АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]ӨНЕР МЕН ӘДЕБИЕТ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНЫ[:]

[:kz]

 

thumb_leila_3Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай зиялы қауым өкілдері бас қосып, «Тәуелсіздік дәуірі – ұлттық құндылықтар дәуірі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Конференцияның мақсаты – тәуелсіз қазақ әдебиеті мен өнерінің жай-күйі, күнгейі мен көлеңкесін саралап, жан-жақты талдау жасау болатын. Жиырма бес жылда қазақ әдебиеті, музыкасы, көркем өнері, театры мен киносы қаншалықты дамыды? Қандай дәрежеге жетті? Не ұттық, не ұтылдық?
Конференцияның әлқиссасын бастаған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, белгілі публицист Уәлихан Қалижан өз сөзінде: «Ағылшынның атақты жазушысы Оскар Уайлд 1884 жылы былай деп жазыпты. «Баяғы бір замандарда кітапты жазушылар жазушы еді, оны бәрі оқитын, енді кітапты бәрі жазады, бірақ ешкім оқымайды». Қазір көркем әдебиет туралы да осы сөз қайталануда. «Ешкім кітап оқымайды» деген сөз қазір екінің бірінің аузынан шығады. Бірақ әдебиет өлген жоқ. Кітап қажет, тек оның насихаты мен талабы жетпейді» деді.
Расында да, соңғы жылдары қазақ әдебиетін әлемге таныту, өзге тілдерге аудару мәселесі шет қалып қоюда. Осы орайда Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бірқатар шара­ларды қолға алған сияқты. Атап айтқанда, Қазақстан Республи­касы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігімен бірлесіп екі жобаны жүзеге асырыпты. Ол шараның бірі – Колумбия университетімен бірлесіп жарық көрген екі кітап.
«Бірінші кітап – қазақ поэ­зия­сы мен прозасының антологиясы. Оған 14 ақын-жазушы еніп отыр. Олар: Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев, Д.Амантай, Р.Сейсенбаев, О.Бө­кеев, Т.Әбдік, М.Мағауин, О.Сү­лейменов, М.Мақатаев, И.Ғайып, Ф.Оңғарсынова, Ж.Әбдірашев, Б.Қанапиянов, Ш.Сариев.
Бұл кітаптың тұсаукесері шетел­дік дипломаттар, Халықара­лық ұйым өкілдері қатыстырыла отырып, Астанада, Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уинвер­ситетінде өтті.
Екінші кітап та Колумбия университетімен бірлесе отырып, жүзеге асты. Ол «Адам және таби­ғат» деп аталды. Оған қазақ про­засы мен поэзиясының 46 қа­ламгері енгізілді. Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл Жабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Әбу Сәрсенбаев, Мәриям Ха­кімжанова, Әбділда Тәжібаев, Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Жұбан Молдағалиев, Тұрсынхан Абрах­манова, Сырбай Мәуленов, Мұ­қағали Мақатаев, Қадыр Мырза­лиев, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Олжас Сүлейменов, Марфуға Айтқожи­на, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Ақұштап Бақтыгереева, Шөмішбай Сариев, Күләш Ахме­това, Амантай Ахетов, Бақытжан Қанапиянов, Ғафу Қайырбеков, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұс­тафин және тағы басқа қалам­герлеріміздің шығармалары енді. Оның тұсаукесер рәсімі Вашинг­тонда, Конгресс кітапханасында АҚШ-тың саясаткерлері мен қаламгерлерінің қатысуымен өтті. Америкалықтар қазақ әдебиеті туралы жаңа көзқарас қалыптаса бастағанын айтты. Сондай-ақ Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ағыл­шын тілінде жариялаған «Қан мен тер» романы эпохалды роман екені америкалық оқырманды бей-жай қалдырмады. Неге? Өйткені Әбең «Қан мен терді» бес қайта өңдеп жазды. Бірақ романның заман салмағын көтерген ұлы миссиясы сақталды. Ол адамдық қасиет пен қасірет» дейді Уәлихан Қалижан.
Жуырда ғана бір топ депутат Мәдениет жөніндегі заңға өзгеріс енгізіп, таңдаулы шығармаларға қаламақы төлеу мәселесін көтер­гені белгілі. Бұл – дұрыс бастама. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Өнер мен әдебиет – халықтың жаны. Төл мәдениетпен тәрбие­ленген адам қашанда рухы биік, туған жерін, халқын сүйетін бо­лады. Бәріміз де бала жасымыздан Абайды, Махамбетті, Жамбылды, Әуезовті оқып, халықтың әндері мен күйлерін тыңдап ержеттік, дүниетанымымыз, ұлттық санамыз қалыптасты» дейтін сөзі бар. Әдебиет пен өнерсіз ұлт болмайды. Ұлттың жанын сақтау қажет болса, әдебиетін, өнерін сақтағанымыз абзал. Осы орайда әдебиет және өнер институтының да айтары жоқ емес. «Кез келген шығармалар болашақта М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ға­лымдарының ресми сараптамасы­нан өткені жөн. Оған арнайы қаржы бөлінуі керек. Сонда жа­зушылардың, ақындардың, драматургтердің шығармаларына әділ баға берілер еді. Бейтарап са­раптама болғандықтан, қалам­гердің де жауапкершілігі артатын болады. Қазақстан Жазушылар одағы жанынан «Әдебиетті қолдау қоры» құрылса, дұрыс болар ма еді деп ойлаймын» деген пікірді алға тартады институт басшылығы.
Қазақ драматургиясының да әлсіз тұсы жоқ емес. Кейде шығар­малардың сараптаусыз, талдаусыз сахнаға шығып кететіні жасырын емес. Бұған да шектеу жасайтын кез жеткен сыңайлы. «Сондай-ақ барлық республикалық, облыстық театрларда сахналанатын пьесалар да М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Т.Жүр­генов атындағы Өнер академиясы ғалым-мамандарының талдауынан өткеннен кейін қабылданғаны дұрыс шығар. Бұл бұрынғы көр­кемдік кеңестің рөлін алар еді. Болмаса қазір режиссер өзі жа­зады, өзі қояды, өзі қабылдап алады. Ешбір талғам мен талап жоқ» дейді Уәлихан Қалижан.
 

