[:kz]
“Данышпандардың ақыл-ойының сүрлеуiмен жүрiп өткеннiң өзi ғажап жұбаныш қой”.
Александр Пушкин.
“Әлдеқашан бел асып кеткен көштiң жұртына кешiгiп жеткен жолаушы жылтыраған бiр қызыл шоқ тауып ап, тұтатпақ боп үрлемей ме – жаңағы естелiктердi шашау шығармай сақтаған менiң халiм де солай едi”.
Мұхтар Әуезов.
“Менiң өмiрбаяным”.
ТАМЫР МЕН ТАҒДЫР
I
Мұхтардың өмiрiндегi және өнерiндегi алғашқы қадамы, тура мағынасында айтқанның өзiнде, Абайдың қара шаңырағының табалдырығын аттаудан басталды.
Ол – 1917 жылы жаз айында Абайдың бауырына салған немересi Ақылияның тойына ерекше сый, ұлы ақынның кенжесiне көрсеткен құрметi ретiнде “Еңлiк-Кебек” пьесасын жазып, Әйгерiмнiң қосарлана тігілген киiз үйiнде сахнаға қойды. Бұл сақара болғалы көшпелi қауымның көрмеген “қызығы” болатын. Кеңгiрбай, Көбей, Еспембет сияқты қасиеттi әулие билердiң аруағын қозғауы – намысты қоздыратын, ел арасын жаулықтыратын, басынудың белгiсiндей едi. Мұхтар сол наразылықты бiле тұрып, оларды кергiге шақырды. Мұндай “сыйды” тек Абайдан ғана күтетiн. Ендi Мұхтар шықты. Абай өлмептi. Өйткенi ұлы ақынның өзi жоқ болғанмен де, оның тәрбие-тағылымын, адамшылық мұратын мирас еткен аса қуатты жас күш бар едi.
Олар ХIХ ғасырдың аяғында, ХХ ғасырдың басында қазақ сақарасының парасат университетi – Абай тәлiмiнен сусындап өстi. Абайдың ұстаздық мектебi шын мәнiндегi халық университетiне пара-пар дәрежеде әсер етiп, қазақ қауымының рухани меккесiне айналды. Жидебай бiлiм Қағбасы болды. Дүние жаратылғаннан берi адамзаттың ақыл-ойының дамуы, тарихы, әдет-ғұрып, көркемдiк әлемнiң айшықтары, философиялық әфсаналар Абай парасатының мәйегiне ұйыды.
Ол – үш үлкен тамыр арқылы “көкiрегiне көп жұбаныш тауып, ой өлкесi гүлдендi”.
Бiрiншi тамыр:
Тiлi мен діні арқылы жанына сiңген көне шығыстың ғұламалық әфсаналары. Шағатай, түрiк, парсы, арап даналарының мұрасы. Жаратылыс, болмыс хақындағы ежелгi грек, рим, египет, парсы, үндi данышпандарының философиялық толғамдары, шайырлық дәстүрi, тарих шежiрелерi. Аристотель, Платон, Сократ, Гомер, Фирдоуси, Рудаки, Ғазнауи, Физули, Сағди, Хафиз, Омар Һаям, Яссауи, Бақырғани, Әл-Фараби, Ибин-Сина, Низами, Баласағун, Софы Аллаяр, Науаи, Рашид-ад-дин, Иүгiнаки, Бабыр, Мұхаммед Хайдар, Абылғазы Баhадұр, Мұхаммед Ғабдуhи, Жалалиддин Ауғани, Шаhабуддин Маржани сияқты бiр-бiр халықтың, тiптi, адамзаттың даналық тұлғаларының дүние, жалған, адам, тарих, жеке тұлға, мiнез, инсана (адамгершiлiк) хақындағы iлiмiн сiңiрiп, олардың пiкiрлерiн салыстыра отырып, ғақлияларында Аристотельмен, Сократпен ой жарыстырады. Фирдоусидiң аңызнамасындағы Ескендiр Зұлқарнайының өмiрi хақындағы жаңылыс деректердi түзетiп жырлайды. Шығыс даналарының шайырлық үлгiсiн сол тiлдерден аударып, өлең әфсана жазып, “ғашық жүрек” дауасын емдейдi.
“Мұхтардың балалық шағы қазақ даласында кездесiп көрмеген, батыс елдерiнде де сирек кездесетiн өлең мен әнге, ертегi мен жырға, жұмбақ пен жаңылтпашқа, шежiре мен шешендiктiң лұғатты сөздерiне күнi-түнi шомылатын творчестволық ерекше жағдайда өттi. Ол Абай ауылы. Абай айналасы – Абайдың ақын балалары, Абай ауылына үстi-үстiне ағылып келiп жатқан ақындар, әншiлер, домбырашы, қобызшы-күйшiлер, бишiлер, шешендер… Қазақ халқының қалыптасқан әдептiлiгi, инабаттылығы, мiнездiлiгi, адамгершiлiгi – бәрi осы ауылда, Абай елегiнен өтiп өңделгенiде бар. Абай айналасында өрескел мiнез, ерсi сөзге тыйым салынған. Бұл ауылда кiтап бар, кiтап оқу бар. Науаи, Низами, Омар Һаям, Фирдоусилер аудармасыз өз тiлдерiнде оқылады. Абай айналасында осындай жайлар болғанын Мұхтар өзi жыр етiп айтатын едi. Сол төңiректiң барлық iшкi-сыртқы бейнесi зерек баланың балғын ойына өшпестей болып орнап қалғанын сезiнетiн едiк», – дейдi Ғабит Мүсiрепов. – Абай аулына қысы-жазы көршiлес отыратын Мұхтардың атасы Әуез өзi де мұсылманша оқымысты, сандық-сандық кiтап жиған адам: Әл-Фараби, Абдуәли Ибн-Сина, Қожа Ахмед Яссауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Әбiлғазы Баhадур ханның еңбектерi қолға көшiрiп алған күйiнде сол кiсiден табылады екен”.
