[:kz]
Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастық, екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамуы, ЕО-ға мүше мемлекеттердің елімізге деген инвестициялық қызығушылығы Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы, елші Траян Христеамен арадағы болған сұқбаттың негізгі арқауы болмақ.
– Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең негізгі саяси және экономикалық әріптестерінің бірі. ҚР Президенті Н.Назарбаев еліміз бен ЕО арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 1993 жылдан бері ЕО-ның штаб-пәтері орналасқан Бельгияның Брюссель қаласына 7 рет сапар жасапты. Осы сапардың әрқайсысы Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынасты жақындата түскені рас, келісесіз бе?
– Шынында да, ЕО – Қазақстан дипломатиялық қатынастары орнатылғаннан бері ынтымақтастық ауқымы мен мазмұны біртіндеп ұлғаюда. 2011 жылы Қазақстан мен ЕО арасындағы жаңа Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім бойынша келіссөздердің басталуы екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуына серпін берді. Сол уақыттан бері келіссөздердің сегіз отырысы өтіп, сайып келгенде, 2015 жылдың 21 желтоқсан күні Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге Астанада қол қойылды.
Әсіресе, биылғы жылдың наурыз айында Президент Н.Назарбаевтың Брюссельге сапары ЕО – Қазақстан ынтымақтастығын дамыту және Ке ңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің бастапқы қолданылуы бойынша ары қарайғы қадамдарды талқылауда маңызды болды. Сапар барысында ЕО Қазақстан сыртқы саясатының ең маңызды бағыттарының бірі және өзекті сауда әріптесі екені ерекше атап өтілді.
Ал бүгін Брюссельде жаңа Келісім шеңберінде ЕО – Қазақстан ынтымақтастық кеңесінің алғашқы отырысы өтеді. Оған қатысушы делегацияларға қазақстандық тараптан ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов және еуропалық тараптан қазір төрағалық етуші Словакия Сыртқы істер министрі Мирослав Лайчак басшылық етеді. Басқосу барысында саяси және экономикалық ынтымақтастық, тұрақты даму, зияткерлік меншік, қауіпсіздік және әділет істері, сондай-ақ адам құқықтары бағыттарын қоса алғанда Келісімнің бастапқы қолданылуы мәселелері, сонымен қатар алдағы қысқа мерзімдік іс-шаралар күн тәртібін талқылау жоспарлануда.
– Өткен жылдың 21 желтоқсанында Қазақстан мен ЕО арасында Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық келісімі жасасқаны белгілі. Келісімге қол қойылғаннан бері бір жылдай уақыт өте келе, қазіргі таңда уағдаластықтардың даму жағдайы мен аталған келісімнің жалпы жаңашалығына тоқталып өтсеңіз.
– Осы тұста Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім ЕО мен Қазақстан арасындағы өзара тиімді және берік әріптестік қатынастары жаңа кезеңінің жаршысы екенін атап өткен жөн. Қазақстан мен ЕО 1995 жылдан бері алдыңғы Әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған сәттен бастап айтарлықтай саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді басынан кешірді. Басқаша айтқанда, «екінші буын» келісімі деп аталатын Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім екіжақты ынтымақтастық үшін нағыз заманауи, жан-жақты және қарқынды негізді қамтамасыз етеді. Қазақстан – осындай келісімге қол жеткізген Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекет. Келісім сондай-ақ тұрақтылық пен нақтылық аса маңызды уақытта өзекті ЕО әріптеспен тұрақты құқықтық негізді де қамтамасыз етеді. Бізге осы бағыттағы қарқынды белсенді саясатымызды сақтау аса қажет.
Жаңа Келісім ҚР Парламентімен ратификацияланып, ендігі кезекте біраз уақыт алатын ЕО рәсімдеріне сәйкес ол ЕО-ның барлық 28 мүше-мемлекеттері мен Еуропалық Парламент тарапынан бекітілуі қажет. Алайда 2016 жылдың 1 мамырынан бері Келісімнің негізгі баптарын алдын ала жүзеге асыру басталып, қазірдің өзінде бізге осы жаңа құқықтық негіздің артықшылықтарын қолдануға мүмкіндік беруде.
Келісім экономикалық және қаржылық ынтымақтастық, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі, жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер, мәдениет, білім беру және ғылыми-зерттеу секторларын қамтитын жалпы 29 өзекті саяси бағыттар бойынша нақты ынтымақтастықты нығайтады.