Қазіргі қазақ романы қандай күйде?

 

Жиында қазақ романы туралы толғамды сөз қозғаған Серік  Қо­ра­бай әдебиеттің жетекші жанры­на айрықша тоқталып, өз пікірін ортаға салды. «Тәуелсіздік тұсында қазақ жазушылары тоталитаризм қыспағынан босап, еркін ты­ныстауға бет алды. Бұл жы­лдары прозаның жетекші жанры ро­манның өрісі кеңейді. Тәуел­сіздікпен бірге келген сөз бостан­дығы қазақ жазушыларына кеңес­тік дәуірде еркін бара алмаған тақырыптарға қалам тартуға мүм­кіндік берді. Сондықтан да тәуелсіздік тұсында оған дейін біржақты бағаланған халықтың сан ғасырлық тарихының көркем шежіресі жасалып, жас ұрпақтың ұлттық санасын оятатын тарихи тағылымды романдар қатары көбейді» дейді баяндамашы. Ол қандай романдар? Шын мәнінде, тәуелсіздік алғалы қазақ роман­дарының қатарын тарихи шығар­малар толықтырғаны рас. Олардың арасында Х.Әдібаевтің «Отырар ойраны», Қ.Исабаевтың «Серт», «Шоң би», Қ.Жұмаділовтің «Дара­боз», Ж.Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай», Қ.Сәрсекенің «Дешті Қып­шақ», М.Мағауиннің «Шың­ғыс хан», К.Ахметбековтің «Қа­сірет», К.Сегізбайдың «Беласқан», Ұ.Доспанбетовтің «Қызыл жол­барыс», «Абылайдың ақ туы», С.Сматаевтың «Елім-ай», Қ.Мұ­хамбетқалиұлының «Таркезең», С.Байхоновтың «Алтай асу» және өзге де шығармаларды атап айтуға болады.
Бұл тарихи шығармалардың жетістігі неде? Ең бастысы – бұратана атанған халыққа деген біржақты көзқарастың өзгеруінде еді. Тарихи шығармалардың ішінен Ә.Сараевтың «Еділ-Жайық», Қ.Салғариннің «Қа­зақтар», Б.Мұқайдың «Өмірзая», С.Досановтың «ХХ ғасыр», Қ.Мұхамбетқалиұлының «Тар ке­зең» романдарының Мемле­кеттік сыйлық алуы – осының дә­лелі. Соңғы жарық көрген тарихи ро­мандардың қатарында белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекенің «Әй, дүние-ай» атты дүниесі де бар. Бұл роман биылғы Мем­лекеттік сыйлықтан негізгі үміткер шығармалар қатарында тұр.
«Әкімшіл-әміршіл кеңестік жүйе әкелген отызыншы жылдар нәубеті қазақ халқының басына қаншалықты қайғы-қасірет алып келгені С.Елубайдың «Мінажат», А.Мекебаевтың «Қазына сыры», Ж.Бектұровтың «Таңба», Р.Нияз­бековтің «Тас құдай» романдарына негіз болды. Жазушылар қолдан жасалған осы зорлық-зомбылық саясатының басты себептері мен алғышарттарын ашып көрсетуге ден қойып, ұлт тарихында қара әріппен жазылған қасіретке толы жаппай ашаршылықтан терең сыр шертті» дейді С.Қорабай.
Тәуелсіздік жылдары жазылған сәтті шығарманың бірі – Әкім Та­разидің «Жаза» романы екені белгілі. Бұл роман – ауған соғысы туралы жаңаша ой қозғайтын шығарма. Қаламгер жауынгердің басындағы психикалық ауытқу арқылы мақсатсыз соғыстың жеңісі де, жеңілісі де мақсатсыз болатындығын көрсетіп береді.
Қазақ романы туралы айтқан­да, деректі шығармаларды да айт­пай кетуге болмайды. Соңғы жыл­дары деректі жанрға қалам тартып жүрген жазушы Медеу Сәрсекенің «Ермұхан Бекмаханов» пен «Ебіней Бөкетовы» бұл олқылықты толтырған шығарма деп айтуы­мызға толық негіз бар.
«Мәңгілік тақырыптың бірі болып саналатын әйел тағдыры, махаббат мәселесі де жазушылар назарынан тыс қалған жоқ. Қазақ әдебиетіндегі әйел-ана, махаббат тақырыбын Әкім Таразидің «Ма­хаббат жыры», Қ.Қам­баровтың «Махаббат тұрағы», «Екі арудың махаббаты», Ш.Елеукеновтің «Әттең, дүние», Ә.Ыдырысовтың «Таңшолпан», Ш.Құмарованың «Сезім патшалығы» романдары толықтырды. Жазушылар аталған туындыларымен әлемге нәр беруші, тіршілік иесі әйел-ана бей­несін жан-жақты ашуға тырысты. Олар әртүрлі уақыт, әртүрлі ортадағы әйел-аналар тағдыры арқылы махаббаттың сан-сауалына жауап іздеді. Бұл тақырыпты әр жазушы әр қыры­нан аша отырып, бір мәселені әртүрлі шеше білді. Махаббат атты ұлы сезімді көркем бейнелеуде қазақ жазушылары психолизмді шебер игеріп, адам бойындағы ұлы сезімдері табиғаттың тылсым күшімен ашуға ден қойды» дейді С.Қорабай.
Жиырма бес жылда қазақ романы қандай биіктерге жетті? Қаламгерлер роман жанрының психологиялық, тарихи, өмірбаян­дық, публицистикалық түрі соңғы ширек ғасырда мазмұны мен формасы жағынан біршама толық­қанын, жаңарғанын айтады. Жиырма бес жылда 38 шығарма Қазақстан Республикасының Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығын алыпты. Бұл үлкен жетістік емес пе?!
Ал роман жанрының бүгінгі кемшілігі неде? Ең алдымен жазу­шылардың дені тарихи тақырып­тарды жиі қаузап кеткендігінде. Екіншіден, кейбір романдарда публицистикалық сарын басым. Үшіншіден, тіл бұрмалаушылығы да жиі кездеседі. Төртіншіден, ХХІ ғасырдың нағыз кейіпкерлері жа­зылмай жатыр. Қазақ романшы­лары осыны ескеруі керек сияқты.