Соның барлығын сiңiре отырып, ол данышпандықтың ұлы дәстүрiнен қалыс қалады. Дербес жол iздейдi. Табады. Сондықтан да:
“Абайдың ақындығын, басқа қасиеттерiн былай қойып, тек әдеби тiлiмiздi жасаудағы еңбегiнiң өзiн ғана алсақ та, ақымыз кететiн түрi жоқ. Оның үстiне Абайдың iрi ақын болғанын, оның өлеңi болсын, қара сөзi болсын, бұрынғы халық ақындарынан да, шағатайшыл молда ақындарынан да озып шығып, соны жол салғанын ескерсек Абайдай бейнелi ақын сол кезде қазақта ғана емес, көршiелдерде де болып жарымағанын көру қиын емес. Өйткенi, алғаш “Мұхаммедия” iзiмен түрiк тiлiнде жазып жүрiп, берi келе европа үлгiсiне түскен, сөйтiп татар өлеңi тарихында жаңа дәуiр ашқан Ғабдолла Тоқайлар “Қансонарда бүркiтшi шығады аңға” жазылғанда туған да жоқ едi”,– профессор Құдайберген Жұбанов (“Абай – қазақ әдебиетiнiң классигi”, “Әдебиет майданы”. 1934 жыл. 11–12 сан).
Бұл тағылымның тәлiмi осы.
Екiншi тамыр:
Ол – Европаның ой-пiкiрiнiң даму тарихы. Ендi ол:
“соқыр ақын Гомердiң”, Аристотель, Сократ, Платондардың iлiмiн Европа ғалымдарының тұжырымдары арқылы тағы да таным сүзгiсiнен өткiзiп, ақылмен саралайды. “өзiнiң көңiл күйiнiң лирикасында, жартылыстың логикасында, толып жатқан өзiнiң рационалдық философиясын Абай кездейсоқ жасай салған жоқ…” “Европаның классиктерi де Сократтан, Аристотельден бастап Спинозаға, Спенсерге және Дарвинге шейiнгi де философия иелерiоған таныс болатын-ды. Ол, әсiресе, Европадағы ой-пiкiрлердiң даму тарихымен көбiрек айналысты… Ислам ғаламында грек философиясынан келген неоплатониктердiң көп әсерiбар едi. Мұсылман философтарында Бағдаттағы Әл-Фараби сол жолда еңбек жазған. Кейiн Аристотель философиясы да арабтар арқылы мұсылманшылық мәдениетi көлемiнде көбiрек өрiс алып тараған болатын… Мұның Спенсердiң мораль философиясымен туыстас екенi күмәнсiз… Бiз бұл арада халық даналығының шығыс классикасының және Грек антикалық (ескі) мәдениетiмен тамырласып жатқан Европаның классикалық мәдениетiнiң қамшыдай жымдасып бiрiккенiн көремiз. Абай Сократ туралы философиялық трактат та жазған”.
Мұхтардың бұл пiкiрi шындық.
