[:kz]
«Қоғамдық көліктерде жағдай жасалмаған!», «Жолақы қымбат!», «Жүргізушілері дөрекі!», «Оңай» картасының әуресі көп», «Автобустар кішкентай, жолаушылар әрең сияды»… Осындай шағымдарды алматылық тұрғындардан жиі естиміз. Бұл мәселелер қалай шешіледі? Қашан шешіледі? Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі мұның жауабын Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исаховтың өзінен біліп қайтты.
Қоғамдық көлік жүргізушілері жол ережесін бұзбайтын болады
2016 жылы Алматыда аялдамадан тыс жерде автобустан түскен оқушыны троллейбус қағып кетті. Халықтың зәресін ұшырған мұндай оқиға бірнеше рет қайталанды. Осыған байланысты биылдан бастап қоғамдық көліктерде жол ережесін бақылайтын камералар орнатылуы мүмкін.
Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исаховтың айтуынша, бұл жоба биыл жүзеге асуы ықтимал.
– Автобустың алдыңғы және артқы бөлігіне камера орнатылып, жол ережесінің бұзылуы тіркелетін болады. Егер автобустар «А» жолағынан шығып кетсе немесе рұқсат етілмеген жерде жолаушыларды түсірсе, ол бірден тіркеліп, «ГЛОНАСС» арқылы автоматты түрде ІІД-ге жолданады», – дейді Исахов.
Қазір жобаны қаржыландыру үшін қала бюджетіне өтініш жолданған.
Жолақы қымбаттауы мүмкін
2012 жылы Алматыда жолақы 50 теңгеден 80 теңгеге қымбаттады. Содан бері Қазақстанның басқа қалаларында жолақы тарифі екі-үш рет өзгерген екен. Тек Алматыда ғана баға көтерілген жоқ. Исаховтың сөзінше, автобустардың қосалқы бөлшектері мен жанармай бағасы қымбаттады, инфляцияның да әсері бар. Сол себепті жолақыны өсіру мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда ондай қаулыны шығару үшін кем дегенде екі ай уақыт кетеді.
«Субсидия бөлінсін десең, жаңа автобус ал!»
Исаховтың айтуынша, биыл 44 маршрутты субсидиялауға қала бюджетінен 7,9 млрд теңге бөлінген. Әлі де бөліне береді. Тек бір шарты бар: тасымалдаушы алдымен жаңа автобус алуы керек, содан кейін ғана субсидияға қол жеткізеді. Себебі ақша бөлінгенімен, оның қайда жұмсалғаны белгісіз күйде қалатын жағдайлар көп болады екен. Сондықтан Исахов тасымалдаушыларды бірінші автобустарын жаңартуға міндеттеді.
Дөрекі жүргізушілер мен кондукторлардан құтыламыз
«2017 жылы Шымкентте ардагерді автобустан қуып шықпақ болған кондуктор мен жүргізуші жұмыстан қуылды». «Алматыда жолаушымен сөзге келген кондуктор мен жүргізуші қатаң сөгіс алды». «Алматыда кондуктор жолаушыны автобустан қуып жіберген».
Дәл осындай ақпараттар БАҚ бетінде өріп жүр. Автобус жүргізушілері мен кондукторлардың дөрекілігі жолаушылардың шамына тиіп бітті. Кейде, керісінше, жолаушылар автобус қызметкерлерінің жүйкесін жұқартуы мүмкін. Қалай десек те, жолаушы мен тасымалдаушының арасында түсіністік орнағаны жөн. Басқарманың назарынан бұл да тыс қалмады.
— Негізі автобуста кондуктор болмауы керек, жүргізушінің өзі жеткілікті», — дейді Исахов.
Алайда кейбір жолаушылар кондуктордың жоқтығын пайдаланып, жолақыны төлемей қоюы мүмкін. «Оңай» картасында ақша болса да, 80 теңгесін қимай отыра беретіндер бар. Мақсұт Исаховтың пікірінше, мұндайда жүргізушілердің наразылығына түсіністікпен қараған дұрыс.