Іс жүзінде келісімді уақытша қолдануды бастауға болады және тұтынушылар құқықтарын қорғауды жетілдіру, шағын және орта бизнес үшін мүмкіншіліктерді кеңейту, жұмыспен қамту, энергияны тиімді пайдалану және жаңартылмалы энергия көздерін дамыту, сенімді бизнес-орта, ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту секілді секторларда екі тарапқа да өзара тиімді нақты артықшылықтар ұсынылады. Оған қоса жаңа Келісім, әсіресе, өңірлік тұрақтылық, терроризмге қарсы күресте халықаралық ынтымақтастық, жанжалдардың алдын алу және дағдарыстарды реттеу салаларында сыртқы саясат және қауіпсіздік саясаты бойынша ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз.
– Бүгінгі таңда ЕО Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі саналады. 2005-2015 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына ЕО елдерінен тартылған инвестиция көлемі 107,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Жалпы, тартылған инвестиция көлемі 218 миллиард долларға тең екенін ескерсек, ЕО инвестициясы қомақты қаражат. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таба бере ме?
– Қазақстанның болашақ мақсаты ЭЫДҰ-ға ену болғандықтан оған қол жеткізу үшін одан әрі реформаларды ұсыну керек. Біз қазақстандық тараптың шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық климатты жақсарту бағытындағы саясатын қолдаймыз. Атап айтқанда, олар «бір терезе» жүйесін, Инвестициялық омбудсмен лауазымын енгізу, қолайлы салық ережелерін ұсыну және осы реформаларды жүзеге асыру бойынша Парламент қарауындағы заңнамалық актілер жиынтығы. Сонымен қатар 2015 жылғы 30 қарашада Қазақстанның ДСҰ-ға енуі нарыққа қолжетімділік шарттарын нығайтып, уақыт өте келе, кеңейтілген сауда режимі үшін мүмкіндіктер ашады. ЕО үнемі Қазақстанды ДСҰ қатарына қосылу алдында да құптап, қазіргі таңда Қазақстан өз міндеттемелерін толыққанды жүзеге асыру жолында қолдауды жалғастыруға ниетті.
Осы тұста айта кететін тағы бір жаңа бастама бар: жақында ЕО инвестициялық стратегиясы қайта қаралды. Осы жылдың 14 қыркүйегінде ЕО-ның ахуалы бойынша жолдау барысында Еуропалық комиссия төрағасы Юнкер «Еуропа көптеген жіпшелерден иірілген арқан іспеттес, біз бір бағытта тартқан кезде ғана ол жұмыс істейді: ЕО институттары, ұлттық үкіметтер мен сәйкесінше ұлттық парламенттер күшті біріктіруі тиіс» деп атап өтті. Осындай бірыңғай саяси бағыттардың арасында жаңа Еуропалық сыртқы инвестициялық жоспар ұсынылды. Аталған жоспар біздің әріптес елдерімізде инвестицияларды қолдау, жеке сектор қатысуының жаңа үлгісін ілгерілету және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді көздеп отыр.
Ең маңыздысы, Келісімнің сауда және инвестициялар бойынша тараулары көптеген секторларды қамтып, біздің бизнес үшін жаңа және тұрақты шарттарды қамтамасыз етеді. Ол өз кезегінде Қазақстанды неғұрлым тартымды нарықтық орта ретінде танытатын болады. Яғни осы мәселеде бізге барлығымызға қажетті шарттар бұл нақты болжамдылық, көп жүйелілік және жүзеге асыру ісіне назар аудару.
– Қазақ даласы қазба байлыққа толы. ЕО ресурс өндіру және оны әлемдік нарықтарға тасымалдаудағы энергетикалық белсенді серіктесіміз екенін айттық. Қазір біздің еліміз экономиканы әртараптандыру, өнімді терең өңдеу мәселесіне баса назар аударып отыр. Аграрлы мемлекет болып саналатын Қазақстан, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына шетелдік инвестиция тартуға мүдделі. ЕО-ға мүше мемлекеттердің бұл салаларға деген қызығушылығын білгіміз келеді.
