[:ru]
[:kz]
Тәуелсіздіктің аса зор жеңісінің бірі – тарихымыз үшін аса күрделі шақта шетел ауған немесе амалсыз «кеңестік шекара» сызығының арғы шетінде қалған туғандарымыздың атажұртқа қоныс аударуы дер едік.
Ресми дерек бойынша туған еліне жеткен отандастарымыздың саны – 1 миллионға жуықтайды. Елбасымыз бір сөзінде: «Ел көшін бастау – маған сын, мені қостау – елге сын» деген еді. Сол көшті жалғап, ұлт сапасына сапа қосқан қандастарымыз аз емес. Солардың бірі – тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық тарихшылары конгресі ғалым-хатшысы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов.
– Зәке, туған жеріңіз, өскен ортаңыз туралы білгіміз келеді.
– Ескі шежірелердегі деректерге қарағанда, сан ғасыр түркі жұрты мекендеген Омбы жеріне Керей ұлысы XIII ғасырдың басында, Шыңғыс хан дәуірінен кейін көшіп келіпті. Сары деген бабамыз Батыр қонтайжының қарындасына үйленеді. Анамыздың есімі – Төлке. Беделді адам болыпты. Шамамен XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың бас ширегінде өмір сүріпті. Ел анасына айналған.Сондықтан біз шыққан тегімізді «Сарының ұрпағы» демей, «Төлке керейлеріміз» дейміз. Ана есімі тұтас атаға жайдан-жай берілмейді. «Ақтабан шұбырындыға» дейін Сібірде көшіп-қонып жүрген ата-бабамызды жоңғарлардың шаппауы қиырда жатқанымыздан да шығар… Мұрағат деректеріне сүйенсек, 1875 жылы Омбы уезінің құрамында болған біздерді – «Кұрсары-Төлке-Керей болысын» орыстандыру мақсатында «Покровская волость» деп жіберген. Ол үрдіс Қазақстанның жерінде де болған. Сарының немересі Байболат Шегірекұлы жетінші атамыз болып келеді. Ол – қазақ-жоңғар шайқастарында батыр атанып, қазақтың жерін қорғаған. Омбы өңірінде ол кісі туралы жыр-дастандар жақсы сақталған. 2014 жылдың 21 маусымында Байболат батырдың ұрпақтары өздері туып-өскен ауылға әдемі ескерткіш қойды… Тағылымды кітап та шығарылды. Бір қызығы, елдік деңгейде өткен осы шараға қатысқан жергілікті орыс ағайындар «Слава Байболат батыру!» деп бізбен бірге қуанысты.
Тағы бір дерек, Байболат батыр жерленген қорымда кезінде Қасым төрені хандық тағынан тайдырып жіберген атақты би Әлдебектің де сүйегі жатыр. Бірақ ұрпағы жоқ па, ешкім іздемейді. Бесінші атамыз Тасжан – би, төртінші атамыз Жақып – «мың айдаған», үшінші атамыз – молда. Әкеміз қарапайым ағаш шебері еді. Атамыздың барлық ағайыны айдалып кетті. Аман қалғандары соғыста тұтқынға түсіп, бақилық болды. Ұлтымыздың атақты суретшісі, академик Қанафия Телжанов – атама туған жиен. Сол кісі жетімдер үйінде тәрбиеленіп, аман қалыпты. Мен кейде «сұмдық қырғынның ортасында қалмаса, Қазақ елі әлдеқашан тік көтеріледі екен-ау» деп ойлаймын.
– Халық Омбы тарихын жалпы ұлт тарихынан бөліп қарамайды. Сіз ғылыми жұмысыңызды да осы тақырыпқа арнадыңыз. Енді бұл өңірдің бір ғасыр бұрынғы ахуалына шолу жасап көріңізші.
