[:kz]
Айт күндері осы бір қызық оқиға есіме түсіп, қиялыма қанат біткендей болады да, тү-у сонау алыста қалған балалық шағыма қарай алып ұша жөнеледi
…Сол жылы Құрбан айт қыс ортасында келіп еді. Бары-жоғы он төрт үйден тұратын кіп-кішкентай ауылды бір топ бала түске шейін-ақ түгендеп, түп-түгел айттап шықтық. Енді міне, қайда барарымызды білмей дағдарып, ойланып тұрмыз. Кенет Зұлпықар деген ала көз қара бала тәмпіш мұрнын бір тартып қойып: «Ей, біз осы, қойшылардың үйіне айттап қайтсақ қайтеді?!» деп қалды. Бұл бір күтпеген жаңалық еді. Бәріміз: «О-о!» – деп қуанып, шу ете түстік. Сөйттік те, қар жамылып жатқан аппақ адырдағы жүк машинасы жүріп өткен ақсырғақ жолға түсіп алып, тарттық та кеттік. Олар бізді қуана қарсы алды. Алғашқы екі үй барын алдымызға тосып, сонша жерден арнайы айттап келгенімізге мәз болып жатты. Тіпті қой соямыз, қона жатып кетіңдер деп те қалды. Бірақ біздің көз алдымызға келесі қойшының үйінде бұдан да дәмді, бұдан да мол дастарқан күтіп тұрғандай бір қызық сурет елестеп, тезірек сонда жетуге асықтық. Сөйтіп үшінші қойшының үйіне келгенде мүлде күтпеген жағдайға тап болып, маңдайымыз тасқа соғылды. Әуелі бізді шәу-шәу етіп, құлағы тікірейген кіп-кішкентай мәшке ит қарсы алды. Оның артынан қолында шелегі бар, сыртқа күл төгуге шыққан көк көз, мейіздей қатқан сары кемпір көрінді. Аяқ астынан сап ете қалған бұл не дүрмек дегендей бізге шошына қарап: «Айттарыңыз құтты болсын, Сиырларыңыз сүтті болсын!» деп жан-жақтан жамыраған даусымызды жақтырмай, қалшиып қатты да қалды. Сонсоң менен аулақ жүріңдер дегендей қолын сермеп: «Чево вам надо?» деді орыс тілінде сұп-суық үн қатып. Енді біз одан үркіп қалдық. «Айт қой бүгін… айт… Біз анау ауыл жақтан келе жатырмыз…» деп күмілжігендей болып ек, сары кемпір: «Я ничего не знаю, откуда пришли, туда и возвращайтесь!» деп шорт кесті. Таза қазақ ауылға мүлде түсініксіз сөзден бе, әлде үй иесінің қату қабағынан ба, әйтеуір, қатты сескеніп, ақырын-ақырын шегіншектеп, қой қораның жанындағы төбешіктің үстіне шығып кеттік. Қанша дегенмен қар кешіп, терлеп-тепшіп, шаршап-шалдығып келдік емес пе. Сәлден соң бойымыз мұздап, қалтырап тоңа бастадық. Жаңа ғана тас төбемізде тұрғандай болып көрінген күн еңкейіп, көкжиекке жақындап қалғанын енді байқадық. Әйткенмен, ер баланың бойында намыс деген болады емес пе. Әлгі қылығына тісімізді қайрап, мұндай адам біздің жаққа қайдан келген деп кіжініп тұрғанымызда, мұржасынан сыздықтап түтін шыға бастаған төмендегі үйдің есігі қайта ашылып, сары кемпір сырттағы қылдабайдан көмір алуға шықты. Осы сәтте ортамыздағы біреу: «Е-ей, бәбүшке, сен Құрбан айт, Ораза айт білмейдски-и-й!» деп бар даусымен күшеніп айқай салды. Сол сол-ақ екен, бәріміз тұс-тұстан жамырап, орысша сөйлегеннің жөні осы екен ғой дегендей, әрқайсымыз өз сөзіміздің соңына «ский» деген жалғауды қосып жіберіп, аузымызға келгенді айтып, айқайға бастық.
«Қақпасский», «Бір таба наны мен бір уыс кәмпит-күлшесін қызғанғанский», «Өле қалский!»
деген сияқты сөздердің неше атасы қарша борады… Ал көк көз, сары кемпір біздің даусымызды естісе де, сөзімізді түсінбеген сыңайлы.
Көмір салған шелегін көтерген күйі үн-түнсіз үйіне кіріп кете барды. Сөйтіп кері қайттық. Бет-аузымыз қызарып, аяғымыз тоңып, жол ортасында әрең ілбіп келе жатқанымызда кенет: «Ойбай, анаған қараңдар! Бізді қуып келе жатыр!» деген дауыстан селк ете түстік.
Расында да, басындағы құлақшынының екі құлағы желп-желп етіп, астындағы жуан торы атты үстін-үстін қамшылап біреу біздің соңымыздан салып ұрып келеді екен. Көре сала, мұз боп қатқан етіктеріміздің табаны дүңк-дүңк етіп, топырлап қаша жөнелдік. Бұл әрине, жаңағы көк көз кемпірдің шалы ғой. Қолына түссек, оңдырмайды-ау енді, оңдырмайды. Бірақ жаяудың аты – жаяу ғой қашанда. Әне-міне дегенше ат дүбірі желке тұсымызға таяп-ақ қалды. Екі өкпесі аузына тығылып, демі жетпей құлап түскен бір бала сәлден соң арт жағымыздан: «Е-ей, тоқтаңдар! Ол бізге айттық әкеліпті!» деп айқайлады… Жуан торы атты қамшылап бізді қуып жеткен қара шалдың қолында бір қызыл түйіншек бар екен. Оған асығып-үсігіп жүріп бір таба нан мен бір уыс кәмпит күлшені орай салыпты.
«Әй, балдар, айттық жеңдер, – деп бәйек болып жатыр. – Сендер біздің Катькаға ренжімеңдер. Ол байғұс мұндайды ешқашан көрмеген ғой!» Енді біздің сөз тыңдауға мұршамыз жоқ. Қарнымыз әбден ашып-ақ қалған екен, аппақ қардың үстіне жайылған қызыл түйіншектегі кәмпит-күлшеге таласып, сылпылдатып соғып жатырмыз.
Кейін білдік қой, ол біздің қойшы атамыздың кемпірі қайтыс болып, үлкен стансада тұратын жалғызбасты бір орыс әйелге үйленген кезі екен-дағы.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»
[:]