 

Еркін ойдың мінбері

Тәуелсіздікпен бірге қазақ әде­биетінде жаңашылдықтың да белең алғаны рас. Қаламгерлеріміз бүгінгі замандастарымызды не толғантады деген мәселенің легіне ұмтылыс жасай бастағаны көңіл қуантады. «Бұл үрдіс осы кезең ішіндегі қазақ повестерінің де мазмұнынан тиісінше, көрініс таба бастады» дейді тәуелсіздік жылдары жазылған повестерге шолу жасаған белгілі жазушы Нұрдәулет Ақыш.
«Тәуелсіздік жылдары бірқатар повестер жарық көрді. Олар: Қабдеш Жұмаділовтің «Найман-ана», «Көкжал», Дүкенбай Дос­жанның «Жазмыштың форму­ласы», «Үрей», «Пайғамбардың өлімі», Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», Тынымбай Нұрмағам­бетовтың «Балалық шақтың әндері», «Какаду», Тұрдақын Жексен­байдың «Бала бүркіт», Тұ­рысбек Сәукетаевтың «Көлең­келер патшалығы», Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері», Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді?», Несіпбек Дәутайұлының «Жол», Қуаныш Жиенбайдың «Аполлон көбелегі», Жұмабай Шаш­тайұлының «Жала мен нала», «Құ­ралайдың салқыны», Нағашыбек Қапалбекұлының «Таудан түскен тұман», «Жерошақтың түтіні», «Өкілдер», Серік Асылбекұлының «Ақ қарға», Рахымжан Отар­баевтың «Шыңғыс ханның көз жасы», Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы», «Қуан­дық Түменбайдың «Түрмедегі торғай», «Қой мен қойшы», Нұр­ғали Ораздың «Тазқара», Сейітқұл Оспановтың «Екі дүниенің абыройы», Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші», Арасанбай Естеновтың «Періштелер пат­шалығы», Әділбек Ыбы­райым­ұлының «Абыз дала аңызы», Дидар Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін», Серік Нұғыманның «Жоқ іздеуші жан» және т.б. туын­дыларды айтуға болады» дейді баяндамашы.
Жиырма бес жылда жарық көрген қазақ повестерінің тақ­ырыбын шартты түрде үш түрге бөліп қарастыруға болады. Бірін­шіден, бірсыпыра қаламгерлер қазақ тарихының тәуелсіздік ал­ғанға дейінгі көлегейленіп қалған қатпарларына үңілуге тырысқан. Екіншіден, кеңес дәуірінің шын­дығы шеңберіндегі адам тағдыр­лары жайлы толғанады. Ал үшінші топтағылар тәуелсіздіктен кейінгі қазақ қоғамының сыр-сипаты баяндалады.
