[:kz]
«Той дегенде қу басы домалайтындардың» бірі – біз, қазақтар. Кез келген қуанышымызға ағайын-туыстың басын қосып, барымызды алдына тосуға, жиған-тергенді тойға шашуға құмармыз. Бұл бір жағынан жақсы шығар. Қуаныш ұзағынан болсын! Дегенмен уақыт өткен сайын бәрі өзгеріске ұшырап, той жасаудағы салтымыз бен дәстүрімізге кейбір жағымсыз әдеттер дендеп кіріп кеткендей. Айтайын дегенім, бүгінгі ақындар беташарды бизнес көзіне айналдырып алғанын көріп-біліп отырғандар қалыпты деп есептейтін жағдайға жеттік.
Кешегі сенбі күні туысымыздың ұлы үйленіп, бәріміз келін көруге үйіне жиналған едік. Келген қонақтар ас-судан ішіп, көңіл жайланғасын беташар рәсімі басталды. Үкілі домбырасын қолына алған асаба той иесі дайындап берген тізім бойынша алдымен әруақтарға, сосын той иелеріне арнау айтып, келінге сәлем салғызуды бастап жіберді. Ақынның көлденең кіріске құныққаны той иелерін жер-көкке сыйғызбай мақтағанынан-ақ көрініп тұр.
Біз барған тойда асаба алдымен келіннің ата-енесін шегіне жеткізіп мақтады. Ағамыз ортаға шығып, табаққа он мың теңге, жеңгеміз бес мың теңге салды. Оны місе тұтпаған асаба екінші рет мақтау сөзін жаудырып, бұл жолғы теңгені өзінің төс қалтасына салғызды.
Рас, қазақ – намысшыл халық, оның үстіне баласының бір басы екеу болып жатқасын барын аянып қалмайды. Бір қарағанда мұның еш әбестігі жоқтай көрінуі мүмкін. Бірақ бес саусақтың бірдей еместігін ескерсек, бар тапқанын тойдың дастарханына жұмсап отырған кейбір кісілерге бұл әжептеуір салмақ салуы мүмкін. Тіпті асабаның қолына қыстырар ақша таппай, жұрт алдында ыңғайсыз жағдайға қалған кісілерді де көзіміз көрген.
Біз көтеріп отырған мәселеге байланысты белгілі әнші-сазгер Нышан Төлегеновтіңде айтары бар екен. Ол кісі былай дейді:
«Жалпы, мұндай жағдай бүгінгі қазақ өнерінің қасіреті деп айтсақ артық емес. Баяғының ақындары келіннің бетін сауап үшін ашатын. «Шіркін-ай, мына асабаның даусы қандай еді, өлеңін айтсаңшы!» – деген бір ауыз мақтау сөзіне семіретін.
Ал қазір заман өзгерді, сананы тұрмыс биледі. Құр қолға бата жүрмейтінін ескерсек, ақындардың ақыға бет ашатынын қалыпты жағдай деп қабылдауымыз керек. Дегенмен кей жастардың мұны табыс көзіне айналдырып, ақын деген аяулы атқа кір келтіріп жүргені мені қынжылтады. Қазіргі кей ақындар той иелерінің өзін бірнеше мәрте мақтап ақша алады. Қала берді, тойға келген кейбір беделді, қалталы кісілерден де ұялмай-қызармай ақша дәмететін жағдайға жетті.
Таяуда Шымкентке әжептеуір аты танылған азамат ұлын үйлендірді. Бет ашатын асабасы маған келіп: «Пәленшекеңді танисыз ба? Ол кісі қандай қызмет етеді? Тағы қандай кәсібі бар?» – деп сұрақтың астына алды. Мұны ақша алу үшін сұрастырып жатқанын айтпай түсіндім. Содан мұның «мәдениетті» қайыршылықтың бір түрі екенін әлгіге түсіндіргендей болдым.
Айналайын, інілер, онсыз да той иесі сендерді құрқол қалдырмайды. Келіскен ақыңды аласың, алғыс-батасын береді. Ендеше, бес-он теңге үшін абыройдан айырылмасаңшы! Қазақта «Дәніккеннен құныққан жаман» деген сөз бар. Ал ақшаға құныққанның соңы жақсы болмайды дегім келеді».
Иә, айта берсек, қазақтың тойы – таусылмайтын тақырып. «Той – Құдайдың қазынасы» дейміз. Бірақ қазына екен деп той иесінен, келген қонақтардан жөн-жосықсыз ақша дәмете беру ешкімге абырой әпермейді.
Күн жылынды, енді той маусымы қыза түседі. Үйленетіндер, беташар жасайтындар көбейеді. Сондықтан мұндайға аса мән берейік, ағайын! Бет ашатын ақынның артық кетпеуін, қонақтарды ыңғайсыз жағдайға қалдырмауын алдын-ала ескертіп қойғанда тұрған ештеңе жоқ.
Ал ақындарға айтарымыз, сыртқа білдірмегенімен той иесінің де мұндайды жақтырмайтыны жасырын емес. Ендеше, ақша үшін абыройды аяққа таптатпайық.
С. ИКРАМҚЫЗЫ
.zamana.kz
[:]