[:kz]
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы «Көшіп келу туралы», 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңдарға қол қойды. Бұл заңдар шетелде жүрген қандастарымыздың елге оралуына жаңа серпін берді. Осыған орай Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агентігі, сондай-ақ Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы секілді мекемелер құрылды. Атамекенге оралған бауырларымызға жыл сайын квота белгіленіп, белгілі бір аймақтарға қоныстануы үшін мемлекет пен жергілікті қазынадан қаржы бөлінді. Сөйтіп, дүниежүзінде тарыдай шашылып жүрген қандастарымыздың елге оралуына жағдай жасалды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай біз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевке жолығып, сұхбаттасқан едік.
– «Арқа тыныш болса, арқар ауып несі бар?» демекші, 1931-1933 зұлмат жылдары бір миллионнан астам қазақ туған жерін тастап, өзге елдерге ауып кеткен екен. Тәуелсіздік алғалы 25 жыл уақыт өтті. Осы жылдар ішін-де қанша қандастарымыз елге оралды?
– Әлі есімде, тәуелсіздік алғанымызға екі апта өтер-өтпес уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ радиосы арқылы шетел қазақтарына арнап сөз сөйледі. Бұл сөзі 1992 жылы 2 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Сөйтіп, дүниежүзінде тарыдай шашылып жүрген қандас бауырларымызды атамекенге оралуға шақырды. Мемлекет басшысының бұл сөзі әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтарды дүр сілкіндіріп, ұлы көштің атажұртқа қарай бет бұруына серпін берді. Қазақ елі оларды құшақ жая қарсы алды. Үкімет қолдан келген көмегін аянып қалған жоқ. Үй-жай, жер-мал берді, қаржымен қарасты, жұмысқа орналастырды, қысқасы барымен бөлісті. Бұл ұлы көш туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Әлемнің әр қиырында өмір сүріп жатқан бауырларымызды атажұртқа оралту бағытында көптен ойымда жүрген арманымды орындаған сәтімді менің өз өмірімдегі ең бақытты кезеңім деп есептеймін. Бұл бір жүрекжарды қуаныш, сезімге толы салтанат, азаматтық парыздың салмағын сезінудің шынайы көрінісі болды» дейді «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінде. Міне, ел Тәуелсіздік алғалы 25 жыл уақыт өтіпті. Осы ширек ғасыр ішінде шетелдерден 267944 отбасы, 972719 адам, яғни бір миллионнан астам қазақ көшіп келді. Олар қазір егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.
– Елбасы бастамасымен болған ұлы көш соңғы жылдары саябырсып қалған сияқты. Оның себеп-салдары туралы не айтасыз?
– Ұлы көштің қарқыны сәл бәсеңдеп қалғаны рас. Бірақ оған қарап көш тоқтады деуге болмайды. Ол әлі өз жалғасын табады. 2015 жылдың қараша айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Осы заң шетелдегі қандастарымыздың елге оралып, Қазақстан азаматтығын алуына жол ашты, көптеген жеңілдіктер жасалды. Жоғарыдағы заңға сәйкес, ҚР Үкіметінің қаулысымен оралмандардың қоныстану өңірлері айқындалып, көшіп келу квотасы белгіленді. Жеті аймаққа оралмандар мен ішкі көшіп келушілерге квота берілді. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары көшіп келушілерді «Жұмыспен қамту – 2020, жол картасы» бағдарламасы аясында қабылдауда. Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 6840 отбасы, яғни 114944 қандас бауырларымыз елге көшіп келген. Бұлардың басым көпшілігі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында орналасқан. Олар – Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Қытайдан және т.б. ТМД мемлекеттерінен келушілер. Енді жоғарыдағы сауалыңыз-ға нақты жауап берер болсам, 1991-1993 жылдары баспана және жұмыспен қамту мәселелері жергілікті бюджеттен қаржыландырылды. Сондай-ақ 1993- 2011 жылдар аралығында Елбасының Жарлығымен квота белгіленіп, қаржылай көмек көрсетілді. 2012-2015 жылдары көші-қон квотасы берілген жоқ. Осыған орай 2015 жылы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тарапынан «Халықтың көші-қоны туралы» заңына толықтырулар мен өзгертулер енгізілді.
