[:kz]
Мәжілісте өткен кешегі парламенттік тыңдау қолданыстағы заңдардың, кодекстердің өзгеруіне ықпал етуі ықтимал.
Жиында сөз сөйлеген палата төрағасы Нұрлан Нығматулин қылмыстық әділет саласындағы ұлттық заңнамаларды жаңғырту мәселелері бойынша келелі кеңес пен ұтымды ой-ұсыныстар айтты. Олар құқық қорғау органдары тарапынан қызу қолдау тапты.
Парламенттік тыңдауға «Қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару заңнамасын одан әрі жаңғырту» тақырыбы арқау болды. Нұрлан Зайроллаұлы заң шығару үдерісінде де, сондай-ақ құқық қолдану тәжірибесіне мониторинг жүргізуде де Парламент депутаттарының құзырлы органдармен және азаматтық қоғаммен өзара тығыз ынтымақтастығын жақтап шықты.
– Құқық қорғау органдары, қоғам өкілдері, сарапшылар Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін қолдану саласындағы бірқатар түйткілді мәселелерді атап көрсетеді. Сондықтан осы бағыттағы заңнаманы жаңғырту, оның құқық қорғау әлеуетін күшейту бойынша алда тұрған жұмыс кезінде уәкілетті органдар келесі мәселелерге назар аударуы қажет деп санаймыз. Біріншіден, бұл кодекстердің барлығы өзара байланысты. Демек, осы бағыттардың бірі бойынша заңнаманы жетілдірумен айналыса отырып, міндетті түрде басқа бағыттарда не жасалып жатқандығын қаперде ұстау, ескеру қажет, – деген Мәжіліс спикері енгізілетін барлық түзетулер кешенді сипатқа ие болуға тиістігін нықтады.
Әйтпесе, бір қайнауы ішінде кеткен, өзара үйлеспеген, жүйесіз қылмыстық кодекстер қазақстандықтар тағдырына нұқсан келтіруі, қоғамдағы «заңның беделін жоюы» мүмкін. Н.Нығматулин мұны болдырмау үшін уәкілетті органдардың қылмыстық әділет заңнамасын жетілдіру бойынша жұмысын үйлестіру тетігін – ведомствоаралық жұмыс тобын құруды ойластыруды ұсынды.
Сондай-ақ ол ҚК, ҚПК, ҚАК құжаттарына жиі-жиі өзгерістер енгізе беруден де бойды аулақ салуға шақырды. «Өмірдің сабағы сол: егер заң нормалары жиі ауыса берсе, оларды ұстану да күрделі болады» деді Мәжіліс басшысы.
Ол жаңа Қылмыстық-процестік кодексті қабылдаудың басты бір мақсаты қылмыстық сот ісін жүргізуді жеңілдету болғандығын еске салды. Алайда оның байламынша, әзірге шынымен қажет жерінде қылмыстық сот өндірісі қысқарды деп айту қиын: «Атап айтқанда, қылмыстардың 25 пайызы – қылмыстық теріс қылықтар мен кішігірім ауырлықтағы қылмыстар болып отырғанына қарамастан, тергеудің жеңілдетілген формалары әлі күнге кең таралмай отыр. Олар үлкен көлемде құқық қолданушының күші мен қаражаттарын шығындауда және қаптаған қиындықтар туындатуда» деді спикер.
Нұрлан Нығматулин жаңа кодекстердегі кейбір жеңілдіктердің «жемістері» де алаңдататынын ашық айтты:
– Жәбірленушімен татуласу иститутын қолдануға да дифференциялы түрде келген жөн. Өйткені қазір бір кереғар жағдай қалыптасуда: егер ұры жалпы құны 1 миллион теңгеден аспайтын көлемде ұрлық жасап, қолға түссе, ол келтірілген шығынды өтеп, зардап шегушімен бітімгершілік келісімге келуі мүмкін. Осыған байланысты жазадан құтылады. Әрине, бұл бір жағынан ізгі және дұрыс. Алайда егер ол сондай ұрлықпен тағы да ұсталса, дәл сондай схема бойынша қайтадан жауапкершіліктен құтылып кетуіне ешқандай кедергі жоқ. Ол үшін ең бастысы, ұрлағанының құны 1 миллион теңгеден аспауы болады. Одан асса, онысы «ауыр қылмысқа» жатқызылады да, татуласуға жол берілмейді.
Палата төрағасы осы тәсілді қылмыстық қауымдастықтар өз орайына пайдаланып жатқанын мәлімдеді: «Ұрлық үшін жазадан дәл осы схемамен құтқару – қылмыстық бизнестің бір бөлігіне айналды. Құқық қорғау органдары өкілдерінің куәландыруынша, тіпті арнайы қылмыстық қор құрылған. Егер ұры қолға түсіп қалса, сол қордан жәбірленушінің шығыны өтеледі, ал ұры бостандықта қалады да, жаңа ұрлықтар жасайды, сөйтіп, қылмыстық қорды қайта толтырады» деген Нұрлан Зайроллаұлы «татуласу мүмкіндігін тек қылмысты бірінші рет жасап тұрғандар үшін ғана қалдыруды» ұсынды: «Сонда бұл тетікті кәсіби қылмыскерлер әділ сот төрелігінен құтылудың амалы ретінде қолдана алмайды».
Бұл ұсынысқа Бас прокурор Жақып Асанов қолдау білдірді.
– Барлық қылмыстардың жартысы – ұрлық. Нұрлан Зайроллаұлы, біз сіздің айтқаныңызбен толық келісеміз. Біздің пікіріміз де сондай: заңнаманы өзгерту керек. Мәселен, Жалетов деген адам 7 рет сотталған, оның сыртында 12 рет ұрлығы үшін ұсталған, бірақ 12 рет татуласқан. Осындай кәсіби баукеспелер жауапкершіліктен жалтарып кетуде, заңға бағынған соттардың оларды жазалауға мүмкіндігі жоқ, – деді Бас прокурор.
Ол тағы бір түйткілді тілге тиек етті. «Екі-үш адам өз бастығын қаралап, оған қарсы куәлік етеді. Оған айырбас ретінде сот оларды түрмеге отырғызбайды. Бірақ олардың сөздерінен басқа айғақ заттар жоқ. Бұл айыптаушы үкім үшін жеткілікті ме? Бұл жерде жазықсыз адамға жала жабылып кетпеді ме?» деп ой тастады Ж.Асанов.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов та «15 ұрлық жасаған, бірақ заң талабы бойынша қудалаудан босатылған қылмыскердің» мысалын алға тартты:
– Әлденеше рет ұрлық жасаушылар бүгінде заңдағы олқылықтарды пайдаланып, еркінсіп кетті. Оның мысалдары өте көп. Шынында, елімізде тіркелетін барлық қылмыстар арасында ұрлықтың үлесі 60 пайыздан асады. Сондықтан әлденеше рет жасалған ұрлықтарды «ауыр қылмыс» санатына жатқызу басы ашық, айқын жайт деп ойлаймыз. – деді Қ.Қасымов.
Жиында ғалымдар мен шетелдік мамандар да өз ойларымен және тәжірибелерімен бөлісті. Парламенттік тыңдау арқылы қылмыстық әділет саласындағы кодекстерді қолдану жағдайына талдау жасалды, осы заңнамалық актілердегі қайшылықтар мен олқылықтарды анықтау және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Заң үстемділігін қамтамасыз ету» институттық реформасын одан әрі дамыту жолдары белгіленді.
Айкын
[:]