Мысалы, 12-ші бағыттағы автобус жүргізушісі жолақысын төлемеген жолаушыларға ашуланып, автобусты тоқтатып тастаған. Жүргізушінің сөзінше, автобус салонында 70-тен астам адам болған, оның 17-сі ғана «Оңай» арқылы төлем жасаған. Мақсұт Исахов ол жүргізушінің өзімен жеке сөйлескенін айтты.
— Жүргізушілердің жұмысы ауыр. Таңғы 5-тен тұрып, кешкі 9-да жұмысты аяқтап, түнгі 11-де үйіне шаршап әрең жетеді. Төрт-ақ сағат ұйықтайды. Мен жүргізушіге: «Автобусты тоқтатып тастағаның қате», — дедім. Бірақ ол солай істеуге мәжбүр болған. Мен оның әрекетін ақтамаймын, алайда жолаушылар жүргізушіні мұндай жағдайға жеткізбеуі керек еді, — деді Исахов.
«Негізгі мәселе – жалақыда»
Басқарма басшысы жүргізушілердің жалақысына қатысты пікір білдірді. Оның ойынша, жүргізушілердің тәртібі мен мәдениеті тікелей жалақысына байланысты.
— Меніңше, негізгі мәселе – жалақыда. Біз транспорт компанияларының есебін алып отырамыз, онда төменгі жалақы 189 мың теңге деп көрсетілген. Ал жұмыс кестесін қараңыз. Олар таңғы 6:30-нан кешкі 21-ге дейін жүреді. Сондықтан Алматыда жүргізушілер жетіспейді», — деді Исахов.
Жолаушылар неге наразы?
Жолаушылар автобустардың уақытылы жүрмейтініне, қызмет көрсету сапасының нашарлығына, ішінің ластығына наразы. Мақсұт Исахов биыл бұл мәселені де шеше бастағанын мәлімдеді. «Көшеден жасыл түсті автобустарды байқасаңыз, сөзімнің растығына көзіңіз жетеді», — дейді ол.
Себебі ондай автобустарға субсидия бөлінеді. Ал субсидия бөлінетін әр автобуста екі жүргізушіден отырады, жалақылары 150 мың теңгеден кем болмайды.
Жасыл автобустар қала экологиясына зиянсыз
Экологтардың дерегінше, ауаға тарайтын улы заттардың 80 пайызы көліктерден шығады. Алматыда 800 мыңға жуық көлік тіркелген, оның бір жарым мыңы – қоғамдық көліктер. 160 троллейбус бар. Ал автобустардың тең жартысы бүгінде газбен жүреді.
— Биыл 499 автобус әкелінді, оның 388-інің қозғалтқышы «Еуро-5» талабына сай. «Еуро-5» стандартты көліктің түтіні – газбен жүретін автобустардың түтінімен бірдей, — деді Марат Исахов. Яғни жаңа автобустар қаланы ластамайды.
Субсидияланатын жаңа автобустарға мынадай талаптар қойылады:
— қозғалтқышы «Еуро-5» стандартына сай болуы керек;
— салонында желдеткіш болуы керек;
— мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы болуы керек;
— едені аласа болуы керек.
Алатау ауданында 200 автобусқа арналған автопарктің құрылысы басталды. Құрылыс биыл желтоқсанда аяқталады деп жоспарланып отыр. Ондағы 200 автобустың бәрі газбен жүретін болады және автобустарды жабдықтайтын газ станциялары да іске қосылады.
Автотұрақтардан түсетін пайда
Басқарма басшысы ақылы тұрақтардан бюджетке елеулі пайда түсіп отырғанын айтты.
— 10 көшенің бойында ақылы тұрақ жасадық. Соның өзі бюджетке түсетін түсімді 5 есе арттырды, — деді ол.
2017 жылы ақылы автотұрақтар 290 млн теңге табыс әкеліпті. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 32 млн теңге болатын.
[:]