АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Зағипа Балиева: Еліміздегі балалардың екінші анасы боламын[:]

[:ru]

[:kz]

462d868e-3905-43fe-8b59-4375820fc068Инвестициялар және даму министрлігі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, ЮНИСЕФ-тің 70 жылдығы мерейтойларына орай ұйымдастырылатын «Балаға мейірімді Қазақстан» атты халықаралық конференция аясында «Бала және кәсіпкерлік» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оған мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиын қонақтары балаларға арналған тауарлардың қауіпсіздігі, осы саладағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, жеткіншектердің құқы мен еңбегін қорғау мәселелерін кеңінен талқылады. Дөңгелек үстелдің маңыздылығы сол, мұнда қаузалған өзекті дүниелер «Балалардың құқықтары мен кәсіпкерліктің принциптері» деген жасөспірімдер құқын құрметтеуді қамтамасыз ететін құжатқа енеді. Сонымен қатар жақын арада өтетін «Балаға мейірімді Қазақстан» атты конференцияның күн тәртібіне де ұсынылмақ.

Отырыс соңында Парламент Мәжілісінің депутаты, Президент Өкімімен Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалған Зағипа Балиевамен аз-кем пікірлескен едік…

– Жоғарыдағы дөңгелек үстел отырысында көптеген мәселе қозғадыңыз. Солардың біршамасына қайта оралсақ, балалар құқын қорғауда нақты қандай шараларды қолға ала бастадыңыздар?

– Алдымен, біздің ел тұрғындарының әрқайсысы әр бала үшін жауапты екенін айтқым келеді. Және бұл жауапкершілік өте жоғары деңгейде болу керек. Мұның ішіне кәсіпкерлер де кіреді. Өйткені, бүгінгі нарықтағы балаларға арналған тауарлардың дені стандартқа сай келмейді. Ал мұның себебі, оларды ешкім тексермейді. Тағы назар аударарлығы, тауарлардың көбісі, киім-кешек болсын, ойыншық болсын, өзімізде шығарылмайды, шетелден келеді. Шекара асып келетін дүниелер сертификациядан өтпей, тексерілмей, тұтынушылардың қолына тиюде. Бұлар біздің балаларымыздың денсаулығына, өміріне зиян келтіруде. Біз осы бағыттағы шаруалардың алғашқысын қолға алып үлгердік. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс жасауды бастадық.

Енді балалардың денсаулығына залал келтірмейтін стандарттарды қайта белгілеуіміз қажет. Кішкентайларымыздың таза, табиғи тамақ жеуіне, зиянсыз ойыншықтармен ойнауына, өмірлеріне қауіп төндірмейтін киімдер киюіне мүмкіндік жасағымыз келеді.

– Балалар тауарларының отандық үлесі екі-ақ пайыз екен, 98 пайызы шет мемлекеттерден тасымалданады. Оның 87 пайызы іргедегі Қытайдан әкелінеді. Олар неліктен тексерілмейді?

– Міне, біз дәл қазіргі кезде осы сауалдың жауабын іздеудеміз. Салық, кеден саласының өкілдерін де осы іске атсалысуға шақыратын боламыз. «Өзге елден келетін балалар тауарлары неге стандарттарға сай емес, оларға сертификат қалай беріледі, шекарадан қандай жолдармен өтеді?» деген сауалдардың жауабына қанығуымыз қажет. Не деген сұмдық, шекарадағы құзырлы органдар өкілдері сапасыз дүниелерді неге өз еліне асырады?! Әлде, олардың балалары бұл тауарларды пайдаланбайды ма? Бұл – проблема, бәріміз де бас қатырып, қолымыздан келгенін істеп, арнайы заңға нормативтік актілерді енгізіп, орындатуға міндеттіміз.

– Бүгінде еліміздегі мектеп формасын отандық жеңіл өнеркәсіп орындары дайындайды. Бірақ олар да талапқа, стандарттарға сай болмай шығып жатыр…

– «Бізде мата шығарылмайды» деген уәж айтады кәсіпкерлер. Онысы рас, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қазіргі таңда бизнес өкілдерімен жиын өткізіп, ақылдасып, қандай мүмкіндіктер керектігін, өндірісті бастау үшін не істеу қажеттігін анықтауда. Шындығында, біздің елімізде жеңіл және тоқыма өнеркәсібімен айналысу үшін барлық жағдай жасалған.