Сонымен қатар француз ойшылдары Жан-Жак Руссоның “Ғылым мен өнер жайындағы пайымдауларымен” танысқан, Монтеньнiң “Тәрбие тәжiрибелерiнiң” үлгiсiнде “Ғақлия” жазғаны да, ағылшын философы Дрэпердiң “Европа ақыл-ойының дамуы”, “Американың азаматтық дамуы” атты А. Аргамаковтардың басылымымен шыққан монографияларын талдап, пiкiр алмасуы да анық деректің қатарына жатады. Мысалы, америкалық публицист, жер аударылған тұтқындардың өмірін зерттеген Джордж Кеннанның «Сібір және жер аударылғандар» атты кітабы 1891 жылы Лондонда басылып, 1906 жылы Петербургте орыс тілінде жарияланды. Джордж Кеннан әйгілі телеграф аппаратының негізін салған Морзенің жиені.Телеграф кеңсесінің кәнігі қызметкері ретінде 1864 жылы Камчатка мен Сібір арқылы телеграф бағаналарын орнату экспедициясына аттанып, сапарының соңын Иркутскі – Петербургпен аяқтайды. Соның нәтижесінде жазылған «Сібірдегі көшпелі өмір немесе Камчатка мен Солтүстік Азиядағы коряктардың немесе өзге де тайпалардың арасында өткен қызықты оқиғалар» атты алғашқы жазбасы (1871) кезінде жиырма реттен артық қайта басылып шығады, 1886 жылы орыс тіліне аударылады. Ол ұзақ дайындықтан кейін Сібірдегі саяси тұтқындардың жағдайымен танысу үшін 1885-1886 жылдары фотограф Фрост екеуі Пермь – Тюмень – Тобыл – Том – Омбы – Есіл – Кереку – Семей – Өскемен – Бұқтырма – Алтай – Би – Үркіт – Байкал – Қияқты – Чита – Нерчинскі – Мнинусинскіні қамтитын ауыр сапарға шығады. 1886 жылы Семей, Шемонайха, Бұқтырма, Марқакөл, Қатонқарағай өңірін аралап, саяси тұтқындардың, жергілікті халықтың жағдайымен танысады, ораза айттағы бәйге мен палуандар күресін қызықтайды, өздерін, үй ішін, табиғат көріністерін суретке түсіреді. Өсімдіктер мен жер жағдайына сыпаттама береді. Семейде ұзақ аялдап, Абайға таныс, Қарамола сиязында қазақ заңын жазуға тапсырма берген губернатор Цеклинскиймен, рухани достары, пікірлестері атанған Павловскиймен (Маковецкиймен – Дж.Кеннан жандармерея жазаға тартпас үшін Маковецикийдің атын осылай жасырып көрсеткен), Лобановскиймен, Дическульмен, Богомольцпен, Леонтьевпен сырласып, олардың үйінде болып, ой түйеді, эконмикалық, саяси, этнографиялық деректер жинайды. Соның ішінде Семейдің кітапханасы туралы өте мол мағлұмат береді. Бұл кітаптармен Абайдың да сөзсіз таныс болғандығын және оның Абай оқыған кітаптар туралы бірден бір мағлұмат болуы мүмкін екендігін ескеріп, жанр табиғатынан сырт болса да, кітапхананың қоры туралы жазбаны іріктеп ала отырып, қысқартпай беруді жөн көрдік:
«Губернатордың кеңсесінен шыққан соң, оның кеңесі бойынша, қаланың орталығындағы қарапайым ғана ағаштан қиюластырылған көпшілік кітапханасына бардым, оның жанында шағын ғана антропологиялық мұражай бар екен, ықшам да жайлы оқу залында көптеген орыс газеттері мен журналдарының тігінділері мен қоса өте жақсы талғаммен жинақталған мың томнан аса кітап жинақталыпты, солардың ішінен мен: Спенсердің, Бокльдің, Льюистің, Милльдің, Тэннің, Леббоктің, Тэйлордың, Хакслидің, Дарвиннің, Лайельдің, Тиндальдің, Альфред Рассель Уэльстің, Маккензи Уэльстің және сэр Генр Мэннің, сонымен қатар Скоттың, Диккенстің, Мариэттің, Джордж Элиоттың, Джордж Макдональдтің, Энтони Троллоптың, Джастин Макаартидің, Эркман-шатрианның, Эдгар Аллан Поның және Брет Гарттың романдары мен повестерін таңдана отырып көрдім. Әсіресе, ғылыми-саяси бөлімнің әдебиеттері өте мазмұнды екен, мұнда жинақталған кітап қоры оны жинақтаған және оны пайдаланған адамдардың білімі мен талғамы тағзым етуге толық лайық деңгейде екен. Бұл Семей туралы бұрын естігендерімнен және оны көргендерімнен көрі әлдеқайда әсерлі көрініс берді… (Сілтеме: Жоғарыда аталып өткен авторлардың көптеген ғылыми шығармаларының орыс басылымдары цензуралық бақылаудан өтіп, қиылып тасталған. Леккидің «Рационализмнің тарихы» атты еңбегінің әр бөлімін цензура қидалап тастапты, асыға қарап шыққанның өзінде мен оның кейбір жерлерінің он беттен он бес бетке дейіні қиылып тасталғанын байқадым. Осындай қырқылған күйінің өзін де, бұл кітаптың шалғайда жатқан Сібірдің түкпіріндегі Семей қаласындағы секемшіл орыс үкіметінің өкілдеріне қауіпті көрінгені сондай, жоғары мәртебелінің пәрмені бойынша оны пайдалануға тиым салыпты, ішкі істер министрлігінң арнайы рұқсатынсыз оқырмандарға беруді тоқтатыпты. Тура осындай тиым, цензордың «қауіпті» және «зиянды» деп саналған жерлерін алып тастағанына қарамастан, Спенсердің, Милльдің, Льюистің, Леббоктің, Хакслидің, Лайельдің шығармаларына да салыныпты. Бұдан кейін мен, осы томдар, және оған қоса тағы да басқа 100 том «index expurgatrnus» ретінде (тиым салынған кітаптардың тізіміне) кіргенін және оны ешкімге бермеу туралы әрбір кітапханашыға ескертілгенін білдім)…
… Кешқұрым біз қалаға қайтып келдік те, біраздан соң, біз әлі көрмеген, бізбен танысқысы келетін саяси тұтқындар күтіп отырған Леонтьевтің үйіне бардық. Бізді алып кірген бөлме Лобановский тұрған бөлмеден көрі үлкен әрі жақсы жабдықталыпты бірақ ондағы Леонтьевтің жазу столының тұсындағы қабырғада ілулі тұрған Герберт Спенсердің суретінен басқа еш нәрсе менің назарымды ерекше аудара қойған жоқ. Лобановскийдің өзін, Дическуль бикені, әйелі Кары кенішіне каторгага айдалып кеткен, жас дәрігер д-р Богомольцті, «Сенчури мэгэзинде» 1887 жылғы желтоқсанда жарияланған «Орыс революционерлерінің түрмедегі өмірі» атты мақаламда атап өткен апалы-сіңілі екі Писецскаяларды қосқанда, жиналған жер аударылғандарың саны, он екі – он бес адам екен. Жиналған қауым бір-бірімізбен танысқаннан кейі, өзара қызу, еркін әңгіме басталды. Менің сұрағыма орай, Леонтьев маған Семей кітапханасының тарихы туралы айтып берді, соның ішінде, оның жер аударылып келген саяси қуғындалушылардың емес, жалпы қала тұрғындарының күнделікті өмірдегі ой-өрісін кеңейтуге ізгілікті ықпал етіп отырғанын да атап өтті.