– Иә, Еуроодақ – үлесіне жалпы тікелей шетелдік инвестициялардың жартысы дерлік тиетін Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвестор. Алайда бұл инвестиция көлемінің үштен екісі тау-кен және өндіру ісіне бағытталған, және төрттен бір бөлігі геологиялық барлау қызметіне шоғырландырылған. ЕО Қазақстанның шикізат өндірісіне тәуелділікті азайту құралы ретінде экономиканы әртараптандыру бағытындағы күш-жігерін қолдайды. Астана қаласында жаңа халықаралық қаржы орталығын құру жоспары осы әртараптандыру стратегиясының ажырамас бөлігі. Бізге Қазақстан Үкіметінің осы саладағы халықаралық озық тәжірибені қолдануға ниетті екені және бұл кеңес әлемдік жетекші қаржы орталықтарының, соның ішінде Еуропадағы ұтымды тәжірибе үлгілерін пайдалануға ұмтылысы түсінікті. Осы тұрғыда Еуропалық қаржы орталықтарының тәжірибесі және олармен ынтымақтастық жоғары маңызға ие болар еді.
Ауыл шаруашылығы секторына келгенде, ол әрқашан ЕО ортақ саясатының берік тіректерінің бірі және біз Қазақстанда ең үздік үлгіні жүзеге асыруда тәжірибемен бөлісуге қуаныштымыз. Біз Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Италия, Нидерланды, Германия, Франция, Чехиядан компанияларды белсенді түрде тартып, оған қоса Финляндия және Швеция компаниялары да Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі екенін білеміз. Шетелдік инвестициялар үшін жағымды факторлар тізімі ауқымды табиғи ресурстар, гендерлік теңдік деңгейі жоғары білімді халық және ДСҰ-ға мүшелік пен Еуроодақ секілді ірі сауда әріптестерімен тығыз қарым-қатынасқа негізделген барған сайын қолайлы құқықтық ортаны қамтиды.
– Еуроодақ елдері үшін Қазақстан саяси жағынан да, экономикалық жағынан да Шығыс пен Батысты байланыстырушы көпір. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, іске асып жатқан Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі саяси жағынан ынтымақтастығымызды арттырып қана қоймай, экономикаға да тың серпін береді деп ойлаймыз. Бұған Сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Қазақстанның Еуроодақ үшін сауда-экономикалық делдалдылық себебінен ғана емес, Жібек жолы дәстүрінен тарайтын өзара үйлесімділік пен толеранттылықты ілгерілетуге негізделген тұрақты мемлекет санатындағы ең маңызды әріптес ретіндегі рөлі нығаюда. Қазақстанның жалпы сауда айналымы және шетелдік инвестициялар көлемінің жартысынан астамы ЕО-дан шығатынын ескерсек, жаңа трансконтиненталдық сауда жолдары өзара сауда көлемін кеңейтуге, транзиттік-көлік байланысын нығайтуға жаңа мүмкіншіліктер ашады. Айта кететін жағдай 2015 жылы мұнай бағаларының төмендеуі салдарынан ЕО-ға Қазақстандық импорт көлемі шамамен 30% төмендеп, ЕО мен Қазақстан арасындағы жалпы сауда айналымы біршама тежелді. Осыған байланысты, көлік дәлізі бойындағы шығу, транзит және қабылдаушы елдер сауда айналымын ұлғайту жолында Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағытын пайдалануға қосудан ұтатыны анық. Осы бағыт бойындағы Ресей, Қытай, Иран, АҚШ секілді барлық мүдделі тараптардың саяси тұжырымдамаларында әртүрлі аталғанымен, Қытайдан Еуропаға апарар жол жалпы өзіндік тұрғыдан өте көпсалалы және тек өзара байланысты ғана емес, өңірдегі қауіпсіздікті де қамтамасыз етуге атсалысады.
Траян Лауренцю Христеа, елші, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы Елші Траян Лауренцю Христеа – Еуропалық сыртқы істер кызметіне бекітілген румындық дипломат. Өзінің кәсіби мансабы барысында Христеа мырза Румыния Сыртқы істер министрлігінің Кеңейтілген Еуропа мен Молдова Республикасы (ТМД елдері) дирекциясының директоры, Румынияның Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Болжамдау мен саяси жоспарлау дирекциясының директоры қызметтерін атқарды. Қазақстанға келерден бұрын 2011-2015 жылдар аралығында Армениядағы ЕО өкілдігінің басшысы қызметін атқарды.
