[:kz]
Қазақ елі – түмен ғасырлардан жеткен тарихи-мәдени мұралардың алтын белдеуі іспетті мемлекет. Қазақ жерінде – «Ұлы Жібек жолының» ауқымды бір бөлігінің бойында сап түзеген сәулет өнерінің сан алуан айшықты нұсқалары мен өркениет өрімдерінің ортағасырларға тән «тарихи оқулығы» іспетті қала-мекендер орналасқан. Қазіргі кезде, Республика бойынша Мемлекеттік Тізімге алынған 25-30 мыңға жуық тарихи-мәдени мұралар бар десек, олардың ішіндегі таңдаулылар санатындағы сәруар жәдігерлер – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Алматы облысындағы «Таңбалы» мекеніндегі тас өрнек – петроглифтер шоғыры, біздің мекенімізде орын тепкен «Ақтөбе», «Өрнек», «Ақыртас», «Құлан», «Қостөбе» мекендері БҰҰ-ның Ғылым, Білім және Мәдениет жөніндегі бөлімшесі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік құндылықтар Тізіміне ілінген.
Осынау құндылықтар орын тепкен мекеннің бел ортасында жатқан Шу – Талас аңғары аталатын тарихы тарлан алқапта – Әулиеата – Тараз топырағында, Елбасының дуалы аузыменен «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» атанған құт мекенде, жоғарыда аталған мыңдаған жәдігердің 1100-ге жуығы орналасқан. Міне, сол себептен де, үстіміздегі жылдың күзінде Қазақ Хандығының 550 жылдық торқалы тойын, республика жұртшылығымен бірге атап өтуге қызу дайындалып жатқан мекеніміздің тарихи келбетіне сән беріп тұрған жәдігерлердің тағдыры мен тарихына тағы да бір үңілеміз. Қазақ Хандығының ұлы тойы тойланар мекеніміздің мерейін үстем етіп тұрған тарлан тарих «оқулықтарын» тағы да бір парақтаймыз.
Ортағасырлық сәулетшілердің қолымен жасалған Айша бибі, Бабаджа Хатун, Қарахан және Дәуітбек кесене – кешендері мен әр кезеңдерде бой көтерген Әбдіқадыр мешіті, Абдулла ишан мешіті, Нәметбай және Қарақожа мешіттері, Шоқай Датқа кесенесі секілді сәулет өнерінің үздік нұсқаларын, «көненің көзіндей, дананың сөзіндей» әспеттейміз. Аталған тарихи мұралардың барлығы бірдей кәзіргі мемлекеттік-стратегиялық «Мәдени мұра» Бағдарламасы аясында қайтадан жаңғыртылып, өздерінің алғашқы қалыптарына келтірілді, алыс-жақыннан ағылып келіп жататын туристердің толайым нысанына, бабалар мұрасын мақтан тұтар ұрпақтың көзайымына айналды. Жәдігерлерімізді алғашқылардың қатарында болып мұқият зерттеген, олардың тарихи болмысы мен сәулеттік тұлғаларына алғашқы ғылыми негіздемелік зерделеу жұмыстарын жүргізген, сүйтіп, олардың тарихи айналымға енуіне себепкер болған В. Каллаур, В.Бартольд, А.Бернштам, А.Марғұлан, М.Массон, Н.А.Аристов, Т.Сенигова, Г.Пацевич, Г.Пугаченкова, К.Ақышов, Х.Алпысбаевтардың, отандық археологияның ірі тұлғалары профессор Уахит Шәлекенов, академик Карл Байпақов, профессор Мадияр Елеуов және басқалардың ашқан жаңалықтары мен ғылыми дәлелдемелері аталған Бағдарлама аясында ары қарай дамытылып, жетілдірілді.
Ежелгі дәуірлерден бермен қарай Қазақстанның оңтүстік өлкелерін, оның ішінде, Шу-Талас аңғарын, Хантауы мен қанаттасқан Жайсаң-Қордай қыраттарын әр дәуірлерде, әр кезеңдерде мекендеген түбі түркі ұлттар мен ұлыстардың, тайпалардың тарихы біз үшін өте қызықты, аса маңызды. Аталған аймақтың – 1465 жылы тарихта түңғыш рет өз есімімен аталатын оңаша Ордасын тіккен Хандығымыздың 550 жылдық мерекесі қарсаңындағы ғылыми-тарихи ізденістер қарбаласының бір парасына айналып отырғандығы да сондықтан. Археологиялық зерттеу жұмыстары көрсеткеніндей Шу-Талас аңғары мен оның аумағында адамдардың алғашқы қауымының пайда болуы осыдан шамамен 1 миллион жыл бұрын Қаратау шатқалдарын мекендеуден басталатындығын археолог Х.Алпысбаев әлдеқашан дәлелдеп берген. Тас дәуірі адамдарының қолының ізі қалған, аялы алақандарының жылуы сіңген тас саймандар мен құралдар, қамалды қала, қорғанды кенттер мен мәңгітас-балбалдар, жартастар мен шартастарда менмұндалаған сәулет және сурет өнерінің алғашқы үздік нұсқалары, өлкемізді мекендеген ежелгі қауымдар өркениетінің, олардың таным «таңбалары» мен ақыл-ой парасатының ашық аспан астындғы мұражайы іспетті.
Өткен дәуірлердің өн бойында біздің киелі мекеніміз көптеген тарихи оқиғалардың – халықтардың Ұлы Көштерінің, ерлік пен өрліктің қайнар көздерін ашқан ұлы шайқастар мен қатерлі қақтығыстардың куәсі болған, жетілген сауда-саттықтың, қолданбалы қолөнері мен мәйекті мәдениеттің, рухани өрлеудің ерекше қанат жайып дамыған өлкесі болған. Яғный, «Ұлы Жібек жолының» торабымен қатар өріліп, шартараптан шұғыла шашақан өркениет өрімдерінің тұрлауы мол тоғысын басынан өткерген. Сол кезеңдерден жеткен жәдігерлерге қарап, біз сол дәуірлерге тән әлеуметтік, экономикалық және сан салалы саяси ерекшеліктерді байқаймыз, исі Түркі жұртының Ата-мекен, Ана-бесігі болған Тұран далаларындағы тұрлауы мол толымды тірліктің тынысын сезінеміз!