«Қазақ халқы ұжымдастыру мен асыра сілтеуден қалай зардап шек­кендігі Тұрысбек Сәуке­таевтың «Құзғын тойған қыс» атты повесінде қатардағы бір отба­сының тағдыры арқылы бейне­ленген. Бас кейіпкердің қатал табиғаттың ортасында өзі қорегін өзі тауып жей алмай, қар құша­ғында қазаға ұшырауы ашаршылық заманының қатал көрініс екендігі анық. Тек жалғыз баланың ғана аман қалуы қазақ тұқымының әйтеуір жалғасын табатындығын меңзейді. Ашаршылық салда­рынан ажал тырнағына іліккен адам өлімдерін Т.Сәукетаев тәп­тіштей суреттей отырып, кол­лизиялық жағдайды психо­ло­гиялық жағынан тереңдеп беруге тырысады.
Ө.Кәріпұлының «Саяхатшы» хикаятының бас кейіпкері – қазақтың атақты перзенттерінің бірі Сәкен Сейфуллиннің әкесі Сейфолла отағасы. Сәкен Сейфул­линнің өз басынан өткен азапты белестерді былай қойғанда, оның әкесі Сейфоллаға да тағдыр сол замандарда оң көзімен қарай қоймапты. Қазақылықтың қай­мағы әлі толық бұзыла қоймаған замандағы қыр елінің тартымды суреттері әжептеуір оймышталған бұл хикаяттың мазмұнын Са­рыарқаның тұнық табиғаты, қыр елінің тыныс-тіршілігі, саят­шылық өнердің қыр-сыры ұтымды түрде толықтырып, өрнектеп отырады» дейді жазушы Нұрдәулет Ақыш.
Махаббат тақырыбын сөз еткен шығармалар да жоқ емес, жетерлік. Жақсысы, көркемі де көп, бейнелі сөз тіркестерімен берілетін айшықты шығармалар да көбейген. Алайда повесть жанрын дамытқан қаламгерлердің туын­дыларындағы кемшін тұстар туралы да айтпасқа болмайды. Ол тұрғыда баяндамашы: «Тілдік кемшіліктерді әлі түзеп бола алмай жатқанымызды айтқым келеді. Екінші бір олқылық – өмірлік материалдарды іріктеп, көркемдік шындыққа айналдыру барысында жүзеге асуы тиіс шығармашылық ізденістердің тапшылығы. Көп­шілігіміз өмірде болған жайларды сол қалпында жаза саламыз да, соның салдары еріксіз нату­рализмге, көркемдік талаптар тұр­ғысындағы басқа да кемшіліктерге әкеп соғып жатады. Үшіншіден, кейбір авторлардың айтуға ниет қылған негізгі оқиғаны аяғына дейін иін қандырып алып шы­ғудың орнына, көлденең жағ­дайларды, ұсақ-түйек мәселелерді термелеп, шұбалаңқылыққа ұрынуы. Төртіншіден, характер да­ралаудағы диалогтардың, по­лилогтар мен монологтардың көр­кемдік мүмкіндіктерін дұрыс пай­далана алмаушылығы. Жазу­шылардың назар аудармайтын тағы бір осал тұсы – өмір шын­дығын көркемдік шындыққа айналдыру барысындағы шы­ғармашылық үдерістің табиғатын меңгеруі» дейді.
Қоғамдағы келеңсіз жайт­тарды, ділдің дертін беруде қалам­герлер әлі де әлсіздік танытып келеді. Уақыттың ділгір шынды­ғын көркем кестелей алмай отыр­ғанымыз тағы бар. Кейіпкер аз, образ жоқ. Бұл, әсіресе, бүгінгі жас қаламгерлердің кемшілігі деп айтар едік.
 

Қазақ драматургиясының халі нешік?

