[:kz]
Бір үлкен мекемеге жұмысқа кіргелі тұрған жігіттің руын естіген бастығы уәдесінен айнып қалыпты. Алдында ғана резюмесін оқып, жұмысқа аламын деп тұрған екен. Өзі өте мықты маман болатын. Байқұс, қазір енді бәрінен түңіліп, ауылына қайтып кетіпті. Тамыр-таныс пен парақорлықтың былығына әбден батқан мешеу мемлекетте трайбализмнің өршіп кететіні қалыпты құбылыс болса керек. Біздің өспей жатқанымыз да осыдан ба деймін. Ата-бабасын, руын айтып мақтанатын жаман әдет кейінгі кезде тіпті қатты асқынып кетті. Халық кезінде Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деп не үшін атады? Күллі қазақ үшін күрескен тұлғаларды өзгеге өнеге болсыншы деп солай атады. Оларды бүкіл ұлтқа үлгі қылып алды. Қазір бізде мәшинесіне, киіміне руын жазып алатын трайбализмнің тұрпайы түрі пайда болды. Аты-жөніне руын қосақтап қоятын ағайындар тағы бар. Олар да сол жабайы рушылдықты қоздырғаннан басқа түк бітіріп жүрген жоқ. Егер бүкіл қазаққа еңбегі сіңіп жатқан адам болса бірсәрі, түсінемін онда. Ондай кезде халықтың өзі құрметтеп, оның атына руын қосақтап қоюы мүмкін. Бірақ қазір ондай деңгейге жеткен тұлғалардың ішінен аты-жөніне руын тіркестіріп алғандарын көрмеппін. Соған қарағанда, адам өзінің өскен ортасына, деңгейіне қарай рушыл не қазақшыл болып қалыптасатын секілді. Бабаларымыздың өсиетін естен шығарып, қазір көбі ұлтының мүддесі үшін емес, руының мүддесі үшін ғана өмір сүріп жатқандай болып көрініп жүр…
[:]