Талас-Аса өзендерінің аясында, «Ұлы Жібек жолының» белді бекеттерінің бірі есебінде осыдан дәл 2100 жыл бұрын бой көтерген ежелгі қаламыз, сол өзінің іргетасы қаланған б.д.д. I – ғасырдан бермен қарайғы түмен жылдарда сан-алуан ғарасат ғасырларын бастан өткергеніне қармай, ешқашан да өзінің тұрақты тұрғындарын жұрт «жаңалатып» қоныс аудартпаған, оларды ешқайда ығыстырып – ықтатпай аялап, аймағымыздағы аса ірі мәдени – рухани және барыс-келісі жедел сауда-саттық пен тарихи тұрпаты ерекше қолөнер орталығы мәртебесінен айырылмаған. Оның «алтын белдеуінде» – төменгі Барысхан, Түймекент, Оххум, Жикил, Ақтөбе, Мирки, Құлан секілді көптеген ірі қала – қоныстар бой көтеріп, өз кезеңіндегі гүлденген ірі-ірі орталықтарға айналды. Киелі қаламыз өз дәуірінде, ортағасырлық тегі түркі көптеген мемлекеттік құрылымдардың астанасы да болды, ал, «Ұлы Жібек жолы» бойындағы көрнекті де маңызды өткел – бекеттердің бірі деген атауынан ешқашан айрылып көрген жоқ. Алапат қырғындардың нәтижесінде бірнеше рет қиратылып, қабырғасы сөгілсе де, көптеген жеңілістердің зардабын бастан өткеріп, бейдауа күндер кешсе де, жоғарыда айтқанымыздай, өзінң табанды тұрғындарынан айрылмай, солардың жасымас қажыр – қайратының арқасында самұрық құстай қайта түлеулер мен толайым жеңістердің қызығын көріп, 21 ғасырға жалғасқан ғұмыр кешуден өтіп, бүгінімізге «көзі тірі» жеткен, қазақ даласындағы жалғыз қала – осы Тараз қаласы ғана.
Адамзат тарихындағы ең ұлы шайқастардың бірі – 751 жылғы түркі-араб армиясы мен хань әулеті әскерінің арасында өткен Атлах шайқасы да осы Тараз қаласының маңында, Талас өзенінің жағасында орын алды. Осы шайқаста біріккен түркі-араб қолының тарихи жеңіске жетуі – Хань әулетінің жалпы Батыс өңірге, оның ішінде Жетісу жеріне жосықсыз көз алартуына біржолата нүкте қойып, Ислам өркениетінің Орталық Азия аумағына дендеп енуінің негізін қалады. 751 жылы Тараздан таяқ тастам жерде өткен ұлы шайқас – «Атлах шайқасының», адамзат тарихындағы талассыз тұғырға көтерілген ұлы оқиға болғандығын, ерте дәуірлердің ғасырлар бойы қалыптасқан саяси картасын біржолата «қайта сызып, қайта пішкен» ұлы бетбұрыс кезеңі болғандығын осы заман тарихшылары сөзсіз мойындап отыр.
Ғасырлармен өлшенер тарлан тарихында ежелгі қаламыз, өзінің өшпес атауын бірнеше рет өзгертіп – Тезек, Тәңірқұт, Талосе, Тараз, Янги-Тараз, Әулиеата, Мирзоян, Жамбыл, қайтадан Тараз аттарын иеленді. Тараз қаласының ірге тасының қалануы Шығыстан Батысқа қарай созылған «Халықтардың Ұлы көші» аталатын тарихи оқиғалармен тікелей байланысты. Біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта, есте жоқ ескі замандардан бермен қарай Сарыөзен бойын қатар жайласа да бір-бірімен үнемі бақталас, текетірес ғұмыр кешкен ұлыстар – отырықты ханьдықтар мен көшпелі қауым – ғұндардың тайпалық одақтарының күшеюі, осынау оқиғалардың алғы шарттары болып есептелінеді.
Ұзақ жылдарға созылған әскери қимылдардың нәтижесінде, шамамен б.д.д. 100-ші жылдары, Аспанасты елінің билеушілері Ғұн одағын «батыс» және «шығыс» бөліктерге бөліп тастауға қол жеткізеді. Осы әрекеттердің нәтижесінде – ежелгі жаумен ауыз жаласқан шанью Қағанзаға (Хуханье) ілесіп ханьдықтарға бағынған Шығыс одақ пен оның туған бауыры, елінің ертеңін ойлаған сәруар сарбаз Тезек (Чжи-Чжи) Тәңірқұт бастаған Батыс одақтары құрылады. Бұл, жоғарыда айтқанымыздай, б.д.д. соңғы 100 жылдық белеңінде орын алған оқиғалар болатын. Тәуелсіздік тәлімін мұрат тұтқан салауатты сардар Тезек Тәңірқұт бастаған «батыстықтар», ханьдықтар мен тәуелсіздігін мансұқ еткен «шығыс» ғұндардың біріккен қолының қысымы нәтижесінде бірте-бірте батыс өңірге қарай ығысып – алдымен Гоби шөлі мен Жоңғар далаларына, бара-бара Алтай – Тарбағатай бөктерлеріне, сонан соң Шу- Талас аңғарына қоныс аударады. Б.д.д. соңғы жүзжылдық бедерінде, тәуелсіздікті тұғыр тұтқан Тезек Тәңірқұт, толқыны тегеуірінді Талас пен асау арналы Аса өзендерінің аңғарында өзінің мәңгілікке аманат етілер қамал-қаласының іргетасын қалайды. Азия құрлығының, оның ішінде көшпенділер атанған алып этностың сан ғасырлық тарихын қамтитын жазбалар – Аспанасты елінің әлемге әйгілі «26 тарих» шежіресіне сүйенсек, алғашында қала Тәңірқұт, Тезек дейтін атауларға ие болған. Б.д.д. 36-жылы қолбасшы Чинь Тань бастаған ханьдықтардың қатыгез қолының шапқыншылығына ұшырыраған киелі қаламыз орасан-зор зардап шегіп, ту-талапай талауға түседі, жермен жексен ете қиратылады. Сол аласапыран айқаста өзінің іргетасын қалаған тұтқалы тұлғасы Тезек сәруарынан айрылады. Дейтұрғанмен, осынау қиян-кескі қырғыннан кейін де «мәңгілік қаламыз» қайтадан бас көтеріп, бой түзеп – VI ғасырдың орта шенінен бастап араб-парсы, қытай жазба жылнамаларында Талас, Талосе, Талуси, Тараз атауларымен таңбалана бастады.
