АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Құдайы асты ауызашар кезінде берген абзал[:]

[:kz]

 

Тәуелсіздігімізбен қатар елімізде Ислам дінін қайта жаңғыртқан Алла-тағалаға шүкір айтамыз. Қазіргі уақытта дініміз бен дәстүрімізді үйлесімді түрде қатар алып жүретін дәрежеге жеттік. Жыл сайын дәстүрлі мерекелермен бірге діни мерекелерді де жоғары дәрежеде атап өтудеміз.

 

Міне, айлардың сұлтаны  –  Рамазан айы да келіп жетті. Еліміздегі барша мұсылмандарды осынау қасиетті аймен құттықтаймыз!

 

Біз,  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан об­лысы бойынша өкілдігі – облыстың бас мешіті жанындағы Ақылдастар алқасы осы үндеуімізді қасиетті Рамазан айына арнап отырмыз. Барша облыс жұртшылығын қасиетті айда ораза ұстауға шақырамыз!

 

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кеші­рімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйт­кені ораза адамды тақуалыққа, сабырлылыққа, ізгі­лікке, қайырымдылық пен мейірімділік және бауырмалдық секілді асыл қасиеттерге жетелейді.

 

Құрметті оңтүс­тік­қазақ­стандықтар! Қадірлі жерлес­тер!

 

Қасиетті Рамазан айында ораза ұстағандарға ауыз­ашар берудің сауабы мол әрі ол – мұсылман баласына тән қонақ күту ғұрпы. Ауызашар дастарханы ынтымағымыз бен бірлі­гіміздің жарасымды үлгісі. Ауызашар беруді үлкен игілікті іс деп білген жөн. Осы орайда ауыз­ашар рәсімінің ролін мейлінше арттыра түсу қажет. Ол үшін қасиетті Рамазан айының құр­метіне түрлі дең­гейдегі құдайы астар мен жиындарды (жетісі, қырқы, жылдық асы т.б.)  күндізгі уақыттарда тоқтатып, кешкі ауызашар уақытында өткізуге үндейміз.

 

Қасиетті Рамазан айының күндізгі бөлігінде құдайы ас беруге болмайды.  Сондықтан күндіз өткізілетін түрлі астарды кешке, ауызашар уақытында өткізудің сауабы шексіз екендігін жеткізгіміз келеді.

 

Бұл жөнінде хадистерде ауызашарға келген кісі дастархан басында отырған кезде үй иесіне періштелердің дұға ететіндігі айтылған. Бір хадисте: «Қияметте Алла-тағала кей адамдардан: «Маған неге ас бермедің?» – деп сұрайды. Әлгі адам: «Сен барлық әлемдердің Иесісің ғой, мен саған қалайша тамақ бермекпін?» – дейді. Сонда Алла-тағала: «Қарны аш ба­уырыңа тамақ бермедің (ораза ұстағанға ауыз аштырмадың). Егер оған (ауыз аштыр­ғаныңда) тамақ бергеніңде маған тамақ жегізгендей са­уап алар едің», – деп айтты» делінген. Алла елшісі Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аузы берік жанға ауызашар берген кісі ораза ұстағандай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», – дейді.

 

Аузы берік адамға бір құрма немесе бір кесе су тәрізді азық беру де ауыз аштырудың сауабына кенелтеді.

 

Сондай-ақ қасиетті айда Алла-тағала тыйым салған арақ-шараптан аулақ болуға, олардың жиын-тойларда дастархан­ға қойылмауына, ішілмеуіне және дүкендерде сатылмауына үндей­міз. Арақ ішу – мұсылманға, мұсылмандыққа жат. Себебі Алла-тағала Құран-Кәрімде: «Әй, иман келтіргендер! Шындығында арақ ішу, құмар ойнау, пұттар­ға табыну және көріпкелдік жасайтын жебелер –  шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар!» – деп бұйырған («Маида» сүресі, 90-91 аят).

 

Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген:  «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырады: арақтың өзі, оны ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, әкелуші мен әкелдіруші және арақтан түскен пайданы жеуші Алла тарапынан қарғысқа ұшырады».

 

Арақ – Алла Тағала харам еткен нәрсе. Оны пайдалану Алланың тыйымын бұзып, әміріне қарсы шыққанмен тең. Арақ ішу  – үлкен күнә. Арақ адамның ниетін бұзып қана қоймайды, жүрегін қарайтып, көңілін бұзады, оны адамдық кел­бетінен айырады.

 

Бұл үндеу халқымыз Ал­ла-тағаланың ашуы мен қаһарын тудыратын жаман істерден аулақ болып, Жа­ратушы иеміздің разылығына  бөлене берсе екен  деген ізгі мақсаттан туындап отыр.

 

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қа­йырлы амалдарымыз қабыл болғай! Тәуел­сіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгілік ел болсын! Әмин!

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі –

облыстың бас мешіті жанындағы Ақылдастар

алқасының Оңтүстік Қазақстан облысының

халқына Үндеуінен

zamana.kz/

[:]