[:kz]
Биыл Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына 70 жыл толып отыр. Мерейтой десе, өткенге үңілетініміз, ең әуелі, тарихтың асығын түгендеуге тырысатынымыз аян. Ондай шақта өткен мен бүгіннің арасында көпір болып жүрген көнекөздерді, ұжымға еңбегі сіңген арда азаматтарды, кәріге де жасқа да сыйлы жайсаңдарды жағалаймыз. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлжамал Қазақбаевамен әңгімелесуге асыққанымыздың сыры сонда.
– 70 жыл дегенді бір адамның ғұмыры деп жатады. Өнер ұжымы үшін бұл қандай мерзім?
– 70 жыл деген өнер ұжымы үшін бұл аса көп уақыт емес. Бұл – театрымыздың өнердегі өзіндік орны қалыптасып, толысқан, кемелденген шағы деп ойлаймын. Осы театрда өнер көрсетіп жүргеніме 40 жылдан асты. Өзінің дара жолы, үзілмей келе жатқан дәстүрі бар шаңырақ. Біз келгелі театрда 4 буын ауысты. Бәрімен жұмыс істедік, сахнада серік болдық. Әсіресе, алдыңғы толқын аға-апаларымызбен жұмыс істеу бір бақыт еді. Фарида Шәріпова, Әмина Өмірзақова апаларымызбен талай гастрольге шығып, еліміздің түкпір-түкпірінде өнер көрсеттік. Сонда байқайтыным, көрермен театр актерлерін аса тани бермейтін. Есесіне, кинодағы образдары арқылы жақсы танылғандар көп еді. «Тайлақтың шешесі келіпті» деп ақсаңдаған шал-кемпірлердің өзі таяқтарын сүйретіп, Әмина апайды көру үшін қойылымға келетін. Қазір де сол, сахнадағы он шақты сүйекті рөлі бар актердан гөрі кинода бір рет жылт еткеннің есімі елеулі. Театр актерлерінің трагедиясы – жасаған образының репертуардан түсіп қалған қойылыммен бірге ұмыт болып кететіні. Сахнада айлар бойы терлегенің, жылағаның мен қуанғаныңның бәрі текке кеткендей болады. Жасаған образдарыңды көргендер есінде сақтайды, өнерге сіңген еңбегіңді құрметтейді. Ал кейінгі келген жастар «Мына кемпір бізбен жағаласып неғып жүр?» деуі мүмкін. Кім екеніңді көз көргендер ғана біледі.
– Қазір өз саласында еңбегі жанғандардан жетістікке жетудің формуласын, дайын нұсқаулығын сұрайтындар көп. Біз де солардың ізімен бір сауал қойғымыз кеп отыр. Мінсіз рөл жасаудың жылдар бойы қалыптасқан қағидасы бар ма?
– Рөлің мінсіз шығу үшін ақ тер, көк тер дайындық жасауың керек. Күнде жаныңды салып, жүрегіңді қозғамасаң, мақсатыңа жетпейсің. Шашың ағарса да, жүйкең жұқарса да шыдауың керек. Шаш ағару демекші, кезінде репертуарымызда «Заманақыр» деген спектакль болды. Семей полигоны жайында. О.Сүлейменов пен Б.Мұқай бірігіп жазған, Р.Сейтметов ағамыз сахналаған. Менің кейіпкерім – Салиха деген әйел. Бір ұл, бір қызы бар, Сарыжал деген жерде тұрады. «Көшіңдер», – дегенде, «Соғыстан күйеуімді күтіп отырмын, келіп қалса, таппай қалады», – деп отырып алады. Жарылыс болған кезде қопарылыс болған жаққа қараған баласының көзі көрмей қалады. Бұл қырға шығып, күнде күйеуін күтеді. Өмір өтіп жатады. Қойшы, әйтеуір, қызы алты бала туады, алтауын да жерге береді. Жетінші баласы томар болып туады. Күйеу бала асылып өледі. Сонда сонша тауқыметтен кейін кемпірдің шашы аппақ қудай болып, тас мүсінге айналады. Сол спектакльге отыз күн дайындалған кезде менің де шашым ағарып кетті. Кімге айтасың оны? Өзің таңдаған кәсіп болса, сахнасыз ішкенің ас болмаса, несіне шағымданасың?
Кей спектакль сәтсіз шыққаны үшін репертуардан көп ұзамай-ақ түсіп қалып жатады. Спектакльдің сәтті шығуы режиссердің көрегендігіне байланысты. Егер режиссер кейіпкерлерге сай келетін актерлердің бәрін дұрыс таңдай білсе, қойылымда олқылық болмайды. Театрда тәртіп, әділдік орнауы үшін сахнадан әркімге өзінің қарым-қабілетіне лайық орын берілуі керек. Басты рөлдегі актерлер дұрыс таңдалмаса, пьеса жүз жерден мықты болса да, дайындық мың жерден күшті болса да, спектакль өз мақсатына жетпейді. Актердің ар жағы бос болса, жүрегі жұтаң болса, жан байлығын күштеп дарыта алмайсың.