– Тіпті қазақтар да, – деді ол – бұл кітапхананы пайдаланады. Мен оқымысты, егде қазақты білемін, оның аты – Ибрагим Қонанбай (Құнанбай – Т.Ж.), ол кітапханаға келіп қана қоймайды, сонымен қатар Милль мен Дрэпер сияқты авторларды да оқиды.
– Сіздің айтқыңыз келіп тұрғаны, – деп дауыстады бір студент –Милль мен Дрэпердің шығармаларын оқи алатын егде қазақ Семейде тұрады – демексіз бе?!
– Иә, дәл солай!, – деп қайсарлана жауап берді Леонтьев. – Мен оны бірінші рет көргенімде, оныңменен: индукция мен дедукцияның айырмашылығын түсіндіруді өтінгені қатты таң қалдырды. Кейіннен барып оның шындығында да ағылшын философиясын зерделей оқығанын, мен атап өткен авторлардың орыс тіліндегі аудармаларын оқығандығын білдім.
– Сіз, сол оқығандарын түсінді деп ойлайсыз ба?, – деп сұрады манағы студент.
– Мен қатарынан екі кеш одан Дрэпердің «Европаның ақыл ойының дамуы» атты кітабы бойынша емтихан алдым, – деп жауап берді Леонтьев, – мен: ол бұл еңбекті толық түсінген екен – деп толық сеніммен жауап бере аламын.
– Менің назарым мынаған ауды, – дедім мен, – кітапханадағы көптеген кітаптарды, соның ішінде ағылшын ғалымдарының кітаптарын, ал олардың барлығы да цензурадан өтсе де, беруге тиым салыныпты. Кітапқа әуелі де рұқсат беріліп, соңынан тиым салатыны қалай?
– Біздің цензураның талғамы өзінше, – деп жауап берді жер аударылушылардың біреуі, – Мысалы сіз, Адам Смиттің «Халықтар байлығы» атты кітабына тиым салынып, ал Дарвиннің «Түрлердің пайда болуы» мен «Адамның пайда болуы» сияқты еңбектерінің рұқсат етілуіне қалай қарайсыз? Кейінгі шығарма бірінші шығармаға қарағанда әлдеқайда қауіпті емес пе» (Джордж Кеннан. Сибирь и ссылка. С.-Петербург.-1999.198-199 бет).
Мүмкін, Семейге келіп жатқан Дж.Кеннанның бұл естігендерін Абайдың білуі де, тіпті оның өзін ораза айт кезіндегі бәйге мен палуан күресі кезінде көруі де мүмкін. Өйткені тура сол жылы, сол мезгілде Абай Цеклинскийдің пәрменімен Бөрібаевтің арызы бойынша Семейде алты ай «мырзақамақта» жатқан. Сондай-ақ сол тергеуді тоқтаттырып, ақтау қорытындысын жазып, Абайды босаттырған Дж.Кеннанмен сол сапарда кездескен Лосовский мен Маковецкий болатын. Дж.Кеннан саяси қудаланушылардың Шекспир, Милль, Спенсер, Бокль, Бэлфур Сюарт, Гейне, Гегель, Ланге, Ирвинг, Купер, Лонгфелло, Брет Гарт және Бюичер Стоу шығармаларына сілтеме жасай отырып, ойларын емін еркін жеткізгеніне, олардың көркем астары мен саяси, әлеуметтік мәнін терең түсінгеніне таң қалады. Ал ендеше, олардың емтиханынан өткен Абайдың да әлем әдебиетін соларға жете қабыл меңгергеніне күмән тумаса керек.
Міне, Абайдың парасат ақылы сол ғасырдың өзінде-ақ ағылшын жұртына жеткен. Джордж Кеннаның бұл кітабының түпнұсқасы ақынның Семейдегі мемориалдық музейінде сақтаулы.