Қазақ өнері туралы сөз қозға­ғанда, театр мен киноны айтпай кете алмаймыз. Құдайға шүкір, ел тәуелсіздігін алғалы қазақ театры да, кино өнері де дамымай қалған жоқ. Қиындықты да, түрлі рефор­маларды да бастан кешірді.
Ең әуелі, театр өнеріне тоқтал­сақ. «Қазақ драматургиясы: заман және уақыт» тақырыбын қаузаған театртанушы Амангелді Мұқан драматургияның жай-күйін, күн­гейі мен көлеңкесін жан-жақты талдап көрсетті. Ол өз сөзінде: «Отар­шылдық санадан арылудың жолы, тәуелсіз қазақ азаматтарын тәрбиелеп шығару. Мұндай мем­лекеттік деңгейдегі маңызды іс-шаралардан отандық театр өнері де шет қалған жоқ. Осыдан 25 жыл бұрын алған Тәуелсіздігіміз қазақ театрының да тынысын ашты. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 14 драма және музыкалық-драма театрлары, екі опера және балет театры, екі би театры ашылды. Театрлардың басты міндеттері – репертуардың көркемдік жағын сапасы жоғары пьесалармен қамтамасыз ету. Еліміздегі алпысқа жуық театрлардың шығарма­шылық тынысы тәуелсіз Қазақ­станның қоғамдық, әлеуметтік және саяси өмірімен біте қайнас­қандығы. Тәуелсіздіктің арқа­сында қазақ халқы өзінің айтулы тұлғаларының мерейтойларын үлкен саяси мәні бар іс-шараларға ұластырып, халықаралық деңгей­­­­де атап өтуге мүмкіндік алды. Бұл ме­рейтойлар халықаралық ЮНЕСКО көлемінде тойланып, оған театрларымыз да белсенді қатысты. Мерейтойлардың заңды жалғасы ретінде өткізілген театр фестивальдері ұлт драматургтері­нің тың дүниелерін сахнаға шы­ғарды» дейді.
Театрдың дамуы неден көрініс тапты? Драматургтер қазақ кө­рермені қажет еткен шығарма­ларды таба білді. Десек те, театрлар­дың әлі қозғайтын, қау­зайтын тақырыптары жетерлік. Бірақ осыншама пьесалардың жазылып, сахналанып қойылға­нына қарамастан, театр мен дра­матург тандемінің басы бірік­пей­тіні тағы бар. Шынында да, ал­ғашқы жылдары театр өнері де, драматургтер де біршама қиын­дықтарды бастан өткергені рас. Қазір заман өзгерді. Қиындықтар артта қалды. Ең алғаш рет 2009 жылы Мәдениет министрлігі «Тәуелсіздік толғауы» атты бәйге жариялауы драматургтерге біраз серпін әкелді. Алғашқы бәйгеге 46 пьеса қатысыпты. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бәйгеден жүлде алған шығарма қазақ театрының сахнасында сахналанды. Екінші байқау – 2011 жылы өткені белгілі. Онда да жүлде алған шығармалар қазақ сахнасына жол тартты. Алайда бір олқы түсетін тұс, осы байқауларда жүлде алған санаулы шығармалар ғана сахналанды. Ал қалған шығармалар қайда? Олар неге ескерусіз қалып қойды? Алғашқы бәйгеге қатысқан 46 шығарманың бәрі бірдей осал деп айта аламыз ба? Ол шығармалар осылай сөреде шаң басып жата бере ме? Бізді толғандыратыны да – осы.
