АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ақынның өлеңін бұзып айту оспадарлық

1396871134__dsc0092Бүгінде әншілер сөз қадірін түсінуден қалғандай. Өлеңнің мән-мағынасына көңіл бөлмейді. Бірі ақынның жан күйзелісі мен ішкі тебіренісінен шыққан өлеңді көңілді әуенмен әрлесе, енді бірі осыдан бәлен жыл бұрын оқырманына жол тартқан өлең жолдарына өз тарапынан өзгеріс енгізіп әлек. Бұл дұрыс па?

«Алдараспан» әзіл-ысқақ театрының директоры Нұржан Төлендиевті былайғы жұрт әзілкеш ретінде жақсы біледі. Соңғы кезде ол әншілік қырынан да таныла бас­тады. Әрине, Нұржанның өзі айтпақшы, қазақта «әу» демейтін адам жоқ. Халықты күлкіге қарық қыла ма, ән айта ма, өз еркі. Тіпті, әншілік қабілетінің бар-жоқтығын тәптіштейтін құқымыз жоқ. Мәселе басқада.

Ал, ақынның тасқа басылған сөзін өзгертуге кімнің құқы бар? Ақынның әр өлеңі – тарих. Сол заманның бет-бейнесі. Ақынның тап сол мезеттегі ішкі күйі. Оған өз жанымыздан түзету енгізуге бола ма? Жоқ. Бірақ Нұржан Төлендиев «Отыздан асып барамын» дегенді «Жиырмадан асып барамын» деп неге әнге қосып жүр?! Бұрын-соңды «Отыздан асып барамын» дегенді құлағына сіңірген жыр сүйер қауым «Бұл қалай?» деп аң-таң күйде. Сонда ақынның өлең жолындағы әр қазаққа сіңісіп кеткен сөз тіркесін бұрмалау кімге абырой әпермек?  Бұған неге бейжай қарамақпыз? Мысал келтірсек:

…Білмесек те мына өмірдің

қыр-сырын анық,

Қу тіршілік жасап жүрміз

құлшынып алып.

Қайтып келмес жиырмам-ау

сені сағынсам,

Осы әнімді бір шырқармын

күрсініп алып.

Амалым бар ма, амалым

Солай да солай карағым,

Мұқағалиым айтқандай,

Жиырмадан да асып барамын.

Амалым бар ма, амалым,

Солай да солай қарағым.

Мұқағалиым айтқандай, Жиырмадан да асып барамын, – деп екі мәрте қайталайды.

Шын мәнінде, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Отыздан асып барамын» атты өлеңін білмейтін адам жоқ. Оған тіпті ән де арналды. Ақынның бұл өлеңінде толғаныс пен тебіреніс жатыр. Өмір атты өзеннің сағымдай өте шығатынына іштей қынжылатын философиялық ой бар. Тіпті, бұл өлең ақынның отыздан асқан шағын көз алдыңызға әкеледі. Әрі-беріден соң, «Мұқағали айтқандай» дейтін, оның өлеңінде «Жиырмадан асып барамын» деген өлең жолы мүлдем жоқ қой. Еске сала кетсек:

Сұқтанып тұрып жанарың,

Сұрыма неге қарадың?

Солай да, солай, қарағым,

Отыздан асып барамын.

 

Шашымның санап әр ағын,

Таңырқай берме, қарағым.

Санаулы басқан әр адым,

Отыздан асып барамын.

Белгісі тұр ма ағаның,

Бетіме неге қарадың?

Бақытын тілеп баланың,

Отыздан асып барамын.

Қуанып кейде қаламын,

Қуарып кейде қаламын.

Аттанған ата-ананың

Артынан қуып барамын.

Әзілің қайда, қарағым,

Әжімге несін қарадың?

Артымда қалып аларым,

Отыздан асып барамын, – деген жолдары осыған дәлел болады.

Мұның астарында не жатыр? Ақынның поэзиясымен әлі таныса қоймаған жастарды адастырмаймыз ба? Ертеңгі күні Мұқағалидың өлеңдерін оқымаған жас­тар «Е-е, ақын «Жиырмадан асып барамын» деп жырға қосқан екен» десе, кім кінәлі? Бүгін Нұржан Төлендиев, ертең басқа әнші кез келген ақынның өлеңін өз қалауынша өзгертіп алса, не болмақ? Бұған кім тосқауыл қояды? Бәлкім, «өзі жоқтың көзі жоқ» дейтін шығар. Алайда әр нәрсенің артында сұрауы бар. Осыдан бәленбай жыл бұрын өмірден озған ақынның әруағы атып жүрмесін, абай болайық!

 

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

http://turkystan.kz/