Тiптi, инквизиция тарихын да терең бiлген. Абайдың өзi оқып, әңгiмелеп берген “Үш ноян”, “Қызыл сақал”, “Ақсақ француз”, “Новарра Генрих”, “Сүлеймен патшаның қазынасы” атты тарихи шығармаларды сақара тұрғындары ертекшi Байғамбеттiң аузынан таңды таңға қосып тыңдаған. Мұхтардың өзi:
“Белгiсiз автордың инквизиция заманынан жазған сюжетке бай бiрнеше романдарын естiдiм. Осы романдарды бастағанда, “Нидерлан деген жерлерде, Лейден деген қалада, Инквизиция деген бiр би бопты”– деп бастайтын Байғамбеттi тыңдағандардың бәрiнiң де есiнде болар: Абайдың белгiлi досы, қара танымайтын Байғамбет құлағын тiге, соның аузына қараған тыңдаушыларға қызғылықты хикаясын, мiне, осылай бастайтын” – деп куәлiк бередi.
Гетенi, Байронды, Шиллердi аударған. Герольд Бельгер “Абай мен Гете” деп монография жазды. Оның түбi Гегель мен Лессингке тiреледi.
Ол да рас.
Өкiнiшке орай, Құдайберген Жұбановтың айтқанындай:
“Ол ояну дәуiрiнiң толқынынан пайда болған немiс Люттер, француз Малерби де емес. Сондықтан ренессанстық ұлы нөсердiң iрi жемiстерi Леонардо да Винчи, Альберт Дюрер болу да Абайға бұйырмаған. Абай өз ортасының Данте сияқты адамы. Бiрақ Данте – ескiнiң соңы, жаңаның алды едi. Орта дәуiр мен ояну дәуiрiнiң арасындағы көпiр едi. Ал Абайдың алды жоққа жуық та, арты ғана бар: ол – соңғы дәуiрдiң басы. Оның төңiрегi – Эгей теңiзi емес, Сарыарқаның шөлi де, өткенi – классикалық Рим емес, үдере көшкен қайшылық өмiр ғой”.
Бұл да ақиқат.
“Менiң Қағбам батысқа қарай көштi” – дейдi Абай.
Барлығына дәлел осы бiр ауыз сөз. Ал бұл сөз дәлелдi қажет етпейдi.
Үшiншi тамыр:
ол – “орысша оқу керек, хиқмет те, мал да, өнер де, ғылым да бәрi орыста зор. Залалынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тiлiн, оқуын, ғылымын бiлмек керек. Оның себебi, олар дүниенiң тiлiн бiледi, мұндай болады. Сен оның тiлiн бiлсең, көкiрек-көзiң ашылады… Орыстың ғылымы, өнерi – дүниенiң кiлтi, оны бiлгенге дүние арзанырақ түседi” –деген Абайдың “өнер – бiлiм үшiн орысшыл” болуы.
Бұл махаббаты үшiн ұлы ақын аз азап тартқан жоқ. Қазақтар қамшысының астынан алды. Урядниктер мен полицейлер абақтыға жапты. Олар:
“…орыс капиталының дүние-мүлкiн, атағын күзеттi. Алайда, бәрiнен бұрын орыстың революциялық сөзiнiң, социалистiк идеясының түкпiрдегі қазақ ауылына ұшқынын түсiрмес үшiн бiздiң даламызды асқан сақтықпен кiрпiк қақпай аңдумен болды”.
Бiрақ та, еркiндiктi аңсаған асыл ой – “Сiбiрдiң шыңырау тозағын” (Мұхтар Әуезов) да жарып өттi.
Ресейдiң аспанында жарқ ете қалған найзағайдың сынығы қазақ сақарасының шетiндегi Семей шаhарына түстi. Чернышевскийдi азаматтық дарға асу рәсiмi кезiнде, Ресейдiң революционерлер перзентiне қызық қуған қауымының ортасынан суырылып шығып, раушан гүлiн сыйлаған нәзiк жанды, рухы өр әйел заты Мария Петровна Михаэлистiң туған ағасы – Евгений Петрович Михаэлис, Чернывешскийдiң шәкiртi – Михаэлис: атақты Н.А.Добролюбовтың өзi: “Студент Михаэлиспен танысу үшiн келдiм, ол туралы өте көп естiдiм” – деп пәтерiне iздеп барған Михаэлис – “патша айдап” Ертiс жағасына келдi. Абайдың “дүниеге көзiн ашқан – Михаэлис те” сол. Екеуi Семейдегi Гоголь атындағы кiтапханада Абай Лев Толстойдың кезектi шығармасын жаздыртып алған кезiнде танысқан. Гросс, Долгополов тағы бар. Шоқан мен Достоевский Семейде жүргенде Абай сонда шәкiрт. Ағасы – Халиолла – Шоқан бiтiрген кадет корпусында оқыған. Шоқан Құнанбайды Омбы түрмесiнен құтқаруға септесті. Көпес Тiнiбайдың ұлы Мендiбай Абайдың әпкесi Мәкiштi алған. Абай сол үйде жатқан. Достоевский мен Шоқан Тiнiбайдың үйiне серуендеп барып түстенiп жүрген. Мысалы: Ф. М. Достоевскиийдiң өзi “Өмiрлiк қарыздармын”,– деп есептеген досы Александр Егорович Врангелдiң “1854-56 жылдардағы Сiбiрдегi Ф. М. Достоевскийдiң өмiрi туралы естелiк» кiтабында 1855 жылы 20 тамыз күнi Семейдегi үлкен тойда Достоевский екеуiнiң болғанын жаза келiп:
“Қазақтың ат бәйгесi, бүркiтiнiң қасқыр алғанын көрсеткендерi аса қызықты болды. Тойға жиналған халықтың көңiлiн көтерiп, қыздырып жiбердi. Түрлi түстi киiнген, шат-шадыман мыңдаған адам ертiс жағасына қаптап кеткен. Әсiресе, татар мен қазақ әйелдерiнiң әсем-сәндi киiмдерi елден ерекше көз тартады… Өзiм де саяхатшы-аңшы болғандықтан, бүркiттiң қасқырға түскен сәтiн көргенде, делебем қозып тұра алмадым. Ондай қызықтарға әдетте салқын қарайтын Федор Михайловичтi тарта қоймады… Сол тойда қазақ достарымыз – Тiнiбай мен Мендiбай тағы да үйлерiне қонаққа шақырды. Олардыкiне бiз қуана-қуана бардық. Қаймаққа қант қосып, араластырған тәттi iрiмшiкпен сыйлады”,– деп есiне алды.
