[:kz]
Әр жылы 16-желтоқсан жақындаған сайын қазақтың жүзінен қуаныш пен мұңның табы қатар білінеді. Қуанышымыз аңсап, армандап жеткен тәуелсіздікпен байланысты болса, мұңымыз осы азаттық жолында талай қысылтаяң жолдардан өткен, қанын төккен, жанын пида еткен боздақтарды еске түсірумен байланысты. Өйткені, тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Арғысы Кенесары ханның елін орыстан бөліп алмаққа ұмтылған ғазауатынан басталса, берісі 1986 жылдың қаралы желтоқсанында қазақ жастарының “Қазақты қазақ қана билесін” деп Алматының мұзды алаңында жаққан намыс алауымен жалғасын тапты. Күні кеше болғаннан кейін бе, әсіресе соңғысының жүректерге түскен жарасы әлі жазылған жоқ. Қатыгез жүйенің құрбаны болып, “өзін-өзі өлімге қиды” делінетін Қайрат Рысқұлбековтың ажалының құпиясы ашылып, ақ-қарасы ресми дәлелденген жоқ…
Қайрат қандай бала болды?
Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. Ата-анасы, бауырлары да бала күнінде Қайраттың ерекше бала болғанын айтады. Анасы Дәметкен өз сұхбаттарында: “Кішкентайынан зерек, біртоға бала болып өсті. Өте ұқыпты болатын. Сурет салғанды жақсы көретін. Бір-екі ауыз өлең шығарып, туған күнімізде оқып беруші еді. Болмаса аппақ параққа гүл салып сыйлайтын. Адамды қуантуға жаны құмар еді. Салмақты еді. Оқуды да үздік аяқтады. Әскерден келгеннен кейін оқуға түсуді қалады. Талпынысын көрген соң біз де қарсы болмадық. “Мен сіздерден ақша сұрамаймын. Барып бағымды сынаймын. Түспесем қайтып келемін” деп кеткен. Қолынан бәрі келетін. Қора-қопсы, анау-мынауды өзі жасай білетін. Сәулет-құрылыс институтын да сол себептен таңдаған шығар. Сол оқуға түскен жылы Желтоқсан болды”, — деп еске алады. Ал тете өскен інісі Талғат: “Ол 7-сыныпта жүргенде комсомол қатарына өтіп, комсомол комитетінің хатшысы болды. Қандай адаммен болсын тіл табыса білетін. Белсенді, тазалыққа жаны құмар еді”, — дейді, ағасы туралы естеліктерінде.
Өзге де естеліктер Қайраттың бала күнінен өтірікке жаны қас, ақкөңіл, адал бала болғанын айғақтайды.
Қайрат алаңға қалай шықты?
Қайрат Алматыға келіп, оқуға түсіп, студент атанған алғашқы жылы-ақ Желтоқсанның қанды көтерілісі орын алды. 1986 жылы қазақты ұзақ жылдар басқарған Дінмұхаммед Қонаев басшылықтан алынып, орнына Мәскеуден келген Геннадий Колбин отырғызылды. Бұл оқиға жастардың ашу-ызасын тудырып, алаңға бейбіт шеруге алып шығарды. Бірақ бейбіт шерудің соңы қанды қырғынға ұласып, жастарды алаңнан күштеп тарата бастады. Қайрат алаңға қалай шыққаны туралы өз хаттарында “Мен 18 желтоқсан күні 1986 жылы алаңға бардым, көпшілікпен бірге. Барғанда да Қонаевтың күйін күйттеп барған жоқпын. Тек қана, ол жерге барған себебім, бар мақсатым, біріншіден, ол жерде не болып, не істеп, не қойып жатқанын өз көзіммен көру болды. Екіншіден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтіріп жатыр, дегенді елден естіген соң, өз басым қолымды жайып “күл болмасаң, тұл бол” деп отыруға еркектік ар-намысым еш жетпеді. Ер қатарында ер қара боп, саны бар сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспін, Құдайға шүкіршілік, менің де көркейген кеудемде нағыз ерге лайық “намыс” баршылық. Оның үстіне “қыздың жолы – жіңішке” деген. Менің түсінігімше, әйел адамға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардың, хайуандардың