АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қайыр ТӨТЕНШИН. ҮЛЕСКЕРЛЕР НЕГЕ ҰТЫЛА БЕРЕДІ?[:]

[:kz]

Без названия (3)Шілде айының 22-інде болған коллегиялық жиында Бас прокурор Жақып Асанов әлеуметтік-экономикалық саладағы баса назар аударылатын маңызды төрт бағытты атап айтты. Олар – экстремизм мен терроризм, еңбек қатынастары, үлескерлер проблемасы және кәсіпкерлікті қорғау. Осындағы үшінші бағыт құрылыс компаниялары мен оларға алдын ала қаржы құятын үлескерлер арасындағы дау-дамайлардың көбеюінен туындап отырған проблемаларға байланысты. «Асатпай жатып құлдық ұрған» қаншама үлескерлер жаңа салынған үйлерден пәтерге ие болу үшін жиған-терген ақшаларын құрылысшыларға ұстатып, артынан пәтер де жоқ, ақша да жоқ, сандарын соғып қалды. Өзара жасалған келісімдер азаматтық қатынастарға жататын болғандықтан үлескерлерге мемлекет те араша тұра алмады. Сөйтіп мыңдаған адамдар миллиондаған қаржысынан қағылды. Құрылысшылар мен үлескерлер арасындағы сот процестерінің барлығында дерлік соңғылары ұтылып қалып жатады. Өйткені құрылыс компаниялары келісім жасағанда бірінші кезекте қандай жағдай болмасын үлескерлерден алатын қаржыны қайтармау жағын көздеп, өз мүдделерін алға қояды. Бұл жағынан қарағанда құрылыс компаниялары заңды бұзды деп те айта алмайсың. Бірақ алдын ала ақшаларын берген үлескерлер көп жағдайда ұтылады. Сондықтан қазіргі кезде екі жақтың өзара келісімін қатаң бақылауға алып, заңмен реттейтін нормативтік актінің қажеттілігі туындап отыр.  

Алдағы қазан айынан бастап үлескерлер мен құрылыс компаниялары арасындағы дауларды реттейтін жаңа заң күшіне енеді. Бұдан былай азаматтардың қаржысын құрылысқа тарту тек қана «үлескерлік құрылыс келісімі» деп аталатын үлескерлік қатысу келісімі бойынша жасалады. Келісімнің басқа түрлері жарамайды. Содан кейін мемлекет құрылысшылар мен үлескерлердің арасына түспейді. Прокуратура органдары қазір халыққа осыны түсіндіруде. Сол үшін «Алданбайтын үлескерлік баспана» жобасы жасалды.

«Пәтер алуды армандаған көптеген адамдар барлық жиғандарын жұмсады. Бірақ оларды алдап кетті. Олар құрылысшылармен келісімге отырғанда олардың арасында мемлекет  болған жоқ, болуы тиіс те емес. Бұл жерде азаматтық қатынастар орын алған. Бұл проблема туралы Президент неше рет айтты.  Ақырында ол кім баспанаға зәру, соларға көмектесу туралы тікелей тапсырма берді. Салынып бітпеген объектілер Ұлттық қор қаржысы есебінен салынды. 460 млрд теңге жұмсалды. Сол кезде заң қабылданып, қатаң шарттар жасалды. Құрылысшылар бәрібір қитұрқы жол тапты. Инвесткелісімдер жасай бастады. Бұл да сол үлестік қатысу, бірақ үйді салып бітіруге ешқандай кепілдік берілмейді. Демек, олар тағы да заңды айналып өтті. 60 проблемалық объектілер пайда болды. Оларды барлығы біледі. «Азбука жилья», «Аль-Баракат», «Тамыз» және басқалар. 9 мың адам баспанасыз қалды. Бұл проблеманың шешілуі бізге ғана қатысты емес екендігі түсінікті. Инвесторлар керек. Прокурорлар өз тарапынан тергеуді тездетіп, кінәлілерді жазалау және шығынның орнын толтыруды қамтамасыз етуі тиіс» деді шілде айында өткен коллегиялық жиында Бас прокурор.

Жаңа заң жасалып, күшіне енгеннен кейін құрылыс компанияларына сенім артып, үлескерлердің де саны көбейетін шығар. Бірақ осы уақытқа дейін құрылыс компанияларына «жем болған» қаншама үлескерлер бар. Олардың тұрғын үй құрылысына салған қаржылары сол бойы құрдымға кеткені ме? Жаңа заң осы жағын да қарастырса деп үміттеніп жүргендер көп. Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны Марат Есенжанов үлескер ретінде құрылыс компаниясына 24 миллион ден астам қаржы құйып, енді сол ақшасын қайтара алмай, пәтерге де қол жеткізе алмай отыр.