Абай ол кезде он жаста (14 жасқа дейiн осы қалада. Оқуда болғаны анық). Достоевскийдi көруі әбден мүмкiн. Ал естiгенi сөзсiз. Ендеше, сол үйге үнемi түсiп, айлап жататын Абайдың ұлы орыс жазушысының Семейдегi өмiрiн, шығармаларын естiп-бiлгенi күмән тудырмайды. Шоқанмен iлесiп Шыңғысты аралады деген дерек те кездеседi. Мiне, Абай тағдырының танымына әсер еткен, өрiстi мәдениеттiң жарығын сақараға себезгiлей шашқан да осындай үрдiстер. Парасатты Абайдың құштарлығын арттырып, етене жақындатқан да сол ынтызарлық ықылас қой.
Демек, Абай он жасында Достоевскийдi көрген.
Көруi мүмкiн.
Мүмкiн.
Бiрақ та, ақын Абай үшiн Пушкинмен табысудан артық тағдырдың үлкен риздығы болмаған. Ол табысқан жоқ, қазақтың Пушкинi боп, Пушкин боп өмiр сүрдi. Орыстың Абайы – Пушкин жазып, қазақтың Пушкинi – Абай аударған “Евгений Онегиндегi” Татьянаның жауабы – қазақ поэзиясындағы рухани ұлы туындыларының белгiсi боп мәңгi қалды. Мәңгi. Абай – Лермонтов боп та ғұмыр кештi. Жиырма сегiз өлеңiн тәржiмалады және қандай! Әзiрше ол биiктен үмiт еткен ақын жоқ. Крыловты – қазақша қанаттандырды. Кещелiкке белшесiнен батып, “оқалы киiм, шен-шекпендi” көксегендерден жиiркенiп: “Ойында жоқ бiрiнiң, Салтыков пен Толстой” дейдi ызалы Абай. Патшаға қарсы ұйымының мүшесi болған доктор Долгополовтың Абай ауылында демалуы, “Сiбiрден қашқан Кавказ адамының”, Шәмiлдiң, Тастемiрдiң балаларының, солдатқа шақырылудан жасырынып жүрген Ғабитқан iспеттi ноғай, татар башқұрт азаматтарының ақын үйiнен пана табуы оның саяси көзқарасының тарақиятының (прогресс) тереңдiгiнен мағлұмат етедi.
Орыстан тартқан тамыры – Абайдың ең кернеулi күре тамыры. Ол – өз жүрегiнiң қуатты отын өз кеудесiнде сақтаған жоқ. “Ақылменен нұрланған сөзi” арқылы айналасына тұтас жарық түсiрдi. Парасат пен мәдениеттiң дәнiн септi. Әр баласын қалаға оқуға жiберiп, алдына төрт-бес, тым құрығанда бiр өнер үйренiп қайтуды аманат еттi. Өнерсiз қайту – Абай алдындағы өлiм саналады. Скрипка, мандолин, үш iшектi домбырамен “Балнияз” – Огинскийдiң “Полонезi”, “Реңдi – Моцарттың “Рондасы”, “Түрiк шеруi”, татардың “Бала Мискенi” орындалды. Семейдегi поляк революционерлерiнiң әндерiн үйрендi. Орыстың “Айлы түнiн” күмбiрлеттi. Тым құрығанда, зергерлiктi, етiкшiлiктi, можандықты үйренiп келдi.
Бiр мысал: Семейдiң аэропорты орналасқан жер бұрын Шағыл деп аталған. Қазiргi Шағыл ол кезде Семейден көш жер алыс. Сәске ауа қос жолаушы ат шалдырып тұрғанда Ақылбай: “Абай аға: ал алты айда не үйренiп келдiңдер. Бойларыңа өнер қонды ма, көрсетiңдер десе, қайтемiз, Мұқа. Одан да өнер базарлығы болсын, сол кiсiнiң өзi орысшадан аударған бiр өлеңiне ән жазайық”, – дейдi. Бұл пiкiрдi Абайдың скрипкашысы Мұқа Әлқанұлы құп алды.