Қамал-қаланы салуға орасан зор жұмыс күші жұмылдырылды. Ұлы тарихшы – шығыстанушы Л.Н.Гумилевтың айтуына қарағанда қала құрылысын жүргізуге Рим легионерлері де атсалысқан. Тарихшының – олар Ежелгі Римнің атақты қолбасшысы Красстың парфиандықтарға қарсы жүргізген тарихтан белгілі шайқасы кезінде қолға түскен римдік тұтқын-сарбаздар еді дейтін пікірі көпшіліктің жадында Кейін оларды парфияндықтар өздерінің шығыс шекараларын күзетуге пайдаланғандықтары туралы мәліметтер тарихи жазбалардан белгілі.
Сонымен, айналасы аз ғана жылдың ішінде, сыртқы қоршауы ағаш, ішкі дуалы соқпа топырақтан тұратын екі қатар қорғанмен (жамбылмен) қоршалған, көптеген мұнаралары мен сәулетті сарайлары алыстан көз тартатын астаналық қала Аса – Талас өзендерінің ардасында бой түзейді. Батыс өңір аймағында – яғный Шу,Талас, Мыңбұлақ, Жетісу, Іле, Ыстықкөл, Дауан (Да-дуан – Ферғана) жерінде, хань империясының Орталық Азияның асқар тау, шалқар даласында сансыз жылға созылған жорықсыз үстемдігіне толыққанды тойтарыс беруге әлеуеті жететін одақ – ғұн-қаңлы-үйсін одағының бой көтере бастауы, императордың мазасын ала бастайды. Сонымен, Тезек Тәңірқұт бастаған солтүстік ғұндарды салтанатты қаласымен бірге жойып жіберу жөніндегі астыртын шешім де қабылданады. «Астыртын» дейтін себебіміз – Таразды алғаш қиратқан жау әскері жорыққа әуел баста Іле бойындағы бір елеусіз елді ғана бағындырмаққа аттаныпты-мыс та, қыза-қыза Іледен бәлен шақырым алыста жатқан Тәңірқұт қаласына император пәрменін тыс, өз беттерімен атой салыпты-мыс… Бұл әрине, жымысқы жаудың еш дайындықсыз бейқам жатқан жұртты алдап соғу тактикасы болатын. «Тарих – алдымен сабақ» дейтін тұжырымның тұлғалана түсетін тұстары да осындай-осындайлардан қалыптасса керек…
Жоғарыда сөз болған «26 тарих» беттерінде б.д.д 36-жылдың жазында, жаңадан бой көтеріп салтанатын сайлай бастаған қала-қамалдың, астана-қаланың қалай қиратылғаны жөнінде бүге-шігесіне дейін суреттеліп, жазылған.
Бас қолбасшы Гань-Яншау мен Чин-Тан бастаған қытай императорының жазалаушы қолы қамал-қаладан бірінші күні шамамен 20-30 шақырымға (кәзіргі Ақыртас маңы болуы мүмкін), екінші күні 3 ли қашықтыққа, яғный 1,5 шақырымға жерге (кәзіргі Қант зауыты аймағы болуы мүмкін), Талас өзенінің жағасына келіп тоқтайды. Ары қарай, оқиғаны өз көзімен көрген жылнамашы былай жалғастырады – «Тәңірқұт қаласының әлем-жәлем тулары желбір-желбір етеді. Бірнеше жүз сауытты әске қорған мұнарасы үстінде күзетте тұр. Тағы бірнеше жүз сарбаз қорған түбінде шапқылап, жүр. Қорған дарбазасының екі жағында бірнеше жүз жаяу әскер қаз-қатар тізіліп машық жасап жатыр». Бұл – Орталық Азияның 3-4 мыңжылдық тарихын қамтитын, негізінен, оқиғалардың куәгерлері өз қолдарымен бедерлеген «26 тарих» беттерінен алынған мәліметтер. Жан алып жан беріскен шайқастардың нәтижесінде қала қиратылып, оның негізін қалаған Тезек сәруар ауыр жарақаттан – мұрын тұсынан қадалған садақ оғының зардабынан қаза табады. Қатыгез жау оның басын кесіп алып, аспанасты еліне алыс-жақыннан келетін келімсектерге – «міне, біздің қолымыз ұзын, жау қай қиырда жатса да жазалай аламыз!» – деп қоқан-лоққы жасау үшін өз елдеріне алып кетеді… Азаматтың алтын басы 6 ай бойы аспанасты елінің алаңдарын «аралап» жүріпті дейді жылнамашы… Сонымен, өз тарихында алғаш рет қираған салтанатты қаланың қайта жаңғыруы – жергілікті үйсін, қаңлы тайпаларының үлесіне тиеді. Айтпақшы, оқиғаның егжей-тегжейін тәптіштеп жазған жылнамашы, осы басқыншылықтың нәтижесінде қолға түскен бүлдіргілердің (трофей) ішінде ежелгі қаламыздың жібек матаға бедерленген алғашқы картасы болғандығын, оны басқыншылардың өздерімен бірге алып кеткендігін де жазып қалдырған…
586-жылы Батыс-түрік қағанатының құрамындағы және Ұлы Жібек жолы бойындағы аса ірі сауда орталығы – Тараз қаласына Византия императоры Юстиниан II-нің елшісі Земарх келіп Тараздан таяқ тастам жерде (Жуалы өңірінде) тұрған Мыңбұлаққа ат басын тірейді. Елші, кезінде қалың қолымен Мыңбұлақтағы Ордасынан шығып, Талас аңғарын басып, Қап тауларын етектей жортып Парсының салтанатты қалаларына (сол тұстағы парсы астанасы Ктисифон қаласы да бар) ойран салған, Батыс Түрік жұртының қаһарлы қағаны Тон Ябғу мен оның кеңесшісі, бұл күнде аты айдай әлемге әйгілі Тоныкөк сардарларға императордың сәлемін жеткізеді. Бұған дейінгі дәуірлерде, яғный б.д.