Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» ұлттық жоспарына сәйкес, биыл бірқатар жаңа заңдар күшіне еніп, жаңаша өмір сүретін боламыз. Сонымен Қазақстанда 2016 жылы қандай заңдар күшіне енді?
Ең алдымен еліміздің экономикалық даму бағытына тоқталсақ, биылғы жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі ретінде жаңа құқықтық-саудалық режимге көшетін болады. Алдағы уақытта елімізде әлеуметтік даму бағдарламасы өзгертіледі. Мәселен, 2018 жылдан бастап жаңа форматтағы әлеуметтік көмек енгізіледі. Бұл тұрмыстық деңгейі төмен азаматтарды қолдауға бағытталған. Сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау әдісі әзірленді. Яғни, тұтынатын азық-түлік тауарларының ең төменгі мөлшері қайта қаралатын болады. Осы шаралардың барлығы Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарында көрініс тапқан.Бұл тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін көтеруге себепші болатыны хақ.
Осы жылдан бастап Қазақстанда стипендия, әлеуметтік жәрдемақы мен бюджет қызметкерлерінің жалақысы орташа алғанда 30 пайызға өсті. Үкімет тарапынан бірқатар жеңілдіктер жасалды. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап арттыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 желтоқсандағы №986 қаулысымен 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған әлеуметтік төлемдерді алушы болып табылатын адамдарға еңбек ету қабiлетiнен айырылған және асыраушысынан айырылған жағдайларда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетiн әлеуметтiк төлемдердің мөлшерін 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап 7 пайызға артты.
Осы жылдан бастап Зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі келісім бойынша ЕАЭО шеңберінде кез келген елдің азаматы бір елден екінші елге жұмысын ауыстырған жағдайда зейнетақы мөлшері сақталатын болды. Зейнетақыны жұмыс беруші ел өзі тағайындап, өзі береді. Мысалы, қазақстандық азамат Белорусь немесе Ресей елдерінің біріне барып бірнеше жыл жұмыс істесе, сол жылдардағы табысының он пайызы Қазақстандағы жинақ қорына аударылып отырады, зейнеткерлік жасқа толғанда зейнетақыны осы жақтан алады.
Ағымдағы жылы ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ ҚР күштік құрылымдарының қызметкерлері толық мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандырылуға көшіріледі. Бұл ретте әскери қызметшілер жеке зейнетақы шоттарындағы жинақталымның 50 пайызын мемлекеттік бюджетке қайтарады. Мемлекет аударып отырған жинақталымның жартысын қолданыстағы әскери қызметшілер, толық емес көлемде зейнетақы төлемдерін алып жүргендер, 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін қызметке алғаш рет орналасқандар мен 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетақы алуға құқылы адамдар қайтаруы қажет. Зейнетақысы толық көлемде есептелген қолданыстағы әскери зейнеткерлерге мұның қатысы жоқ.
Қолданыстағы заңға сәйкес әскери қызметшілер шартты түрде 3 санатқа бөлінген. Бірінші санат – 1998 жылғы 1 қаңтарда 10 жыл және одан да көп еңбек өтілі барлары. Олар мемлекеттік бюджеттен еңбек өтілі үшін толық көлемде зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етіледі. Олардың зейнетақысы ақшалай ұсталымның шамамен 50-65% құрайды. Екінші санат – 1998 жылғы 1 қаңтарда еңбек өтілі 10 жылдан кем әскери қызметшілер. Олар толық емес көлемде мемлекеттік бюджеттен және ақшалай ұсталымнан 20% көлемінде жүргізілген зейнетақы жинақталымдары есебінен зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етіледі. Бұл санаттағылардың зейнетақысы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі жалпы еңбек өтілі бойынша тағайындалады. Үшінші санат – 61% құрайды. Бұлар 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін қызметке орналасқандар. Олар зейнетке шыққанда 20% көлемінде зейнетақы жинақталымдарынан ғана зейнетақы ала алады. Мемлекет есебінен олар зейнетақы алмайды. Енді әскери қызметте шекті жасқа жеткеннен кейін, денсаулық жағдайы немесе ұйымдық-штаттық іс-шаралар бойынша еңбек өтілі 25 жыл немесе жалпы еңбек өтілі 25 жыл (оның ішінде 12 жыл 6 айы үздіксіз әскери қызмет) болған кезде барлық әскери қызметшілер мемлекеттік бюджеттен толық көлемде еңбек өтілі үшін зейнетақы төлемдерін алатын болады.
«Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» жаңа заң да 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Бұл заңға сәйкес құзырлы органдардағы және мемлекеттік қызметтегілерге жақын туыстарымен бірге жұмыс істеуге, ресми таратуға жатпайтын қызметтік және басқа ақпараттарды пайдалануға, сондай-ақ қызметтік құзырлықты орындауға қатысты сый-сыйапаттарды алуға тыйым салынды.
Медицина саласы бойынша да өзгерістер бар. Медициналық міндетті сақтандыру туралы жаңа заңға сәйкес, жұмысшылар табысының 2 пайызын Қорға аударып отырады. Бұл енді үш жылдан кейін басталады, 2019 жылы – 1 пайыз, 2020 жылы 2 пайыз болады. Ал жеке іспен айналысатын азаматтар табысының 7 пайызын, 2017 жылы – 2 пайызын, 2018 жылы – 3 пайызын, 2019 жылы – 5 пайызын, 2020 жылдан бастап – 7 пайызын аударып отыратын болады. Биылғы жылдан бастап ЕАЭО бойынша дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтардың бірыңғай нарығы жасалады. Одақ аумағындағы дәрі түрлерінің бірдей тізімі, сараптау және тіркеу тәртібі, бірдей GMP стандартына сәйкес маркировкасы болады. Бұл біз үшін өте тиімді.
Ұлттық банктің нормативтік-құқықтық актісі бойынша бұдан былай жол-көлік оқиғалары кезінде бүлінген мүліктің құнын бұрынғыдай тәуелсіз сарапшылар емес, көлік сақтандырушылардың өздері анықтайтын болды. Жаңа заң бойынша 1 қаңтардан бастап жаңадан салынған үйлер мен ғимараттар мемлекеттік қабылдау комиссиясының қатысуынсыз пайдалануға беріледі. Құрылыс объектілерін пайдалануға беру актілеріне тапсырыс беруші, мердігер, авторлық және техникалық қадағалаутараптары ғана қол қоятын болады. Объектідегі қандай да кемшіліктерге, тұрғындардың денсаулығына, өміріне қатер төнсе осылар жауап береді. «Байланыс туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстанда биылдан бастап елден шығатын шифрлық трафикті реттейтін ұлттық қауіпсіздік сертификаты пайда болды. Бұл кибер қауіпсіздікті күшейту, сондай-ақ балалар порнографиясы, трансұлттық қылмыстар, халықаралық терроризммен күрес жүргізу үшін жасалған шаралардың бірі.