Мен Алматыдағы тұрғынүй құрылысының үлескерлік қатысуына  24 810 000 теңге салдым. Келісім бойынша «Атрикс-Строй» ЖШС компаниясы құрылысты 2012 жылдың 4 тоқсанынан қалдырмай аяқтауы керек болатын. Іс жүзінде құрылыс компаниясы тұрғынүйдің құрылысын 2014 жылдың 1 тоқсанында салып бітірді. Келісім бойынша үлескерлік қатысу сомасы 86 540 000 теңгені құрады, оның 17 308 000 теңгесін мен келісімге қол қойған кезде төледім.  Артынан тағы ақша аудардым. Келісім бойынша қалған ақшаны үйдің құрылысы аяқталған кезде, 2012 жылдың 31 желтоқсанына дейін беруім керек болды. Алайда құрылысшылар келісімде көрсетілген мерзімде жұмыстарын бітірмей, құрылыс жұмыстарының тоқтап қалуына байланысты қалған төлемдерді мен де тоқтатып қойдым. Құрылыстың неге тоқтап тұрғандығының себептері туралы компания ешқандай түсінік берген жоқ. Сөйтіп олар объектіні бір жарым жылға жуық кешіктіріп бітірді. Былтыр құрылысшылардан үлескерлік салымдарымды қайтарып алу үшін бардым. Олар маған келісімді бұзғаным үшін айыппұл санкциясын төлейтінімді айтып шығарып салды. Бірнеше күннен кейін компаниядан менің атыма, пәтер құнының қалған ақшасын 5 күннің ішінде төлемеген жағдайда үлескерлік салымнан шартты орындамағаным үшін 16 пайыз және 5 пайыз айыппұл алынады деген талаптар жазылған  хат келді. Ал одан қалған ақшамды пәтерді үшінші тұлғаға сатқаннан кейін қайтарамыз делінген. Осылайша құрылыс компаниясы соңғы үш жылдың ішінде құрылыс жұмыстарын созып жүріп менің қаржымды пайдаланды, атқарылып жатқан жұмыстар туралы маған ешқандай түсінік бермеді, сонымен қоймай менің салған ақшамның 21 пайызын алып қаламыз деп талап қойды. Бұл уақыттың ішінде ақша девальвацияға түсіп, қаншама құнсызданды, бұл жағынан да мен көп ұтылып отырмын, — дейді Марат Есенжанов.

Сонымен не болды дейсіз ғой… Үлескер «Атрикс-Строй» ЖШС салған 24 млн 810 мың теңге ақшасын қайтарып алу үшін құрылыс компаниясын сотқа береді. Алмалы аудандық соты Есенжановтың шағымын толықтай қанағаттандырмады. Ол компанияға аударған ақшасының 7 502 000 теңге көлеміндегі соманы және 75 020 теңге көлеміндегі мемсалықты ғана қайтарды. Қалған ақшасы құрылысшылардың қалтасында кетті. Одан кейін болған Алматы қалалық аппеляциялық сот  коллегиясы, Жоғарғы Соттың кассациялық инстанциялары аудандық соттың шешімін өзгертусіз қалдырды. Өйткені құрылысшы мен үлескердің келісімі жасалған кезде-ақ үлескердің емес, құрылыс компаниясының мүддесі жоғары тұрған. Сондықтан сот процесі компанияның пайдасына шешілді. Бірақ үлескер сот шешімімен келіспейтінін айтады. Оған өзіндік дәлелдері де бар. Сондықтан Марат Есенжанов Жоғарғы Соттың төрағасы, Бас прокурордың атына арыз жолдап отыр. Құрылысшыларға кеткен 17 млн теңгені қайтарып алуға үміттенеді.

