[:kz]
Соңғы жылдарда әлемдік даму үдерісі, саяси-экономикалық қарым-қатынастар, осыған байланысты халықаралық жағдай күрделілене түсуде. Адамзаттың тыныс-тіршілігіне тек бұрынғыдай демографиялық, экологиялық және с.с. дағдарыстар ғана емес, терроризм және әлемдік соғыс қаупінің күшеюі де тікелей әсер етуде. Өткен ғасырда, байланыс жүйелерінің қазіргімен салыстыруға келмейтін жағдайында соғыс қаупі қоғам мүшелерінің санасында онша терең орын ала қоймайтын. Негізінен халық өз билігінің идеологиялық ұстанымы мен саяси позициясына ден қойып, оның осы саладағы позициясына ортақтасатын.
Ал қазір түсінік бөлекшелеу. Интернет, әлеуметтік желілер өз ролін атқаруда. Қолданушылар арасында «білгіштер» өте көп. Қым-қиғаш, қарама-қарсы пікірлер жетіп артылады. Мемлекеттік идеологияның тарландары, сала ғалымдары, зиялы қауым өкілдері өз ойларымен, сараптамаларымен, зерттеулерімен көрінулері өте сирек. Мүмкін, солай болуы керек те шығар? Бұл да заңдылықтың бір көрінісі болар?
Қалай болғанда да XXІ-ғасырдың бастапқы ширегінде әлемдік соғыс қаупінің күшеюі кездейсоқ, «билікке тұншыққан бір-екі тентектің» жағымсыз ісі емес шығар? Қоғам дамуының шынында да заңдылығынан туындаған жағдай ма екен?! Менің жеке пікірімше бұл – заңдылық, түбі тереңде жатқан, шешілуі адамзат үшін оңайға соқпайтын қоғамдық қарама-қайшылықтан туған проблема.
Ең басты себеп – қазіргі билік құрған әлемдік экономикалық жүйе. Оны «бүгінгі капитализм» дейсіз бе, «нарықтық экономика» дейсіз бе, жоқ әлде, басқа дейсіз бе, бәрібір. Бір шетінде аштық, кедейшілік, надандық, қоғамдық және ғылыми-техникалық прогрестен, мәдениеттен алшақтық, ал қарсы бетінде ат төбеліндей олигархиялық топтар мен олардың қолына су құюшылар. Жылдан-жыл өткен сайын олардың саны көбейіп, қоржындарындағы «көк қағаздар» мөлшері де ұлғая түсуде. Ең бақуаттыларының байлығы 100 млрдтың ол жақ – бұл жағына да жетіп қалған сияқты.
Сол қаржылық алпауыттардың бірі – Бил Гейтстің: «Мен сонша дүниемнен екі ұлымның әрқайсысына 10 млннан ғанасын қалдырамын. Осы мөлшер кәсіппен айналысамын десе де, еш нәрсемен айналыспаймын десе де жетіп-артылады. Мен одан көп қалдырып, олар тек уақыт өткізумен айналысса, онда біртіндеп малға айналып кетуі әбден мүмкін» – дегені бар көрінеді. Бір адамның колына түскен қаншама байлық екенін ойланып, толғана беріңіздер. Қанша жерден еңбегі болса да, әлемнің байлығын, миллиондаған азаматтардың еңбегінің нәтижесін жекелеген адамдардың қолына түсіруге мүмкіндік беретін экономикалық жүйе байлар мен кедейлердің, тоқтар мен аштардың, тіршілігі «сәттілер» мен әрекеті «сәтсіздердің», «өркениетті» және «жабайы» елдердің арасындағы текетіресті үдетпей, дами алмайды.
Ең жаңа дәуірдегі әлемдік экономикалық биліктің негізгі иегерлері – англоамерикандар, англосакстар, масондар және олардың одақтастары – жер беті мен оның астындағы табиғи байлық көздерінің азая бастауына байланысты бүгінде өз назарын Ресейге қарай бұрып отыр. Тап қазір дүние жүзіндегі ең жоғарғы табиғи және экономикалық байлық потенциалы біздің солтүстік көршімізге тиесілі болып тұр. Сондықтанда, егер осы әлемдік билеуші экономикалық жүйе қанша уақыт бар болып тұрса, сонша уақыт Ресеймен тірескені тірескен. Иванның Сэмге әлі келмейді. Сэмнің Иванды құлату қолынан келмейді.
