АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Жат ағым өкілін оңалту орталығының көмегімен райынан қайтаруға болады – Айдар Есенбеков[:]

[:kz]

Халық жат ағым идеологиясына үреймен қарай бастады

Дін істері жөніндегі басқарма жергілікті аймақта мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асырумен айналысады. Біріншіден, басқарма дінаралық, конфессияаралық өзара төзімділік идеяларын насихаттайды. Ұлтаралық, дінаралық келісім, тұрақтылық – бұл тәуелсіздіктің басты ұстындары. Соның арқасында еліміз 27 жыл бірлікте, тыныштықта өмір сүріп келе жатыр. Діни алауыздық орнап, дінаралық төзімділік болмаған жерде жағдайдың қандай болатынын тарихтан да, соңғы жаңалықтардан да естіп, білеміз. Экономика, саяси тұрақтылық жағынан дамуға бұл оразан зор кедергісін келтіреді. Елбасымыз мұны жақсы түсініп, ерекше мән беріп келеді. Алматы Дін істері жөніндегі басқармасы да осы аяда қызметін жүзеге асырады.

Алматыда 17 конфессияның өкілдері қызмет етеді. Мұнда 179 діни бірлестік бар. Бұлардың барлығымен күнделікті байланыс орнатып отырамыз. Тұрақты түрде кездесулер өтеді. Олардың ұсыныс, тілектерін қараймыз. Бірге түрлі шаралар өткіземіз. Осындай жұмыстардың арқасында түрлі конфессия арасында бір-біріне деген төзімділік атмосферасы қалыптасып отыр.

Жат ағым өкілімен сұхбат. Фото: басқарма мұрағатынан

Дегенмен, діннің атын жамылып, оны деструктивті тұрғыда пайдаланатын топтар да жоқ емес. Әсіресе ислам бағытындағы дәстүрлі емес діни идеологияны ұстанушылардан мұндай әрекеттер жиі байқалады. Бұл да қазіргі кезде үлкен мәселеге айналып отыр. Кезінде шетелде оқып, жат ағымдағы уағызшылардың әңгімелерін тыңдап, біраз жастарымыз дәстүрлі емес бағыттың жетегіне ерді. Соның салдарынан қоғамда қарама-қайшылықтар туындап отыр. Оның әртүрлі сипаты бар. Осы тұрғыда білікті мамандарымыз, теологтар, ғалымдар жұмылып, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесінде қазір азаматтардың бойында дәстүрлі емес діни бағыттардың идеологиясынан алшақ болу түсінігі қалыптасты. Халық бұған үреймен қарай бастады.

Жат ағым өкілін оңалту орталығының көмегімен райынан қайтаруға болады

Теріс идеологияның құрбанына айналған азаматтармен жұмыс жүргізу өте күрделі. Осыған байланысты «Діни кеңес беру және оңалту орталығы» құрылды. Бұл орталық дәстүрлі діннен адасып, жат діни ағымның құндылықтарын ұстанып жүрген азаматтармен жұмыс жүргізеді. Басты мақсат – олардың радикалды идеяларына түсінік беріп, ханафи мазхабына қайтару.

Орталық өткен жылы 244 адамның дәстүрлі дінге оралуына себеп болды. Биыл да бұл жұмыс жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 400-ге жуық азамат орталыққа келген. Жыл соңында олардан қандай нәтиже шыққанын анықтаймыз. Бір адаммен бірнеше рет кездесу өткізіп, тексеріс жүргізіп отыру керек. Орталыққа келген адаммен сұхбат барысында мамандар оларға дәрігер тәрізді диагноз қояды, қалай көмектесу жайлы шешім қабылдайды. Оның тыңдап жүрген дәрістерінің қате екенін, жат идеологияның қауіптілігін дәлелдеп, ой салады.

Мысалы, жат ағымдағылар Алланың бейнесіне, мекеніне анықтама береді. Мамандар осы тұрғыда олардың қателесіп жүргенін түсіндіреді. Бұл жұмысқа мешіт имамдары да араласады. Орталыққа жүгінген адамның қай мешіттің жамағаты екені анықталған соң, оны қадағалау мешіт имамына тапсырылады.