д. 36 – жылдан бастап, тек Аспанасты елінің тарихнамаларында ғана аты аталып келген қаламыз дәл осы тұстан бастап, Батыс пен Шығысты қамтитын көптеген дерек көздерінде ірі мәдени – рухани және сауда орталықтарының бірі ретінде, жиі-жиі ауызға алына бастайды. Ежелгі көшпенді қауым, тарихи желіде «Темір империя» атауымен қалған қидандардың бір жұрнағы болуы бек мүмкін шігілдер мен яғмалардың, Сұ-лу қағанының (737 жылы қайтыс болған) қайсар қауымы түргештер дәуірінің көзін көрген, бүгінгі Орталық Азия аумағында өркениет өрімдерінің сан алуан «өрнегін» бедерлеген Қарахан тектілердің тәлімін бастан кешірген осынау киелі мекен ежелгі Тараз қаласының, ол орналасқан Аса – Талас аңғарының бүгінгі зерттелуі мен зерделенуі қай деңгейде дейтін сұрақтың әрқашан көкейде жүруі заңды. Үйткені, Тараз жайында қозғалар әңгімені, тарихи тәпсірлерде ғылыми анықтамаға айналған «Талас-Шу аңғары» атауынан бөліп қарауға болмайды. Бұлар, таразының екі басы тәріздес тең ұғымдар. Ендеше, осы және басқа да сұрақтарға жауап ретінде, бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан кейбір жұмыстар мен іс-шараларға тоқтала кетейік. Ең алдымен Ежелгі Тараз-Тәңірқұт қаласының алтын белдеуінде жатқан Ақыртас нысанына назар аударалық. Бұл, алғашқы іргетасы кәзіргі болжамға сәйкес, сонау 7-8 ғасырларда қаланған, яғный Ислам өркениетінің Орталық Азияға дендеп енуі кезеңімен (751ж.) тұспа-тұс тұрғызыла бастаған, Орталық Азияда теңдесі жоқ, болмысы тылсым сырларға толы, жаратылысы дара құрылым. Кешен ғылыми айналыға 19-ғасырдың екінші жартысынан, дәлірек айтсақ – полковник Черняев бастаған патшалық Ресей жаулаушы отрядының құрамында келген суретші Знаменскийдің 1864 жылы сызып, сол жылы жариялаған Ақыртастың панорамалық суретінен бастап еніп, одан бермен қарайғы жылдар бойы, үздіксіз, көптеген зерттеушілер мен шығыстанушылардың назарында болған жәдігер. Каллаур, Бартольд, Бернштам, Денике, Пугаченкова, Сенигова, Луппорт, Марғұлан, Бәсенов, Байпақовтар бастаған көптеген отандық және шетелдік «ақыртастанушылардың» тізімі алыс-жақын жылдарды қамтып келген зерттеулерден хабар берсе керек. Дегенмен, Ақыртасты кешенді зерттеу мен зерделеу, тарихи жәдігерде жүйелі археологиялық, толымды қайта жаңғырту, тұрақты ғылыми – зерттеу жұмыстарын жүргізудің мүмкіндігі – тек «Мәдени мұра» Бағдарламасы аясында ғана өз шешімін тапты. 2005-2011- жылдар көлемінде жүргізілген жан-жақты, толыққанды жұмыстардың нәтижесінде, Ақыртастың түмен жылдар бойы бойына бүккен құпия сырлары ашыла бастады деуге болады… Археолог ғалымдар мен қалпына келтірушілер Ақыртастың биіктігі 3,5-4 метрді құрайтын тұғыр тасының болмыс-бітімі мен сәулеттік пішімі Гиза аңғарындағы Пирамидалар мен Майя жәдігерлерінің тұғырлы тұлғаларын еске салатындығын байқады… Көлемі 185-205 метрді құрайтын алып құрылыстың ауласы әсем колонналармен шегенделген. Ал, ішкі құрылым – ұзындығы 12-15 метр, көлденеңі 1 метрлік өлшеммен пішілген тылсым тұрпатты бөлмелерден тұратындығы анықталды. Аталған бөлмелердің тас қабырғларының қалыңдығы 2 мерге жуық екендігі белгілі болды… Егер, өлкеміздегі ортағасырлық құрылыс өлшемдері деңгейімен, сол заманға тән технологиялық мүмкіндіктер өресімен салыстырсақ, немесе аса үлкен шеберлікпен жонылып, шегенделген қызыл-қоңыр құмтастар тұрпатына назар аударсақ, бұл жаңалықтар зерттеушілердің алдына жаңа жұмбақтар легін шығарды… Сонымен бірге, ұзақ жылдар бойы ауыздан-ауызға тарап келе жатқан Ақыртас аумағындағы тылсым құбылыстар мен толайым бейнелер әлемі аталатын «аңыз-әфсананы» да жоққа шығара алмаймыз!, Ал енді, сол құбылыстар құдыретін сезіне білетін, сезіну қабілеті ерекше сергек жандардың Ақыртасқа ат ізін суытпай келе беретіндігі, олардың аспан әлемімен энергетикалық «алыс-берістер жасайтындығы» бөлек әңгіменің желісі… Реті келіп жатса, ұлы жәдігердің аталған ерекшелігі жайлы арнайы материалдар жариялап, білгенімізді, көргенімізді, естігенімізді көпшілік қауыммен бөлісу де ойымызда бар… Яғный, Ақыртасты зерттеуде, оның ұлттық тарихтағы ерекшелігін айқындай түсуде, алдағы жылдардың да үлесі мол екендігі даусыз. Сондықтан да, осыдан 3 жыл бұрын Ақыртас маңында осы заманғы сәулет өнерінің туындысы – ғылыми – ақпараттық орталық бой көтерді, ескерткіш аумағына электр қуаты жеткізілді. Аталған орталық үстіміздегі жылдан бастап толыққанды ғылыми – зерттеу жұмыстарын бастауға дайын. Егер, ұзақ жылдардан бермен қарай тек сөз жүзінде қалып келе жатқан, алда-жалда сөзден іске көше қалған жағдайда – жәдігерге жетуді жеңілдететін 10 шақырымдық тас жол салынып, пайдалануға берілер болса, су және тұрақты байланыс жүйелері іске қосылар болса, бүгінде күн тәртібінен түспей тұрған туристік кластерді дамыту аясында көпшілік қауымға тарихи – танымдық қызмет түрлерін көрсету ісі де ерекше қарқынмен дамиды деген сенімдеміз. Ол сеніміздің дәйегі – осы күзге белгіленген Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында республика үкіметі бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес Тараз жерінде жаңғыртылуға тиісті мұралар тізбегінен, Ақыртас кешенінің де ойып тұрып орын алуы! Жалпы Орталық Азия аумағында өзіне тең келер сәулет өнері туындысы жоқ осынау жәдігердің барлық жағдайын жасап, тұстас ұрпақтың игілігіне айналдырып, келер ұрпаққа аманат ету парызы – бәрімізге ортақ парыз деп есептейміз!
