АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]НЕ ЖОҚ БОЛСА, СОЛ – ЗӘРУ, НЕ ЗӘРУ БОЛСА, СОЛ – ДӘРУ[:]

[:kz]

Амал жоқ, айта-айта жауыр болған тақырыпты қайта көтеріп, әлсін-әлсін жазуға тура келеді. Жоқ, жазатын тақырып таба алмай қалғандықтан емес, бүкіл қоғам мүшелерін жылдар бойы толғандырған аса маңызды мәселенің түпкілікті шешілмей жатқандығы қолға еріксіз қалам алдырады. Басылымдар жарыса жазып, телеарналар төпелеп көрсетіп, қарапайым тұрғындарымыз әкімдер мен министрлерді мазалап, тұрақты талап етіп, мезі етсе де бұл мәселе неге шешілмейді?..

Алдынала сезіп отырғанда­рыңыздай бұл – баяғы сол халықтың денсаулығын сақтауға міндетті медицина саласының жұмысына қа­тысты әбден сүрленген мәселе. Елімізде түрлі бағытты басқа­ратын оннан аса министрлік болса, халыққа ең қажеттісі, ең маңыздысы да осы сала екені рас. Пенде болған соң басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондықтан да медицина қызметі баршамызға қажет, бәріміз де соған жүгінуге мәжбүрміз.
Өзекті мәселелерді қашан да өткір қоятын КТК телеарнасы жақында бұл тақырыпты кезекті рет көтеріп, тіпті ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзіне тікелей сұрақ қойғанын да жария етті. «Қымбат препараттардың тапшылығына қатысты түсініктеме берген Біртанов бұл жайтқа өзі де таңданып отырғанын жасырмады. Естеріңізге салсақ, аса ауыр дертке ұшыраған науқастар мемлекеттен берілетін міндетті дәрілерді үш айдан бері ала алмай жүргендерін айтып шағымданған. Айтуларынша, емдік мекемелер «дәрі жоқ» деп есіктен қайтарып жібереді екен. Салдарынан, эпилепсия, гипертония, сынды кеселмен ауыратын қарттар мен бүлдіршіндердің халі күрт нашарлаған. Өзін қоярға жер таппаған туыстары қымбат дәріні шетелден өздері сатып алуға мәжбүр болыпты. Мұны естіген министр таңданып қалды. Өйткені, қол астындағы қызметкерлері қымбат препараттардың нау­қастарға баяғыда таратылғанын айтыпты. Осылайша дәрілердің қайда кетіп жатқанынан хабарсыз боп шыққан министр емхана басшыларын тексеруді бастапты. Соған қарағанда, қымбат препараттар қолды болған болуы мүмкін. Әдетте әріптестеріне араша түсіп жүрген Біртанов дәрі ұрлығы анықталған жағдайда қандай шара қолданатынын айтпады.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Есть много случаев, когда граждане говорят: «Мы лекарства еще не получали». То есть как так? Куда они уходят?» – деп хабарлады КТК.
