[:kz]
Кейде менің қаланың орталық көшелеріне барып серуендейтін кездерім болады. Осындайда, әсіресе автобус Тәуке хан даңғылына жеткенде 8 – 11 жастар шамасындағы баланың: «Көмектесіңдерші…» – деген жалынышты даусы естіледі де, сосын жұрт арасынан өзі көрініп, қолын жайып, жұртты жағалап шығады. Мұндайда мен тіксініп қаламын. Сосын қайыр сұрағандардың басқа ұлттан екенін көріп жүрегім орнына түседі.
Біздің жастық шағымыз соғыстан кейінгі қиын кезеңге тап келді, бүкіл бір ауыл халқы қайыршы болып кетудің алдында өмір сүргенін көзіммен көріп өстім. Бірақ біреуге біреу қолын жайып, қайыр сұраған емес еді. Бірінің жетпегенін бірі жеткізіп, жарты нанды теңдей бөліп жейтін.
Мен сол замандағы адамдардың ділінің тазалығына қайран қаламын. Ал қазір кекіре тұрып қайыр сұрайтындар көп, тіпті кей балалар ермекке қайыршылық жасап жүр. Жаман нәрсе індет сияқты жұққыш келеді ғой. Оның үстіне біз еліктегіш халықтың ұрпағымыз. Арасында қазақ баласы бүгін жоқ болғанымен ертең соларға еліктеп қайыр сұрап жүрмесіне кім кепіл болады?
Сол еліктегіштігімізден келімсек басқа ұлттардан арақ ішуді үйрендік те, кейін олардан оза ішетін болдық. Содан қазақтардың арасында маскүнем қаңғыбастар шыға бастаған еді. Енді кей балалар сол еліктегіш ауруымыздан зардап шегіп, қайыршылық жолға түсіп, қаңғырып жүрмесе деп қорқамын.
Сонда оларға кім тыйым салады? Негізінен мұндай балалармен әңгіме өткізіп, ата-анасын анықтап, оларға ескерту жасау керек-ау!
Қ. БЕКЖАН,зейнеткер.
Zamana.kz
фото .kurer-sreda.ru/
[:]