Шағылдың бүйiрiндегi бұлақ қасына кешкi күнмен жарыса аттан түсiп, айлы түнде екеуi скрипканы дала желiмен қоса сыңсытып, ұзақ тарта құлақ күйiн бұрайды. Ойларына ырғағы мен мақамы жағынан әнге икемдi “Сұрғылт тұман дым бүркiп” атты жолдар түседi. Қос скрипкашы қосыла безiлдетiп, өздерiне таныс, құлаққа сiңген орыс музыкасының iзiмен ән әуенiн iздейдi. Абайдың бұл өлеңi А.А. Дельвигтiң
Не осенний мелький дождичек,
Брызжет, брызжет сквозь туман.
Слезы горькие льет молодец,
На свой бархатный кафтан, –
деп басталатын романсы едi.
Алғашқы шумағы түпнұсқасымен дәлме-дәл еркiн тәржiмаланса да келесi жолдары, сондай-ақ қысқа тармақтары басқаша. Ақылбайды әнге жетелеген де сол қысқа қайырым болса керек. Таң бозарып атып, бозторғай сайрағанда Шағыл бойын қос скрипка әуенге бөледi. Ақылбай сабырлы, қоңыр даусымен баяу әндеттi.
Сұрғылт тұман дым бүркiп,
Барқыт бешпет сулайды.
Жеңiменен көз сүртiп,
Сұрланып жiгiт жылайды.
Әйелмiсiң жылама,
Тәуекел қыл құдаға!
Өлең айт,
Үйге қайт.
Бұл жолдардың серi көңiлдi Ақылбайдың жүрегiн қозғауы, “Өлең айт, үйге қайт” деген тiркестер өз сапарына орайлас келуi әннiң шығуына тiкелей әсер еткен. Ал келесi шумағындағы:
Атаңды анаң азғырып
Тұрғызбаған бейiшке.
Алласы оны жазғырып,
Әкелдi бастап кейiске.
Әйелде ешбiр опа жоқ,
Бүгiн – жалын, ертең – шоқ.
Беттi жу,
Белдi бу, –
деген жолдар түпнұсқаның тiкелей әсерiнен туған Абайдың төл туындысы.
Шағылдың таңын әнмен қарсы алған Ақылбайдың бұл әуенi Абай әнi деп айтылып жүр. Бiздiңше, ол – әбестiк тәрiздi. Осындай мәдени салтанатпен барғанда Абай: “Әй, жарайсың, Ақылым. Түртпектеген ана Мұқа ғой. Өзiм де соны күткем. Киiмiң олақ, көңiлiң көл-ақ. Ақыл, сенi ширасын деп ем. Түзелiпсiң, ақтадың”,– дептi. Кейiн Мағауия қайын жұртына аттанарда “он минутта ойына түскен” әйгiлi “Ақылбайдың әнi”, – ұлы ақынның үлкен ұлының музыкалық талантын танытады. Сондай-ақ жаңа өлең, ән шығарып, Абайға сынатқысы келгендер әуелi Мағауияға апарған. Ол Ақылбайға ұсынып, соның көңiлiне жақса ғана әкесiне баруға рұхсат берген. Өмiрде жұмсақ, өнерге қатал жан болған. Әрине, араға жылдар салып осы жолмен өзiнiң мәңгiлiк соңғы сапарын тәмамдайтынын Ақылбай бiлген жоқ. Семейге әкесi Абайдың қырқын беру қамымен келiп, моншадан шыққан соң ескi Семейдегi үйде жүрек талмасынан қайтыс болды. Абай мен екеуiнiң арасы да тура қырық күн. Алайда артында дастандары, әнi қалды.
Көкейдегi бiр ойды ретi келгенде айту қажет. Жазушы Тәкен Әлiмқұлов өзiнiң “Жұмбақ жан” атты тамаша зерттеу еңбегiнде:
“Абайдың сұрғылт тұман дым бүркiп” ән-өлеңiн кiм бiлмейдi. Бұл М.И.Глинканың 1829 жылы жазған, “Не осенний мелкий дождичек” деп басталатын әнiнiң көшiрмесi. Әннiң текстi ақын А. А. Дельвичтiкi. (дұрысы А.А.Дельвиг) В.Дернованың зерттеуiнде бұл әннiң тағдыры қызық. “Не осенний мелкий дождичек” Глинка әнiнiң iшiнде де, Дельвичтiң (Дельвигтiң – Т. Ж.) өлеңдерiнiң арасында да сақталмаған. Бұл ән ұлы композитордың “Иван Сусанин” операсында Антонида орындайтын романсқа пайдаланылады да, қолжазбасы кейiн жоғалып кетедi. Содан 1946 жылы ғана табылады”,– деп жазады.