еркегі де ұрғашысына мүйіз, я болмаса тұяғын көтермейді. Ал, біз бәріміз де аң емес, адамзаттың ұлы – адамбыз, сондықтан ер адам әйел затына қол көтеріп, қол жұмсауға тиіс емес, әуелі еш правосы жоқ”, — дейді. Әрине, Қайрат мұнда алаңға қыздарды қорғау мақсатымен ғана шыққанын жаладан құтылу үшін айтып тұр. Ал негізінде оның «қазақты қазақ басқарсын», «қазақ қазақ тілінде сөйлесін» деген үлкен мақсаттарды ту етіп шыққанын өлеңдеріндегі отты сөздер, ұлттың намысын жаныған шумақтар айғақтап тұр.Қайратқа жабылған жала
Қайрат та алаңға келіп, жағдайды көзімен көргеннен кейін шашынан сүйреліп, соққы жеп жатқан қазақ қыздарын мұздақаруланған солдаттар мен милициялардан арашаламаққа ұмтылды. Қарсы қол көтерген сәттері де болды. Көтеріліс сондай күштердің ықпалымен басып, жаншылып тасталғаннан соң алаңға шыққан жастарды жаппай оқудан шығару, соттау науқаны басталып кетті. Ал Қайраттың мойнына кездейсоқ өлген бір орыстың өлімін ілді де, түрмеге тоғытты. Бірақ ол соңғы демі шыққанша өзінің ақтығын айтып, сөзінен танған емес. “Әйел затына ер болып өз қол ұшымды беріп, көмектесуге, оларды арашалап, қорғау үшін барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше бар көмегімді бергенім де рас. Ол үшін әлі күнге дейін еш өкінбеймін, керісінше үлкен мақтаныш тұтамын. Бірақ та, бір Құдай өзі куә, адам баласын еш өлтіргенім жоқ. Мұндай айуандық жасаудың өзі сормаңдай менің қолымнан келмейді. Ал әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегені үшін бір милицияны ұрып-соққаным рас. Ол адам күні-бүгінге дейін аман-есен зыр жүгіріп жүр. Өз қолыммен жасаған бар теріс қылық, бар қылмысым осы ғана. Ал маған “жығылғанға жұдырық” деп зұлымдықпен мойныма ілген “адам өлімі” – менің ісім емес. Мұның бәрін, ою-қиюын келістіріп, көпе-көрнеу жала-жалғандықпен мен сорлының мойнына жүз қайтара орап ілген “ұялмайтын бес гектардай беттеріне талмайтын жақ берген” албасты атқан тергеушілер мен әбжылан жалақорлардың ісі”, — дейді Қайрат соңғы хатында.
“Еркек тоқты – құрбандық, Атам десең, атыңдар!”
Сонымен не керек, сотта Қайратқа доспыз деп жүрген жолдастары алаңда одан көз жазып қалғандарын айтып, “қылмысқа сол кезде барған болса керек” деген дүдәмал ой тастады. Солай өз қара бастарының қамы үшін достары оны сатып кете барды. Қайраттың адам өлтіріп жатқанын көрген өзге де жалған куәлар табылды. Солай қыршын жас ату жазасына кесіліп кете барды. Үкім оқыған сот одан “Ақтық сөзің не?” дегенде Қайрат қазір біз жатқа айтып жүрген мына атақты өлеңін оқыған еді:
Ал енді қазір неткен күн?
Орыстан ынсап кеткен күн.
Тізесі қатты батқан соң,
Шыдамастан ақыры
Қарғыс атқан алаңда,
Қарғыс атқыр туған күн.
Қаймана қазақ қамы үшін
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.
Сөйлесем даусым жетпейтін,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой
Басты себеп жанжалға.
“Ақтық сөзің не?” деген
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтайын оны халқыма:
Жоқ пиғыл менде жасымақ.
Қорлай да беріп қайтадан
Титыққа орыс жетпесін.
Туған жердің намысы,
Бөтен қолда кетпесін.
Салт-санадан айырылып,
Арақтан ұрпақ азбасын.
Ер көркейтер азамат,
Қызғаныштан тозбасын.
Абай туған жерінде,
Бомбасын атом жармасын.
Құлыптасты қиратып,
Өлігіңді қазбасын.
Өз ұлтыңның басшысын
Орнынан сүйреп алмасын.