– XX ғасырдың басында Омбы өңірінде 60 мыңдай қазақ тұрған. Олар бес болыстан құрылған: екеуі – қыпшақ атасы, екеуі – керей, біреуі –атығай-қарауыл. Арасында төре, қожа, найман, қызылқұрт, каңлы, қанжығалы аталарынан ұсақ ауылдар кездескен. Большевиктер келісімен, жер дауы басталады. Бұл теке тірес 1930 жылы ғана аяқталған. Бір жылы Омбы уезі Омбы қаласымен бірге тұтас Қазақстанға өтетін болады, екінші жылы – Сібірге… Солай дау тоқтамайды. Өкінішке қарай, Алаш зиялылары осы жер дауынан шеттетілгеннен кейін Омбы қаласы және оның ең шұрайлы солтүстік-шығыс жағы Омбы губерниясының құрамына енеді де, егіні бітік шықпайтын, шөлдеу оңтүстік-батыс жағы Қазақстанға беріледі. Себебі, қандастарымыздан гөрі сол өңірдегі басқа ұлттар үстемдеу болғандықтан, біздің тараптың әлсіздігі байқалып қалады. Биліктегілер жер дауын механикалық жолмен шешкен: қай жерде орыс көп болса, сол жерді – Ресейге, қай жерде қазақ көп болса, ол жерді – Қазақстанға берген. Жиырма жыл ішінде автохтонды қазақтар өз ата-бабаларының шұрайлы жерінен егін дұрыс шықпайтын шөлді жерлерге күштеп ығыстырылған. Бүгінде шілде айларында Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облысы аймағынан Омбы облысына кіргенше жердің күйіп, сап-сары болып қурап кеткенін, ал шекарадан өтісімен көкорайлы, егіні бітік алқапты көреміз… Қара шекпен қасыреті большевизм дәуірінде түсін ауыстырған шекпенмен жүрген. 1893 жылға дейін Омбы уезінде бірде-бір орыс деревнясы болмаған. Мұны Ресейдің мұрағаттары толық растайды.
– Омбы – Алаш қозғалысының бастау алған аймағы, қазақ зиялыларының топтасқан орталығы. Сондықтан біз үшін осы қала, өлке бастапқы оқумен, ізденіспен шендеседі.
– Арғы жағын айтсақ, Омбы – Тоқсанбайдың, Қошқарбай мен Түгел, Байболат пен Байымбет, Жазы мен Ақпай батырлардың қоныс тепкен, ел үшін күрескен өлкесі. Алаш қозғалысының белді өкілдері – Асылбек, Мұсылманбек, Мұратбек Сейітовтер, атақты Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Садуақасұлы, Темірболат Телжанұлы, кеңес үкіметі кезінде ең бірінші қазақ хатшысы Жұмабай Шаяхметов, әйгілі Фазыл Кәрібжанов осы жерде дүниеге келген. Омбы қаласында орта, арнаулы, жоғары оқу орындарында талай қазақ баласы оқыған. Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан осы қалада бірнеше газеттің редакторы болған. Тұңғыш театрдың директоры Дінше Әділұлы да осы Омбыда білім алған. Мағжан, Міржақыптар талай рет Омбыда аялдаған. Бұл ретте Қайырбек Кемеңгердің «Омбыда оқыған қазақтар» атты жақсы танымдық кітабы бар. Осы қалада талай педагогтарды даярлаған «казпедучилище» деген оқу орны 60-жылдарға дейін жұмыс істеген. Соны бітіріп, Қазақстан ғылымы мен біліміне үлес қосқан талай тұлғаларды білеміз.
– Бүгінгі Омбы қазақтары туралы не айтасыз. Салт-дәстүр, елдік ұстаным сын көтере ме?