Телеарна хабарынан мына мәтінді сол күйінде арнайы еш өзгеріссіз толықтай ұсынып отырмыз. Байқап отырғанымыздай, мемлекет есебінен сырқат адамдарға тегін берілуге тиісті аса қажет дәрі-дәрмектің қайда кетіп жатқанын министрдің өзі де білмейді екен. Оны халықтың өзінен сұрап отыр. Ал, сол қолды болған аса қажет дәрілерге адамның өмірі тікелей тәуелді екенін министрдің білмегені ме? Осы жерде мына бір жағдай еске түседі. Өткен жылдардың бірінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі болған Асылжан Мамытбековке бір жиында «Шетелден миллиондаған қаржыға сатып әкелінген асыл тұқымды малдың біраз бөлігі арам қатты. Оның құнын кім төлейді?» деп сұрақ қойғанымыз бар. Сонда министр шімірікпестен «Қанша мал өліпті?» деп бізге бажырая қараған-ды. «Министр біз емес, сіз боласыз. Салада не болып жатқаны сізге аян» деген соң ғана, оны бізге малын сатқан шетелдіктер өздері төлейді деп сырғытпа жауап айта салған-ды. Малдың денсаулығы туралы құжаттарын қаттап қалтамызға салып беріп, жалын тарап, мүйіз-сирақтарына дейін сылап-сипап, басжібін қолымызға ұстатқан соң шетелдіктер бізге неге ақша төлесін. Ауру мал алсақ та, сау малды қарай алмай арам қатырсақ та тікелей өзіміз кінәлі емеспіз бе? Ақыры ол мәселе де жабулы қазан күйінде қалғаны белгілі. Ешкім ол үшін жауапқа тартылған жоқ. Қор болған халықтың қайран қаржысы-ай! Бұл жерде де Біртанов дәп сол Мамытбековтың күйін кешіп тұр. Өз саласында қандай былық болып жатқанын білмесе несіне министр болып отыр? Ең бастысы, жүздеп қырылған малдың емес, бұл жерде мыңдаған адамдардың өмірі туралы мәселе болып отыр емес пе?! Әлде біздің елімізде адамның құны малдан да төмен құлдырап кетті ме? Адамдарымыз қырылып қалса да қыңқ етпейтін секілді денсаулық саласының сабаздары. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына күйінемін» деген екен баяғыда бір атамыз. Министрлердің мына түріне қарасақ дәп осындай ой туындайды. Тіпті Елбасының берген ескертпелерін де елемейтіні байқалады. Кезінде дәрі-дәрмекті жеткізуге міндетті «СҚ-Фармация» компаниясын мұқият тексеріп, кінәлілерді қатаң жазалау туралы тапсырма берген кезде уақытша қимыл көрсетті де, одан кейін бәрі ұмытылды. Аурулардың дәрінің жетіспеуіне байланысты жанайқайы бір толастаған емес. Оны тұрақты түрде бақылап, істі ұтымды ұйымдастыру министрліктің қолынан келмей-ақ қойды. Соған қарағанда бұл саланы сыбайлас жемқорлық әбден меңдеп алған деген ой келеді.
Ашығын айтсақ біздегі медицина саласының қызметі ешқандай сын көтермейді. Соңғы кезде елімізде пайда болған сары ауруға байланысты ахуалдың айтарлықтай ушығып кеткенін жақсы білесіздер. Шығыс Қазақстандағы жаппай орын алған сары ауру басылмай жатып, Қарағанды облысында айқай-шу шықты. Тек қана ақпан айының басында ғана 43 адам сары аурумен ауруханаға жеткізілген. Жұқпалы аурудың бұл түрін жедел емдеп, көзін жоюға 19-20 ғасырда қол жеткізілгені жалпыға аян. Ал біз болсақ техникасы мен технологиясы дамыған 21 ғасырда өмір сүріп отырып, өркендеген 50 елдің ортасында жүріп, соған қарсы қимыл көрсетуге қауқарсыз екенбіз. Мынаны естісе тірі жүрген шетелдіктер ғана емес, өткен ғасырда о дүниелік болған аруақтардың өзі күлер еді. Сондағы айтар басты себеп – оны емдеуге вакцина жоқ екен. Қарапайым ғана вакцинаның бізге келгенде қолжетімсіз боп кеткені ме?