Осы айтылған ақтық сөз,
Туың болсын әрдайым.
Мойныма алып жаланы
Мен болайын Құрбаның.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
“Еркек тоқты – құрбандық”,
Атам десең, атыңдар!
Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.
Қош аман бол, артымда
Ағайын-туған азамат!
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым, саған аманат!
Естелік жазушылар “Қайрат тірі болса үлкен ақын болар ма еді?!” дейді. Бірақ Алла оған ақындық ғұмыр жазбаған екен. Ең қызығы, дәл осы сотта белгілі саясаттанушы Дос Көшім тілмәштық қызмет атқарыпты. Ол ауыр кезең туралы: “Қайрат сотта екі өлең оқыды. Бірі “Ей, прокурор!” деп басталып, түрмедегі жағдайын баяндайтын өлең, екіншісі – “Ақтық сөзі”, яғни баршамызбен қоштасуы еді. Соттың төрағасы Ефим Грабарник деген еврей маған “Өлеңді аударып бер” деді. Мен: “Өлең аударылмайды. Ол әке-шешесімен қоштасу бағытында жазылған”, — дедім” деп еске алады, Дос аға. Қайраттың соңғы сөзі анасына қаратып айтылған: “Мен кінәлі емеспін, апа! Жаламен кетіп барамын. Баратын жеріңе бар, жазатын жеріңе жаз!” болыпты. “Баламның сол кезде шырқыраған құлын дауысы құлағымнан кетпейді”, — дейді ол оқиғадан арада 20 жыл өткенде де Дәметкен апа.
Ал Қайраттың өлеңдері Дос Көшімнің арқасында бізге жетіп отыр. Ол қорғаушы солдаттардың бастығымен таныстығын пайдаланып, Қайраттың өлең дәптерін қолға түсіреді. Әйтпесе, олардан ештеңе алғызып, бергізбейді екен. Кейін Дос Көшім сол дәптерді Қайраттың інілеріне тапсырады. Сол дәптерде Қайрат өлім жазасын естігендегі көңіл-күйін былай жеткізеді: “Дүниедегі ең сұмдық зұлымдықты сот алдында азамат сотынан көрдім. Әділетсіздікпен сот кәрін септі, жас гүлге өлім септі, зұлымдықпен атып тұрды да, “ату жазасы” деп жас жүрекке найзаны сұқты-кетті. “Бақ түссе – маңдайымнан, тас түссе – талайымнан”, көріп алдым, маған өлім қорқынышты емес, өйткені адалдығым одан биік тұр”.
“Бостандықта кездесеміз әлі де”
Қайрат өлім жазасына кесілгеннен кейін де тіршіліктен күдерін үзбей, үйдегілерге: “Көңіл-күй көтеріңкі. Қасымдағы Мырзағұл деген кісінің приговорын өзгертті, яғни 15 жыл ерекше режим және 5 жыл жер аудару. Мырзағұлға қарап, не дегенмен кеудеміздегі үміт шоғы аздап лаулап жана бастағандай. Төбеміздегі тұрақтаған қайғының шет-жағасы аз да болса сөгілгендей. Сөйтіп, бір-жарым жақсылықтың иісі мұрынға келіп, танауды қыттықтайтын сияқты” деп жазады. Бұл хатының астарында «20 жылға кесілсем кесілейін, өлім емес қой, әйтеуір” деген үміт тұр. Ал 1987 жылдың 23 қыркүйегінде жазған хатында: “Көкірегімде сол жалғыз үміт пен шексіз қиял. Жазатын қол жеткен жердің бәріне жаздым, кім біледі артының не боларын. Жоғарылар ақтаса ақтар, болмаса Құдай сақтар”, — дейді. Өзінің “Кездесеміз әлі де” атты өлеңінде:
Әкетай-ау, пайғамбардай жасың бар,
Туа бермес сіз секілді асылдар.
Қартайғанда жүрегіңде жаралап,
Кесір болды-ау біз секілді “масылдар”.
Қараңғылық баста тұрмас қашанда,
Бостандықта кездесеміз әлі де.., — деп жырлайды ертеңіне деген сеніммен. Рас, Қайраттың үміті, күткені ақталды. Оған кесілген ату жазасы қатаң режимдегі 20 жыл түрмеге ауыстырылды. “Осындай үлкен үмітпен күтілген шешімге Қайрат қуанған болар, “ақталам” деген сенімі нығая түскен шығар” деген ой жоғарыдағы жазбалардан кейін барлығымызға келері анық. Бірақ неге екенін Қайрат қуанбайды, керісінше, өзін-өзі өлімге қия салады. Олай болуы мүмкін бе?!
