[:kz]
Тариф көтерілмей, тәртіп болмайды. Алматыдағы қоғамдық көлік иелері жол ақысы көтерілмей, оң өзгеріс болмайтынын ашық айтты. Соңғы уақытта автобустар жиі апатқа ұшырап, зардап шеккендер саны да көбейген. Жұрт мұны өз міндетіне салғырт қарайтын автопарктер мен жолды жарыс алаңына айналдырған жүргізушілерден көреді. Техникалық жағдайын айтпағанда, қоғамдық көліктерде тазалық та атымен жоқ.
Қоғамдық көліктегі мәдениеттің төмендігі, тазалықтың жоқтығы, жол ережесінің сақталмайтыны алматылықтар үшін қалыпты жағдайға айналған. Десе де, жұрт соғысқан, басқа да жағдайда жүрген автобустардың видеосын әлеуметтік желіге салып, наразылықтарын білдіріп жатады.
Көп жағдайда қоғамдық көліктер бағдаршамның қызыл түсіне өтеді, жүргізуші телефонмен сөйлеседі, шылым шегеді, жолға таласады. Ақысын төлегендерге билет бермей шулайтыны тағы бар. Осының жолын кесу үшін Алматы билігі былтыр «Оңай» жүйесін жаппай енгізген. Алайда, кондуктор атаулы қаптап әлі жүр.
-Біресе билетті береді, біресе жинап алады. Алған билетті неге жинайды?
-Кондукторлар адаммен дұрыстап сөйлесуді үйренсін. Мал емес қой автобусқа мінген.
Құлағы осындай шағымдарға үйреніп те қалған тасымалдаушылар жақын арада жағдайдың өзгермейтінін ашық айтып отыр. Себебі, қазіргі тариф пен шынайы жолақы құны бір-біріне сәйкес келмейді дейді олар.
Сәбит Шаяхметов, Алматы қаласы тасымалдаушылар қауымдастығының президенті:
-Жанармайды сатып алсақ, жалақы төлей алмай жатамыз. Қаржылай жағдайымыз өте нашар. Тоқтап қалудың алдында тұрмыз қазір. Қаладағы тариф 149 теңге.
Ал әкімдік жолдағы жағдайды түзеу жолаушының өз қолында деген пікірде. «Оңай» жүйесі кезінде тасымалдаушылардың қалтасына оңды-солды кетіп жатқан ақшаны есептеу үшін енгізілген. Алайда, оны қолданбай, ақшаны кондукторға ұстата салғанды жеңіл көретін жолаушы көп.
Мақсұт Исахов, Алматы қалалық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы:
-Біздің есебімізбен миллион жүру болады. Соның 600-700 мыңы «Оңай» арқылы өтеді. Арғы жағындағы 300-400 мыңы біздің системаға кірмей қалады. Егер қоғамдық көлікпен қолданушылар кондуктор мен жүргізушіден билет беруді талап етсе, онда бірте-бірте жағдай да түзелер еді.
Сондай-ақ, шенеуніктер тағы бір жаңалық енгізгелі жатқанын жеткізді. Енді жүрдек автобустарға арналған жол салынбақ. Соның алғашқы 8 жарым шақырымын төсеуге 2 млрд теңге бөлініп те қойған. Ал оны пайдалануға беру мерзімі келесі жылдың соңына белгіленген.
jasqazaq.kz
[:]