– Жалпы, әлеуметтік жағы жаман емес. Олар басқа ұлттармен тату-тәтті тұрады. Ата-бабасының кіндік қаны тамған жерінде тұрған соң омбылық ағайын барды жоғалтпауға, азды көбейтуге тырысады. Оқығандары көп. Соңғы жылдары алтын медальмен мектеп бітіреушілер саны күрт артқан. Себебі, қазақ саны облыс көлемінде 4 пайыз болғандықтан, ұлт жауапкершілігін ерекше сезінеді. Намысқой, еңбекқор, қабілеті өте жоғары жастар өсіп келеді. Банк, білім саласында қазақ жастары өте көп жұмыс істейді. Спортта да (күрес, бокс) ағайындарымыздың үлесі басымдау. Тіпті бір ауданды (Любин) тұңғыш рет жергілікті қазақ басқарғанының да куәсі болдық. Ол жақтың тік мінез, салмақты да байсалды азаматтары ұлт салт-дәстүрін мықты ұстанады. Бүгінде этнография элементі саналатын қалың мал шарасы, неке қию, киіт кигізу, құйрық-бауыр жегізу, қоржын апару, шашу шашу, сәукеле әзірлеу, шынаяқ салу, тұсау кесу – барлығы жақсы сақталған. Жастар жағы үлкендерді, әсіресе, мұғалімдерді қатты сыйлайды. Имандылық жақсы, ата-баба қорымдарына зиярат ету, қайтқандарды лайықты шығарып салу жолға қойылған. Не көп – мешіт көп. Ескі ауылдың орнына тас белгі қойып, елді мекен, мектеп мерейтойларын атап өту дәстүрге айналып келеді… Ауыл-ауылдың тарихын жазу көбейді. Тіпті былтыр «Омбы қазақтарының энциклопедиясы» жарық көрді. Ресейдің басқа өңірінен ондай басылымды кездестірмедім.
– Тіл мәселесі бар ма?..
– Өткен ғасырдың 50-жылдары, «кіші ауылдарды ірілендіру» саясаты жүрген кезде 800-ге жуық қазақ ауылынан 10-ақ пайыз қалған. Қазір ауыл саны елудің ар жақ-бер жағы ғана. Жалпы білім беретін қазақ тілінде бірде-бір мектеп жоқ. Бір минут болса да қазақша сөйлейтін радио, телевизия жоқ. Театр деген бұрыннан болмаған. Журналдар да шықпайды. Бірақ соңғы жылдары жергілікті қазақ жанашырлары өз қаражатымен 3 бірдей газет («Замандастар», «Омбы қазақтары», «Атамекен») шығарып, үлкен сауапты іс жасап жатыр. Бірақ олардың көбі орыс тілінде. Тиражы өте аз. Таралуы мардымсыз. Ол жақтың саясаты бізден мүлдем басқаша. Сондықтан ол жақтың жастары орысша «шүлдірлейді». Қазақстанда орыс ұлтын тіл, мәдениет жағынан қолдау ерекше ғой. Ал Ресейдегі қазақтар қашаннан осындай қолдауға зәру… Өкінішке қарай, қалада соңғы жылдары аралас неке көбейіпті. Бойында қаны бар азаматтар жастардың тілден, дәстүрден ажырап бара жатқанына алаңдайды.
– Алғаш зерттеу жүргізуіңізге не түрткі болды?
– Студент кезімізде тарихи-этнологиялық экспедицияларға жиі барып тұратынбыз. Батыс Сібірдегі ауылдарды жиі аралап, қазақтың шежіре-ақсақалдарымен жиі кездесуге құмартып тұратынмын. Солардың көбі аласапыран жылдардағы аштықтан, қуғын-сүргіннен Қазақстаннан қашып барғандар-тын. Мысалы, Шарбақкөл ауданы Бараба деген ауылда Исқақов Бейсембай атты 90 жастағы ақсақалдан Басентиін Малайсары батырдың керемет батасын жазып алдым. Соны екі жыл бұрын типографияға бастырып, рамкаға салып, академик Жабайхан Мүбаракұлына табыс еттім. Батырдың ұрпақтарында ол мұра сақталмапты. Қайсыбір ауылда біз кезіккен шежіреші ақсақалдар өмірден озғанын естігенімде, тарихтың қимас кітабын жоғалтқандай күй кештім. Дөңбай ауылында Темірхан атты ақсақал тұрды. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жараланған бір офицер тұтқынға түсіп қалады. Тұтқыннан қашып шыққан сол офицер Темекеңнің әкесінің үйін паналап, малына бақташы болады. Бұл тұтқын – болашақ Югославия президенті Иосиф Броз Тито еді. Осындай да қызық дүниелер айтылып, табылып жататын. Дипломдық жұмысқа «қазақтың қолөнерін» таңдап алдым. Бізде сырмақ тігу, алаша тоқу ол кезде мықты еді… Кейін этнографиядан біртіндеп тарихқа көштік. Мен «Сібірге қазақтар қай ғасырда келді?» деген сұраққа жауап іздедім. Сондықтан балалық арман, студенттік ізденіс ғылым табалдырығын аттатты.
