[:kz]
Аяз айтып келді. Апта басынан бері басталған сарышұнақ аяз қазір кәріне мініп-ақ тұр. Алматының ылғалы -25 градустың өзін көтере алмай, сақ-сақ күледі. Шаһардағы үйсіз-күйсіздерге баспана болған бейімдеу орталығы аузы-мұрнынан шығып жатыр. 180 адамға шақталған мекемеге қазірдің өзінде 200-ге жуық қаңғыбас тұрақтаған. Аяқ-қолы үсіп, далада қалып, жансақтау үшін келіп жатқандары қаншама?! Базар мен теміржол вокзалдарын жағалап, күнделікті нәпақа тауып жүргендер де қара суықтан тоңып осында ағылыпты. Қарлы-боранда тапқан баспанасы, бұл.
Бізді қарсы алып, жолбастап жүрген Жанна мен Айнагүл бір жылдан бері осында жұмыс істейді. Жанна Жақыпбекова орталықта осы уақыт аралығында кімдердің паналағанын айтып берді. Ол «Мұнда Сапарбай Арынов деген физик болды. Жуырда кетіп қалды. Цыганов деген спортшы бар еді. Оны жақындары алып кетті. Т.Жүргенов академиясын бітірген Руслан Сиқымбеков деген композитор түскен. Ол Мақпал Жүнісованың бірнеше әнінің авторы екен. Ол жігіт те көп тұрақтаған жоқ. Ондай намысты кісілер мұнда көп жатпайды» — деп түсіндірді. Ал Айнагүл Жаскелеңова бізге Қарағандының бұрынғы милиция мектебін оқыған әйелдің осында жатқанын жеткізді. 49 жастағы Гүлзира Таласбаеваны фотокамерадан жүзін жасырып отырды. Сөзге сараңдау кісі екен. Бірақ тағдырының қалай тас-талқан болғанын баяндап берді. «Қарағандыдағы милиция мектебін бітірген соң, заңгер болып бірнеше жерде жұмыс істедім» — деп бастады әңгімесін. «Былтыр үйім өртеніп кетті. Сол жолы барлық құжатымнан айырылдым. Содан кейін, міне мынандай жағдайға тап болдым. Күзден бері осында жатырмын. Құжатым қалпына келсе, жұмыс тауып істесем деген ойым бар» — дейді.
Баспанасыздардың баспанасында алуан тағдыр бар. Қайсыбірін айтып тауысасыз?! Осында келіп, бірімен-бірі танысып, табысып жататын ерлі-зайыптылар да бар. Үш рет түрмеге түсіп шыққан қандықол да жүр арасында. 14 жастағы қызды зорлаған азғын да әлгі 200 міскіннің арасында отыр. «Алтын алқа» иегері – көп балалы ана бауыр еті балаларына сыймай, осында тұрақтапты. Ауған соғысына қатысқан екі батырды кездестірдік. Бірі – қазақ, бірі – орыс ұлтының өкілі. 55 жастағы Александр Сергеевичпен тілдестік. Өз өмірін өзі құртқанына қатты өкініп отырғанын айтады. «Ауған соғысының ардагерімін» деп айтудан ұяламын» — дейді. Екінші ардагер бізге сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Біз де қыстай алмадық.
Келген ізімізбен кері қайтып бара жатқанбыз. Есік көзінен орталық қызметкерлерінің тағы екі қаңғыбасты әкелгенін байқап қалдық. Біреуі қолын жайып ақша сұрады. Біреуі удай мас.
Аяз қысқан Алматы қалтырап тұр. Ал орталықты пана қылған қаңғыбастар жыл құстары сияқты көктем келсе «ұшып» кетеді.
Жарас ШӨКЕ,
Салтанат ШЫРЫНХАН
jasqazaq.kz
Суреттер jasqazaq.kz сайтынан алынды
[:]