[:kz]
Қазақстаннан шетелге көшіп жатқан қазақстандықтар жыл сайын көбейіп жатыр. Бұл – бүгінгі қоғамдағы күйіп тұрған мәселенің бірі. Әсіресе, қазіргі жастардың басым көпшілігі мүмкіндік туа қалса, шетелге қоныс аударып кетуге дайын-ақ тұр. Әрине, жас буынның жаңашылдыққа, жақсы өмірге деген талпынысы қуантады, дегенмен қазақ елінің болашағы жастардың қолында екенін де естен шығармаған абзал. Шекара асып кетіп, өз болашағын өзге елде құрып, өмір кешу – бүгінде талай адамның арманы. Ал ондай «арманшыл» жастар қайтадан Отанына оралып, ел мүддесі үшін жұмыс істей ме?
Қазақстаннан кімдер кетіп жатыр? Негізі шетелге шығу – қалталы адамдардың ғана қолынан келетін іс емес, еңбекқор, дарынды һәм талабы мықты жастар да сыртқа ағылуда.
Белгілі режиссер Ермек Тұрсынов Qamshy.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында бұған қатысты былай дейді:
«Қазақстаннан кетіп жатқандардың көпшілігі – осы мемлекеттің санасынан өсіп кеткендер. Балық сүңгігенде терең жерді іздейді дейді ғой, адамдар да сондай, әсіресе, жастар. Олар жаңашылдыққа қарай ұмтылады, ізденеді. Егер өзге бір мемлекет оның талантын ескеріп, өзіне шақырып жатса, жұмыс беріп жатса, қалай кетпейді? Әрине, кетеді… Мәселе онда емес, мәселе – ол жастар қайтып келе ме? Бұл – өте күмәнді сұрақ.
Жастардың біліп қуып, кәсібиліктерін шыңдау үшін шетел асуына қарсы емеспін, ол – дұрыс. Тек сол жас мамандар кейін отанына оралып, өз елінің болашағы үшін қызмет етсе екен деймін. Мен өзім де он жылдай шетелде тұрдым, кейін бәрібір қайтып келдім. Бөтен ел өз Отаныңдай болмайды, сағынасың, тілдері, менталитеттері бөлек. Шетелде жүргенде баяғыда сол жаққа көшіп кеткен, сол елде ұрпақтарын таратып және сол ұрпақтары қазақ тілін мүлде білмейтін көптеген қазақты кездестірдім. Қазір де шетелдерге көп шығамын, сонда қазақ жастарын көріп, солармен әңгімелесіп, сырларын тыңдаймын. Олар да өздерінің Отанын сағынады. Дегенмен көбі өзге елде оқып, өмір сүріп, сол елге үйреніп қалғаннан кейін қайта оралғысы келмейді», – дейді Ермек Тұрсынов.
Иә, шетте жүріп Отанын сағынатын, бірақ жайлы өмірін қимайтындар баршылық.
Оның басты себебі неде? Қазір кез келген адамбұл сұраққа: «Мемлекет өз дарындыларының қадірін білмейді, оларға мемлекет тарапынан қолдау жасалмайды», – деп жауап қатады, оған қоса өзге елде танылып, мерейі үстем болған отандастарымызды – Қытайға барып танылған Димаш Құдайбергенді, Канн фестивалінде марапатталған Самал Еслямованы, т.б. – мысалға келтіре отырып айтады.
Эмиграцияның өсуіне елдегі жұмыссыздық мәселесі, төмен жалақы, жоғары білім сапасының төмендеуі, жемқорлық және бюджеттік қаражатты тиімсіз пайдалану, зейнетке шығу жасының ұлғаюы әсер етуде. Өкініштісі, бұл – тек бір-екі адамның ғана ойы емес, қоғамда қалыптасқан пікір. Бұл – бүгінгі кезеңнің шындығы.
«Бүгінде біздің қоғамда өтірік көп. Мысалы, бір нәрсенің түпнұсқасы және көшірмесі болады. Ақиқат ешқашан екіжүзді болмайды, ол тек біреу. Сол ақиқатқа он пайыз өтірік қосылса, ол шындық емес. Ал бізде он пайыз емес, өтірік елу пайыздан асып кеткен.
Мысалы, «Хабарды» қараңыз, 24 сағат өтірік. Теледидардан көрсетіп жатқан Қазақстан – басқа Қазақстан. Ал журналистиканы қараңыз, бізде қазір журналистика қалған жоқ, бізде тек үгіт-насихат бар, ізденіс жоқ. Сонымен қатар, мысалы, Әблязовтың айтып жүрген шындығын алып қарайық – оның да шындығына мен сенбеймін, ол бәріне қара бояуды баттастырып жағады. Оппозиционерлер де бәрін қаралайды. Сонда шындық осы екеуінің ортасында жатыр. Мысалы, Астанадан 100 шақырым жерде орналасқан аудандарды алып қарайық: қираған үйлер, халықтың тұрмысы нашар. Мен үшін нағыз шындық – осы», — дейді режиссер.
Оның айтуынша, біздің өмірімізде шындыққа қарағанда өтірік көп.
Рас. Еліміз дамып жатыр дейміз, бірақ халықтың әлуеті, әлеуметтік жағдайы – баяғы жартас бір жартастың кебін киіп тұр. Шамасы жеткендер шетел асып кетіп, тіпті сол елдің азаматтағын алып жатса, қалған қалың бұқараның өз жыртығын жамауға шамасы әрең жетуде.
«Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деп намыстарын найзаласақ та, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп қамшыласақ та, ондай азаматтардың саны артпаса, кемитін түрі жоқ.
Назерке Лабихан
[:]