Атамыздан қалған: «Екі түйе сүйкенсе, – арадағы шыбын өледі» деген сөз бар. Бізге олардың соғыспағаны керек. Әзірге көпвекторлы сыртқы саясаттың арқасында «тіріміз». Кейбір жағдайларда «былай бұрсаң өгізің өлетін, былай бұрсаң арбаң сынатын», көпвекторлы әдісіңнің өзі жәрдем бермейтін ахуал қалыптасуы да әбден мүмкін. Мұндайда құдекеңнің қолдауына, басшымыздың даналығына сенгеннен басқа жол бар ма екен, өзі?
Әлеуметтік желілерді, әсіресе «Фейсбукті» қарай қалсаң небір «білгіштердің» АҚШ-ты құдасындай көріп, ақырзаманнан да құтқаратын англосакстар деп даурығып жатқанын көресің. Тіптен, өткендегі Сирияның кейбір объектілерін зымырандармен атқылап, әуеден шабуылдағанына қуанып, тақиясын аспанға атып жатқандар да болды. Екіншісінің орысты нағашысындай мадақтап, бар сенгенім сен дегендей «ыстық» ықыласын көрдік.
Әрине, бұл – қандастарымыздың қалың көпшілігінің пікірі емес. «Не десең, ол де. Бары-жоғы – сенің жеке пікірің» деп қоя салуға да болар еді. Бірақ жастармен, әсіресе студент-жастармен бетпе-бет кездескенде олардың дәл осы «білгіштердің» үстірт, талдаусыз, еліміздің саяси позициясына да, саясаттанушыларымыздың салмақтап, сүзектен өткізген ойларына да сәйкес келе бермейтін «даналықтарымен» қаруланып алғанының куәсі боламыз. Тағы бір сорақылық сонда, осы және басқа да көп қоғамдық проблемалар бойынша, белгілі журналистер, ғалымдар, қайраткерлер позитивті ықпал, немесе әсер ету мақсатында араласа қалса, әлеметтік желі «геройлары» оларды жау көріп, «құтырған итше» талауға дайын тұрады.
Қазіргі замандағы біз келіссек те, келіспесек те бір ақиқат айқын: Әлемдегі үш полярға бөлінген, болашақта бірден-бір иегерліктен үміткерлер – Батыс альянсы, Ресей және Қытай – өз мақсаты жолында бірін-бірі еш уақытта аямайды. Басқа «ортан қолдар мен майдапашақтарға» да мейірімі түспейді. У.Черчиллдің: «Англияның достары жоқ, тек мүддесі бар», – деген қанатты сөзі олардың басты үрдісі.
Неге жұмыр жердің бетіндегі ең күшті алпауыт Қытайға ашық және көп шүйлікпейді? Біріншіден, «аспан асты» елі Ресейден гөрі шағылуы қиын жаңғақ. Екіншіден, ала алған күннің өзінде одан түсетін «олжа» орыс елінен түсетіннен көңіл көншітпес дәрежеде. Үшіншіден, хансулармен Ресей «тірі» тұрғанда шайқассаң, көршілік тағдырға байланысты, кейінгі кезек кімдікі екені айдан анықтығына байланысты орыс-қытай билеушілеріне Сталин мен Мао Цзе-дун уақтындағы «пролетарлық ынтымақтастықтың мәңгілігі» лезде-ақ күн тәртібіне ене салады. Сол себепті қалай болғанда да, алдымен Ресей! Ал «социалистік» Қытайдың капиталистік Ресей үшін қан төгісуге баруы екіталай…
Орыс-батыс текетіресінде біздің ел АҚШ пен оның одақтастарының сателлиті болуы мүмкін бе? Жоқ! Ол – мүмкін емес. Русофобтар қанша жерден еңіресе де. Ресей бізді экономикалық, тіптен компрадорлық қарым-қатынасқа жібергенімен, олармен территориялық арақатынасқа да, бодандық қатынастыққа да қалай болғанда да жібермейді. Қазақстан аумағын өзінің аса қауіпті жауларына әскери, немесе соғысқа пайдалану мақсатында беріп қою дегеніміз олар үшін өзін-өзі өлтіргенмен бірдей құбылыс. Бұл – Қырымды, Украинаның шығысын қайта жоғатқаннан да үлкен қауіп. Сол себепті де Ресей мұндай геостратегиялық кеңістікті басты қарсыласы пайдалану қаупі туындаған жағдайда тікелей аннексиялаудан да тайынбайды. Сондықтанда біз өзіміздің әскери доктринамызда түбегейлі мүдде етіп жерімізді қандай жағдайда болмасын басқа елдердің әскери мақсатта пайдалануына жол бермеуді алға қоюымыз керек.
