АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]ЗІЛЗАЛА – ҮЛКЕН ҚАУІП[:]

[:kz]

Без названия (2)Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшелері сейсмикалық жағдайларды бақылау және Алматы облысы аумағындағы күшті жер сілкінісіне дайындалу үдерісін қадағалау саласындағы бірқатар проблемаларға көңіл аудару қажет деп санайды. Осыған байланысты алдымыздағы 20 тамызда жер сілкінісіне дайындық, сейсмологиялық проблемаларды шешуге арналған қоғамдық тыңдау өткізуді жоспарлап отыр.

Мамандардың мәлімдеуінше, соңғы жылдары Азия құрлығында жер асты дүмпулері жиілеп, сейсмикалық белсенділік біршама артты. Іргемізде орналасқан Памир, Гималай, Тянь-Шань тау жүйелерінде соңғы екі жылдың ішінде  күшті жер сілкіністері болды. Жер қыртыстарының қозғалысы Үндістан, Непал, Солтүстік Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдеріндегі таулы аймақтардан Еуропа жаққа қарай жылжып келеді. Осы ірі тау жүйелерінен басталатын күшті зілзала ошақтарының Алматы қаласы орналасқан Солтүстік Тянь-Шань жаққа қарай бағыт алып қозғалуына байланысты таяу жылдары Солтүстік Тянь-Шань аймағында сейсмикалық жағдайлар ерекше қарқын алып, жойқын күшті жер сілкіністері туындауы мүмкін екен.

Солтүстік Тянь-Шаньға жақындап келе жатқан сейсмикалық белсенділік мамандарды қатты алаңдатып отырғаны рас, Алматы қаласының қатты жерасты дүмпулеріне дайын емес екені де рас. Соңғы кездерде жер сілкіністері алматылықтарға жиі сезілетіні де рас. Шілденің 18-і күні ошағы 10 шақырым тереңдікте, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 255 шақырым жердегі Қырғызстан мен Қытай шекарасында болған жер сілкінісінің энергетикалық қуаты 10.0, MPV магнитудасы 4.3.-ке тең келді. Мұндай жойқын зілзаланы алдын ала болжап, халыққа хабарлап, сақтандару ешбір елдің сейсмолог мамандарының қолынан келмейді. Бүгінде жаңа технология жағынан әлемде алда тұрған Жапонияның өзі жер сілкінісін алдын ала болжап, нақты мәліметтер беретін құралды жасай алмай отыр. Дегенмен, біздің сейсмологтардың айтуынша, таяу жылдарда қандай аумақтарда жойқын жер сілкіністері болатындығын шамалап білуге болады екен. Ең бастысы – жер бетін қатты  шайқалтатын дүмпулерге дайын болу керек, ол үшін тұрғын үйлер, ғимараттарды соған лайықтап салу керек.

— Жер сілкінісін болжаумен бізде Сейсмология институты айналысады. Онда болжау комиссиясы бар, біздің қызметкерлер сол комиссияның құрамына кіреді, — деді ҚР ЭМ «Геофизикалық зерттеулер институты» РМК бас директоры Надежда Беляшова. – Бірақ менің ойымша, біз қатты жер сілкіністері болатын аудандарды нақты анықтай аламыз. Тіпті біз оның «дайындығын» да анықтай аламыз, біздің қызметкерлер оны анықтап та қойды. Мысалы, Жапонияда болған жойқын жер сілкінісі алдын ала болжанды. Қазіргі кезде осындағы екі ауданда, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы Тянь-Шаньда қатты дүмпулер болатыны белгілі.