Қайратты “Цыган” өлтірген болуы мүмкін
Қайрат Рысқұлбековтың жазасы 20 жылға ауыстырылғаннан кейін, ол кесімді мерзімін Свердловскідегі түрмеде өткізу керек болатын. Бірақ неге екенін, оны Свердловскіге апара жатқан жолда Семейден түсіріп алып, 21-камераға қамайды. Жанына “Цыган” атты лақап есімі бар Кузнецов деген қылмыскер мен Власенконы отырғызады. Ал 1988 жылдың 21 мамырында Власенко оны өзінің майкасына асылып жатқан күйінде табады. Інілері Қайраттың туфлиіне шаң жұқтырмайтын, таза, кірпияз жан болғанын айтады. Өз киімі тұрғанда Власенконың кір-кір майкасын өлсе алмас еді дейді. Ал артында қалған соңғы хатын Кузнецов алып, жоқ қылғанын Власенко кейін Қайраттың туыстарына әңгімелеп берген. Сол үшін “Цыганның” түрме басшыларынан наша мен шошқа майын сыйлыққа алғанын да айтады. Бірақ ең қызығы, жоғалған хат мекен-жайын дәл тауып, Қайраттың ата-анасына тапсырылады. Онда Қайраттың өлімге бас тіккені, ата-анасынан кешірім сұрағаны, барлығымен қоштасқаны жазылған. Бірақ туыстары да, достары да хаттың Қайратқа тиесілі екендігіне сенбейді. Желтоқсан туралы түсірілген “Аллажар” фильмінің режиссері Қалдыбай Әбенов хаттағы жазудың Қайраттың қолына ұқсамайтындығын, стилі Семей диалектикасына жақын екендігін және өзге де көптеген қайшылықтарды көрсетіп, үлкен мақала жазды. Бұдан шығатын қорытынды, Қайратты айтулы қылмыскер “Цыганның” өлтіріп, асып қойған болуы мүмкін деседі. Ал хатты түрме басшылары соңғы жазған хатының соңына өздерінің ойларын қосып жазып, оны басқа біреуге көшірткен. Солай Қайраттың ата-анасына жіберген. Ең сорақасы, баласының өлімін естіген Ноғайбай ақсақал мен Дәметкен апаны балаларының сүйегін алып кетуге бармақ болғанда Жамбылдағы шолақ белсенділер қорқытып, жібермеген. Ал Семейдегілер “үш-ақ күн береміз” деп, кейін өздері астыртын жерлей салған. Осының барлығы Қайраттың туыстарының көңіліне күдік ұялатып, өмірге құштар жастың “өз-өзін өлтіруі мүмкін емес” деген ойға жетеледі…
Қайрат – “Халық қаһарманы”
Қайрат Рысқұлбеков 1992 жылы ақталды. Оған дейін ата-ана, бауырлары “халық жауының” туыстары ретінде айыпталып, түртпектегендер көп болды. Қайраттың өзі “Анама” атты өлеңінде:
Қайран анам, күзеткенің түгел ме?
Көктеректе жазықсыз екенімді біле ме?
Бейшараңды мазақ етіп жоқ әлде,
Саған-дағы елің, жұртың күле ме? – деп, ана жағдайына дәл алаңдағандай. Сөйткен Дәметкен апа 1996 жылы ұлының атына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан еліміздегі ең жоғарғы марапат “Халық қаһарманын” алды. Президент күні кеше берген сұхбатында сол марапаттың Қайрат арқылы Желтоқсан батырларының барлығына берілген атақ екенін айтты. Бірақ “Желтоқсан сайын жетім боп, Бір жылап алар жүрек бар”, — деп ақын Есенғали Раушанов жырлағандай, Желтоқсан салған жүректегі жаралар жазыла ма?! Әрине, басымыздағы тәуелсіздік болмағанда жазылмай, шемен болып қатып та қалар ма еді… Бірақ енді жазылады, жазылуға тиіс…
[:]