Тап осындай тәуелсіздігіміздің темірқазығына айналып тұрған мәселеге орай шын мәніндегі «Мәңгілік елдің» талабына қол жеткізу үшін бірінші кезекте қандай стратегиялық маңызы мол іс-шараларға көңіл бөлуіміз керек?
Біріншіден, Қарулы Күштеріміздің қару-жарақ жағын да, құрылымдық-ұйымдық жағын да одан әрі жетілдіре түсіп, оның ұтқырлық (мобилдік) деңгейін мейлінше көтеруіміз керек. Денсаулығы мен моральдық саулығы әскери талапқа сай барлық республика азаматы болып табылатын жастар бір жылдық және екі жылдық (күрделі әскери қару және техникамен жарақталса) әскери қызметтен, немесе үш айлық әскери даярлықтан (жұмыс, не оқу орнын сақтай отырып) өтіп барып запасқа тіркелуі керек. Запастағы солдаттар мен офицерлер белгілі мерзімде бір айлық қысқа даярлықтан өтіп тұруы керек. Армиядағы аты-шулы «Дедовщинаны», тағы басқа да криминалды, қылмысты фактыларды түп-тамырымен жою керек.
Екіншіден, елдің қорғаныс қабілетін, тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын тиісті деңгейде қамтамасыз ету жолында Президентіміздің бұрыннан көтеріп жүрген «Қазақстандық патриотизм», «Қазақстандық біртектілік» саясатының да атқарар ролі бір төбе. Ұлтаралық, этносаралық жіктелу үдерісінің қалғанын біртіндеп, біржола, атымен ысыруымыз керек.
Үшіншіден, біз, қазақ халқының өкілдері, мемлекет құрушы ұлттың азаматтары екенімізді әрдайым санамызда, жадымызда ұстауымыз керек. Ол – ел біздікі, жер біздікі деген аргументтермен ғана шектелмей, тіршіліктің барлық салаларында ешкімнен де кем түспейтін саяси, экономикалық, әлеуметтік, моральдық-психологиялық иммидждің иегерлері болуымыз МІНДЕТ деген сөз. Осы МІНДЕТКЕ қол жеткізу – еліміздің сыртқы да, ішкі де қауіпсіздігі арқылы тәуелсіздігімізді баянды етудің бірден-бір кепілі. Осыған байланысты әлі де болса, кәсіби, саяси, құқықтық, әскери мәдениетке толықтай қол жеткізу – алда тұрған асу болып тұр.
Шешуін күткен мәселелер аз емес. Ең бастысы – ұлттық өз бірлігімізге, шынайы Отансүйгіштікке, арадан қыл өтпейтіндей дәрежеге қалай және қашан қол жеткіземіз?!
Жауынгерлік бағытта өткенді жаңғыртып, еске түсіріп, бабаларымыздың жауынгерлік ерліктерін, рухын қайтаруға әрекет етіп жатқанымыз өте дұрыс.
Біз өмір сүріп отырған осы тарихи кезеңде әлемнің алыптары бүкіл жер шарының байлықтарын өзіне қарату мақсатымен «Жаhандану» саясатын белсенді түрде жүргізуді бастады. Ілесе аламыз ба? Жоқ, ілесе алмаймыз ба? Онда мықтылардың шаруасы жоқ. Баяғыдан келе жатқан «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» тіршілігімізді мәңгі ұмытатын кез келді. Тәуелсіздігіміз баянды, тереземіз басқалармен тең, шаруашылығымыз тиімді, мәдениетіміз жоғары, ырыс-несібеміз мол, қорғанымыз берік болсын десек, уақыт ұттырмай жаңғыруымыз да, жаңаруымыз да керек.
Сапарбек САХОВ,
Қазақстан инженерлі педагогикалық Халықтар
достығы университеті ректорының кеңесшісі,
тарих ғылымдарының кандидаты
.zamana.kz
[:]