ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат
− Айнұр Әбдірәсілқызы, сізбен шұғыл сұхбатымызды Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға арнағалы отырмыз. Алғашқы сауал: бұл қауіптің орын алуын болжап білу қаншалықты мүмкін болды?
– Сауалыңыз орынды. «Елдегі діни ахуал тұрақты деп жүргенде лаңкестік қайдан шықты?» деген сұрақтың желісі ғой бұл.
Бірден ашып айтайық, бұған дейін де БАҚ құралдарына берген сұхбаттарымызда біз жаһандық деңгейде өрістеп отырған терроризм қаупінен ешбір ел, оның ішінде Қазақстан да ада-күде азат болып қала алмайтынын сан рет мәлімдегенбіз. Өкінішке орай, жаһанданудың қайтарымсыз үдерісінен туындаған ашық ақпарат кеңістігі мен ашық шекара саясаты қауіп-қатер атаулыны барша адамзатқа ортақ етіп отыр.
Оның үстіне Қазақстан секілді стратегиялық маңызы жоғары өлкедегі ішкі тұрақтылықтың шайқалуына мүдделі тараптар жан-жақтан анталап тұрғанда, радикалды және дәстүрлі емес ислам идеологиясының елімізде таралмай тұруы мүмкін емес еді. Бұл туралы да аз айтылған жоқ және аз жұмыс жүргізілген жоқ.
Бірақ «Ұсталмаған ұры емес» дейді қазақ. Заңнамада оны «кінәсіздік презумпциясы» ұғымымен белгілейді. Лаңкестік әрекеттердің алдын алу бағытында идеологиялық жұмыстар да, шұғыл (оперативті) шаралар да жүргізілудей жүргізілді, дегенмен көп ішінен жат идеологияның сойылын соққан елбұзарлар мен дінбұзарлар бәрібір шықты. Діни ахуал – әлеуметтік үдеріс, сондықтан мұндай мәселеде тұлға факторы басым роль атқаратыны тағы бір айқындалды. Бұл – мәселенің бірінші қыры.
− Ал екінші қыры қандай?
– Ол осы айтылғандармен ұштасатын идеология мәселесі. Дәстүрлі емес ағымдар идеологиясына қарсы күрес тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанымен, ол өзінің тамырлана бастағанын көрсетті. Дүмпу бір күнде пайда болмайды, белгілі бір мерзім ішінде алғышарттары қалыптасып, дайындық кезеңінен өтеді.
Бұл жерде екі мәселені атап айтуға тура келеді. Біріншіден, лаңкестік әрекетті жасаушылар ел тұрғындары («азаматтары» деуге аузым бармай отыр) болғанымен, бұл шетін көзқарастың жат жұрттан бастау алғаны белгілі. Сол идеологияның бастауында тұрғандар оны жаңа жердегі жағдайларға қарай таратудың тиімді әдістерін қолдануға, басқаша айтқанда, жат идеяны жерсіндіріп жіберуге тырысады. Мұнымен қоса олардың барлық назары, күш-жігері мен қаржысы осы мақсатқа бағытталады, яғни бейнелі түрде айтқанда, осыдан басқа алаңдары болмайды. Ал мұндай мақсатты әрі табанды әрекет өзінің ащы жемісін бермей тұрмайды. Дәстүрлі емес ағымдардың артында үлкен қаржы мен сұңғыла саясат тұрғаны да баршаға белгілі, нәтижелілікке оның да ықпалы аз емес.
Екінші мәселе сол идеологияға қарсы тұру әлеуетіне байланысты. Бұл орайда біз екі тарапты әлеуетке иеміз. Бірінші тарап – экстремизм мен терроризм идеологиясын насихаттауға заң жолымен тыйым салған мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы құзыретті құрылымдардың күші. Екіншісі – біз бұған дейін де үнемі айтып жүргендей, дәстүрлі рухани құндылықтарынан қол үзбеген ұлт бойындағы әлеует. Біздің күш-жігеріміз осы қос тарапты қабыстыруға көбірек бағытталуы тиіс. Өткен күн оқиғалары осыны көрсетті дер едім. Тараптар үйлесімсіз әрекет еткен жағдайда жат идеологияны еңсеру мүмкін болып табылмайды, өйткені жаһандық деңгейдегі қауіп-қатерге бір мемлекеттің бірікпеген күшінің төтеп беруі қиын.
– Ақтөбедегі лаңкестікті ұйымдастырушылар кімдер?
– Ресми органдардың бірден мәлімдегеніндей – дәстүрлі емес діни көзқарастағылар. Бірақ бұл ұғым – кең ұғым, оның аясына «салафилік» атты бір атадан тараған тәкфірші-мадхали-салафилерді де, ислам атын қалқан етіп, ұйым боп ұйысып алған, сот шешімімен тыйым салынған басқа экстремистік топтағыларды да жатқызуға болады. Сондықтан дәл осы жерде біз әр нәрсені өз атымен атайтын сәтке тірелдік: Ақтөбедегі лаңкестікті ұйымдастырушылар – салафилік ағым өкілдері.