Талас өзені арнасының төменгі ағысы аумағында жатқан ортағасырлық Түймекент қалашығының зерттелуі – кешегі бабаларымыздың әлемдік өркениет өрісін ен жайлаған қалалы – кентті кемел ел болғандығын тағы да бір дәлелдеді! Батыстың байламы бұлыңғыр, дәлелі дәрменсіз «евроцентристік» ілімінің ұшқалақ та ұшқары ұстанымының, яғный, «далалықтар қала өркениетінен хабары жоқ мешеу жұрт болған» дейтін тұжырымсымақтарының «ызыңына», тағы да бір, толыққанды тойтарыс берді деп тұжырым жасауға болады. Бар жақсыны Батысқа теліп машықтанған сыңаржақ «ілім» мен жалпы түркі әлемі туралы сөз болған жерде бір бармағын бүгулі ұстайтын жат жұрттық жазбалар жылдар бойы – «көшпенділер шөптің шұрайлысын, судың тұнығын қуалап, мал соңында маңып жүріп, өркениет өрімдерінен хабарсыз қалған» деп уағыздап келсе, осы Түймекенттің, жоғарыда сөз болған Ақыртас сарай кешенінің түйткілі шешілген түйіндері керісінше, дархан пейілді далалықтардың осыдан 11-12 ғасыр бұрын қыш құбырды қуалай аққан мөлдір де таза су ішіп, қорған-қамалды қалалар салған, еңсесі биік сарайлар тұрғызып, төрткүл дүниеге «төбесінен» қараған, санасы сара саңлақтар болғандығын тағы да бір дәлелдеді. Қала қақпасынан әудем жердегі бұлақ көзінен қаланың ішкі аумағына қарай тартылған екі қатарлы ауыз су құбыры алғашқы қалпынан ауытқымай, бұзылмай сақталған. Дала инженерлерінің шеберлігімен Түймекентке, Ақыртасқа қарай тартылған қыш құбырлар бір-біріне аса үлкен ыждағаттылықпен кіріктіріліп, сырт көзге шалына қоймас шамада көміліп, ғарасатты ғасырлардың сан тізбегін бастан кешірсе де қолды болып кетпей, біздің заманымызға аман-есен жетіп отыр. Бір ғажабы – Түймекент құбыр жүйесінің қаланың ішкі аумағынан қазылған жерасты суына, яғный шегенді құдыққа барып кірігуі… Яғный, алда-жалда ел басына күн туып, елді мекен жау қоршауында қалған жағдайда да, тіршілік нәрі – ауыз су сарқылмайды деген сөз. Бұл – кәзір қолға алынып жатқан туризмнің индустриялық кластерін дамыту бағдарламасының аясына кіруге дайын тұрған, инфрақұрылымын ретке келтірген соң, кез келген саяхатшы-туристке, алыс-жақын шетелдерден келіп жататын кез-келген дәрежедегі қонақтарға ұялмай көрсетуге тұратын, біздің бірегей тарихымыздың бір арнасы аршылды, бір бетінің шаңы сүртілді деген сөз.
2014 жылы, алғашқы зерттеу жұмыстары ертеректе басталған, ортағасырлық дәуірдің айтулы жәдігерлерінің бірі, өз кезінде бірнеше мемлекеттік құрылымдардың астанасы да болған шахар, түркі даналығының «Құтты білік» атауымен алғаш рет қаламдалған асыл мұрасының алтын парақтары жазылған, ұлы қалам иесі Жүсіп Хас Хажыб ғұлама табанының ізі қалған Баласағұн қаласындағы қайтадан қалпына келтіру жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілді. Зерттеу жұмыстары ертеректе басталған дейтініміз – Баласағұн қаласын түбірлі зерттеудің алғашкы бастамасын Аль-Фараби атындағы Ұлттық Университет тарих факультетінің шәкірттері белгілі ұстаз, ұлттық археология абыздарының бірі, профессор Уахид Шалекеновтың жетекшілігімен осыдан 40 жыл бұрын бастап кеткен. 40 жыл бойы Баласағұн «мектебінен» тарихшы студенттердің талай-талай легі өтті, қазақ археологиясында «Шалекенов мектебі» қалыптасты! Бұл жұмыстар, университет басшылығының қолдауымен бүгінде білікті тәлімгер, білімді ұстаз, ғылым докторы, профессор Мадияр Елеуовтың жетекшілігінде әрмен қарай жалғасуда. Нәтижесінде, Мұхаммед Хайдар Дулати шежіресіне сәйкес, 1465 жылы Керей мен Жәнібек оғландар Қазақ Хандығының Туын көтерген Қозыбасы биігінен қозыкөш жерде ғана жатқан алып шахардың алуан мақсаттағы қала құрылысы ғимараттарының орындары мен алаңдарының көлемі, олардың ортағасырларға тән сәулеттік кесім-пішімдерінің нобайлары, астаналық қала тұрғындарының күнделікті тұрмыстық-шаруашылық жүргізуге арналған нысандарыың іздері айқындала бастады. Егер, осынау бірнеше жылға арналған игілікті іс-жоспар осы қарқынымен жалғаса беретін болса, ежелгі Тараздың қанаттас қалаларының ішіндегі айтулыларының бірі, ортағасырлық кезеңнің кемел мемлекеті болған Қарахандар империясының батыс астанасы болған Баласағұн, тарихымызың толыққанды «оқулықтарының» бірі де, бірегейі де есебінде, ұрпақ тәрбиесіне, ұлт рухына өз үлесін қосатын күн де қашық емес.