Айта кетейін, жылдың аяғына дейін мектеп формасы, ойын алаңдары мен құрал-жабдықтардың қауіпсіздігі бойынша нақты талаптарды әзірлеуді бастаймыз. Сол талаптар аясында кәсіпкерлердің тауарлары тексеріледі. Сонымен, барлығымыз бірлесіп жұмыс істейміз. Енді мен еліміздегі балалардың екінші анасы боламын. Ойымдағы шаруа біткенше, ешкімге тыныштық бермеймін.

– Балаларды зиянды азық-түліктен қалай қорғаймыз? Елімізде тамақ қауіпсіздігін қалпына келтіру қазіргі таңда мүмкін емес сияқты…

– Дұрыс, балалардың денсаулығын қорғау мен тамақ қауіпсіздігі саласында қыруар жұмыстар атқарылуы қажет. Десе де, біз өз құқымызды толық білуіміз керек. Сол кезде кәсіпкерлер де тиісті талаптарды орындайтын болады. Мәселен, печенье сатып алғанда, оның қорабындағы «Е» әрпіне мән берейік. Жоқ па, печеньенің тамаша жарнамасына қарамастан, оны сатып алмайық. Өзімізді де, кішкентайларды да соған үйретейік. Біз алмасақ, кәсіпкерлер әкелмейді. «Кока-коланы» да «ішпеңдер» деп байбалам салудың қажеті жоқ. Оны мүлдем ішпеуді үйренейік. Сол кезде кәсіпкерлер өндірісті өзгертіп, табиғи таза шырын шығарады. Сол сияқты, сүттің пайдасын түсіндірейік балаларымызға. Сонда еліміздегі сүт шаруашылығын көтеруге атсалысқан боламыз.

– Ойыншық мәселесі де өзекті болып тұр. Осы бағытта қандай қадамдарға баруымыз керек?

– Отандық кәсіпкерлер экологиялық таза ойыншықтар шығаруды қолға алса, құба құп болар еді. Ол үшін мемлекеттік қолдау шараларын жасаған жөн. Мәселен, Германия ағаш ойыншықтар шығарады, өте таза пластмасса өнімдерін қолданады. Басқа ойыншықтар мүлде жоқ. Оларға «Барбиді» алып барса, жүз рет тексеріп, шикілігін табады. Содан кейін кәсіпкерлер апармайды. Сол себепті немістің ойыншықтары ең таза өнім болып саналады.

Қазақстан болса, ойыншықтардың күл-қоқыс алаңына айналып отыр. Неге? Себебі, біз сапасыз ойыншықтарды шекарадан оңай кіргізуге жағдай жасап қойдық. Енді, осы жұмысты қолға алу қажет. Кеденнен бастап, ойыншықтарды шығарушы компанияларға дейін тексеру керек. Сауда нүктелеріне, базарларға арнайы рейдтер жүргізіп, улы ойыншықтарды анықтауды қолға алуды ұсынамын.

 – Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, сынып сағаттарын ұйымдастыру жөнінде хабардар болғанымыз бар еді. Шараның мақсатын қандай?

– Мұны өте маңызды іс дер едім. Онда балаларға нені пайдалануға болатынын, болмайтынын, тауарлардың сапасын анықтауды, тағамдардың зиянын білуді үйретеміз. Бір күнде еліміздің барлық аумағында сынып сағаттарын өткізіп, оқушыларға дұрыс тамақтану жолдарын, уақытты тиімді пайдалануды, қажетті нәрсеге қалай көңіл бөлу қажеттігін айтамыз.

Үлкендерді, яғни, ата-аналарды тәрбиелей алмаймыз ғой. Ал сынып сағаттары арқылы балаларды тәрбиелесек, олар ата-аналарына біз үйреткендерді үйретер еді. Егер ұл-қызы әке-шешесіне: «Үйдің жанына тал егейік, мынау азық-түлікті алайық, шоколад зиян екен, ұстазым былай үйретті» деп тұрса, ата-ана соны істейді деп ойлаймын. Сондықтан бәрін балалардан бастау қажет.

Әңгімелескен Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

[:en]

[:]