[:kz]
Алматы облысында «Спутник» демалыс үйінің төңірегінде дау туды. Демалушылар көру қабілеті нашар адамдарға арналған шипажайға шағым түсіруде. Олардың айтуынша, демалыс орны нағыз жын-ойнақтың мекеніне айналған. Қонақтардың бірі демалмақ түгілі дұрыс ем ала алмай, ауруханадан бірақ шыққан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарттық агенттігі КТК арнасына сілтеп.
ұл демалыс орнына тынығуға барған Бағдат Ахмадиева шипажайдан жағымсыз әсермен оралды. Оңалту орталығына мемлекет есебінен тегін кетіп, демаламын деген 45 жастағы әйел маскүнемдердің айғай-шуынан шаршап келіпті. Шипажай демалушысы ол жерден ем аламын деп, аурухана төсегінен бірақ шыққан. Ем-дом алған мүгедек әйелдің онсыз да дімкәс денсаулығы шипажайдағы демалыстан кейін күрт нашарлаған. Енді дәрігерлер оның аяғындағы бір бақайын кеспекші екен.
«Кедро бөшкесінің батпағынан 2 курстан кейін менің аяғым көгере бастады. Бәрі арақ ішіп мас, құлап жатқан еркектер. Жиһаздарын көрсеңіздер ғой, әрқайсысында сұлап жатқан еркек. Даланың әр бұрышында құсып отырған еркек. Жиіркенішті»,-дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Бағдат Ахмадиева.
Жын-ойнаққа айналған шулы шипажай таулы аймақта орналасқан. Табиғаты әсем болғанымен, шипажайдың қабырғаларының түсі кеткен, ал шатыры шұрқ тесік. Оңалту орталығының хәлін осы жердің мақтанышы саналатын Гагариннің мүсінінен-ақ аңғаруға болады. Ал, шипажай әкімшілігі болса кейбір демалушылар жан тыныштығын ішімдіктен іздейді, сондықтан оларға түсінушілікпен қарайық дейді.
«Егер бізге демалуға келген 120 адамның бәрінің көңілі жайланып, қуанып кетсе де, бұл да дұрыс емес шығар деп ойлаймын. Оның үстіне бұл демалыс орыны. Оларға ішпе, шекпе, тыныш жүр деп те бұйыра алмаймын ғой»,- деді «Спутник» мекемесінің директоры Қуат Омаров.
Ал, шипажай әкімдігінің тым демократиялық ұстанымына емделушілер әрине риза емес. Алайда, шипажайда оңалтудан өтіп жатқан мүгедектерде бұл жағдайға төзуден басқа таңдау жоқ. Себебі, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жариялаған 179 миллион теңгенің тендерін дәл осы мекеме ұтып алған. Бірақ, мүгедектердің денсаулығын жекеге сеніп тапсырған шенеуніктер, емделушілердің қандай жағдайда жүргенінен хабарсыз болып шықты.
«Біз тапсырыс беруші ретінде «Спутник» демалыс үйімен келісім-шартқа отрығанбыз. Сол шарттың қаншалықты сақталып жатқанын ғана тексере аламыз. Бірақ, шипажайдың өзін тексеру біздің құзырымызда емес. Бұл үшін арнайы органдар бар. Соларға шағым түсірсін»,- дейді Алматы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбдалиев.
Алматы облысының өзінде шипажайда демалуға мұқтаж адамдардың саны 4 мыңнан асады. Оның үстіне, оңалту орталықтарына тек соның жартысы ғана жіберіледі. Ал, мұндай оңалтудан кейін ешкім зардап шекпесін деген Бағдат Ахмадиева қайтсем де шипажайдың үстінен тексеру жүргізуге тырысамын деп отыр.
Источник: Stan.kz
[:]