[:kz]
Бірде шаруаларыммен банкке кірдім. Әдеттегідей банктің іші лық толы адам. Ине шаншар жер жоқ. Маусымның аптап ыстығы теріні күйдіріп, өңді алаулатып тұрса, “осы жолы жолым болып, қалтам толып шықса екен” деген ой мен тілек жан-дүниені іштей күйдіріп барады.
Құдды бір атадан қалған мирасты алып кетуге келген мұрагердей. “Жоқ болғыр несие, жанымды шығардын-ау”, — деп қоятын жүрек пен сананың арпалысы тағы бар.
Бірде ашуға булыққан бір ағай “банктің жақсысы жоқ, бірақ ішіндегі ең жалмауызы осы Каспий”, — деп терминалға шытырлатып ақшасын тоғытып жатыр дейді.
Енді қайтпек, басқа іс түссе, қиналып, шегінерге жол таппасақ, пананы алыс-жақын ағайыннан емес, “банк” деген бауырдан іздейтін заманға жеттік.
Тиын болған жалақысына шаққа күнелткен жақыныңызды қайтіп мазаламақсыз, иә?
“Қойшы, бармын-ау, бірақ қарызданып қалса, бұдан қайтар күн болмас”, — деп дос-жаран, панам деген туысыңыз “жоқ” деп сарт еткізсе, оны қойыңыз, артыңыздан өсек-аяң өре жүрсе, тағы жаман дейсіз.
Ал банк ше? Банк-несие дегеніміз өмірдің кіршіксіз естелігі болмаса да, сол сәтте әңгіме айтпайтын, өсек тасымайтын сіздің құтқарушыңыз. Айтқаның орындап, талабына көнсеңіз, төртбұрышты техниканың сынынан өтсеңіз, үнемі “бармын және беремін” дейді. Болмаса, кешіріңіз, екісі, үші келіңіз, есігіміз қайта ашық, әйтеуір, кеудеңнен итеріп, тауынды қайтармайды.
“Қу жалмауыз болсын, жалмауыздың жалмауызы болсын” үмітіңді қайта оятып, біреуінен екіншісіне жолды жалғай бересіз.
“Даудың басы Дайрабайдың сары сиыры” демекші, әлгі банкте қасымда отырған екі әйелдің әңгімесіне еріксіз құлағымды түрдім.
“Өткен жолы баламның тойына деп тоғыз жүз мың теңге алдым, ол да жетпей тағы жүз жиырма мың алуға келіп отырмын. Тойдан түскен ақшамен орнын қайта жауып тастауға тырысамын. Біздің құдалығымыз бар, оған тағатын сырғамыз бар, жоралғыларға көп кетеді ғой, тамаққа тағы жетпейді”, — деп апай әңгімесін екінші әйелге бұрды.
Ол кісінің де жағдайы мәз емес, көзінде мұң тұрғандай.
Сол баяғы компьютер ойындарының шырмауындағы, жұмыс жасамайтын 20 жасар ата-ананың мойнындағы ақылсыз баланың жыры. Несиеге көлік алып, оны ұзаққа апармады деген апайдың басындағы жағдай тағы қанша қазақтың басында бар екені бір Құдайға аян. Себебі күллі Қазақстан несие төлейді. Жарысып несиеге көлік мінеді, тон киеді. Ағайын-туыс пен дос-жаранның алдындағы абыройым, бір күндік өмірім жанымнан қымбат деп дүрілдетіп несиеге той жасаймыз. Сәтінде “миллиондатып” алған несиенің артын ойлап жатуға шашпа қасиетіміз бой бермей жатады. Бір ай өтті, екі ай өтті, жыл өтті… Тұрмысқа шықтым деп мәз болған қыз бен келін алып, құдалықтың, той-думанның көкесін көріп қайтқан екі жақ бірін-бірі “Банк” деген алпауыттың несие атты терең ініне тығып жатқанын кезінде сезінбей ме, “шашын жұлған’’ кісідей жан-жаққа бар тапқанын тарата бастағанда екі жаққа кете барады. “Мінезіміз жараспады, иілмедік, көнбедік”, — дегенміз бос сөз. Дарақылық пен мақтаншақтық, бәсекелестік көзіңізді шел басқандай несиемен торлап тастады. Отбасылық өмірдің мәнін осымен өлшеп, ертеңгі күнді көрмейміз. Жаңа өмір, жана күндер қарызбен басталса, кімге тыныштық бар дейсіз?! Жас отбасы да, ата-ана да бір күндік даңғазаның буына масаттанады, гүрілдеген той “керемет” деп арқадан да қаққызып жатыр… Бірақ несие арқалап, жалдамалы пәтерді жағалап жүрген де сол тойдағы жас жұбайлар. Ең өкініштісі, үлкендер “менің тойым одан асты” деп жалған намыстың жолында өз нәпсісін тыя алмаса, баласына қандай үлгі береді?
Әрбір екінші қазақ несиенің шырмауын шешемін деп жүгіріп жүр. Сонда түзде жұмыс, үйде қарыз санаған, аттың басын банктің табалдырығынан бұрмаған ата-ананың баласын кім тәрбиелемек? Cанасын тұрмыс билеген әке мен шеше қалайша құнды уақытын оның сапалы білім алуына, жан дүниесін ұғынуға жұмсалмақ? Содан кейін жауыз бала, бүлінген жас, ақсаған тәрбие қайдан шықты демеңіз. Ал бұл өз кезегінде, менің ойымша, бір отбасының қиыншылығы емес, мемлекеттің болашағы үшін үлкен зардап.
Айналып келгенде несиеге жасалған тойдың әңгімесі ұрпақтан ұрпаққа тарап жатқан заманауи қазақтың құны көк тиын тағы бір жаңа салты секілді.
Гүлзат Сәттібаева
kazakhstanzaman.kz
[:]