Бұл деректi алғаш салыстыра ашқан Әбiш Жиреншин. Ол кiсi – музыкасы Абайдiкi демеген. Өлеңнiң әнi барын бiле тұрып, сiлтеме жасамаған. Ақылбайдың туындысы екенiнен де мағлұмдар ғалым сондықтан да өз түсiнiктемесiне енгiзбеген. Бұл туралы деректердiң мол мағлұматы Абайтанушы Төкен Ибрагимовтің жеке қорында, көне көз қариялармен сөйлескендiгi әңгiмесiн жазған үнтартқыш таспасында бар. Әрхам Ысқақовтың музейдегi жазбасында да емеурiн деректер кездеседi. Ал бұл әннiң музыкасының ұқсауы – бiрiншiден: Ақылбай сол сапарда тыңдауы мүмкiн. Соны пайдаланған да шығар. Екiншiден: әннiң бiз естiген нұсқаларының әуенi қазiр өте сирек айтылатын осы әннен гөрi өзгерек. Демек, кейiнгi музыка зерттеушiлерi иiнге келтiрген. Әйтпесе, түпнұсқадағы А.Дельвигтiң өзiнде “Өлең айт, үйге қайт”, “Белдi бу, беттi жу” iспеттi қысқа қайырымдар жоқ. Және Абай сөзi үш түрлi буында, үш түрлi ырғақпен жазылған. Демек, асыл мұраны бағалауда асығыстық болмауы тиiс.
Бiр әннiң шығу тарихы, Абайдың бiр үлгiсi осы. Дала ғұламасы парасат нұрын өз санасына сiңiрiп қана қоймай, бар талантты қасына жинап, қыс бойы оларға бiлгенiн айтып, “Қара сөзден өлеңдi оңай көретiн” қазақ зейiнiне арнап, дастанға айналдыруды шәкiрттерiне тапсырған. Бiр тақырыпты екi-үш адамға ұсынып, қай ұнағанын жұрт назарына салуға рұқсат еткен. Өнер, ой бәсекесiне ерiк берген. Ақылбайға – Кавказдағы шағын халықтың өмiрi жөнiнде “Дағыстан”, Африкадағы тайпалар тiрлiгiнен “Зұлыс”, Шәмiл көтерiлiсi қақында “Шәмiл”; Мағауияға – Нiл дариясындағы құлдардың рухани күресiн бейнелейтiн “Медғат-Қасым”, Көкбайға – қазақ тарихын қамтитын “Сабалақ”, Шәкәрiмге – елдiң ескi тұрмысынан “Қалқаман-Мамыр”, “Жолсыз жаза” дастандарын жаздырды. “Мың бiр түн”, “Тотының тоқсан тарауы” негiзiнде “Жетi үй” хикаясын елге тараттырады. Жетi бөлмеде жетi жiгiт, жетi қыз отырады. Әр жiгiт әр қызға жетi-жетiден қызықты әңгiме айтады. Сонда 343 хикая! Боккачоның “Декамеронымен” қарайлас! Әттең, сақталмаған. Жұқанасы ғана қарауылдың ертегiшiсi Жұмақұлбайдың есiнде қалған. Ол да қағазға түспей кеттi. Тағы бiр рисал: Абайдың ауылында аяқ қолы быртық, мүсәпiр Түсiпхан атты Қарқаралы жақтан келген мүгедек адам болыпты. Кешке қарай төбе басына бiр топ шәкiрттерiмен шығып айналаны шолып тұрғанда, әлгi Түсiпханды көзi шалады да: “Шiркiн-ай, мына Түсiпхан да өмiр сүрдiм дейдi-ау. Қатын-бала, артында қалар қайратты әрекетi, ұшқыр сөзi жоқ. Ақындықтарыңа, адамгершiлiктерiңе сын болсын. Осы Түсiпханды: шіркін, өмір сүрген-ақ екен дегізетін, оның атын мәңгiлiк есте сақтап, ұмыттырмайтын естелiк қалдырыңдаршы”,– дептi Абай. Араға күндер салып барып жазып әкелген Мағауия мен Көкбайдың өлеңi ақынға ұнамайды. Аз ағайын топайдың iшiндегi Бейсенбай ақын Жәнібекұлы қазiргi жұртқа мәлiм, “жүрегiңдi жылататын” “Түсiпхан” қиссасын шығарады. Сол нұсқаны ұлы ақын мақұлдап: “Бейшараның аты ендi өшпейдi. Өзi көрмеген қызықты, жар ләззатын көргiзiп жан азабын, арманда өткен ғұмырын әсерлi жырлапсың”,–деп қош көрiптi.
Ол дәстүр Абайдың көзi жұмылған соң да жалғасыпты. Ұлы адамның ерiнi соңғы рет бетiне тиiп, құмарлана иiскеген немересi Ақылияның ұзатылу тойына да тосын сый жасап, Мұтардың “Еңлiк-Кебектi” сахнаға шығаруы да сол үрдiстiң үлгiсi. Ұрпағына өсиет еткен Абай аманатының орындалуы, “Өскен өркеннiң” жемiсi.
Бұл тағлымсыз Мұхтардың да тұлғасы сырдаң тартады. Онсыз Әуезовтың өмiрiн де, өнерiн де түсiну мүмкiн емес.
Мүмкiн емес.
Ол сол тағдырдың тамырын сәби күнiнен ана сүтiмен қоса емiп өстi.
Ол өзiнiң айтуы бойынша алты жасында Абайды көрдi.
Ғұмырының соңына дейiн ұлы ақынның сол бiр асыл бейнесiн жүрегiнде сақтап, жиi-жиi елестетiп, оңашада рухымен сырласып өмiр сүрдi. Шер тарқата сырласа жүрiп, өз Абайының тұлғасын сомдап шығарды.
(Жалғасы бар)
Тұрсын Жұртбай
Abai.kz
[:]