Кәзір, көпшілікті толғандырып жүрген, ойландырып жүрген мәселелердің бірі – ежелгі Тараз қаласының орны есептелетін, қаланың бұрынғы орталық базары аумағында жүргізілуге тиісті археологиялық қазба жұмыстары төңірегінде өрбуде. Бұл мәселе, мұрағат материалдарының дәлелі бойынша, өткен ғасырдың 20-30 жылдары бір рет қане кешенді түрде қолға алынып, бір-ақ алуан себептерге байланысты кейінге шегеріліп отырған… Таразды зерттеуге өз ғұмырының көптеген жылдарын бағыштаған зерделі зерттеуші, марқұм Т.Н.Сенигованың орыс тілінде бұдан көп жыл бұрын жарық көрген «Древный Тараз» атты монографиясын парақтасақ, жалпы Тараз тарихы ізденушілердің басты нысандарының қатарынан ешқашанда түспеген! Басқасын айтпағанда, тек осы Тараз топырағында ғана әр жылдары, әр-түрлі деңгейдегі 24 археологиялық топтар қазбалай зерттеу жұмыстарын жүргізген. Егер, археологиялық маусымның бірнеше айға ғана – ауа райының жылы мезгіліне ғана созылатынын ескерсек, бұл Тараз археологиясының 24 жылдық мерзімі дейтін ұғымға ұласып жатқан ақпарат…
Сонымен, жәдігер қаланың тарихи тұлғасын сомдау мәселесі, еліміз тәуелсіздігінің елең-алаңынан бермен қарайғы жылдар ішінде де ауық-ауық қозғалып барып, тек соңғы жылдары ғана өз шешімін тапты. Көпшілік қауым қолдаған бұл шешімнің жауапкершілігі өте жоғары, ал, шешімі өте күрделі екендігі даусыз! Тарихи тамыры 2100 жылдық тереңдікті бойлаған, уақыт пен табиғаттың сан – алуан құбылыстарын басынан өткеріп, өз дәуіріндегі саяси күштердің сан құбылған аласапыран ағындарын өзегінен өткізген, ұлттық тарих үшін таусылмас қазынаға айналуға тиісті мекенде жүргізілетін ғылыми зерттеу, қайтажаңғырту жұмыстарына деген көпшілік қауымның ықыласы да, үміті де өте жоғары! Ол заңды да. Үйткені, қайталап айтсақ, Тараз тарихы – түбірі тереңде жатқан тарлан тарихымыздың бір тармағы, Таразды зерттеу – біз білетін қорған қазудан әлдеқайда қомақты, әлдеқайда күрделі, әдеттегі төбе – төмпешіктерді індете қуалап, із кесе зерттеуден оқ бойы озық тұрған оқшау отау… Ашығын айтсақ – ұлттық мүдде ұстындарының ұлағатты бір парасы! Аумағы ат шаптырым аймақты (11-12 мың ш.м.) алып жатқан жәдігер қаланың кәзірге дейін қазылып – зерттелген мәдени қабаттары, Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтой – мерекесі күндеріне дейін республикамыздағы ең үлкен ашық аспан астындағы мұражайға айналдырылмақшы. Айтпақшы, Тараз археологиясының ажарын кіргізген толайым табыстардың бірі – осы үстіміздегі жылдың 6 тамызында табылған «алтын көмбе» болды. Ортағасырлық көмбеден кешегі зергерлердің зерде жарқылындай жәдігерлер – аса шеберлікпен өңделген алтын, күміс және қоладан құйылған білезіктер мен сырғалар, әшекей бұйымдары шықты! 21 ғасырлық тарихы бар Тараз топырағында көміліп жатқан жәдігерлер жүйесі кәзіргі қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан «Қазархеология» (жетекшісі белгілі археолог Ж.Ысмайлов) мамандарының аталған олжасымен түйықталып қалмасына сеніміміз мол. Күйдірілген қыш құмыраға мұқият орналастырылып көмілген көмбенің сақталуы да өте жақсы деңгейде. Ал, оларға салынған өрнек-нақыштардың шеберлік деңгейі тіптен жоғарғы! Амандық болса, аталған олжалар төменде сөз болатын «Ежелгі Тараз» мұражайының төрінен орын алып, таласы мол тарихнамада «көшпенділер» атанған арғы тегіміздің биік мәдениеті мен білім-парасатынан, қолөнер шеберлігінен хабар беріп, олардың әсемдік әлеміндегі әлеуетін айқындап тұрмақ. Осынау игі іске тіптен көпшілік қауым болып атсалысып, қолда бар көне жәдігерлермен, есте сақталып қалған Тараз тарихына байланысты тың мәліметтермен бөлісіп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Егер атадан балаға мирас болып келе жатқан жәдігерлер ұлттық тарихнаманың бір бөлшегіне айналып, алыс-жақыннан келген қауымның игілігіне жарап жатса, ұлттық ерекшелігіміздің еншісіне айналар еді, келер ұрпаққа аманат есебінде табысталар еді.