Бұлай деуімізге не себеп? Себебі – біріншіден, лаңкестердің елге және әлемге белгілі ешбір террористік ұйымға қатыстылығы айқындалған жоқ. Олардың шетелдік басқарушылардан нұсқау алған болуы ықтимал деген болжам бар, солай болған жағдайда да лаңкестікті жүзеге асырушылардың ел ішіндегі дәстүрлі емес ағымнан тамыр тартатыны анық.
Демек, күмәнділерден қалатыны – дәстүрлі емес көзқарастағы танымал теріс ағым – тәкфірші-мадхали-салафилер. Елімізде салафилердің ішіндегі ең радикалды көзқарастағылар ретінде тәкфіршілікке сот шешімімен тыйым салынғаны белгілі, бірақ бұл салафиліктің басқа тармақтарын «қалыпты» деп ақтауға жол бере алмайды. Керісінше, тәкфіршілікке тыйым салу – салафилік ағымдарды бөлшектеп еңсерудің басы ретінде қабылданғаны жөн.
Тәкфіршілерден тысқарысы – базбіреулер «саясатқа араласпайды, мемлекетке қарсы әрекетке бармайды» деп дәріптеп жүрген мадхалилік бағыттағы салафилер мен олардың тарапынан біресе «сурурилер», біресе «ихуандар» деп айыпталып жүрген александриялық салафилер. Екі ағым өкілдері де өздерін шартты түрде саясаттан алшақ деп танытуға тырысады. Демек, әрқайсысы өздерін «қалыпты» санайды, мұндайда қарсы тарапқа «радикалдыдан» басқа атау қалмайды (оны ашық түрде мәлімдемеген жағдайда да). Бірақ діни көзқарастары мен идеялары жағынан олардың бір-бірінен де, тәкфірші «бауырларынан» да айырмасы жоққа тән.
– Демек, «қалыпты» ұғымының өзі шартты болғаны ғой?
– Дәл солай. Біздің кеңістікте салафилік ағымдарды идеологиялық жағынан «қалыпты», «радикалды» деп екіге бөліп қараудың мәні де, негізі де жоқ. Мадхалилерді ерекшелеп ақтаушыларға бірден тойтарыс берейін: олардың «қалыптылығын» қуаттайтын дәлелдер «жаманның ішіндегі жақсысын таңдап», әйтеуір бір ағымға мойынсұнуға мәжбүр болып отырған жекелеген араб елдерінде ғана қолдануға келер (жарамдылықтан емес, мәжбүрліктен). Ал біздің зайырлы мемлекеттің не діни, не танымдық, не саяси кеңістігіне олардың «қалыптылығы» туралы көзқарас сыйымды емес. Дәстүрлі емес ұстаным иелері ешқашан шетін көзқарастан азат болмайды.
Білікті дінтанушы, теолог мамандарымыздың тарапынан сарапшылар шартты түрде «тәкфірші», «мадхали», «сурури» деп бөлетін топтағылардың барлығы өзін салафилер деп санайтыны айтылып келеді. Яғни ұстанымы, болмысы бір екенін олардың өздері де мойындайды.
Мәселені айдалаға алып қашып, назарда басқа жаққа бұрғысы келетіндер – осы ағым өкілдерінің бір бөлігін болса да ақтап алып, қоғамға сіңіріп жібергісі келетіндер. «Қалыпты салафилік» туралы ұғым – солардың астыртын саясатының жемісі. Бірақ бұл ұғым ешбір өлкеде тәжірибе жүзінде өзін ақтаған жоқ. Заманауи тарихының лаңкестікке толы ащы беттерінен сабақ ала отырып, кеңестерден кейінгі кеңістіктегі тарихи тағдыры ортақ көршілеріміздің барлығы «қалыпты салафилік» деген құбылыстың жоқ екенін мойындады. Қазір бірқатар араб елдері де салафиліктің шынайы исламға жат ұстанымдарын аяусыз әшкерелеп отыр. Осындай жағдайда біз де қоржынымызды қағып-сілкіп, ұғымдарымызды қайта тиянақтап алуымыз қажет.
Тоқ етері: Ақтөбе оқиғасы «қалыпты салафилік» деген түсініктің болмайтынын, салафиліктің болмысына қауіпті шетін көзқарас тән екенін айқын дәлелдеді. Бұл қайғылы оқиғадан сабақ ала отырып, құқықтық реттеу, ақпараттық-түсіндіру, ғылыми-зерттеу, қоғамдық ой-пікір салаларында тиісті тұжырымдар қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.
— Әңгімеңізге рахмет!
Серікбол Біләлов
Abai.kz