Жалпы, емханалар мен ауруха­налар­дағы жылдың басы мен аяғында қажет дәрі-дәрмекпен қамта­масыз ету мәселесі көтеріліп келе жатқалы талай жылдың жүзі болды. Мемлекеттік тапсырыс жүйесімен жұмыс істегелі, мемлекеттік сатып алуды тендерге таңып қойғалы осы бір түйткілді мәселені барлық салада ешқандай министр шеше алмай келеді. Тендерді кім өткізеді? Әрине, мемлекеттік орындар, олай болса сұрау да солардын болу керек. Тендерді жемқорлардың жеміне, ақша жасаудың жолына айналдырып алған. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған қаржыны талан-таражға салу айнымас әдетке айналған. Біз әңгіме етіп отырған денсаулық саласында да ол анық байқалады. Тұрақты есепке алынған жүрек талмасы, қант ауруы және басқа да созылмалы дертке шалдыққандарға тегін берілуге тиісті дәрілер қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналып шыға келеді. Алматы, Астана қалалары мен облыс орталықтарында есепте тұрған науқастарға тегін дәрі-дәрмек айқай-шудың арқасында түгелдей болмаса да жартылай беріліп жатады. Ал аудандар мен ауылдарда тегін дәрі туралы армандай да алмайды екен. Мысалы, Павлодар облысы Железинка ауданынан хабарласқан Нұрахмет Күшікбаев деген зейнеткер жүрек талмасы ауруымен есепте тұрған күннің өзінде тегін дәріні түсінде де көрмепті. Ауылдағы, аудандағы дәрігерлер аузын құрғақ шөппен сүртіп, ондай дәрілер бізде атымен жоқ дейтін көрінеді. Бұл тек қана Павлодар облысына ғана қатысты болса ештеңе емес, барлық аймақтарда тұрақты дәрігерлік есепте тұрған ауыл тұрғындары дәріні өз ақшасына сатып алуға мәжбүр. Сонда қалай болғаны, мемлекет тарапынан қаржы мүлдем бөлінбегені ме? Әлде ол тек қана қала тұрғындарына ғана арналған ба? Жоқ, бөлінгенде қандай! Денсаулық саласы күні бүгінге дейін толығымен республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып келеді. Медицина саласының шығыны жыл сайын миллиондап артып отырады. Мысалы бір ғана 2016 жылы Қазақстанның денсаулық сақтау саласына жұмсаған жалпы шығыны 1,6 трлн. теңге болған екен. Дамыған мемлекеттерді айтпағанда, экономикалық деңгейі біздікімен шамалас елдердің өзі ішкі жалпы өнімінің 6,3 пайызын денсаулық жүйесіне жұмсайды екен.
Ақиқатын айтсақ, бізде ештеңе тегін емес. Пәтер үшін несие алып оның құнын жылдар бойы артығымен төлейміз. Медицина саласына да өзіміз төлеген салықтан қаржы бөлінеді. Біздегі шіріген байлар жаны ашығандықтан бұл салаға қаржы салып жатқан жоқ, бәрі сол өзіміздің ақшамыз. Демек, халықтың өз ақшасына дәрі-дәрмекті дер кезінде жеткізіп, дұрыс қызмет көрсете алмағаны ғой. Оны министрдің өзі де мойын­дап отыр. «Ол мәселе дәрі-дәрмекті дұрыс жоспарламаудан туындайды. Дәрі-дәрмектер сатып алу уақытына, науқастар санына қарай жоспарланып бөлінеді. Жыл бойы науқас саны өзгеріп отырады. Бүгін бір дәрі болса, ертең басқа дәрі-дәрмек керек. Осыған қатысты жоспарлауда қиындықтар туындайды. Ал ең негізгі мәселе – бүкіл жоспарды біз қағазға жазамыз. Жыл сайын министрлікке бума-бума қағаз жібереді, елімізде бір жарым мыңнан астам мекеме бар, содан 1200 дәрі-дәрмектің тізімі келеді. Соның салдарынан алдын ала жоспарлауда бірқатар қиындықтар туады. Осыны шешу үшін біз бүкіл денсаулық сақтау саласындағы барлық қағаздарды цифрлық деңгейге өткізуіміз керек, яғни ақпараттандыру қажет. Қазір біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Е. Біртанов.