Ал, мұражай маңындағы мәдени қабаты жоқ алаңқайларда, түпкі мақсаты мен қызмет ауқымы тарихи тағлым тінімен ұрпақ санасын сабақтастыру ниеті жататын, осы заман дәстүріндегі инфрақұрылымдық нысандар бой көтереді. Сүйтіп, ежелгі Тараз «табанының ізі қалған» киелі топырақ мемлекетіміздегі көрікті де көркем, сәулетті де салтанатты тарихи туризм орталығына айналдырылады. Дәл осы жерде замана талабына сай әрленіп, жасақтандырылған, негізгі экспонаттарын – әр кезеңдер мен әр дәуірлерге тән Тараз қазбаларынан табылған жәдігерлер құрайтын «Ежелгі Тараз» музейі бой көтеріп келеді. Біз, мемлекетімізде тұңғыш рет қолға алынып отырған қосынау игілікті істің іске асуына бірден-бір тілектес, мүдделес мекеме ретінде, зерттеу жұмыстарының тиянақты жүргізілуін, археология ғылымының кәзіргі жетістіктері мен саланың бұған дейін жинақталған үздік тәжірибелерінің бір арнаға тоғысуы жағдайында қазбалар салу, қалпына келтіру – мұражайландыру жұмыстарының қанаттаса қатар, байыппен дамуын жіті бақылап, өз өзегімізден өткізетін боламыз. Аталған жұмыстарға іс-тәжірибесі мол, ғылыми – өндірістік базасы жақсы жарақтанған мекемелер, мамандары мен техникалық құралдары жеткілікті, жауапкершілігі жоғары топтар тартылып отыруын қолдаймыз.
Ежелгі қала аумағында ҚР.Мәдениет және спорт министрлігі мен Жамбыл обыстық әкімдігі басшыларының тікелей қадағалауымен тұрғызылып жатқан құрылыс нысандарының, («Ежелгі Тараз» мұражайы, «Достық үйі», «Шолу мұнарасы», нысанды жалпы абаттандыру, «Мыңбұлақ» орамын жасақтау, жәдігер қаланың мәдени қабаты сақталған аумағын қоршау т.б.) сондай-ақ, археологиялық қазба жұмыстары мен оны абаттандырудың жай-күйіне мемлекет тарапынан да, қоғамдық ұйымдар мен жалпы көпшілік қауым тарапынан да ерекше назар аударылып отырғандығы тегіннен-тегін болмаса керек!… Жасырыратыны жоқ, бұрындары қылаң беріп жүрген мәнсіз, мағнасыз, нәтижесіз «жер қазуды» қайталауға тиісті емеспіз. Реті келіп тұрғанда айта кетелік, уақыт талабына сәйкес археология саласы да кәзіргі бәсекелестік ортаға ығысты. Археологиялық зерттеулер мен жәдігерлерді сұрыптау мемлекеттік сатып алу санатына ілікті. Нәтижесінде, қазба жұмыстарының нәтижесі тарихи жадымыздың қай түкпіріне қозғау салды, қандай жәдігерлерлер табылды, олардың тарихи қазынамыздағы құндылығы мен мерзімделуі қай деңгейде, қазылып-ақтарылған мұралы жерлер келесі маусымға дейін, тіптен, …келесі ұрпаққа дейін қалай сақталады, қазылған жерлердегі аяқталмай қалған зерттеулердің болашақ тағдыры не болады тәрізді мәселелер екінші кезекке ауысқандай әсер қалдырады… Жасыратыны жоқ, көзі қарақты қауымға аян алуан себептерге байланысты, түмен жылдар …тонау мен талан-таражға түскен тарихи «оқулықтарымыздың» ендігі тағдыры бәрімізді алаңдатыны да сондықтан! Арғысына бармай-ақ, дәл бүгін мұхиттың арғы – бергі жағалауларындағы іргелі музейлердің әрін келтіріп, қолжазба қорларының сөресін толтырып жәудірей көз тартатын Шығыс Жүрт мұраларының ерекше мол екендігін, ал, біздің мұражайлар мен мұрағат қорларымызда сол батыс жұрт жауһарларының тым кемшін екендігін, тіптен бар дегенінің өзі саусақпен санарлықтай-ақ дәрежеде екендігін еске алсақ та, көп нәрсені аңғарар едік… Көрген көзде куәгердің серті бар, естіген құлақта елең көңілдің дерті бар – сонау 2002 жылы осы Тараз жеріне Лондондағы «Шығыс өнері» корольдық мұражайының директоры сэр Брайан, атақты «Атлах шайқасының» «ізін кесе» келіп, бізбен болған әңгіме барысында өзі басқарып отырған музей экспонаттарының арасында Тараз-Талас жәдігерлерініңде бар екендігін айтып қалды… Кейін одан бірнеше хаттар да алдық…
Сондықтан, біздің ойымызша – көп жылғы тәжірибесі бар, үлкен ғылыми базасы бар ордалы орталық – Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының жұмыс тәсілін мемлекеттік деңгейде қайта қарап, қайтадан ғылыми-экономикалық пайыммен сабақтастыра жаңғыртып, оған тарихи мұралар мониторингін жасау мен оларды зерттеу жүйесін жоспарлауды, атқарылған жұмыстар есебінің барлығына анализ жасап, табылған артефактылардың ғылыми мәнділігіне жариялы түрде тұжырымдамалар беру пункцияларын толықтай қайтару керек. Ең бастысы, қайталап айтсақ, кезінде түрлі себептерге байланысты әлемнің әр түкпірін «аралап» кеткен құндылықтарымыздың қолды болудан аман қалған нұсқаларының бір арнаға тоғысқан толық каталог – тізімін жасап, келер ұрпаққа аманаттау парызында осы иниститут өз мойнына алуы керек! Үйтпеген жағдайда – құмыраның сынығынан, білезіктің үзігінен «сенсация» жасап, «айшабибінің портретін тауып» (иә, иә, болған жағдай!) жүре берсек, кез келген археологиялық жұмыстар талап ететін қыруар қаржы мен кешегі төл тарихымыздың «көзі тірі куәгерлері» бірте-бірте ізім-қайым күйге ұшырауы бек мүмкін… Техникалық мүмкіндіктер молайып, ІТ технологиясымен ауызданған, насихат алаңы кеңіген кеңістікте өмір сүрудеміз, ал бір-ақ, түғырлы Тұран топырағынан нәр алып отырған қазақ археологиясы мен Ұлы Дала өркениеті жайлы айдай әлемге айтқанымыз бен айтарымыздың ауқымы қай деңгейде?.. Бұл күнде әр елде жарық көріп жататын тарихи монографиялар желісінің бір арқауына айналған, ғылыми зерттеулер мен пікір-болжамдар додасының «жан қысылғанда жармасар арашашысы» болуға татитын «Дәндібай-Бегазы» мәдениетінің өресін, кешегі Әлкей Марғұлан кеңістігінің ұлттық сипаты мен ұлыстық ауқымын қай деңгейге дейін кеңіте алдық?!…
Рас, тарихи танымның материалдық қорына қосылған Жетісулық «Алтын адам», Алтын Алтай арналарынан табылған Берел арғымықтары жөніндегі әңгіме басқа, әрине. Ойымызды түйіндей келе тағы бір қайталасақ, жалпы қазақ археологиясына түбірлі де түбегейлі, тек қана саяси-экономикалық ұстанымдарға ғана емес, сонымен бірге, ғылыми парасатқа, тарихи тәлімдерге негізделген өзекті өзгерістер қажет ақ!
