[:kz]
Бөтен мүлікке қол сұғу – қоғам үшін қазіргі уақыттағы қылмыстылықпен күрестегі ең ауқымды бағыттардың бірі болып отыр. Оған қарсы нақты шаралар қабылданып жатқандығына қарамастан, статистикалық деректер көңіл жұбатарлықтай емес.
Қылмыскерлер бөтеннің мүлкін ұрлай отырып, азаматтардың конституциямен бекітілген меншік бостандығын және мүлікке қолсұғылмаушылықты бұзуда.
ҚК-тің 188 бабына сәйкес, ұрлық — бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру. Ұрлық меншікке қарсы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың қатарына жатады. Жәбірленуші мен басқа адамдар байқамайды деген сеніммен қылмыскердің мүлікті жасырын жымқыруы ұрлықтың тонау мен қарақшылықтан айырмашылығы болып табылады.
Статистикалы мәліметтерге сәйкес, 2016 жылдың 8 айында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ұрлық қылмыстарының саны 21,5% артқан.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, ұрлық қылмыстары көбінесе ұялы телефондарға, ақшалай қаражаттарға, тұрмыстық және компьютерлік техникаларға, көлік құралдарына және велосипедтерге бағытталуда.
Ұрылардың таңдаушылық қасиеті мүлдем болмайды. Ұрлық тізімі негізінде қандай дүние-мүліктер осы уақытта аса жоғары сұраныста, ұрлық жалғызбасты немесе қылмыстық топ құрамында жасалғандығына, көлік барлығы, ұрланған дүние-мүліктің көлеміне байланысты. Сот және тергеу тәжірибесін зерттеу нәтижелерімен анықталғандай, көбіне шағын, бірақ өте қымбат сұранысы бар дүние-мүлік ұрланады. Іс жүзінде барлық оқиғаларда қылмыскерлер ұялы телефондарды, аудиоаппаратура, алтын, тондар және тері бұйымдары, ақша және т.б. ұрлайды.
Қала бойынша 932 көп қабатты тұрғын үйге 65 пәтер иелері кооперативтері қызмет көрсетеді. Алайда, алаңдатарлық жайт – қала бойынша консьерж қызметін көрсететін компаниялар аз қамтылған.
Яғни, тұрғын үй кешенінің тұрғындарына жеке күзет кәсіпорындарына және пәтер меншік иелері кооперативі арқылы аула және аялдау күзеті бойынша адамдарды жалдауға көңіл бөлінуі керек, бұндай шара сөзсіз олардың дүние-мүлігін сақтайды.
Автокөлікте орын алған ұрлықтардың объектілері – автомагнитофон, автокөлік құралдары және басқа да материалдық заттай бұйымдар.
Осындай қылмыстың орын алуының басты себебі – қарауылданбайтын орындарда автокөліктерді қалдыру.
Мәселен, 11.02.2016 жылы сағат 06:05 шамасында белгісіз тұлға М. есімді азаматтың иелігіндегі «Lada Granta» автокөлігінің жүргізуші терезесін сындыру арқылы, автомагнитофон, 2 дана дөнгелектерін ұрлап кеткен. Автокөлік иесі көлігін адам жүрмейтін Көктем мөлтек ауданында түнгі уақытта қалдырылған.
Қылмыс ашылусыз қалған.
Жеке тұрғын үйлерде қылмыстар тұрақты күзетулердің болмауынан, жекеменшік бір қатарлы үйлерді жас балалардың, үлкен жастағы кәрі адамдардың қарауына немесе мүлдем қараусыз қалдырылуымен түсіндіріледі.
Мысалы, 10.09.2016 жылы күндізгі уақытта Т. есімді азамат Жеті Қазына мөлтек ауданында орналасқан жеке тұрғын үйдің қараусыз қалдырылғандығына көз жеткізіп, пластик терезесі арқылы кіріп, тұрмыстық техникалар, бағалы заттармен қатар, «Сайга-20К» маркалы қаруын ұрлап, оқиға орнынан бой тасалап қашып кеткен.
Қылмыс ізі суытылмай ашылып, күдікті азаматтың жеке басы анықталып, ұрланған заттар тәркіленіп, оған қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
Атап өтетін жайт, аталған қылмыстар есікті құлыптамау, терезені ашық қалдыру, қауіпсіздік шараларын қолданбауынан болуда.
Сондықтан, тұрғындар қарапайым қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп, тұрғын үйдің есіктері мен терезелерін құлыптап, мүмкіндігінше терезелерге қауіпсіздік темірлерін, бейнекамералар орналастырып, автокөліктерді кез-келген жерге қараусыз қалдырмай, қоғамдық көліктерде мұқият болуды ескерген жөн.
Жоғарыда аталғандардың негізінде, қала прокуратурасымен уәкілетті мемлекеттік органдар мен ішкі істер органдарына осы бағыттағы жұмысты жақсарту бойынша бірнеше ұсыныстар енгізіліп, ұрлық қылмыстарының алдын алу бойынша шараларды күшейту тапсырылып, қылмыстылықты азайту қатаң бақылауға алынды.
Атырау қаласы прокуратурасының
бөлім прокуроры Ғ.Орынбасаров
[:]