

 

***Қазақ жүрген жер өлшеніп түгел планға салынған жоқ. Есеп болмаса, даукес жалғаншы күшейеді.

 

***Біздің қазақ жерді меншікті қылып  ал­са,  баш­құрт­ша көрші мұжыққа  сатып,  бір­аз  жылда сыпыры­лып  жалаңаш  шыға  келеді.

 

***Біз бай, білімді, әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін – кәсіп, білімді болу үшін оқу керек. Ал күшті болу үшін – бірлік керек.

 

***Қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім болып, әрбір темірі өзіне түйме болуы тиіс.

 

***Алаштың баласы аман қалар ма, жоқ па. Болжап болмайды. Қорқамын жалпы жұрттың қараң­ғылығынан, басшы бола­мын деп, тонын айналдырып киіп, жұрт тілегін өзінің соқыр тиынына айырбас­тағаннан.

 

***Заң  адам  пайдасына  жазылады,  адам   — заң  үшін тумайды  ғой.

 

***Елдің  тұрмысын, тілін, мінезін біл­меген  кісі  көш  басын да  алып  жүре  ал­майды.

 

***Би  түзу,  билік  әділ  болсын!

 

***Бостандыққа  апаратын  жалғыз  жол — ұлттық  ынтымақ қана.

 

***Жұрт  ісін түс  көрмей, ояу  жүріп  іздеу  мақсат.

 

***Жұрт  пайдасына таза  жолмен тура бас­тайтын ер  табылса, қазақ  халқы  соңынан  ерер  еді.

 

***Еуропада халық  партия  болғанда  адас­пас  ақ  жол  табамыз деп, адам аспас асқар белден асамыз деп, жұрт  ілгері басатын  іс  қыламыз деп таласады.

 

***Француз, орыс hәм өзге  жұрттың  тарихынан көрінеді: молда үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқасты болады. Жалақы алған молдалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін  көркейтетін болса,  үкімет  ісін бөліп қойған оң болады.

 

***

Бірліктен айрылған ел  қаңғып  қалады.

 

***Әділдік жоқ жұртта  береке-бірлік  болмайды.

 

***Аз адам атқа міндім деп, қасқыр  болып  жұртқа шапса,  мұндай  жұртта береке қайдан болсын?!

 

**Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса,  халықтық мақсат сонда орында­лады.

 

***Өз  күшіне сенбеген  адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

 

***Әр  заманның өз рәсімі, өз салты бар.  Біздің заман­дағы салт: әркім  құқына  таласу,  құқына тартысу  болады. Жылау салты  артта қалды.

 

***Түрік затты халықта  біздің қазақтай бір жерде  тізе  қосып,  қалың отырған  ірге­лі  ел жоқ.

 

***Анық  түрік  затты  халық тілі — біздің  қазақ  тілі.

 

***Ғұмыр бәйгесінде  біздің қазақ  тілі  өз  бәйгесін  алар.

 

***Еуропа  мәдениеттімін-мәдениеттімін  деп  мақтан­ғанымен, мәдениеті  өнерінде  ғана, ал  мінезі  әлі хайуандық  сапарынан  қайтқан жоқ.

 

***Қазақ-ау!  Оян! Мұжық  көші  жүріп кеткенде  жұртта  қалып  жүрме!

 

***

Біздің  жұрт  бостандық, теңдік, құрдас­тық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында  тезек теріп  қалады. Бақыт пен махаббаттан тысқары болады: бұл екеуі жоқ жұртқа  тіршілік  неге керек?!

 

***Бұл болып  тұрған заман  Алаштың аза­матына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың  баласы бақыт-махаббат жолына  түсті! Кейінгі  үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс  бере жүрер  алдымызда  зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ!

 

***

Жастар!  Жұртшылдар!  Өз  бетіңмен іске кіріс!

 

***

Қазақтың  байырғы  жерін қашан ғы­лым мен тех­ни­каға  сүйеніп толық игер­ме­йінше, жер  жеке  меншікке де,  қоныс­тану­шыларға да  берілмеуі  тиіс.

 

Дайындаған — Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

http://almaty-akshamy.kz/