«Республикамыздағы опера және балет театрының екеуі тәуел­сіздік кезінде дүниеге келді. Қа­зақстан Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбектің «Қазақтың классикасы: бары мен жоғы» атты мақаласында келтірген деректерге сүйенсек, соңғы жиыр­ма бес жылда екі-ақ қазақтың операсы жазылып, сахнаға қойы­лыпты. Жазылғандар көп шығар, ал сахнаға шыққаны екеу ғана. Соңғы он бес жылда еліміздің ком­позиторлары он бес балет жазды. Бірде-біреуі сахнаға қойыл­ған жоқ. Міне, біздегі статистика – осы. Драматургтеріміз бар, пьесалар жазылуда. Жүлде алған пьесадан кенде емеспіз. Бірақ театр қауымы пьеса жоқ деуден танбай келеді» дейді Аман­гелді Мұқан. Демек, бұл қазақ театрында әлі де әттеген-айлардың көптігін білдірсе керек.
Тәуелсіздік кезеңінде өнердің үлкен бір саласы – киноөндірісте де сан түрлі реформалар жүргені ақиқат. Алғашқы кезеңдерде кино саласы біршама қиындықтарға тап болып, экономикалық жағдайы да бірден түзеліп кеткен жоқ. Бұл туралы киноның тағдыры мен талғамына шолу жасаған Айдана Мұратқызы айтып өтті. «2011 жыл­дардан бастап қана қазақ ки­нематографиясы жаңаша қарқын ала бастады. Себебі, бұл – қазақ кино үрдісінің күрт дамуға бет­бұрыс жасаған жылы еді. Тәуелсіз Қазақстан киноүдерісінде клас­сика мен артхаус, коммерциялық пен авторлық бағыттарындағы фильмдер бір-бірімен тайталаса дамып келеді. Әрқайсысы әртүрлі тақырыпты алға тартып, қазақ кино кеңістігіндегі өзекті мәсе­лелерді арқау етуде. Мысалы, нағыз ұлттық идеология сапын­дағы картиналарды түсіруші топ тарихты жаңғыртып, жастардың бойына рухани-патриоттық қа­сиетті сіңіру мақсатында ең өтімді әрі өзекті тақырыпты таба білді. Олар сюжеттегі негізгі акцентті оқиғаға емес, ондағы адам тағ­дырына құрып, яғни, тұлғалары­мызды дәріптеу арқылы, тарихи кезеңді қамти білді. Себебі, тұлға тағдыры арқылы түрлі оқиғаларды да, саяси, әлеуметтік жетістік пен кемшіліктерді де көрсете ала­тындығын ұғынды. Нәтижесінде, 2011 жылдан бастап «Елбасы жолы» киноэпопеясы, «Жаужүрек мың бала», «Махамбет», «Біржан сал», «Құнанбай», «Аманат», «Ана­ға апарар жол» атты фильмдер жа­рыққа шықты» дейді.
Қазақ киносы ширек ғасыр ішінде күрделі эволюциялық жол­дан өтті. Тіпті жаңа сатыға көтерілді десек те болады. Жанр­лық жағынан да толыға түсуі – тәуелсіздіктің жемісі. Соңғы жылдары қарқындап дамып келе жатқан қазақ киносының бүгінгі беталысы жаман емес. Бастысы, ұлттық фильмдердің саны арт­қаны. Қазақ киносының сапа­сының да жоғарылағаны. Ұлттық кино толыға түссе, ұлттың ұпайы да түгенделе түспек.