Сонымен бірге, 1465 жылы Қозыбасы биігінде шаңырақ көтерген алғашқы Қазақ Хандығы дәуірінің дархан өлкесі – Мойынқұм өңіріндегі «Қырбас» кесенесі де сәулет өнерінің айтулы жәдігерлерінің бірі қатарында, Шығыстың рухани дәстүрі сабақтастығының бір белгісі есебінде қайта жаңғыртылуда. Негізгі күрделі жұмыстары еңсерілген жоба, сәті түссе, киелі Әулиеата – Тараз жеріндегі айтулы бір жәдігердің қайта жаңғыруына, оның ұлттық тарихнамадағы толымды параққа айналуына, тағы да, өңірлік туризмді дамыту ісіне себін тигізер жоба боларына сенімдіміз.
Таластағы «Тамды», Тараз маңындағы «Бектөбе» жәдігерлерінде жүргізілген археологиялық зерттеулердің де нәтижелері жаман болған жоқ… Атап айтуға тұрарлық тағы бір игілікті іс – көптен бері өзінің оң шешімін таба алмай келе жатқан қиын түйіндердің бірі, аса құнды жәдігерлер «Қарахан», «Айша бибі» кешендерінің заманауй инфрақұрылымдық нысандарын қайтадан салу, барын – қайтадан жаңғырту мәселелері де өз шешімдерін тапты. Жаңа заман меценаттарының қолдауымен «Қарахан» кешені аумағында, келушілер мен кесенеге қызмет түрлерін көрсететін мамандарға арналған ғимарат тұрғызылып, «Айша бибі» кешенінің инфрақұрылымы толықтай қайтадан салынды, шаруашылық жұмыстары жүргізіліп, гүлзарлар орнатылды, суландыру жүйелері реттеліп, жаяу жолдар жаңғыртылды, жәдігерді күтіп-сақтауға қажетті құрылымдар бой көтерді. Бір айта кетерлігі – дәл осы «Қарахан кесенесі» кешені маңын абаттандыру жұмыстары биылғы той жылы қарсаңында қайтадан қолға алынып, қаламыздың да, онда орын тепкен Әулиеата киелі телімінің де сәніне сән қосатын сквер-орамның бой көтергендігінен көпшілік қауымның хабардар екендігі. Абаттандыру жұмыстарын, ұлысымыздың ұлық тойына азаматтық, ағайындық үлес қосуды діттеген Қызылорда және Қостанай облыстары әкімдіктері тікелей атсалысуда.
Бұл іс-қимылдарды – Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтой-мерекесі қарсаңына орай, сала бойынша атқарылған іс – шаралардың кәзіргі барысынан хабар берер мәліметтер ғана деп ұғуымыз керек. Алдымызда Қозыбасы биігіндегі салтанатқа бағышталған және өте биік деңгейде атқарылуға тиісті ауқымды жоспарлар мен кешенді бағдарламалар тұрғандығын жоғарыда тілге тиек еттік!
Тарихи мұралар – елдігіміздің де, өрлігіміздің де түмен жылдардан талмай жеткен алымды ақыл-ойының белгісі, бабаларымыздың сара санасының самалындай желпіген аманат арналары, келер күндеріміздің киелері делінетін жас ұрпақтың санасына – Отан, туған жер, өскен өлке, ата мен ана алдындағы парыз әліппесін үйретер оқулығы. Ежелгі Түркілердің Орда Туы сан рет салтанат құрған Талас-Шу топырағында, бүкіл республика жұртшылығының атсалысуымен осы күзде аталып өтілгелі тұрған Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойы – арғы тарихы әлемдік өркениеттің «әлхиссасымен» әдіптеліп жатқан жойқын жұрт – исі Түркі жұртының ортақ мерекесі екендігі даусыз! Осы жақында ғана отандық зерттеушілер қазақ қауымының төл тарихына қатысты деректерді ортағасырлар деңгейіндегі парсы жазбаларынан тапқандығы жөнінде хабар таратты. Екінші бір мәліметке сүйенсек, қазақ хандығының бұған дейін белгісіз болып келген саяси картасы табылса керек. Оңтүстік жерінен жауынгер арудың «көмбесі» табылғаны тағы бар! Қазақ Хандығының 550 жылдық торқалы тойы қарсаңында дәл осылар тәрізді игі хабарлардың жан-жақтан ағылып жатқандығына бәріміз куәміз. Бұл, ізденістер мен тарихи дерекнама жүлгесінен із кесудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгере бастаған, олардың бағыт-бағдарын жазбай танитын, көне тіл, көне жазулар жүйесінен хабары бар жаңа толқынның өсіп келе жатқанынан да хабар беріп тұрған игі жаңалық деп ұғамыз
Тәкен Молдақынов
[:]