– Ғ.Мүсірепов театрының репертуарына қатысты сын көп соңғы уақытта. Спектакльдердің көбі үлкендерге арналған, жастардың таным-түйсігіне лайықталған дүниелер аз деген пікір бар. Келісесіз бе?
– Бізде барлық жастың көрермендеріне арналған қойылым бар. Оның ішінде, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің сұранысына басымдық берілген. Мәселен, жуырда ғана мектеп оқушыларына лайықталып «Телғара» қойылды. «Абай жолының» «Қайтқанда» деп аталатын алғашқы бөлімін негізге ала отырып, Абайдың ақын болып қалыптасу жолынан сыр шертетін кең тынысты қойылым. Режиссер Жанат Хаджиевтің қолтаңбасы анық көрінеді. Мектеп бағдарламасы арқылы Абай шығармаларына қаныққан оқушылар спектакльге келсе, көп мағлұмат алып, білім-білігін толықтыра түсер еді. Театр репертуарындағы төменгі сынып оқушыларына арналған «Наурыз думан» атты ертегінің де балаларға берері мол. Жуырда ғана сахналанған «Ай мен күн», «Көжектер» де жасөспірімдер үшін тағылымды дүниелер. Сондай-ақ, барлық жастағы көрерменге арналған «Ромео мен Джульетта», «Қызыл орамалды шынарым», «Арманым, Әселім» секілді спектакльдерге театр репертуарынан ерекше орын беріліп отыр. Қысқасы, театрға келем деген, рухани азық алам деген жанға көретін дүние баршылық. Ұжымымыз жастың да, кәрінің де сұранысына сай жұмыс істеуде. Театрдың негізгі міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты тәрбиелеу, көзін ашып, көкірегін ояту болса, біз бұл міндетті абыроймен атқарып келеміз деп ойлаймын.
– Сахнада кейіпкердің өмірін сүресіз. Солардың тағдыры өз өміріңізде ізін қалдыра ма?
– Сахнада байды да, кедейді де, ханшайымды да, күңді де ойнаймыз. Оның бәрі сенің өміріңді өзгертіп жібермесе де, жаныңды байытады. Сені адам ретінде өсіреді, тұлға ретінде қалыптастырады. Әр ойнаған рөліңнен титтей болса да бір азық, өміріңе бағдар болар сабақ аласың. Рөлің шыңдала түскен сайын өзің де кемелденесің.
– Театрдың 70 жылдығы – ұжымның күні бүгінге дейін жүріп өткен жолы сараланып, жетістігі түгенделетін, еңбегі лайықты бағасын алатын шақ. Осы мерейтой қарсаңында кімдердің есімі еленуі тиіс? Төккен тері мен еткен еңбегі ескерілмей жүрген кісілер бар ма?
– Сахна үшін туған талай саңлақ есімі еленбей өмірден өтті. Өнерді өрістету жолында қалтқысыз қызмет етсе де, ешкімнен атақ-даңқ сұраған жоқ. Ал қазір заман басқа, заң басқа. Еңбек етті ме – лайықты бағалануын талап етеді. Қызметі атаусыз қалды, өнері жұрттың назарына ілінбей қалды деп ешкімді атай алмайсың. Біздің өкшемізді басқан жастардың көбі Еңбек сіңірген қайраткер атағын алуда. Мұның мәртебесі бұрынғы Халық әртісі деген атақпен тең. Біздің уақытымызда өнер адамдары әуелі Еңбек сіңірген әртіс, одан кейін Халық әртісін алуға ұмтылатын. Қазір мұның екеуін де алып тастады.
Биыл театрдың 70 жылдығы қарсаңында көптеген актерлеріміз орден-медальдарға, атақтарға ұсынылды. Жаңа жылға дейін сүйінші хабар естіп қалармыз деген үміт бар. Театрдың дамуына сүбелі үлес қосқан қызметкерлердің мәртебесі өссе, ұжымның да мерейі тасымақ.
– Жас күніңізде театрдағы сүйекті рөлдердің бәрін дерлік сомдадыңыз. Баян мен Ақтоқты, Құртқа мен Қарагөз, Алуа мен Офелияңыз да елдің жадында. Ал бүгін Қазақбаеваны Қазақбаева етіп тұрған қай рөлі?
– Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашындағы» Ананың рөлі шығар. Бірлік пен ынтымақтастық болмаса, шаңырақтың шырайы кірмейтінін, жүректе жылу, мейірім мен жанашырлық жоғалса, бір ананың құшағында құлпырып өскен, бір тамырдан таралған ағайындардың да арасы ажырайтынын ұғындыратын терең мағыналы қойылым. Көрерменге ананың басындағы тауқыметі мен адамдардың ата-ана алдындағы перзенттік парызы туралы баяндайды. Одан кейін күні кешеге дейін театр репертуарынан түспей келген М.Әуезовтің «Қарагөзіндегі» Мөржан жаныма жақын рөл. Кезінде Сәбира апамды Мөржан деп танығандар менің Мөржанымды қабылдай алар ма екен деген жүрексіну болды бастапқыда. Бірақ көп іздендім, бұл рөлге басқа қырынан келгендей болдым. Сәбира Майқанованың Мөржаны адуынды, қатал болса, мен сұсынан гөрі мейірімін, намысшылдығын көбірек көрсетуге тырыстым. Әр актер – өз рөлінің авторы. Драматург шығарманы жазады, режиссер сахналайды, бірақ кейіпкерді халыққа таныстыратын – актер. Ол қай қырынан көрсетсе, көрермен солай қабылдайды.
– Сұхбаттарыңызда Фарида, Хадиша, Сәбира апаларыңызды аузыңыздан тастамайсыз. «Оларға сөйлемек түгілі, беттеріне тіке қарауға жүрексінетінбіз» депсіз. Қазіргі жастардың сіздердің буынға деген құрметі сол деңгейде ме?
– Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – әркімнің өз ұшқан ұясында көрген тәрбиесімен бойға сіңетін қасиет. Сондай-ақ, өнерге деген сүйіспеншілігіне, мектепте, оқу орнында алған тағылымына байланысты. Өресі биік жастар кіммен қалай сөйлесу керегін, әдептің, ибаның не екенін біледі. «Қазіргі жастардың көкірегі таудай, үлкенді сыйлауды білмейді» деп менің замандастарым жастарға жиі мін артады. Көпке қара күйе жағуға болмайтын шығар. Көкіректерін керіп жүретін, өзінен басқаны көзге ілгісі келмейтін кеудемсоқтар қай кезеңде де болған, бола бермек. Алайда бүгінгі жастардың көп ізденбейтініне, оқымайтынына қарным ашады. Телефонға, интернетке телмірумен күндері өтеді. Спектакльге шығар алдында да телефоннан бастарын жұлып алып, жалма-жан сахнаға жүгіріп бара жатқанын көреміз. Біз олардай шағымызда әр қойылым сайын қатты қобалжып, киелі сахнаға ішімізден дұғамызды бірнеше рет қайталап барып шығатынбыз. Сәбира апам тіпті дәретсіз шықпайды екен сахнаға. Міне, өнерге деген нағыз құрмет, нағыз адалдық сондай болса керек-ті.
– Қандай актриса екеніңізді көрермен біледі. Қандай адам екеніңізді әріптестеріңіздің аузынан естіп жүрміз. Бірақ қандай әже екеніңізді білмейміз…
– Қазіргі ең басты рөлдерімнің бірі – әже. Шамам келгенше балаларыма болысып, немерелерімнің сабағын қадағалау, бірін мектепке, бірін үйірмесіне апару сияқты қызметтерді рақаттанып жүріп істеймін. Соларға тым болмағанда бір жақсы сөз үйретсем, бойларына бір жақсы әдет сіңірсем деп жүрген жайым бар. Бойымызда қуат барда, балалардың бір кәдесіне жарасақ дейміз ғой бәріміз.
– Сіздердің буын ауыл ақсақалдарының аузынан түспейтін қисса-дастандармен, ертегілермен өсті. Бір сұхбатыңызда Құртқа, Баян, Гүлбаршындарды идеал тұтып өскеніңізді айтыпсыз. Сол дәстүрді бүгін өзіңіз жалғап жүрсіз бе? Немерелеріңізге ертегі айтасыз ба?
– Бір кездері «Қазақстан» телеарнасынан берілген «Кешкі ертегі» деген хабарда барлық балғындарға арнап ертегі оқитынмын. Әйгерім дейтін немерем студияға менімен бірге еріп барып, менің оқығанымды аузынан суы ағып тыңдап отыратын. Бойжеткенге дейін ертегілерімді тыңдап өсті. Қазір екінші курстың студенті, ақыл тоқтатқан, оң-солын таныған қыз. Одан кейінгі немерелерім айфон, айпадтар салтанат құрған заманның балалары болса да, қазақы тәрбиеден алыстатқан жоқпын. Ертегімді де тыңдайды, қыз бала бен ұл баланың тәрбиесіне қатысты ескертулеріме де құлақ түреді. Олардың үй тапсырмасын қадағалаған кезде, жадында жақсы сақталсын деп оқулықтағы мәтіндерді дауыс нақышына келтіріп, кейіпкерлердің образына кіріп оқып беремін. Немерелерім мәз болып тыңдайды, жазылған дүниеге қызығады. Әр шаңырақта өсіп келе жатқан балаға осындай назар болуы керек. Бала тәрбиесін мектепке ғана ысырып қоюға болмайды. Ата-ананың тәрбиесін, ата мен әженің тағылымын жүз мектеп те бере алмайды.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА
Туркiстан газетi
[:]