Елші Христеа OVIDIUS Университетінің (Румыния) халықаралық қатынастар бойынша PhD докторлық дәрежесін иеленуде. Ағылшын, орыс, француз, моңғол және италян тілдерін еркін меңгерген. Ол Румынияның «Ерен еңбегі үшін» кавалер дәрежесіндегі ұлттық ордені және «Дипломатиялық жетістіктері» үшін орденінің иегері.
– Қазақстан мен Еуропалық Одақ азаматтарының өзара сапарлары күн өткен сайын арта түсуде. ҚР мен ЕО кейбір санаттағы азаматтық паспорт иелеріне виза рәсімін жеңілдету жөнінде келісімдерге қол қою мәселесі қаралып жатқанынан хабарымыз бар. Осы мәселе қашан шешімін табады?
– Өзара мобильділік мәселесі – екіжақты қатынастардың ең маңызды салаларының бірі. Нұрсұлтан Назарбаев пен Жан-Клод Юнкер арасындағы кездесу барысын еске сала отырып, тараптар Қазақстан мен ЕО арасындағы адамдар мобильдігі мәселесін қозғады. ЕО Қазақстанның мобильділік мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және ЕО-мен Виза режимін жеңілдету мен реадмиссия туралы келіссөздерді бастауға ниетін назарға алуда. Сондай-ақ ЕО Қазақстанға саяхаттаушы ЕО азаматтарына қатысты Қазақстан Үкіметінің жеңілдетілген рәсімді енгі зуін құптайды.
ЕО 2010 жылдың сәуірінен бастап күшіне енген ЕО Виза кодексінің дәйекті және келісілген түрде жүзеге асырылуы қазірдің өзінде Қазақстан азаматтары үшін қысқа мерзімді визаларды рәсімдеуді жеңілдетуге өз үлесін қосуда. Осы тұста аса маңызды жағдай – Қазақстан мен көші-қон мәселесі бойынша диалог ЕО мүше-мемлекеттерінің құзыретінде, сондықтан аталған мәселе бойынша консенсусқа жетуде Қазақстан тікелей ЕО мүше-мемлекеттерімен жұмыс істеуі тиіс. Өз тарапынан Еуроодақ өз тәжірибесін ұсынуға дайын, оның ішінде ЕО Әріптестік құралы бағдарламасы аясында визалық режимді үйлестіру бойынша Қазақстанның Ұлттық іс-қимыл жоспарын жүзеге асырудың мазмұны, тәртібі мен сараптамасына қатысты мәселелер бар. Бірақ бұл жоспарды жүзеге асыру Визалық режимді жеңілдету туралы келісімге қатысты келіссөздермен бір мезгілде жүретін үрдіс болып табылатынын айта кеткен жөн.
– Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдерімен ғылыми-теxникалық байланыстарды дамыту желісінің мамандары Қазақстанда ЕО тәжірибесі негізінде инновацияның даму картасын жасауды ұсынды. Бұл картаның берері не?
– Инновациялар мен зерттеулер бойынша Horizon – 2020 («Көкжиек – 2020») бағдарламасына Қазақстанды тарту мақсатында Еуропалық Комиссия IncoNet – Орталық Азия (Орталық Азия ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі халықаралық желісі) атты кең ауқымды желілік жобаға қаржылық көмек көрсетіп, ол жоба аясында ең алдымен Қазақстанды бағдарламаға енгізу, оның басымдықтары мен сипаттамаларын түсіну, Қазақстанның Еуропалық кәсіпкерлік желіге қосылуына жәрдемдесу және Еуропалық инновациялық-технологиялық институтымен келісімді дайындауда қолдау көрсетілді. Аталған жобадағы қазақстандық қатысушылар қатарында Тәуелсіз консультативтік кеңес және Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік бар.