Нұрсұлтан Назарбаев: Дүниежүзі қазақтарының басын қосу науқандық іс-шара емес, мемлекеттік саясаттың мерейлі де мәртебелі көрінісі болып, халықаралық қауымдастықтан, әлемдік өркениеттен өз бағаларын алды. Әлемде өз қандастарын атажұртқа жинап, мемлекеттік тұрғыдан арнайы бағдарламалар қабылдаған, келгендердің жаңа ортада жатсынбай, бірден сіңіп, жайлы ғұмыр кешіп кетуіне барлық жағдайларын жасап жатқан дүниежүзіндегі үш елдің бірі – Қазақстан. Бұл тұрғыдан келгенде, Германия мен Израиль мемлекеттерінің өзі бізге қызыға қарайды десек, артық айтқандық емес.
– Қоныс аударушылар аймақтарға қалай бөлінді? Олардың таңдау мүмкіндігі болды ма?
– Әрине, бар. Бұрынғыдай емес, көшіп келушілер қаржылай төлемдерін көрсетпей-ақ, өзі қалаған кез келген өңірлерге қоныстанып, 2-3 айдың ішінде Қазақстанның азаматтығын алуға мүмкіндіктері бар. Сотталмағаны туралы анықтама Ішкі істер министрлігі тарапынан қойылып отыр.
– «Оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2016 жылға арналған өңірлік квотасын бекіту туралы» қаулыға сәйкес 1259 отбасын жұмыс күші жетпейтін аймақтарға көшіру туралы жоспар жасалған еді. Соның нәтижесі қандай?
– Ішкі және сыртқы көштің бағытын жұмыс күші жетпей жатқан аймақтарға бұрған дұрыс. Дәл қазір солтүстік аймақтарға қоныс аударғандарға толық жағдай жасалады. Мәселен, Қазақстанның азаматтығы, пәтер, квота, мамандығы бойынша қызмет беріледі. Егер тиісті мамандығы болмаса, Үкімет есебінен оқып, қосымша мамандық алуға мүмкіндігі бар. Айтпақшы, сол жерде бес жыл бойы тұратын болса, онда баспананы жекешелендіріп алуына әбден болады. Мұндағы негізгі мақсат – сол аймақтарда қазақтың санын көбейту. Ең алғаш тәуелсіздік алған жылдары елімізде қазақтың саны 40 пайыздан аспайтын. Қазір 67 пайызға жетіп қалдық. Алдағы 4-5 жылда 500-600 мың қандастарымызды елге тартсақ, онда қазақтың саны 75 пайыздан асар еді. Сонда мұртымызды балта шаппайтыны анық. Осы орайда айта кететін тағы бір мәселе бар. Соңғы жылдары еліміздің он шақты жоғары оқу орындарында дайындық бөлімдері ашылып, онда жыл сайын 1500 талапкер тегін оқытылады екен. Бұл жақсы. Елімізде жыл сайын 6000-ға жуық жастар жоғары оқу орнына түсе алмай қалады екен. Оған әскерге бара алмай қалған жастарды қосыңыз. Олардың бәрін жоғары оқу орнына сүйрей бермей, белгілі бір мамандыққа баулитын дайындық курстары мен колледждерді солтүстік аймақтардан көптеп ашып, сол жаққа баруға ықпал еткеніміз абзал. Сөйтіп, оқу бітірген соң жұмыс, баспана беріп, сонда қалдырсақ, ұлт үшін ұтарымыз көп болар еді.
Нұрсұлтан Назарбаев: Біз елге ел, басқа бас қосып, Қазақстан халқының саны мен сапасын арттыру арқылы ұлттық-демографиялық саясаттың ең маңызды бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Халық санын өсірудің тарихи жолын қалыптастыру тұрғысында
біз жасаған қадамның жемісі де, жеңісі де көріне бастады. Бұл – жалғаса берер жарқын жол. Осынау жылдарда елімізге 1 миллионға жуық бауырымыз оралды. Қазақ елінің шаңырағы биіктеп, керегесі кеңейе түсті. Көш әлі де тоқтаған жоқ. Тоқтамайды да.
–Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қай жылы құрылды? Оның құрылудағы мақсаты не?
– 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды. Оның мақсаты – шетелдегі қазақтармен тығыз байланыс орнату, олармен қоян-қолтық жұмыс істеу, көші-қон мәселесі туындаса, жәрдем беру, сол тұрып жатқан елдерде өздерін еркін сезіну үшін қолдан келгенінше көмектесу. Қауымдастық Төрағасы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Мен Төрағаның бірінші орынбасарымын. Осы уақытқа дейін Төрағаның тапсырмасын бұлжытпай орындап келеміз. Қауымдастық құрылған 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының I құрылтайы өтті. Аманшылық болса, осы қауымдастықтың құрылғанына да, құрылтайдың өткеніне де 25 жыл толады. Осы жылдар ішінде көптеген тәжірибе жинадық. Десек те, үйренеріміз де, үйретеріміз де көп.
– Келесі жылы атқарар қандай жоба-жоспарларыңыз бар?
– Алға қойған мақсат-мұраттарымыз көп. Солардың бірі де бірегейі – ЭКСПО аясында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайын өткізу. Дайындық жұмыстары басталып та кетті. Негізгі мақсатымыз – сырттағы ағайындарға әлемдік мән-маңызы зор көрмені көрсету, еліміздің жеткен жетістіктерін мейлінше дәріптеу. Өзге елден келетін қонақтар қыруар ақша төлейтін болса, құрылтайға қатысатын қандастарымыздың барлық шығынын біз көтере-тін боламыз. Сондай-ақ келесі жылдан бастап дағдарысқа байланысты сәл саябырсып қалған көші-қон мәселесін қайта жандандыра бастаймыз. Бұл туралы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы үнемі айтып та, жазып та жүр. Сондай-ақ отандық телеарналар арқылы қауымдастықтың атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоба-жоспарлары һәм шетелдегі бауырларымыздың тыныс-тіршілігі туралы арнайы бағдарламалар дайындап, жақсымызды жарқыратып көрсетуді қолға аламыз. Осы құрылтайда қаржы мәселесі де оң шешіледі деген үкілі үмітіміз бар.
Нұрсұлтан Назарбаев: Тәуелсіз мемлекеттің тізгінін қолымызға ұстаған алғашқы күннен бастап халқымыздың ежелгі асыл мұраларын, қадір-қасиетін қайта жаңғыртып, ұлт ретінде түлетіп, жаңа деңгейге көтеруге бар күшті салумен қатар, шетелдердегі бауырларымыздың өнерін, әдеби мұрасын, халықтық қолөнерін, атакәсібін дамытуда арнайы жұмыстар жүргізіп келеміз. Бұл – адами капиталды Отанға оралтудың оң қадамдарының бірі. Бұл қадам жаңылмайды, шекара жабылмайды. Ұлы көш жалғаса береді. Өйткені әлемдегі бар қазақ – бір қазақ.
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қандай іс-шаралар өткізесіздер?
– Бұл мерейлі мерекеге орай өткізгелі отырған ауқымды шараларымыз көп. Президент Әкімшілігінің мұрындық болуымен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өтетін салтанатты жиынға алыс-жақын шетелдерден қазақ диаспорасының өкілдерін шақырмақпыз. Осыған орай үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Сырттағы ағайындар да құр қарап жатқан жоқ. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде ең алғаш таныған елдің бірі Түркия болатын. Олардың қуанышында шек болмады. Сол бауырларымыз осы жолы да шынайы туысқандық жақындығын білдіріп, өз елдерінде үлкен жиын өткізбек. Соған бізді шақырып отыр. Делегация құрамына мәдениет, әдебиет, өнер өкілдерін кіргіздік. Таяуда барып қайта-мыз. Дәл осындай жиын Қырғызстан мен Өзбекстанда да өтпек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ
Айкын
[:]