Бұл да әдеттегі жұрт ести-ести жалықққан жаттанды әуенге қатты ұқсайды. Бар-жоғы 1200 дәрі түрін дайын ақшаға сатып алып, ауруларға жеткізу үшін де цифрлану керек пе? Цифрланғаннан кейін де осы мәселе толығымен шешілмейтінін алдынала айту үшін бақсыға барып бал ашқызудың қажеті жоқ. Біздің тәжірибемізге қарасақ дәп сол бұрынғы күйінде қалатыны онсыз да белгілі. Небары 18 млн. халыққа бөлінген 1,6 трлн. ақшамен тым болмаса деңгейдегі қызмет түрін көрсетуге болады. Оның үстіне ол адамдардың бәрі бірдей ауыра бермейді. Бірқатары ақылы емделеді. Асып кетсе ауыратын 2 млн. адамға лайықты қызмет көрсетуге болады ғой. Ол туралы бізге армандау ғана керек. Өйткені, бұл саланы жемқорлық жайлап алған. Оған да мысал келтіре кетейік.
«Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және техниканы сараптау Ұлттық орталығы» бас директорының орынбасары Арнұр Нұртаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қазіргі уақытта барлық дәрімен қамтамасыз ету жұмысына сараптама жүргізіліп жатқанын айта келіп бірқатар кемшіліктердің беті ашылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша тексеріс енді басталғанның өзінде дәріні науқастың атына жазып, бірақ ешқандай препарат бермеу бойынша жүзге жуық оқиға анықталған. «Кепілдендірілген тегін көлем аясында сатып алынған, тегін берілетін дәрілердің де дәріханаға сатылымға қойылғаны анықталды. Яғни, бір науқас өзіне тиесілі дәріні алған жоқ, екінші адам тегін дәріні сатып, пайда көріп отыр. Бұл мәселе бойынша барлық ақпаратты тексереміз және толық сараптама жүргізілген соң, нәтижесін БАҚ өкілдеріне міндетті түрде жариялаймыз», – деді Арнұр Нұртаев. 2017 жылы екі миллионға жуық рецепт берілген. Екі миллион рецептіні толық көлемде алғанын тексеру үшін көп уақыт кетеді. Бірақ тексеру қажет, жемқорлыққа салынған қылмыскерлерді жазалау да керек. Онсыз бұл саланың жұмысын ретке келтіру мүмкін емес. Қазір осыған қатысты тексерулер қолға алынып жатыр. Бірақ ол да әдеттегідей науқандық шара күйінде қалып қоймаса болғаны. Тұрақты бақылау болмаса бәрі бекер.
Енді биылғы жылы бұл салада не жаңалық бар, алдағы уақытта бізді не күтіп тұр дегенге тоқтала кетейік. «26 ақпандағы жағдай бойынша 150 миллиардтан астам теңгеге дәрі-дәрмектің 1 037 аталымы сатып алынды. Бұл медициналық ұйымдар қажеттілігінің 88 пайызын, соның ішінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етудің 85% құрайды», – деді «СҚ-Фармация» төрайымы Людмила Бұйрабекова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Айта кетейік, «СК-Фармация» компаниясы 2009 жылы құрылған. Бас кезінде ол «Самұрық-Қазына» қорының құрамында болды. Ал 2013 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына көшті. Аталған компания тегін медициналық көмек аясында дәрі-дәрмектерді сатып алу жұмысымен айналысады.
Бір қарағанда, биыл препа­раттардың уақытында сатып алын­ғаны қуанарлықтай-ақ жаңалық. Енді науқастарымыз дәрі-дәрмектен кемшілік көрмейді деп айтуға негіз бар сияқты. «Талай адамдарымыздың өмірі сақта­латын болды!» – деген іштегі қуанышымызды ақайлап айт­қымыз келеді. Бірақ «Бұл дәрілер мұқтаж адамдардың қолына тимей, тағы да сатылып кетпей ме?» деген қайдағы бір күдік қырыннан килігіп, тілімізді күрмей береді. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дейді халық даналығы. Алдынала сүйінші сұрамай-ақ қоялық, оны уақыт көрсете жатар. Ең бастысы, ауырмай-сырқамай, аман-есен жүріңіздерші, ағайын!..

Зейнолла АБАЖАН

qazaqunui.kz

[:]