АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Шешемді жеп қойыпты…»[:]

[:kz]

6DD0457C-5E66-45C5-8CB7-B69A55B797C1_mw800_sКүлімхан әжем марқұм, бертінде, жасы жүзге жетіп өмірден озды. ХХ ғасырдың басында дүниеге келген ол кісі зұлмат ашаршылықтың да, кешегі күркіреп өткен қан майданның да қасіретін бір адамдай-ақ тартқан екен. Әжемді тыңдасам, тірі тарихпен тілдескендей боламын.
– Мен ол кездері бой түзеп есейе бастаған шақта едім. «Кеңес өкіметі орнады» деп жатты біреулер. Заман ию-қию болып кетті ғой сол күндері… Біз бала емеспіз бе, көп нәрсені онша түсіне бермейміз. Ел ішінде мылтық асынған әскерлер көбейіп кетті. Олардан біз қорқамыз, анадайдан келе жатқанын көрсек жасырынып қаламыз. Шешем байғұс, неге екенін білмеймін, олар көрінсе-ақ бізді жасыруға әрекет етеді. Есімде, бетімізге батпақ жағып, үстімізге ескі-құсқы киім кигізіп, «осында тырп етпей жатыңдар» деп шөптің ішіне жасыратын. Қашан әскерлер кеткенше сол күйі қозғалмайтынбыз. Олар кеткен соң, шешем келіп бізді «аршып» алатын. Сөйтсек, әскер дегендер қыз-қырқынға да қынадай тиетін болса керек. Осылайша үреймен өмір сүріп жаттық. Бірақ ол заман да тыныш болған екен, нағыз азапты өмір содан кейін басталды. Колхоз деді, кәператив деді, әйтеуір, қараша халық түсіне бермейтін бір өзгерістер болып жатты. Ең жаманы – аштық еді. Киер киім былай тұрсын, ішерге ас-ауқат табылмады. Аштықтан бұратылып өлген адамдарды талай рет өз көзіммен көрдім. Біз талшық етпеген нәрсе қалмады ол күнде… Өлместің күнін кештік, бір тілім нан біз үшін үлкен арман еді. Шешем байғұс бір күні азық іздеп жолға шықты. Қайда бара жатқанын біз білген жоқпыз. «Тамақ тауып келеді» деп ойладық. Бірақ шешем сол кеткеннен қайтып оралмады. Бізді көрші әйелге табыстап кеткен болуы керек, ол шешем кешіккен сайын мазасыздана бастады. Іздеп көрмекке бел буып, қасына ересектеу баласын ертіп жолға шықты. Көп ұзамай еңіреп жылап келді. «Оны біреулер жеп қойған ғой», – деп солқылдайды. «Міне, киімдерін таптым, – дейді ол әйел. – Киімдері әр жерде шашылып қалыпты, денесін көп іздеп таба алмадым, «адам жегіштер шығыпты» деп естіп едім, бұл солардан келген іс болды ғой, әйтпесе мынадай күн суықта киімдерін шешіп тастайтындай не көрініпті?!» – деп боздайды. Оның айтқаны шындыққа айналды. Бір менің шешем емес, басқалар да ұшты-күйлі жоғала бастады. Енді тіпті үйден аттап шығудан қалдық. Аштыққа енді үрей қосылды. Алдағы күніміздің не боларын білмей сансырап жүрген күндердің бірінде «адам жегіш ұсталыпты, ауылдағы пәленше деген кісі екен, милиция келіпті» деген хабарды естідік. Пәленшенің кім екенін білетінбіз, «милиция сол үйге келіпті» деген соң біз де бардық. Шынында, адамдар көп жиналыпты. Милиция оны тергеп жатыр, расында да, үйінен адам сүйектері табылыпты. Сонда көргенім, адамның қол сүйегі айыр сияқты екеу болады екен. Тергеуші басқаларды да сұраққа тартты, кімнің туысы жоғалып кетті дегендей… Мен шешемді айттым. Бұл үйден айғақ заттар да шықты. О тоба, шешемнің білезігін танып, есімнен танып қала жаздадым. Шешемді жеген анық сол екен. Ол кінәсін мойындап, бәрін айтып беріпті. Міне, сол нәубетті де бастан кешірдік, талай адам аштан өлсе, талай адам қорқауларға жем болды. Әкем Рысқұлдан қалған жалғыз тұяқ мен ғанамын, туыс-туғаннан да ажырап қалдық. Жылап жүріп жетілдік, енді ешқашан мұндай зобалаңдар болмаса екен деп тілеймін, – деген еді әжетайым.
Еске алсақ, сол зұлмат күндерде сан мыңдаған адам жазықсыз жапа шекті, аяусыз өлім құшты, қынадай қырылған халықтың санында есеп болмады. Сол күндердің тірі куәгерлері, өкінішке қарай, қазір арамызда жоқ. Әжем есіме түскенде, оның өткен өмірі көз алдыма келеді. Тағдыр тауқыметін тартқан сол жандардың бейнесін бүгінгі ұрпағы, тәуелсіз елдің бақытты ұланы ешқашан ұмытпауы тиіс.

К.ҚАДЫРБАЕВА
Талғар ауданы
Алматы облысы

 www.zhasalash.kz

[:]