[:ru]
Биыл Желтоқсан оқиғасына 30 жыл толу қарсаңында Алматы қаласының әкімшілігі бірқатар еске алу шараларын ұйымдастырды. Жақында Алматы қаласындағы көшелердің бірі Желтоқсан көтерілісі кезінде орталық алаңда қазақ қарындастарын құтқару барысында алған ауыр соққыдан қайтыс болған Ербол Сыпатаевтың атына берілді.
Алматы қаласының әділет департаменті көшелердің атын өзгерту туралы қаулыны нормативтік құқықтың актілерді мемлекеттік тіркеу реестріне 28 қрашада тіркеген. Осы құжатқа сәйкес Алматының алты көшесі атауларын өзгертті. Солардың бірі Алматы қаласы Бостандық ауданындағы 8-линия көшесі Ербол Сыпатаев атындағы көше болып аталатын болды.
«Ербол Сыпатаев – Желтоқсан көтерілісіне қатысып, алаңда қазақ қарындастарын құтқару барысында алған соққыдан қайтыс болған жас қазақ жігіті. Талдықорған облысының Көктал ауылында 1964 жылы дүниеге келген. Желтоқсан көтерілісі уақытында Алматы қаласында энергетика институтының 2 курс студенті болған» деген жалпылама мәліметтерден басқа ол туралы деректер аз. Туған жерінде Е. Сыпатаев атында орта мектеп, көше және ескерткіш бар. 1994 жылы Ербол Сыпатаевтың 30 жылдық мерейтойына байланысты Алматы энергетика және байланыс университетінде арнайы оқу залы ашылған болатын. Жақында Алматы қалалық әкімшіліктің ұйымдастыруымен осы институттың спорт алаңында Желтоқсанның 30 жылдығына байланысты жоғары оқу орындарының студенттері арасында мини футболдан жарыс өтті.
Алматының орталық алаңында 1986 жылдың 16 желтоқсанында басталған толқулар коммунистік билік тарапынан қатал түрде күш қолдану арқылы басылды. Осы үш күннің ішінде алаңға шыққан мыңдаған жастарға қатаң шаралар қолданылып, қаншама адам абақтыға қамалды. Осы оқиғаның зардабын тартып, қаза тапқандар болды. солардың бірі Ербол Сыпатаев еді. Осы оқиғаға жан-жақты баға беру үшін арнайы құрылған Парламенттік комиссияның сарапшылар тобына мүше болған, «Мұзда жанған алау», «Үш күннің дерекнамасы», «Қайсар рухты қазақ», «Қазақтың Желтоқсаны» сияқты Желтоқсан оқиғасына қатысты бірнеше кітаптардың авторы Қайым-Мұнар Табеев сол бір ызғарлы күндерді былай деп есіне алады:
– Ресми дерек бойынша, алаңдағы түнгі аласапыранда 2 адам қайтыс болды. Алаңда ұсталғандардың саны екі күнде 8500 адамнан асып кетті. Оның 99-ы ауыр қылмыскер ретінде сотталды, 2-уі ату жазасына кесілді. 200-дей адам (15 күннен 1 айға дейін) уақытша абақтыға жабылды, 1500 адам әкімшілік-тәртіптік жазаға тартылды. Мыңдаған қазақ студенттері жазықсыз оқудан шығарылды, жұмысшы жастар қызметтен қуылды. Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды жас өрендер шейіт болды. Осы күнге дейін белгісіз, хабар-ошарсыз кеткендер де бар екенін жасыруға болмайды. Содан кейін іле-шала көтеріліске қатысқандарды анықтап, оған жол берген басшыларды жазалау науқаны басталды. Осы кезде жоғарғы оқу орындарының 12 ректоры, облыстық партия комитеттерінiң 64 хатшысы, қалалық және аудандық партия деігейіндегі 630 хатшы, бастауыш партия ұйымдарының 1836 жетекшісі қызметтерінен алынды. Iшкi iстер министрлiгi жүйесiнен бiр жылда 1200 адам қуылды. 1987 жылдың қаңтарында, яғни, бiр айда 2300 адам «ішкiлiкке салынды» деген сылтаумен ақшалай айып төледі, оның ішінде, 150 адам күшпен емдеу орнына жiберiлді. Горбачев пен Колбиннiң алдында ақталу үшін партия жендеттері «маскүнемдер» мен «нашақорларды» осылайша қолдан жасады. Бiр ғана Алматының өзiнде сол кездерде маскүнемдермен күрес жөніндегі 128 жедел топ айналысыпты. Екi облыс таратылып, 14 министрлiк пен комитет қысқартылды, 33 мың маман жұмыссыз қалды. Алматыдағы үшкүндік толқулардың зардаптары міне, қысқаша айтқанда, осындай болды.
Содан бері табаны күректей 30 жыл уақыт өтіпті. Осы уақыттың ішінде Желтоқсан оқиғасының оты шарпып, жазықсыз қудаланған студент жастардың барлығы ақталды. Алматы қаласындағы көшенің аты Ербол Сыпатаев есімімен аталуы Желтоқсан оқиғасына өз бағасын беру болып табылады.
Алтынорда
[:]