АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]ШЕТЕЛДІК БАҚ ЕЛБАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА АЛАҢДАУЛЫ[:]

[:kz]

4ba305ab1b26c7ae2a3bdab5dfc4e366Қазақстан Президентіне салқын тиіп қалғандығы туралы ақпардың тарағанына үш күн болды. Қазір ем қабылдап жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар Халықаралық жиындарға бармайтынын оның баспасөз хатшысы мәлімдеді.

Үлкен саясатта бітімгерлік миссиясымен танылған қазақ Президентінің денсаулығына қатысты ақпарат әлемдік БАҚ-ты шарлап кетті. Әсіресе бүгін Армения астанасында өтуі тиіс Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті саммитіне Қазақстан Президентінің бармай қалуы қызу талқылануда.«Abai.kz» порталы солардың бірсыпырасын назарларыңызға ұсынады.

Мысалы, Армениялық «LRAGIR.AM» порталы «Назарбаевтың ауырып қалуының дипломатиялық астары бар», деп жазады.

«Қазақстан Президентінің салқын тиіп, ауырып қалуы – Ереванға келгісі келмеуін аңғартады. Рейтер бұны – дипломатиялық сылтау деп жазады. Астана мен Ереван арасындағы байланыс сәуірдегі Қарабақ жанжалынан кейін қатты нашарлап кеткен. Ол кезде Қазақстан Президенті Еревандағы ЕАЭО саммитіне келуден ашық бас тартқан болатын», деп топшылайды Армениялық БАҚ.

Дәл осы ауандағы ақпаратты тағы бір Армениялық басылым «PANARMENIAN.NET» порталы да жазады. Аталған портал Қазақстан Президентінің Ереван сапарынан бас тартуы – Қарабақ мәселесімен байланысты екендігін айтады.

Айта кетейік, Еревандағы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінде қаралатын негізгі мәселе – Қарабақ халқының тағдыры болады дейді сарапшылар. Аталған мәселеде Қазақстанның позициясы тағы белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылы Қарабақтың Әзірбайжанға тиесілі екенін айтқаны бар.  Ал биыл Қарабақта ашық соғыс жасаған Әзірбайжан мен Армения басшыларын бітімгерлікке шақырған да Нұрсұлтан Назарбаев болған еді. Бұл жолғы соғыста Армения армиясы жеңіліс тапқан. Себебі, әуел баста Ереван позициясын қолдаймын деген РФ Президенті Әзірбайжанға ірі көлемде қару-жарақ жеткізу туралы келісімдерге қол жеткізген-тін.

Күні бүгін Ереванда өтетін ҰҚК жиынына Президент Назарбаевтың орнына сенімді өкіл ретінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев аттанды.

Ал «REUTERS.COM» агенттігінің тілшісі Эндрю Осборн (Andrew Osborn) «Назарбаевтың денсаулығына қатысты ақпарат конфиденциалды  болған» деп жазады.

«Президент Назарбаевтың салқын тигізіп алуына қатысты ақпаратты Президент кеңсесінің өзі таратуы таң қалдырады. Себебі 76 жастағы қазақ лидерінің денсаулығы туралы хабар тарату ҚР Заңнамаларына сәйкес рұқсат етілмейтін»,-дейді Эндрю Осборн.

Сондай-ақ, Армения президенті Серж Саргсянның Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сарғая күткендігін де жазады.

«Алайда қазір Армения мен Қазақстан арасы анау айтарлықтай тату емес. Қазақстан да, Әзірбайжан да түркітілдес, мұсылман мемлекеттер. Оның үстіне Қазақстан мұнай экспортында Әзірбайжанның үлесі басым»,-деп түйіндейді.

«THEDIPLOMAT.COM» порталы Қазақстан Президентінің денсаулығы туралы ақпараттың тарауын өзгеше топшылаған екен. Аталған портал тілшісі Катерина Путц (Catherine Putz) өз сараптамасында Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азиядағы ең егде Президент екендігіне тоқталып, салқын тиюдің салдарына көңіл бөліпті.

«Қазақстанда билік трансфері қалай өтуі мүмкін? Биыл жаздың соңында Өзбекстан Президенті 78 жасында дүние салды. Тәжікстан көшбасшысы Эмомоли Рахмон 64 жаста, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев 60-та. Онан кейін Түркіменстан басшысы биыл 59-ға келді. Орталық Азия елдері басшыларының ішінде егде жастағы нағыз лидерден тек – Нұрсұлтан Назарбаев қалды. Сондықтан осы жолға ресми мәлімдеменің тарауы – Қазақстанда билік трансферінің орын алуын аңғартса керек. ҚР Конституциясының 48-бабына сәйкес уақытша билік тізгіні Сенат төрағасына беріледі. Ал биыл Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның Сенат депутаттығына «тағайындалуы» да бекер емес»,-дейді автор.  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының салқын тиіп, сырқаттанып қалуы туралы«UNIINDIA.COM» сайты да ақпарат берген.

Ал Әзірбайжандық «AZERNEWS.AZ» порталы «Назарбаев сырқаттанып қалуына байланысты Бакуге келмейтін болды» деп жазады. Алайда әзірбайжандық БАҚ өкілдері Қазақстан Үкіметінің басшысы кім екенін әлі күнге білмейтін болып шықты.

«ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Еревандағы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады» (Prime Minister of Kazakhstan Karim Massimov will take part in the session within the Collective Security Treaty Organization (CSTO) meeting in Yerevan, he added) деп жазады.

Белорусиялық «BELARUSPARTISAN.ORG» порталы да бұл ақпаратты бөліскен. Сонымен қатар, аталған порталы Қазақстан Президентінің Белорусияға сапарын келер жылға қалдырғанын жазады.

Қырғызстандық «INOZPRESS.KG» порталы «Салқын тию – саяси фактор» («Простуда» как политический фактор) деп жазады.

Нұргелді Әбдіғаниұлының шолуы

Abai.kz

[:]