 «Алматы қаласының оңтүстігінен Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында 2015 жылдың 15 наурызында жер сілкінісі болды. Бұл Алматы қаласында 4-5 балл қарқындылықпен сезілді, 2016 жылдың 26 маусымында Алматы қаласынан 526 км қашықтықтағы Қырғызстан аумағының эпицентрінде 8 балдық қарқындылықта болған жер сілкінісі Алматы, Тараз және Шымкент қалаларында сезілді. 2016 жылдың 12 шілдесінде Алматы қаласынан 50 км қашықтықта Талғар шыңының артында оңтүстік-шығыста 5,2, магнитудалы жер сілкінісі болды, бұл Алматыда 2-3 баллдық күштілікпен сезілді. Бұл жерде Алматы облысының, оның ішінде Қазақстанның алып шаһары Алматы қаласының аумағы кіретін Солтүстік Тянь-Шань аймағы бүкіл Орталық Азиядағы мейілінше сейсмикалық қауіпті жерлердің бірі болып табылады. Сондықтан халықты күшті жер сілкінісіне дайындау бойынша керекті іс-шаралар қабылдау қажет. Халық пен билік құрылымдары жойқын зілзала кезінде өзін-өзі қорғау және өзара көмек көрсету проблемасына толыққанды назар аудармайды. Тарихтан сабақ алу өте тез ұмытылып кетеді. Қазір сезіліп жүрген, төзуге болатын сейсмикалық тыныштық алдамшы, уақытша болып табылады. Осыған байланысты халыққа, сол сияқты ұйымдар мен кәсіпорын басшыларына арнап, жалпыға ортақ түрде жадынамалар мен ұсынымдар шығару қажет, Алматы қаласы әкімдігі мен ТЖД тарапының тікелей басшылығы арқылы бүкіл мектепке дейінгі, мектеп және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ кәсіпорындар мен мекемелерде жүйелі түрде сейсмикалық жаттығулар өткізу қажет», — деп мәлімдеді Алматы қалалық қоғамдық кеңесі.

Надежда Беляшованың айтуынша, үш сағаттың ішінде жойқын жер сілкінісі болады деген қысқа мерзімдік болжамды ешкім де айта алмайды. Соған байланысты дұрыс бағыт біреу ғана болуы мүмкін  — ол болуы мүмкін баллдық күштілігі анықталған нақты сейсмикалық аудандарға бөлу және ғимараттардың құрылыстарын соған лайықтап салу. Алматы сияқты жер қыртысы жіктерінің үстінде тұрған қалалар көп, мысалы Лос-Анджелес қаласы Сан-Андреас жігінде орналасқан. Онда күшті жер сілкінісі өте жиі болып тұрғанмен қирап жатқан ғимараттар жоқ. Бізге де жоғары баллдық қатты жер сілкіністеріне төзімді, мықты ғимараттар салу керек.

Жойқын күшті зілзаланың зардаптары тек үйлердің қирауымен ғана шектелмейді. Жер сілкінісінен кейін «екінші факторлар» деген төтенше жағдайлар болуы мүмкін. Ол – топан су, өрт, газ жарылыстары және тағы басқалар. Алматы қалалық ТЖД бастығы генерал-майор Серік Әубәкіровтың айтуынша, құтқару, өрт сөндіру қызметі мұндай жағдайда не істеу керектігін біледі. Олар әртүрлі төтенше жағдйларға қарсы дайындықтардан өткен, өз ісінің жетік мамандары. Дегенмен, әркім «сақтансаң — сақтаймын» деген қағиданы әркез есінде ұстағаны жөн.

Қазақстан жерінің 40 пайызы, 400-ден астам елді мекендері сейсмикалық қауіпті аймаққа орналасқан. Негізінен қауіпті аймақтарға Кемін, Шелек және Жоңғар Алатауының жоталары жатады. Оған мұнай, газ өндірілетін аймақтарды қосуға болады. Жыл сайын Қазақстанда 6-7 мыңға дейін әртүрлі магнитудаға жерасты тербелістері тіркеледі. Тек ірі қалалардың аумағында қатты жер сілкінісі болмасын деп тілейік. Соңғы 15 жылда Алматы өңірінде магнитурасы 5 баллдан асатын жер атты дүмпулері болған жоқ. Дегенмен аздаған транзиттік шайқалулар Тянь-Шань мен Күнгей Алатау таулары жағынан келіп тұрады. Алматыда жылына 1200-1400-ге дейін 1-1,5 баллдық қозғалыстар тіркеледі. «Егер жоғары баллды, жойқын зілзала бола қалған жағдайда халқының саны көптігінен және тұрғындарының 80 пайызы көп қабатты үйлерде тұратындықтан Алматы қаласында көп шығын болады» деп есептейді Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің мамандары. Осы жағынан алғанда Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің көтеріп отырған мәселесіне немқұрайды қарауға болмайды.

 

Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

[:]