АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Алакөл Анталияға айналса…[:]

[:kz]

dc6a34cddcdc355994851dd7b6faf2eeШығыс өңірге жолы түскен жанның көңілінде ғажап әсер қалдыратын жерлердің дені Үржар ауданында десек қателеспесіміз анық. Әсіресе, денсаулығын жақсартып, дертіне дауа тапқысы немесе жаздың жайма-шуақ күнінде жақсы демалғысы келетіндер үшін суы шипалы Алакөлдің жөні бөлек. Жаз басталысымен алып көлдің айналасындағы демалыс орындарының да өзара бәсі қызып, адам тартудың сән-салтанатын бірінен бірі асырып түсіруге барын салады.
Облыста туризм саласының дамуы үшін де Алакөлдің маңызы айрықша. Сол себептен де Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жақында Үржарға барған сапарында Алакөлге арнайы ат басын бұрып, биылдан бастап Алакөлдің айналасында жылдағыдай ауа жайылып, айналаны ластауға жол берілмейтінін айтты. Әсіресе, көл жағасына демалыс үйлерін салып, ала жаздай қырғын пайда табуды көздеген кәсіпкерлерді көл айналасын таза ұстауға жауапкершілікпен қарауға шақырып, егер маусымның ортасына дейін санитарлық жағдайы сақадай сай болмаса, демалушыларды қабылдауға рұқсат берілмейтінін де ескерткен.
Демалыс маусымының ашылуына шамалы уақыт қалғандықтан, қазір көл жағасын абаттандыру жұмыстары қауырт жүріп жатыр. Соның өзінде мұндағы 147 демалыс базасының 50-ге жуығы ғана турист қабылдауға әзір. Алдағы шілде айына дейін иеліктеріндегі нысандарын даяр ету үшін өз қаражатымен топырақ тасып, тас төгіп, техника жалдау кәсіпкерлерге оңайға түспей тұрған тәрізді.
Иелігіндегі 24 орындық «Алмас» демалыс үйінің иесі, қарапайым зейнеткердің шынжыр табан трактор жалдап, есігінің алдын тегістетіп, тас төсеттіріп жатқанына куә болдық. Айтуынша, қыздары тұрмыс құрып кеткен, жалғыз ұлы биыл университет бітіреді. Күштің бәрі өзіне түсіп тұрғандықтан, жұмысшы ұстауға немесе жеке техника сатып алуға мүмкіндігі жете бермейді. Аты-жөнін айтудан бас тартқан ақсақал демалыс маусымы басталғанша, қарызға белшеден батуына тура келгенін жасырған жоқ. Ол «үкімет тарапынан арнайы қолдау көрсетілсе» дейді.
Бұл мәселеге байланысты пікірін білдірген Үржар ауданы әкімінің орынбасары Серікқазы Сәдуақасовтың айтуынша, көл жағасын көріктендіру жұмысына қатысу ең алдымен кәсіпкердің өзі үшін пайдалы. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығы немесе «ҚазАгро» арқылы қаражат алып, демалыс үйін жақсартуды көздеген адамға ешқандай кедергі жоқ.
– Көл жағасынан демалыс үйін салғандар тек қана дәулеттілер емес. Ешкімді алалауға жол беріліп отырған жоқ. Ойындағысын айтып келген кәсіпкерді түсінуге, қол ұшын беруге қашанда әзірміз. Олардың қайсысы болсын ең алдымен демалыс үйіне түсетін келушілерінің көңілінен шығуға ұмтылуы керек. Баға бәрінде бірдей. Күні үш-төрт мың теңгенің шамасында. Егер енгізген жаңалығы, басқаларынан артықшылықтары бар болуы себепті ақысы жоғарылау болса, ол өзінің еңбектенгенінің нәтижесі. Сондықтан ең алдымен клиент тартып, ойдағыдай пайда көздеген кәсіпкер демалыс базасын келушіге ұялмай ұсынуға ұмтылуы тиіс, – дейді Серікқазы Сәдуақасов.
Әкім орынбасарының айтуынша, кәсіпкерлер салықты уақтылы төлеуге келгенде салғырт. Өткен жылы көл жағасындағы кәсіпкерлерден аудан бюджетіне небәрі 27 миллион теңге салық түскен. Алакөлдің жағасында 147 кәсіпкерлік нысан бар екенін ескерсек, бұл өте аз сома.
Облыстық бюджеттен көл жағасын абаттандыруға 500 млн теңге қаражат бөлінген. Оның 150 млн теңгесіне қазір үлкен саябақ салыну үстінде. Саябақ демекші, мұндағы кейбір жұмыстарға айналадағы ауыл тұрғындарының өзара ұйымдасып келіп, қолдарына күрек алып, топырақ қопсытып, гүл, тал отырғызып жатқанын да көрдік. Маусымның 20-сына дейін саябақтағы құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс. Алакөлде бұдан өзге, заман талабына сай жағажай мен түрлі қызмет көрсету орындары жұмыстарын бастайтын болады. Көл жағасындағы тәртіпті бақылау үшін 83 бейнекамера орнатылып, төрт полиция пункті қауіпсіздікті қамтамасыз етпек. Ал демалушылардың денсаулығын тексеруге екі медициналық пункт жауапты болмақ.
Қазіргі күні Алакөлдің жағасында жеті шақырымнан астам жол асфальтталып, екі шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Алакөлді күтіп ұстау және оны көріктендіру қолда бар алтынның қадірін білумен бірдей екенін ұғынған ауданның ендігі үміті – келушілердің қарасын жылдағыдан да арттырып, туризм бизнесін дамыту.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы

zhasalash.kz

[:]