– Жуырда марқұм Сұлтан Есемболов ағамыздың «самиздатпен» шыққан «көптомдық» кітаптары қолымызға тиді. Сол басылымның бір бас кейіпкері – өзіңiзсіз… Бір жерде мәдени орталық құрысып жүрсіз, енді бір жерде «Омбы үні» газетін шығаруға атсалысқан көрінесіз…
– Шеттегі қазақтың әр ортасының өз Сұлтекеңі болды. Олар – әрі құт, әрі дәнекер, әрі бастамашыл патриоттар ғой. 90-жылдары Омбыда орыс-казактармен қызу айтыстар жүрді. Сонда марқұм ақсақал көкжалдарын ерткен арландай, бізді піссін, жетілсін деп орыстың дәу, мосқал жігіттерімен айтыстыратын. Өзі – соғыста жарақат алған жан, қисайған бетіне қарамай, мықты дәлелдерімен қарсыластарының мысын басатын. Мысалы, 1992 жылы мамыр айында жергілікті «Омская правда» атты газетке Антон Сорокин деген лақап атты біреудің «Была ли Омская земля казахской?» деген ұлттарды бір-біріне айдап салатын, қазақтың намысына тиетін мақаласы шықты. Сонда ұрысқой автор «Олжас Сулейменов почему называет Иртыш Великой русской рекой?» деп мәселені қақ шекеден қоймасы бар ма?.. Сол мақала шыққан газет қолыма тиер алдында мен ауылда анамның тапсырмасымен қақпада алаша тоқып отырғанмын (үш сағатта бір метр тоқитынмын). Ерік деген кенже інім газетті қолыма ұстатқанда, әлгі мақала бірден көзіме түсті. Оқып, қаным басыма шапшыды. Алаша тоқып отырған өрмектің «қылышын» ініме бердім де, жата қалып қолмен бес беттей «жауап» жаздым. Мағынасы – «қазаққа тиіспе, жұмысың болмасын! Біз ата-бабамыздың байырғы жерінде отырмыз». Екі күндей өткен соң «Казахи уважают российские законы» деген атпен мақалам шығып, шовинистерден бір «кегімізді» алдық!..
– Тәуелсіз Қазақ еліне қалай жеттіңіз?
– Қазақстан азаттық алған соң, Омбының жүзге жуық жігіті Қазақстанға аттанатын болдық. Мен тіпті Елбасына хат жазып үлгердім, көмегімізді ұсындық. Бірақ жауап алмадым. 1992 жылы мамыр айында Алматыда тұңғыш «Жігіт сұлтаны» сайысы өтті. Бізді Алатау баурайына Майра Әлжанова деген апамыз алып келді. Басында «Зиябек, күресесің, барлығын жеңесің, сендей спорт шеберлері Қазақстанда жоқ шығар» деп апарды. Сайыс жақсы өтті. 63 жігіт жарыстық. Бас бәйгені қос Құрманғазы алды. Екеуіне де ақ боз ат мінгізді. Сол кезден бастап елге оралуды армандадым. 1994 жылы бала-шағамды арқалап, Павлодар қаласына көшіп келдік. Қиын кез еді. Он жылдай осында тұрдық. Туыс-таныс жоқ. Тұрмыс қиындап кетті. Омбыға қайтайық десек, ұяламыз. Себебі құрмалдық жасап, жылап, қоштасып кеткенбіз… Сауда да жасадық. Мұнда да Омбыда үйренген «кештерді» өткізіп көрдік. Тым көкейкесті емес екенін байқадық. Полиция колледжінде қызмет істеп, басшының орынбасарына дейін көтерілдік. Оқу үдерісін басқардық та бақыладық. Кандидаттық, докторлық диссертацияны осында жүріп жаздық. Көп материалды Омбыда жүргенде мұрағаттан жинап алған болатынмын. Әр жазда отыз күнгі демалысымды тиімді пайдаланып, Ресей мұрағаттарынан шықпадым. Соның нәтижесінде атақты тарихшы-профессор Жанұзақ Касымбаевтың жетекшілігімен ғылым кандидаты да, ғылым докторы да атандым…
