[:kz]
Ресейдің ресми билігі және оппозициясын біріктіретін бір дүние бар. Бұлар екеуі де келмеске кеткен «совет үкіметін» қайта тірілтуді көксейді. Тіпті Путин билігі құлап, оның орнына басқа топ келген күннің өзінде Кремльдің бұрынғы Кеңес үкіметінің құрамында болған елдерге қатысты көзқарасы өзгермек емес.
Ресейлік баспасөзге шолу жасасаңыз — бұл бірден байқалады. Тіпті ел ішінде еркін ақпарат құралы деген аты бар басылымдардың өзі кеңестік дәуірге қатысты мәселе көтерілсе, біржақты бағыт ұстанады.
Ресейлік баспасөз бетінде «Горбачев болмағанда Кеңес үкіметін сақтап қалуға болар еді» деген сыңайдағы мақалалар бірінен соң бірі жарық көреді. Соның біріне назар аудардық. «Еркін баспасөз» (Свободная пресса) газеті Ресейдегі саяси орта санасын жетік білетін, тарихшы Валерий Скурлатовпен әңгімелескен екен. Сұхбаттың сыңайы «Горбачев сатқын» дегенге саяды.
– Ол (Горбачев) коммунистік жобаны күйретіп тынды, жүйенің соңынан ерген халықтың сеніміне селкеу түсірді. Ол барып тұрған сатқын. Қазіргі халықаралық қатынастардың ушығып отырғаны горбачевтік саясаттың салдары. Алдағы 10, 20, 50 жылда Ресейді не күтіп тұрғаны белгісіз. Сырттан да, іштен де қауіп көп. Себебі, Горбачевтің жолын жалғастырып жүргендер әлі де бар. Дәл осындайлардың кесірінен Ресей 1990 жылғы желтоқсанда құлап тынған КСРО-ның тағдырын кешуі мүмкін деп қорқамын.
– Бірақ қазіргі күні Ресей өзінің ұлттық мүддесін қайтадан қолға алды ғой?
– Себебі қазір Горбачев немесе Ельцин билік құрған кезең емес. Тарихи үрдістің өзі ресейліктерді өзінің геосаяси мүддесін қорғауға, бұрынғы кеңестік елдерді өз орбитасында ұстауға итермелеп отыр. Мысалға, 2008 жылы біз Оңтүстік Осетияны қорғап қала алдық. Біздің әскер Тбилисиге 50 шақырым жетпей тоқтады. Негізінде Грузияға басып кіріп, бұл жерде өз билігімізді орнатар және ресейшіл жетекшілерді отырғызып кетер жағдайымыз бар тұғын. Бұлай болғанда грузиндер өз мәселесін этникалық емес, мүлде басқа деңгейде шешуге мәжбүр болар еді. Донбасс әскерін Мариупольға 7-8 шақырым жеткізбей тоқтатып қойдық. Түсініксіз. Қаланы басып алатын болсақ, таразы басы біз жаққа ауар еді ғой!
P.S. Ресейлік басылымдардың Скурлатовты алға шығаруы тегін емес.Оның «Кеңес үкіметі «өлмеуі» тиіс еді. Сондықтан ресейліктер үшін Горбачевтан өткен жексұрын адам жоқ» деген пікірінің өзі арандату. Өз сұхбатында Украина билігін неофашистерге теңеп, ал грузиндерді «басып аламыз» деп қорқытып–үркітпек болған Скурлатов ертең Қазақстанға тіл тигізбесіне кім кепіл?
Думан БЫҚАЙ, dalanews.kz
[:]