Еуропалық инновациялық даму картасы ЕО мүше-мемлекеттері, басқа да еуропалық елдер, сондай-ақ өңірдегі көрші елдердің инновациялық көрсеткіштеріне салыстырмалы талдау ұсынады. Ол ұлттық инновациялық жүйелердің салыстырмалы күшті және әлсіз жақтарын бағалайды және мемлекеттерге артта қалу мәселесін шешу үшін қажет салаларды анықтауға көмектеседі. Сіз атап өткендей, 2016 жылы 6 қыркүйекте өткен IncoNet – Орталық Азияның қорытынды оқыту семинары барысында қатысушылар Еуропалық инновациялық даму картасы тәжірибесін Қазақстанда жүзеге асыру жолдарын талқылады. IncoNet арқылы Қазақстан Еуропадағы бірқатар ірі конференцияларға қатысу, Астанада саяси мүдделі тараптар қатысуымен бірнеше конференцияларды өткізу және «ЕО – Қазақстан: ынтымақтастық арқылы инновацияларға» атты арнайы диалог тұғырнамасын жариялауға бірегей мүмкіндік алды. Бұл өзара қызығушылық екіжақты академиялық қуатты оңтайлы пайдалану, тиісті ресурстарды үйлестіру және академиялық нәтижелерді ұлттық, өңірлік және әлемдік нарықта тәжірибелік қолдануға бағытталған бірлескен қадамдарға, сондай-ақ екі тарап алдындағы әлеуметтік сын-қатерлерді тойтаруға серпін береді.
– Келер жылы Астанада «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі өтеді. Көрме ЕО-ға мүше мемлекеттермен іскерлік ынтымақтастықта қандай жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін?
– Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда 14 ЕО мүше-мемлекеттері көрмеге қатысуын растады. ЕО Қазақстанның тұрақты даму болашағына ұмтылысын, «жасыл экономика» тұжырымдамасын жүзеге асыруын толықтай қолдайды. Жоғары деңгейдегі сапарлар барысында баламалы және жаңартылатын энергия саласындағы ЕО үздік тәжірибесін ескере отырып, ықтимал ЕО және ЕО мүше-мемлекеттерінің қатысуы шарттары талқыланған болатын.
Энергетика саласында ЕО Қазақстанмен энергияны үнемдеу және жаңартылатын энергия көздеріне ерекше назар аудара отырып, энергияны ұтымды пайдалану бойынша ынтымақтастықты жандандыруға ниетті. Біз, сондай-ақ бірлескен оқу бағдарламаларын әзірлеу және өзара инвестициялар мен технологиялармен алмасуды ынталандырамыз, ол мәселен, таза көмір технологиялары және энергия тиімділігі салаларында болады.
– Осы аптада Брюссельде ЕО – Орталық Азия Сыртқы істер министрлерінің Кеңесі мен Ауғанстан бойынша конференция басталмақшы. Еуроодақтың аймақтағы жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үрдістеріне аталған кеңес арқылы атсалысуы қандай?
– ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясына келсек, 2007 жылы қабылданған және 2015 жылғы Кеңес қорытындыларында қайта қаралған уақыттан бері 12-ші Еуропалық Одақ – Орталық Азия Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді. 2014-2020 жылдарға арналған жаңартылған стратегия Орталық Азияда жүзеге асырылатын бағдарламаларға 1 млрд евродан астам қаржылық қолдау көрсетуді көздейді. Сонымен қатар осы тұста өңірге қатысты Еуроодақтың кешенді саяси әдістемесін атап өткім келеді, ол тек көпжақты қаржылық көмекті ғана емес, жекелеген ЕО мүше-мемлекеттерінің қолдауы мен еуропалық қаржы институттарының белсенді қатысуын қамтиды. ЕО – Орталық Азия ынтымақтастығы барлық Орталық Азия мемлекеттері ерекшеліктерін ескеретін көпжақты өлшемді екіжақты қатынастар тұғырнамасымен өзара үйлестіруші әрі нәтижеге бағытталған болуы тиіс.
Ал жақында өтетін Ауғанстан бойынша конференция әлемнің Ауғанстанда және жалпы өңірде тұрақтылық мәселелеріне қатысты мүдделі екенін көрсетудің ерекше мүмкіндігі болып табылады. БҰҰ Бас Ассамблеясының 71-ші сессиясында Еуропалық Кеңес Президенті Дональд Туск бастапқы шарт ретінде радикалдануды алдын алу және шетелдік жауынгерлер мен терроризмді қаржыландыру қатерлерін қоса алғанда терроризмге қарсы жаһандық стратегия мен желіні құру маңыздылығын атап өтті. Біз террористердің енуі және қайта енуін болдырмау үшін шекарамызды нығайтып, жастарды өшпенділік насихатына душар болудан алдын алу үшін жергілікті қауымдастықтармен жұмыс жасаудамыз. Бұл мақсат Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күшті біріктіріп, терроризмге қарсы әлемдік желіні құру бойынша бастамасына толығымен сәйкес келеді.
– Әңгімеңізге рақмет.
http://aikyn.kz/
[:]