Тәуелсіздік жылдары өмірге келген екі балам да ұлт мектебіне барды. Арманым – оларға Отанның шуағын, мейірімін сездіру, сіңдіру еді. Ол орындалды. Екеуі де қазақ мектебінде оқыды, екеуі де домбыра тартты. Үлкеніміз Ұлыбританияның Ноттингем университетін бітіріп, сол елдің ең үздік университетіне магистратураға түсті. Өзім «Қазақстанның ЖОО үздік оқытушысы» атанып, Елбасы тағайындаған грантқа ие болдым. 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығын жаздым. Отыздан астам ғылыми жобаға қатыстым. Жиырмаға жуық елді аралап, сол жақтың білім жүйесімен таныстым. Сол себепті, тәуелсіздіктің арқасында өзім де, балаларым да Қазақ елінің бар жақсылығын көріп келеміз. Біздің парызымыз – Отанымызға адал қызмет ету және ел ғимаратының кірпіші болып қаланып, қандай да жауапты істі атқаруға даяр болу.
– Еуразия университетінде қызметтің бүкіл сатысынан өттіңіз. Тәжірибе жинадыңыз. Білім мен ғылым саласында қандай жетістікті атап айтар едіңіз?
– Ширек ғасыр бұрын Кеңес Одағы ыдырады. Біз егемен ел атандық. Елбасының салиқалы саясатының арқасында бүкіл әлеммен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Білім мен ғылым саласы да ықпалдасуға бет бұрды. Басқа жол жоқ. Себебі, білім беру жүйесінің халықаралық интеграциялану үдерісіне өтуі, білім алушылар мен профессор-оқытушылар арасында академиялық ұтқырлықтың артуы, оқу жоспары, әдіс-тәсілдері мен бағдарламасы әлемдік стандарттарға сай жүйеге жақындауы – бүгінгі шындық. Жаңа ақпараттық технологияларды қолдану арқылы қашықтықтан оқыту үрдісі кең қанат жайып келеді. Әлемде адамдар өмір бойы үздіксіз білім алуды басымдық ретінде қабылдады. Жоғары білім алу барлық халыққа қолжетімді бола бастады. Бірқатар мемлекеттер ішінде, мәселен, Германияда тегін білім алу енгізіле бастады. Білім экономикасы ұғымы пайда болды.
Бұл күрделі жағдайда білім қызметін сапалы көрсету үшін әрбір жоғары оқу орны шетелдерде оқып келген мамандар мен ЖОО жоғары білікті оқытушыларын жұмысқа тарту мәселелерін қарқынды жүргізіп отыруы қажет. Сонда ғана бәсекеге қабілетті әлемдік үлгідегі білім беру жүйесіне жақындай түсеміз.
Дүниежүзінің көптеген жоғары оқу орындары өзара бәсеке болғанымен қоғамдасуға, ынтымақтасуға, әртүрлі ассоциациялар мен бірлестіктер құруға немесе екі жақты меморандум мен шарттар жасасуға мүдделі.
Қазіргі Қазақстан білімінің жетістігі ретінде Назарбаев университеті мен бар өңірде ашылып жатқан Назарбаев зияткерлік мектептерін айтуға болады.
Біз дамуды тұйыққа тіреген, шектеулі кеңес саясатынан бас тартып, интеграциялануға бет бұрдық. Бұл жолды басқа ТМД елдеріне қарағанда біз жылдамырақ жүріп өттік. Біз алғашқылардың қатарында үш сатылы білім беру жүйесіне өтіп, жастарымызды президенттік «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің озық мемлекеттеріне оқуға жібердік. Осылай 10 мыңнан аса дарынды жас оқып қайтты. Елімізде халықаралық ынтымақтасқан университеттер ашылды. Олар: ҚБТУ, ҚМЭБИ, Яссауи атындағы ХҚТУ, Демирел университеті, т.б. Бұл ретте Назарбаев университеті – бірегей тәжірибе.
