Алматыда М.Әуезов атындағы академиялық мемлекеттік драма театрда Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың, «Парасат» орденінің иегері Қабдеш Жұмаділовтің 80 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті, — деп хабарлайды Qamshy.kz.
Салтанатты кеште мерейтой иесіне қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Алматы әкімі Бауыржан Байбектің құттықтау сөзін жеткізді.
«Құрметті қазақ өнерін әспеттер қауым! Біз жастарымыздың көбі кітап оқымайды деп жиі айтамыз. Кітап оқымайтын жастардан «қазақ әдебиетінің өкілдері кім?» деп сұраса, жоқ дегенде 10 адамның атын атайды. Солардың бірі Қабдеш ағамыз. Қазіргі жаһандану заманында бұл үлкен көрсеткіш. Ағамыз осыған өзінің үкен еңбегімен, сезімталдығымен жетті. Әкім Тарази айтқандай, Қабдеш екі жүйенің де тегеурінін сезген, соның арқасында әдеби дарынын шыңдаған адам», — деді жазушының иығына шапан жапқан Арман Қырықпаев.
Үкімет атынан жазушыны билік басында жүрген ұлтшыл азаматтардың бірі Берік Уәли де құттықтап, сый-сыяпат жасады.
Мерейтойлық кешке жазушының достары, қаламдастары, мәдениет саласының өкілдері, жастар жиналды.
«Кім білмейді Қабдешті?
Басынан талай хәл кешті
«Соңғы көшті» жазды да
Бастап кетті бар көшті.
Нар көтермес жүк бар ма?
том көтеріп шықты алға
Жазғанымен де, түрімен де ұқсайды
Мұхтарға!
Қабдештің ерекшелігі — ең алдымен ол қаламгерлігін ақындықтан бастаған. «Жас өрен» деген өлеңдері шыққан. Көргені өлеңге симайтынын біліп, прозаға ауысқан. Өлеңнен бастаған соң шығармаларында көркемдік тұнып тұр. Прозасының өзі поэзия сияқты. Тума талант», — деді қаламдасын құттықтауға келген белгілі ақын Оразақын Асқар.
Жазушыны мерейтойымен құттықтаған ақын Алмас Ахметбекұлы Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығымен қатар қайраткерлік жолына да ерекше тоқталды.
«Біз — (Мен «Біз» деп Ел тәкелсіздігімен бірге — отан азаттығмен бірге Атажұртқа Қытайдан — Шинжаңнан келген жүз мыңдаған қазақты айтып отырмын). Біз осынау Атажұртқа — азат отанға келгенде Қазақ елі бізді біліп тұрды. Әр бірімізді тұспалдап танып тұрды. «Тағдыр» романындағы, «Соңғы көштегі» рухы биік, ұлттық болмысы мығым, милиарттармен айқасып өмір сүрген намысты жұрт келді» деп білді. «Қазақтың үлкен қаламгерлері шыққан қауым келді, Қабдештің елі келді» деп білді. Бұл күнде «жарнама» деген ұғым бар — ол өзі бүгінгі уақыттың қозғалтқышы сияқты құбылыс. Біз келмей жатып біз туралы жарнама жасалып қойып еді. Әр қазақтың үйінде біз туралы аса тартымды кітаптар — неше ме қолдан өтіп, әбден оқылған күйде тұрып еді, бұл біз үшін жасалған керемет теңдессіз насихат болатын. Сол себепті біз тәуелсіз Елімізге еңсемізді тік ұстап келдік, емренген жүректі сездік. Себебі: Қабдеш Жұмадилов біз келмей жатып-ақ бізбің жан дүнейе — қазақы болмысымызды, тілімізді — ділімізді Қазақ еліне қозы жамыратқандай қосып жіберіп еді. Осыншама насихаттар — жарнамалар үшін Қабдеш Жұмаділов алдында бүгінгі буын өзін борышты сезінеді. Ешбір адам немесе, ұйымның сайлауынсыз , мандатынсыз-ақ өзін бір ауылдың, бір аумақтың, бір қауым жұрттың ұятын, намысын ойлап, оны қорғауға жүрегімен, ар рухымен міндетті сезініп жүретін жігіттер болады. Ондай жігіттер бірін — бірі бағалап, өз бетімен ұйымдасып, ел-жұрт атынан жұмыс бітіріп жүреді. Сондай азаматтардың бір тобы біздін арамызда да бар. Қазір осында Үрімжіден, Алтайдан, Іледен және Қабеке сіздің туған жеріңіз Тарбағатай — Шәуешектен Алматыға , Астанаға қоныс аударған тәуелсіз Елімен бірге өсіп — өніп жатқан жігіттер тойыңызға арнайы келіп отыр. Сексеннің сеңгіріне шыққаныңызда сізге — ақбоз арғымақ TOYOTA CAMRY-дің кілтін тапсырмақ, — деген ақын Шыңжаңның әр аймағынан келген бір топ іскер бауырлары атынан жазушыға темір тұлпардың кілтін тапсырды.
Сондай-ақ, кеште Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетіліп, көпшілікке Майра Ілиясова, Мәдина Сәдуақасова, «Сазген сазы» ансамблінің қатысуымен мерекелік концерт ұсынылды.
ҚАБДЕШКЕ
Алмас Ахметбекұлы
Сол қолмен жағын сүйеп отыр Қабаң,
Ойында кеткен есе, өткен бақыт.
Төнеді ақ қағазға қара қалам
Саусақтың жақтауына кеткен батып.
Жетеді ғасырларға жүйрік қиял,
Отырар қарт ғұлама заманды ойлап.
Қағазда қара қалам жүйткіп тұрар
Шапқандай «Абылыйлап, Қабанбайлап»!
Бір мезет самалы кеп келешектің,
Қозғайды сықырлатып сыр есігін.
Бау бағы майысатын Шәуешектің.
Өзені мөлдір еді-ау Сібетінің.
Бізден де өтіп еді қандай заман.
Ал, Кім бар, сенен басқа тектегендей?!
Мүлгиді Тарбағатай мұз құрсаған
Бұл маңға ешкім келіп кетпегендей
Еңсеңді ғасырлардың жүгі басып,
Күрсінбей өткен күнің бар ма, ағатай?!
Беу, Қабдеш! Айтты деме асып-тасып,
Сен таусың- сенің атың Тарбағатай.
Дайындаған: Ерлан Төлеубай