Құрылыс орнындағы оңалту орталығының жұмыстары. Фото: басқарма мұрағатынан

Орталықта имам болып жұмыс істеген, дінтану саласында тәжірибесі бар мамандар қызмет етеді. Нұр-Мүбарак университетінің білікті мамандары да осы жұмысқа ат салысады. Олар келген адамдарды күнделікті қабылдайды. Осындай бағытта заң бұзумен ұсталған қала түрмелеріндегі азаматтармен де кездесу, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

Азаматтарды белсенді болуға шақырамыз

Кез келген алматылық өзінің жақыны, туысы, көршісінен жат ағымның белгілерін байқаса, Дін істері жөніндегі басқармаға, оңалту орталығына, құқық қорғау органдарына да хабарласып айтуына болады. Бірақ бұл жерде хабарлаумен мәселе шешілмейді. Жат ағымға түскен азаматты Діни кеңес беру және оңалту орталығына ертіп келу керек.

Егер азаматтар жат ағымдағылардың заңсыз әрекеттерін байқаса, жиындар жасап, уағыздар жүргізсе, оны дереу полицияға хабарлауы керек. Олар ақпаратты тексереді. Расталса, тиісті шараларды қолданады. Сол себепті барлық тұрғындарды азаматтық белсенділікке шақырамыз. Егер жұмыла әрекет етсек, алдағы уақытта оң нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Дін істері жөніндегі басқарма шарасы. Фото: Мұрағаттан

Біздің қоғам – толерантты қоғам

Әсіре діншілдік, дінге қатты беріліп, зайырлы мемлекетіміздің құндылықтарын мойындамау – мемлекеттің дамуына кедергі келтіреді. Біздің қоғам – толерантты қоғам. Елімізде барлық діни сенім, ұстанымдарға бостандық берілген. Әр азамат өз еркімен, дәстүрлі дінін ұстана алады. Заң тек радикалды идеологияны насихаттайтын, діни алауыздық тудыратын шараларға тыйым салады. “Зайырлы” деп айтсаң, “дінді мойындамау”, “дінге қарсы шығу” деп қате қабылдайтындар бар. Негізінде зайырлы ел болу – барлығына бірдей қарау, төзімділік таныту ұстанымы.

Мемлекет діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға ерекше ықылас танытып отыр. Заңға өзгерістер еніп жатыр. Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды. Онда осы мәселелердің барлығы қамтылған. Алдымен жастармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, діни радикализмге қарсы иммунитет қалыптастыру басты назарға алынды.

Қазір мектептерде “Зайырлылық және дінтану негіздері” пәні оқытылады. Осы пәннен беретін ұстаздарды екі жыл қатарынан арнайы семинарлардан өткізіп, дайындап келеміз. Олар мемлекеттің дін саясатындағы басымдықтарын, оқушылармен жұмыс істеу, т.б. туралы біліктіліктерін арттырады.

Қазіргі жастар ізденуге, білім алуға құштар. Бірақ “діни білім аламын” деп талаптанған жастардың жат ағымға ілесіп, содырға айналып кету қаупінің де бар екенін ескерген жөн. Бүгінгі таңда діни білімді шетелден алуға ниеттілерді тексеру ісі де күшейді. Талапкер бакалавр білімін алдымен Қазақстаннан алуы керек. Содан кейін ғана екінші жоғары білімін тек ресми оқу орындарында жалғастыра алады.

Болашақта дамыған 30 елдің құрамына кіреміз, өркениетті қоғамды құрамыз деген мақсат қойдық. Мақсатымызға дәстүрімізді, тарихымызды, құндылықтарымызды, сақтай отырып, қол жеткізуіміз керек.

Айдар Есенбеков. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысының қала тұрғындарына кеңесі

  • Біріншіден, уағызды көшеден, интернеттен тыңдамау керек. Бейтаныс адамдармен дін тақырыбында сөйлесуді мейлінше тоқтату қажет.
  • Отбасы мүшелері балаларға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Балалар интернеттен нені көреді? Кімді тыңдайды? Достары кім? Қандай кітаптарды оқып, қандай сайттарды қарайды? Осыларды тексеріп отыру керек. Әсіресе, дінге қызығушылығын байқаған сәттен бастап, ата-аналар бақылауды күшейткені жөн. Күмән байқалған болса, мешіт имамдарына жүгінген абзал.
  • ҚМДБ-ның ресми сайты бар. Дін тұрғысынан қажет ақпаратты содан алу керек. Қандай да бір сұрақ болса, мешіттің ресми қызметкерлерінен ғана сұрап, білу керек. Бұлар – дәстүрлі діннен адаспаудың, жат ағымның құрбанына айналудың алдын алатын маңызды әрекеттер.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.

baribar.kz

[:]