Елімізде әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бөлімшелері ашыла бастады. Мәселен, 2001 жылдан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында М.Ломоносов атындағы ММУ-дың Қазақстан филиалы жұмыс істеп келеді. Университеттеріміз жаңа межелерді бағындырды. Жас университеттер қатарында Еуразия ұлттық университеті әлемнің озық 50 университеті сапына кірсе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 250 ең үздік университеттер тізіміне енді. Айта кетерлік жайт, ұлттық рейтингте екі жоғары оқу орны да топ бастап тұр.
Әрине, университеттердегі мәселе – сапа мәселесін арттыру және отаншыл, білікті мамандар шоғырын көбейту.
– Отандық жоғары оқу орындарында қандай мәселе бар деп есептейсіз?
– Әрбір саланың уақыт, жағдай тудыратын өз мәселесі бар.Бұл ретте ең бір өзекті жайт – профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің еңбекақысының аздығы. Соған қарамастан, шетелдік әріптестерге қарағанда оқу жүктемеміз 3-4 есе артық. Сапалы түрде сабаққа дайындалуға, оқу құралын жазуға, ғылыммен айналысуға уақыт жетіспейді.
Сондықтан біраз мамандар мемлекеттік басқару ісіне, жалақысы жоғары акционерлік қоғамдарға, бизнеске кетуде. Қаражат тапшылығынан шетелдік тәжірибелі ғалым-педагогтар өте аз тартылған. Елбасының «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген түлектерінің ішінде жергілікті жоғары оқу орнында жұмыс істейтіндер өте аз. Ғылыми дәрежесі бар мамандардың «қартаю үрдісі» байқалуда. Бұл тіпті ұлттық университтерде де сезіледі. Шетелдерден келіп оқып жатқан студенттер пайызы әлі аз. Соңғы жылдары жоғары оқу орнындарының материалдық-техникалық базасы нығаймағаны да шындық. Мәселен, үлкен қалаларда студенттер мен жас оқытушылар жатаханасы жетіспейді. Бір ғана Алматы қаласында 30 мыңдай студент баспанасыз жүр деген ақпарат бар. Бұл жағдай солтүстік аймақтарда орналасқан жоғары оқу орындарына да қатысты. Бұл – президенттік «Серпін» бағдарламасының іске асырылуына үлкен кедергі. Заманауи ғылыми кітапхана көп университеттерде әлі де жасақталған жоқ. Қазақ топтарында оқитын студенттердің оқулықтармен қамтамасыз етілуі әлсіз. Ол проблеманы кезең-кезеңмен шешуге болады. Көптеген жоғары оқу орнының сайты заман ырғағынан қалып қойған. Сондықтан халықаралық аренадағы және халық арасындағы танымалдылығы бәсең. Отандық ғалымдардың шет тілдерін меңгеру деңгейі әлсіз.Бірақ осының бәрін ақылмен, жүйемен, қағидатпен шешуге мүмкіндік бар.
– Мұны қалай шешу керек деп ойлайсыз?
– Біріншіден, ниет пен қабілет керек. Екіншіден, ар-ождан тазалығы мен жоғары адамгершілік қасиет қажет. Ең бастысы, ел мен кәсіпті шексіз сүю шарт. Өсіп келе жатқан ұрпақты алға тарту керек. Дәстүр мен жаңашылдық қатар үйлесіммен жүрсе дейміз. Оқу орны басшылары биік жауапкершілікпен қызмет етуі – Елбасының да, елдің де талабы. Ұлттық дәстүр мен елдік негізді ешқашан ұмытпауымыз керек. Елбасы барлық жағдайды жасады. Енді барды бағалап, білекті сыбанып еңбектенуіміз қажет.
Сұхбаттасқан
Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
Айкын
[:en]
[:]