АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«ЭЙР АСТАНА» СІБІРГЕ ТӨТЕ ЖОЛ САЛДЫ[:]

[:kz]

«Эйр Астана» авиакомпаниясы мен «Рощино» әуежайы басшылығы Астана – Түмен арасын әуе жолы арқылы жалғастыратын әуе көпірін салу туралы ақпан айында келісім жасаған. Бұдан бұлай «Эйр Астана» авиакомпаниясының ұшақтары Астанадан Сібір астанасы Түменге аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері тұрақты ұшатын болады. Өткен сенбіде, 2 маусым күні қазақстандық авиакомпанияның жолаушылар ұшағы Астанадан Ресейдің Түмен қаласына бірінші рейсін жасады. Бортында 36 жолаушы бар Қазақстаннан келген Embraer E190 әуе кемесін түмендіктер «Рощино» әуежайында судан арка жасап салтанатпен қарсы алды.

Түменге келіп қонған қазақстандық алғашқы рейстің салтанатты ашылу рәсімі «Аэропорт Рощино» АҚ Бас директоры Игорь Лужбин, «Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы» ҚБ президенті Есенғали Ибраев, Инвестициялық саясат басқармасының бастығы Наталья Ракитина, «Түмен облыстық туризм және даму агенттігі» ЖШС директоры Мария Трофимова және «Эйр Астана» авиакомпаниясының Ресей және ТМД бойынша Бас менеджері Дмитрий Капарулиннің қатысуымен «Рощино» әуежайында өтті. Жиналған жұрттың, қазақстандық, ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының алдында сөз алған екі жақтың ресми тұлғалары екі елдің арасындағы ынтымақтастық байланысты нығайта түсетін жаңа әуе жолының тиімділігіне тоқталып, рейстің тұрақты болып қалатынына сенімді екенін айтты. Салтанатты түрде лента қиылып, жаңа рейстің ашылу жоралғысы жасалды.

 

Домбырадан күй төгіліп, қазақтың ұлттық киімін киген қыздар ортаға шығып би өнерін көрсетті. Құттықтаулар мен жылы лебіздер дастархан басында жалғасты. Салтанаттың шарықтау шегі «Эйр Астана» авиакомпаниясы ресейлік БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырған лоторея ойыны болды. Ұтысқа Түменнен Астанаға тегін барып қайтатын екі авиабилет қойылды. Бақытты билетке Түмендегі «Муслим инфо» мұсылмандар газетінің редакторы, түмендік «Арман» БҚ баспаның директоры Қалел Қабдолуақитов  ие болды.

Түмен қаласы – Сібірдің өндірістік, ғылыми және мәдени орталығы. Орал тауларынан бастап Қиыр Шығысқа дейінгі ірі аумақты алып жатқан Сібір тайгасына жол ашатын қақпа. Бұл өңірде мұнай мен газ өндірілуіне байланысты 1960-70 жылдары қала күрт өзгерді, жер қойнауын игеру оның экономикалық дамуына жақсы әсер етті. Қазір 750 мыңға жуық тұрғыны бар тарихы бай бұл қалаға тек кәсіпкерлер ғана емес, туристер де көптеп ағылады. Жаңадан ашылған бұл рейс Астана мен Түмен арасындағы жолға кететін уақытты бір жарым сағатқа қысқартты. Бразилияда жасалған Embraer 190 бортына 88 адам алып, сағатына 850 шықырым жылдамдықпен ұшады. Алғашқы рейспен Қазақстаннан Түменге 36 жолаушы ұшып келсе, кері қайтарда ұшақта бос орын болмады. Бұл әуе маршрутының жолаушылар үшін өте ыңғайлы екендігін көрсетеді. Ұшу бағасы да салыстырмалы түрде алғанда аса қымбат емес – эконом-класстың бағасы барып-қайту үшін 67 173 теңге, ал бизнес-класс — 156 025 теңгеден басталады.

«Бұл біз үшін басымдық беретін, негізгі бағыт болады. Бұл рейстің тұрақты болып қалуына барлық жағдайды жасаймыз» деді өз сөзінде Түмендегі «Аэропорт Рощино» АҚ Бас директоры Игорь Лужбин. Инвестициялық саясат басқармасының бастығы Наталья Ракитинаның айтуынша, Түмен сияқты газ-мұнай өндіретін бай өлкенің  іргелес жатқан Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынасы бұрыннан жақсы жолға қойылған. Былтырғы жылы екі арадағы әртүрлі салалар бойынша сауда айналымы 70 млн АҚШ долларына жетіпті. Енді тікелей рейстің ашылуына байланысты туризм бағытында арақатынас нығая түспек. Бұл туралы  «Түмен облыстық туризм және даму агенттігі» ЖШС директоры Мария Трофимова өз сөзінде айтып кетті. Түмен өңірінің тарихы өте бай. Тарихшылар оның атауын төменгі ағыс немесе түмен (Шыңғысхан әскеріндегі он мың қол) деген ұғымдармен байланыстырады. «Төменгі ағыс» деген ұғымның жаны бар, өйткені Тобылдың Ертіске, Ертістің Обқа құятын жері осы облыста. Бұл кезінде Көшім хан, Бұқар хандығының билік жүргізген, бір жағынан татарлар, екінші жағынан сібір қырғыздары шапқыншылық жасап, талай қантөгіс болған тарихи өлке. Сондықтан мұнда Қазақстаннан келетін туристердің де саны арта түседі, деп үміттенеді облыстағы туризм агенттігінің директоры.

          — Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдерінде лидер болып саналатын №1 авиакомпанияның Түменге әуе көпірін салғанына қуаныштымын. Осы өңірде тұратын ұлттық диаспорасын құрайтын қазақтарға тарихи отанымыз Астанаға тікелей ұшатын мүмкіндік пайда болды. Біз алдағы уақытта «Эйр Астана» авиакомпаниясының тұрақты жолаушылары боламыз, — деді «Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы» ҚБ президенті Есенғали Ибраев жаңа рейстің Түмендегі ашылу салтанатындағы құттықтау сөзінде.

«Эйр Астана» авиакомпаниясының Түмен қаласын таңдап алуы бекер емес. Франкфурт, Лондон, Париж, Киев, Стамбул, Тбилиси, Ташкент, Бишкек, Баку және Бейжің қалаларынан шыққан транзиттік саяхатшылардың ұшу маршруттарының түйісу нүктелері Астана арқылы Түменде болуы түмендіктерге өте тиімді. Қазақстандық авиакомпания да бұдан ұтпаса ұтылмайтыны белгілі. Ұшу бағыттарының түйісу бір күн немесе одан көп болған жағдайда авиакомпания транзиттік жолаушыларға Stopover Holiday пакетін ұсынады. Оған қаладағы отельге бір түнеп шығу және әуежайға жеткізу қызметі кіреді. Бір күндік қызмет көрсету бағасы 1 доллар. «Эйр Астана» авиакомпаниясының Ресей және ТМД бойынша Бас менеджері Дмитрий Капарулиннің айтуынша, жаңа рейс екі жаққа да тиімді болмақ.

— Біз бұл бағыттың қаншалықты тиімді болатынын бір жыл бойы зерттедік. Компанияның коммерциялық құрылымдары жаңа рейстер ашылатын өңірлердің экономикалық жақтарына, ұшақтарға жерде қызмет көрсетуіне, әуежайдың жолаушыларға қызмет көрсету жағына қаты назар аударады. Сондай-ақ жолаушылар ағынын, қай бағытқа көп ұшатынын сараптайды. Біз тек Қазақстаннан жолаушылар тасымалдауға ғана емес, сондай-ақ оңтүстік-шығыс, Орта Азия елдерінен, Еуропадан шығатын жолаушылар ағынын ұстап алып, авиатасымалдау қызметін көрсетуге мүдделіміз.  Сондықтан біз Түмен өңірін баяғыдан білеміз, жіті бақылап отырдық. Алдымен Түменнен Астанаға дейін, кейін мүмкін Алматыға дейін рейс ашамыз. Түмен – бұл «Эйр Астананың» Ресейдегі 7- бағыты. Бұған дейін Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Қазан, Екатеринбург қалаларына әуе қатынастары орнаған. Қазіргі кезде «Эйр Астана»  авиакомпаниясы Ресей мен Қазақстан арасына аптасына 70-тен астам рейстерді орындайды. Енді Қазақстаннан Уфа мен Сочи қалаларына рейс ашпақ ойымыз бар. Біз 2015 жылдан бері Ресейден Қазақстанға тікелей шығатын рейстердің жағдайын қарастырып, сараптап отырмыз. Мәскеу, Омбы, Новосібір қалалары арқылы транферттік рейстерді Астана бағытына жіберу біз үшін тиімді. Түменнен Омбы арқылы Астанаға қатынайтын рейсті де қарастырдық. Бүгінгі ашылып отырған Астана-Түмен рейсі тұрақты болуы тиіс деп үміттенеміз. Оны аптасына үш рет емес, күн сайын ұшатын қалыпқа келтіруіміз керек. Біз Астана арқылы жыл сайын Тайланд, Вьетнам жақтан келіп-кететін 12 мың транзиттік жолаушыларды өткізуді жоспарлап отырмыз, — деп бөлісті Дмитрий Капарулин авиакомпанияның алдағы жоспарларымен.

