АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Кедейшіліктен қалай құтылуға болады?

7FA66DCB-BD74-4065-92E7-CFECDCDFB379_cx1_cy12_cw100_w600_r1_s_r1Біздің өркениетке қол жеткізген заманда иманды адамдарды шаммен іздеп әзер табатынымыз анық. Сана өзгерді. Адамдардың санасын дүние мен мансап билеген қоғамға кез келдік. Рухани азғындадық. Ұлттық рух пен ұлттық намысты жоғалтып алдық. Нәтижесінде қоғамда жүрегінде иманы жоқ, санасында қанағат жоқ жаңа қазақтар, жаңа топтар пайда болды.

Теледидарда, баспасөз беттерінде жиі айтылатын мәселе баспанасыз жүрген жоқ-жұқана отбасылар, көп балалы аналар мен мүгедек жандардың жан айқайын естігенде жүрегіңіз сыздайтыны анық. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 17 млн. халықтың 10 пайызы бақуатты адамдар болса, сонда шамамен 6-7 пайызын алғанда 1 млн.-ға жуық қалталы азаматтар бар екен. Бұл топ үкіметті де, қара халықты да асырауға тиіс керемет күш емес пе? Алайда нәтиже жоқ. Қайта қара халықтың тұрмыс жағдайы жылдан-жылға төмендеп, кедейшілік саны артуда. Ресми деректерге жүгінейік… Қазақстанда жемқорлық деңгейі арнайы жасалған зерттеу нәтижесінде 2016 жылдың басында 168 мемлекет ішінде 123 орынды иеленсе, кедейшілік деңгейі 178 мемлекет ішінде 146 орында екен. Керемет байлықтың үстінде отырған елдің осындай аянышты халге түсуі, тіптен айтуға ұят. Қасиетті Құранда ысырапшылдықты Алла Тағаланың ұнатпайтындығы айтылған. Ал шынайы өмірде байлық салыстырып жарысу, мақтаншақтық пен бәсекелестік толастар емес. Мысалы, байлықты көрсету үшін ақша шашып, шамадан тыс той жасау, қымбат көліктер алу, қымбат зәулім үйлер салу, марқұм болған адамдарға қымбат күмбездер салу, жылда шетелге барып, қымбат қонақүйлерде демалу, атын шығару мақсатында жарыса мешіт салу сияқты ақшаны орынсыз жұмсау, бәсекелестік орын алды. Бұл мысалдарды «байдың малын байғұс қызғаныпты» демекші, қызғаныштан емес, қалталы азаматтарды имандылыққа шақыру, ой салу мақсатында, күпірлік жасамауы үшін жазып отырмын. Сонда қалай болғаны, байлықты босқа шашуға келгенде алдымызға жан салмаймыз да, қарттар үйіндегі көздері жәудіреген қарияларға, балалар үйіндегі тағдырдың тәлкегіне ұшыраған күнәсіз сәбилерге, мүгедек жандарға, көп балалы аналарға, жоқ-жұқана отбасыларға, үй-күйсіз жүрген қаракөз қазақтың балаларына қол ұшын беруге, я болмаса пәтер сатып алып беруге келгенде қолымыз қалтырап, сараңдық танытуымыз рухани азғындық емей немене?
Қазақ — дана халық. Ерте заманнан жетім-жесірін жылатпаған ел емеспіз бе? Сол имандылық қайда, қалай жоғалтып алдық? Мәселе осында. Енді діни тұрғыдан адам-дардың рухани азғындауына бірнеше себептерге тоқталайын. Біріншіден: Шариғатты оқымау, яғни діни сауатсыз болу. Екіншіден: Аллаға сенбеу, Алладан қорықпау. Үшіншіден: Бұл дүниеде біліп істеген, білмей істеген күнәлар үшін Алланың алдында жауап беретінін білмеу. Төртіншіден: Зекет бермеудің қиямет күні жазасы ауыр болатынын білмеу. Бесіншіден: Жүректе иманның болмауы, қанағаттың жоқтығы. Алтыншыдан: Сараңдық.
Біздер, жоғарғы буын өкілдері, қоғамдағы келеңсіз жайларға сын көзбен қараймыз. Мәселен, 2014 жылы теледидардан Астана қаласында 6 баламен вагонда тұрып жатқан жесір ананың, 2015 жылы Ақтау қаласында 8 баламен от жағатын 1 бөлмеде тұрып жатқан көп балалы ананың тұрмыс жағдайын көргенде жаға ұстайсыз. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осындай аянышты жағдайды көре тұра шарасыздық танытқанымыз елдігімізге, тәуелсіздігімізге сын емес пе? Бүгінгі таңда қай қалада, қай елді мекенде болмасын қалталы азаматтар жетіп артылады. Сол елді мекендерде бақуатты тұратын әкім-қаралар мен мешіт имамдары да баршылық. Қазақта «мың қосшыға бір басшы», «көп түкірсе — көл» деген. Құран аяттарында зекет беру әр мұсылманның парызы» десе, зекет беру Алланың пенделерін байлардың есебінен кедейшіліктен құтқару үшін жасаған амалы (бұйрығы) десе де болады. Бұл шара шешімін табу үшін әкімдер мен имамдар бел шешіп кірісуі керек. Шындап қолға алса, алынбайтын қамал жоқ. Олар өз аймағында тұратын жоқ-жұқана адамдарға қамқоршы, қорғаушы болып, имандылық танытып, кедейшілікпен сөзбен емес, іс жүзінде күрескенде ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады.
Елімізді дендеп алған дағдарыс кезеңінде қауқарсыз, дәрменсіз үкіметтен көмек күтіп, қол қусырып отыра беруге болмайды. Мәсе-лен, елден ақша жинаудың жолы көп.
Біріншіден: Ел іші алтын қазына деген. Қалталы азаматтар арасынан «Атымтай» жомарт жандар шығып қалуы мүмкін, я болмаса зекет бергізу арқылы. Екіншіден: «Шапағат», «Зекет» сияқты қайырымдылық қорларын құру арқылы. Үшіншіден: Сол қаладағы, я елді мекендегі әкім мен имам өз қалталарынан имандылық жолымен садақа ретінде ақша шығарып, бастама көтеріп, көпшілікке үндеу тастауға болады. Бұл бастамаға теледидар мен баспасөзді пайдалануға болады. Мысалы, қандай да бір мәдени іс-шара өткізу үшін мектепте ата-аналардан, өздері айлыққа жарымай жүрген мұғалімдерден, дәрігерлерден т.б. бюджет қызметкерлерінен ақша жинаудан үлкен тәжірибеміз бар, іскер халықпыз. Ол шаралар діни тұрғыдан ешқандай сауапқа жатпайтын, тек адамды қинау арқылы жиналатын харам ақша болып саналады.
Барлық елді мекендерде осы жоғарыда айтылған іс-шараларды іске асырса, елімізде 2-3 жылда баспанасыз адам болмайтынына, әрі кедейшіліктен құтылудың ең тиімді жолы деп сеніңіз. Ал бұл — Алладан қайтатын сауапты іс. Алладан билік пен қалталы азаматтардың жүрегіне иман берсін деп тілейік!

Қабылан Көрпебаев

http://www.kazakhstanzaman.kz/