Құрылысшы үшін құрылысқа үлескерлік қатысу қомақты көмек болып табылады, өйткені ірі көлемдегі жекеменшік инвестицияны тиімді айналдыруға мүмкіндік береді. Құрылысшы жекменшік тұлғалардың әртүрлі көлемдегі салымдарын, құрылыс үшін үлкен көлемде қаржы активтерін құрастырады. Үлескерлік қатысу келісімі 2007 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген «Тұрғынүй құрылысындағы үлескерлік қатысу туралы» 07.07.2006 жылғы ҚР Азаматтық кодексінің нормаларымен реттелетін мердігерлік құрылыс келісімдерінің бір түрі. Осындай дауларды шешуде дәл осы заң маңызды рөл атқарады. «Тұрғынүй құрылысындағы үлескерлік қатысу туралы» заңның 7 бабына сәйкес үлескерлік қатысу келісімі бойынша «Құрылысшы» деп аталатын бірінші жақ келісімде көрсетілген мерзімнің ішінде тұрғын үйді салып бітіріп, оны пайдалануға рұқсат алғаннан кейін, келісімнің шарттарына сәйкес «Үлескер» деп аталатын екінші жаққа беруге міндеттеледі. Ал Үлескер келісімде көрсетілген тәртіппен ақшаның қалған жартысын беруге міндетті. Мына айталап отырған жағдайда, келісімнің 3.2 және 4.1 пункттеріне сәйкес құрылысшы 2012 жылдың аяғында пәтердің кілтін үлескердің қолына табыстауы керек болатын. Алайда құрылыс жұмыстары тек 2014 жылдың басында ғана аяқталған. Тұрғын үйдің пайдалануға берілгені туралы үлескерге ешқандай ақпарат берілмеген. Заңдағы 9 бапқа сәйкес, құрылысшы үлескердің тұрғын үйдегі үлесін беру мерзімі олардың арасындағы келісімнің міндетті түрдегі шарты болуы тиіс, — дейді заңгер Жанна Құсайынова.

– Үлескерлерді тартып үй салатын құрылыс компанияларына қатысты дау-дамайлар соңғы жылдары тым көбейіп кеткені рас. Тіпті баяғыда тұрғызылып, бірнеше жылдап адамдар тұрып жатқан  тұрғын үйлерге қатысты шикіліктер де шығып жатыр. Жақында осындай бір шу болды. Биыл көктемде Астанадағы «7 Континент» тұрғынүй кешеніндегі жүзден астам пәтер иелерінің жекеменшік құқығын заңсыз деп табуды талап етіп «Нұрбанк» АҚ сотқа берді. Шағымданушы Нұрбанк тұрғынүй кешеніндегі адамдар сатып алып, бірнеше жылдан бері өмір сүріп жатқан пәтерлердің банкте кепілдікте тұрғанын мәлімдеп, жылжымайтын мүлікті қайтаруын талап етті. Құрылыс компаниясы бұл үйді жылжымайтын мүлік ретінде «Нұрбанкке» кепілге қойған болып шықты. Банктің сотқа түсірген шағымы бойынша, «Нұрбанк» АҚ пен «Capital Petrol» ЖШС арасында 16.10.2008 жылы кредиттік желі ашу туралы келісім жасалады. Соған сәйкес кредит алушы «Capital Petrol» ЖШС-не 81 292 105,55 АҚШ доллары көлемінде қаржы ұсынылады. Несие келісімі бойынша заем алушы «Capital Petrol» ЖШС өзінің міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде Кенесары–Ғабдуллин және Баянауыл-Иманбаев көшелерінің шекарасындағы 18 қабатты К-4 Тұрғын үйге үлескерлік құқығын береді. Рәсімделген кепілдік келісімі негізінде банк соттан осы мекенжайдағы пәтерлерге меншік құқығын алып беруді сұраған. Ал құрылыс компаниясының мәлімдеуінше, «Capital Petrol» ЖШС банктен ешқандай несие алмаған. Астана сотының мәліметіне қарағанда, «Capital Petrol»  ЖШС-ға 2008 жылдың16 қазанында 81,3 млн доллар, ал «Shyryn LTD»-ға сол жылдың соңында 31,2 млн доллар ақша аударылған. Сөйтіп екі жақ тартысып жатқанда 105 пәтерде тұрып жатқан адамдардан ұйқы қашты. Ал тұрғындар болса бұл іске ешқандай қатысы жоқ екенін дәлелдеу үшін біраз шабылды. Өйтпегенде ше, маңдай терімен тапқан ақшасына сатып алған пәтерін құрылыс компаниясы банкке кепілдікке беріп қойса?.. Қазір бұл дау шешімін тапқан сияқты, тынышталып қалды.

Осындай дау-дамайларды болдырмау үшін барлық жағдайларды қамтып, реттейтін қатаң заң керек сияқты.

 

[:]