 

Түйін:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өнер мен әдебиетте жас, кәрі деген өлшем жоқ. Талантты, талантсыз деген ғана өлшем бар» деген екен. Шындық – осы. Сөзіміздің түйінін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанның сөзімен түйіндегіміз келіп отыр. «Ақын-жазушылар, өнер адамдары завод-фабрикаларды, сан алуан ғимараттарды, мал-мүлікті, магазиндер мен кітапханаларды, мәдениет ошақтарын жекешелендіріп алған жоқ. Сондықтан да ашқұрсақ. Олар коммерциядан да бейхабар. Қаламгер мен өнер адамының қара басы мен талантынан басқа ешнәрсесі жоқ. Сондықтан да кейбір шенеуніктер 777 жазушы неге классик болмайды деп ойлайды. Ол мүмкін емес. Олардың бәрі халқының рухани сұранысына орай қалам тартып жүр. Ұсақ-ұсақ бұлақтар жиылып келіп, асау өзенге ұласады. Қазақ әдебиеті бар, қазақ өнері бар, қазақ оқырманы бар. Әдебиет саласында 38 мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бар. Демек, жақсыны көре білейік, талантты демей білейік! Қазақ әдебиеті – ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің әдебиеті мен өнерімен құнарлана түседi

Гүлзина БЕКТАС

aikyn.kz

 

[:]