Астана-Түмен әуе жолының ашылғанына қатты қуанғандар ең алдымен осындағы қазақ диаспорасы мен кәсіпкерлер. Түмен облысында қазіргі кезде 18 мың қазақ тұрады. Олар кезінде әртүрлі жағдайлармен, аумалы-төкпелі замандарда ауып барған Арқаның қазақтары. Көпшілігі елмен байланысын үзген жоқ. Бүгіне ана тілін, дінін, ата-бабаларының салт-дәстүрлерін сақтап, сүттей ұйып отырған жұрт. Қалел Қабдолуақитовтың айтуынша, мұндағы қазақтардың көпшілігі мемлекеттік қызметтерде, құқық қорғау органдарында қызмет етеді екен. Осы өңірге танымал ірі кәсіпкерлер де жеткілікті. Ораза айы болғандықтан «Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы» ҚБ президенті Есенғали Ибраев Түмен жеріне алғашқы рейспен келген қазақстандықтарды арнайы қонаққа шақырып, ауызашар жасады.

          Түменге ұшқан алғашқы рейспен барған бір топ қазақстандық журналистер үшін «Эйр Астана» авиакомпаниясы облыстағы тарихи қалаларға экскурсия ұйымдастырды. Түмен қаласынан оңтүстікке қарай 74 шақырым жерде Тобыл өзенінің сол жағалауында орналасқан Ялуторовск қаласы Сібір жеріндегі тарихи орындардың бірі болып саналады. Қаланың іргетасы 1782 жылы қаланған. Мұнда 1829 жылдан бастап Василий фон Тизенгаузен, Андрей Ентальцев,  Матвей Муравьев-Апостол,  Иван ч Якушкин, Евгений Оболенский, А.Пушкинмен лицейде бірге оқыған досы Пущин сияқты 1825 жылы желтоқсанда патша режиміне қарсы төңкеріс ұйымдастырған 14 декабрист айдауда болған. Халық оларды қазірге дейін ұмытпайды, Ялуторовскде олардың ескерткішітері тұр. Жергілікті гидтердің айтуынша Ялуторовск деген атау түркі тілінен,  «ел отыр» деген сөзден шыққан екен.

          Түменнен Толбольске бара жатқан жолда Покровское деген село бар. Мұнда өткен ғасырдың басында Ресей императоры Николая II жанында жүріп, оған ықпал еткен тәуіп, көріпкел Григорий Ефимович Распутин тұрған. Распутин образы Қазан төңкерісіне дейін де, одан кейін кеңестік дәуірде де негативті насихатталды. Оның Ресей империясының тағдырына ықпалы туралы көптеген кереғар пікірлер бар. 

 

 

Покровское селосындағы музейде Распутиннің жеке заттары, жазған хаттары, патша сарайынан келген хаттар мен құжаттар сақталған. Музейдегі артефактарды қазір меншігінде ұстап отырған Мария Юрьевна КСРО кезінен бастап жинаған екен. Григорий Распутин қолданған сынық айна, орындық, өрнектелген терезе жақтауы, қанжар, тапанша сияқты экспонаттар қойылған. Распутиннің орындығына отырған адамның көп ұзамай қызметі көтеріледі, деп сендіреді Мария Юрьевна. Оған айтатын бірнеше уәждары да бар.  Мысалы, баяғыда осы облыстың губернаторы болып жүрген кезде Сергей Собянин музейге бас сұғып, Распутиннің орындығына отырған екен. Көп ұзамай Президент оны Мәскеу мэрі етіп тағайындайды.

Г.Е.Распутиннің үйі тұрған жер. Екатеринбургтегі  (ол кезде Свердловск) Ресейдің соңғы императоры Николай ІІ отбасымен атқан Ипатьев үйін 1975 жылы бұзған кезде Покровское селосында тұрған Распутиннің үйін де күреп тастады.

Тобольск қаласы 1587 жылы Ертіс өзенінің жағасында бой көтерген. Ең бірінші салынған ғимарат Троицк шіркеуі. 1708 жылы Тобольск Ресейдегі ең ірі Сібір губерниясының әкімшілік орталығы болып бекітілді. Сол кездерден бастап Сібірге жер аударғандар осы өңірге жіберілетін болған.

 

Ресейдің соңғы императоры Николай ІІ отбасымен атып өлтірер алдында большевиктер Тобольскдегі осы үйде ұстаған. Патша отбасы өмірлерінің соңғы күндерін осы үйде өткізді. Осы жерден Екатеринбургке жеткізіп, тарихта Ипатьевтің үйі деген атпен қалған үйдің жертөлесінде атып өлтірді.

 

Тобольск өзінің тарихи архитектурасымен табиғи ландшафтарымен Сібірдің туристік орталығына айналған. Мұндағы Кремль,  Знаменск және Иоанно-Введенск монастырлері толықтай қалпына келтірілген. Ертіс өзенінің бойында демалатын орындары бар туристік маршруттар көп. Түмен облысына қыдырып баратын туристер «Тюменьзарубежтур» фирмасына хабарласуына болады.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Астана – Түмен – Ялуторовск – Тобольск — Алматы

Алтынорда

[:]