[:kz]
Таяуда Астанада Дүниежүзі қазақтарының 5-ші Құрылтайы болып өткені белгілі. Бұл жиында исі қазақты толғандыратын талай мәселелер көтерілді,
жаңалықтар орын алды, жоспарлар жасалып, Президент Н.Назарбаев тарапынан тиісті министрліктер мен құрылымдарға тапсырмалар берілді.
Осы жиынға әлемнің 39 елінен 350 қазақ ұлтының азаматы келіп қатысқан болатын. Олар өздерін толғандыратын мәселелерді көтерді, атқарып жатқан жұмыстары жайында айтып берді. Жұртшылықты әсіресе бүгінде Италияның Милан қаласындағы Боккони университетінде қызмет істеп жүрген қаракөз қазақ қызыӘйгерім Болаттың сөздері қатты толғандырды десек болады. Әйгерім өзінің қазақ қызына тән мінезімен, сөзімен, іс-әрекетімен жұртты қатты сүйсіндірді.
«Сіздің Дүниежүзі қазақтарының 3-ші Құрылтайында айтқан: «Шетелдердегі әрбір қазақ баласының мен Отаныма не беремін деп ойланатын кезі келді», – деген сөзіңізден кейін мен өз білімімді Ата жұртым – Қазақстанға жұмсауды шештім, – деді Әйгерім. – Содан бері Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосуға тырысып келемін. Мен Сингапур Ұлттық университетінің Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінде 7 жылдай уақыт жұмыс істедім. Сол кезде екі ел арасындағы білім саласы бойынша жасалған бірнеше келісімдерді жасауға атсалыстым. Соның нәтижесінде Қазақстанның 150-дей мемлекеттік қызметкерлері мен министрлерінің және басқа да лауазым иелерінің білімдерін жетілдіруін Астанада және Сингапурде ұйымдастырдым. 2012-жылы Назарбаев университеті мен Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінің арасында 5 жылға келісім-шарт жасалуына мұрындық болдым. Бұл келісім-шарт өткен мамыр айында тағы да 5 жылға ұзартылды. Осының аясында қазақ жастары ғана емес, Орта Азия жастары да мемлекеттік саясат мамандығының қыр-сырын үйреніп жатыр.
Мен осыдан екі жыл бұрын Италияға қоныс аудардым. Қазір Боккони университетіндегі жұмысыммен бірге Ли Куан Ю жоғары мектебінің Назарбаев университетімен байланысы бойынша жауапты кеңесшісімін. Сондай-ақ Боккони университеті мен Қазақстанның мемлекеттік басқару академиясы арасында ынтымақтастық байланыс орнаттым.
Менің бұл аз ғана еңбектерімді тарихи Отаным – Қазақстанның дамуына қосқан кішкентай ғана перзенттік үлесім деп қабыл алыңыз».
Осылай деген Әйгерімге жұртшылық бірнеше мәрте қол шапалақтап құрмет көрсетті.
Әйгерім Монғолияда туып-өскен екен. Кейін Чехияда және Сингапурде жоғары білім алыпты. Ол өз сөзінде ағасының Түркияда, інісінің Ресейде жоғары білім алғанын, қазір Қазақстанда еңбек етіп жүргендерін де айтып өтті.
«Қайда болсақ та біз қазақы болмысымызды, ата дәстүрімізді, ана тілімізді берік сақтап келеміз. Себебі – қанымыз қазақ, жанымыз қазақ», – деді Әйгерім.
…Осы орайда айта кетейік, Әйгерім студенттерге дәріс беретін Боккони университетінің 115 жылдық тарихы бар. Ол Миланда сонау 1902-жылы Фердинандо Боккони есімді қайырымды азаматтың жеке қаржысына салынған. Италия жоғары оқу орындары алғашқы қарлығаштарының бірі, ең беделді білім ошағы. Ол әлемдегі ең озық 20 бизнес-мектептің қатарына кіреді. Бүгінде экономика, қаржы, құқық және іскерлік әкімшілік және тағы басқа да мамандықтар бойынша оқытады. Сабақ ағылшын тілінде жүргізіледі. Бұл оқу орны әлемнің 46 еліндегі 156 университетпен іскерлік байланыс орнатқан.
Боккони университетін бітіргендер бакалавр, ғылым магистрі, менеджмент, экономика, құқықтану докторы сияқты заманауи мамандықтар алып шығады. Оның дипломы әлемнің қай түкпірінде болса да жарамды.
Әйгерім қыз, міне, осы беделі биік оқу орнында студенттерге сабақ береді. Сондай-ақ ол осындағы мемлекеттік басқару магистратурасы бағдарламасының директоры қызметін қоса атқарады екен. Өзі әлемнің 7 тілін еркін меңгеріпті.
Осындай жастарымыз көп болса ғой, шіркін!
Р. ҚЫДЫР
Zamana.kz
[:]