АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]“Қазақ оқырманының көбі Instagram-да отыр” – Руслан Меделбек[:]

[:kz]

Заман медианың жаңаруын талап етіп отыр. Не нәрсеге көңіл бөлу керек? Мамандар айтсын. «Медиабетбұрыс: кәсіби көзқарас» сериясының алғашқы кейіпкері — «Азаттық» радиосының тілшісі Руслан Меделбек.

Қазіргі заман қандай медианы талап етіп отыр?

Смартфон, digital заманында көлемді мақалалар аса қатты сұранысқа ие емес. Адамдар қысқа ақпаратты қабылдауға бейім. Сол себепті бүкіл ақпаратты бір минут ішінде жеткізу қажет. Жазған материалыңыздың көлемі екі-үш беттен аспауы керек.

Бірақ біз YouТube-ты жоғалтпадық. Мұндағы ұзақ видеолар әлі де қаралады. Facebook желісінде олай емес. Сол себепті YouТube-қа дайындаған видеоконтентті Facebook-ке салмаймыз. Статистика бойынша Facebook желісінде видеоның бастапқы екі-үш минуты ғана көріледі. Қараған барлық адамның 20%-ы ғана оны аяғына дейін көруі мүмкін. Бірақ 20 минуттық видеолар YouТube-та қала бергені дұрыс. Қазір әр әлеуметтік желінің, сайттың аудиториясы әртүрлі болып барады. Адамдар Facebook, Instagram желісіне кіргенде өте қысқа дүниелерді іздейді. Уақыты болғанда YouТube-қа кіреді. Сайттарда да – осы құбылыс. Біз қазір жаңа стандарттар бойынша бүкіл ақпаратты екі-үш бетке сыйдыруға тырысамыз. Үш беттің өзі көп. Eгер материалыңыз көлемді болса, инфографика қосыңыз немесе видеоформатқа көшіңіз. Бұл тәсіл оқырманға қызық.

Идеал қазақ журналистикасы қандай болуы тиіс еді? Қазір қандай?

Медиаға сенімділік жоғалып бара жатыр. Өз басым, Қазақстандағы бір де бір медиаға сенбеймін. Ол жерде үгіт-насихат, мемлекеттің саясаты бар. Цензура сезіліп тұрады, байқамау мүмкін емес. Қараша, желтоқсан айы келе жатыр. Газет беттері қалыңдайды, сайт материалдары өзгереді.  Әлемдік медиада бұл құбылыс – nonsense. Олардың басылымдарында қызық материалдар бірінші бетке шығады. Қазақстанда, керісінше, бірінші бетте официоз, жақсы мақалалар болып қалса, соңғы бетке ығысады. Бұл да – мемлекеттегі, БАҚ саласындағы саясаттың жоқтығы.

Сенімді қайтару үшін медиа жұмыс істеуі керек. Қазақстан халқы медиаға сенбейді. Қазақстанда сұраныс қандай – ұсыныс та сондай. Халық жеңіл тақырыптарды жақсы көреді, ауырды қабылдамайды. Бір сайтта Баян Есентаева туралы және “Қазком” мен “Халық банкінің” бірігетіні жайында материал шықты. Есентаева туралы 30 мыңға жуық адам оқыған, банктердің бірігетіні туралы материалдың қаралымы мыңға да жетпеген. Халықтың сұранысын осылай-ақ анықтауға болады.

Қазақ журналистикасы кеңес заманындағы журналистикадан, эмоциядан ажыраған жоқ. Баланс сақталмайды, болған күннің өзінде жасанды баланс көп.

Қазақтың идеал журналистикасы шыншыл, мемлекетке тәуелсіз болуы керек. Бірақ оқырманның деңгей әлі төмен. Оқырман газетке жазыла қоймайды. Басылымдарға да күнкөріс керек. Сондықтан мемлекетке қарай қол созады. Мемлекет оларға үгіт-насихатты жүктейді, тапсырыс солай басталады. Бұл шұңқырдан қазақ журналистикасы қашан шығатынын дәл болжап айта алмаймын.

Қазақ журналистикасы мен Қазақстандағы орыс журналистикасының айырмашылығы өте үлкен. Мысалы, ЛГБТ туралы материал немесе видео шықты. Орыстілді аудитория “өз таңдауы” деген сияқты адекват пікір қалдырады. Ал қазақ оқырмандарының пікірінен радикализм, агрессия көбірек байқалады. Сондықтан қазақ оқырмандары мұндай тақырыптарға, жаһандық өзгерістерге дайын емес. Ұлт, тіл, қазақтың намысы деген тақырыптар әлі ерекше толғандырады. Бұл құбылыстан да өтетін шығармыз. Бірақ дәл қашан екенін тағы да айта алмаймын. Ол жолды бастау үшін БАҚ тәуелсіз болуы керек.

Идеал қазақ аудиториясы қандай болуы керек? Қазір қандай?

Идеал қазақ аудиториясын әлі елестетіп көрмедім. Біздің аудитория сынды көтере алмайды. Қазақ оқырмандарының көбі Instagram-да отыр. Жеңіл тақырыптағы, жылдам оқылатын, көбіне әншілердің өміріне қатысты ақпаратты маңызды санайды. Мысалы, Қазақстанда рейтингі жоғары бағдарлама “Қалаулым” болып тұр. YouТube-тағы видеолары кем дегенде 300 мың рет қаралады.

Идеал оқырман саяси тақырыптарға бет бұрып, елде болып жатқан түрлі саяси құбылысқа бөлек қарауы керек. Мысалы, Индонезияда болған жер сілкінісінен мыңдаған адам қайтыс болды. Осы туралы материалыңыздың тақырыбын айқайлатып қойған күннің өзінде 200 рет оқылса, көп. Негізі ол ақпаратты ашпайды да.

Қазақ аудиториясы тек Қазақстанда өмір сүріп жатыр. Әлем оқырманы “бір әлемде өмір сүріп жатырмын” деп, кез келген жаңалықты өзінің өміріне қатысы бар деп қабылдайды. Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның кездесуі, оның әлемге қалай әсер ететіні қазақ аудиториясын мүлде қызықтырмады. Есесіне, Солтүстік Кореядағы халықтың өмірі туралы материал жазсаңыз, оқылады. Өйткені өзінің өмірімен салыстырады, бәлкім, шүкіршілік ететін болар.

Рохинджа мұсылмандары туралы ақпаратты қазақ оқырманы тебіреніспен, жанашырлықпен оқыды. Мұны да ұлттың қалыптасып келе жатқан мінезінің алғашқы симптомдары деп қабылдаймын. Бұдан да өту керек. Идеал қазақ оқырманы “Бүкіл адамзат бір аспан астында өмір сүріп жатыр, Африкада, Еуропада болған кез келген жағдай менің өміріммен байланысты” деп қарауы керек. Сол кезде ғана оқырманның деңгейі өседі, сол кезде халық журналистерден сапалы мақала талап ете бастайды. Сапалы мақала талап етпесе, журналистер соған сай эмоцияға толы, біреулерге жеккөрінішті, пікір балансы жоқ материалдарды ұсына береді. Біздің стандарттар халықаралық журналистика стандарттарынан қалды. Стандарт сақталмайды, журналист өзі  – кейіпкер, сарапшы, кейде бәрін өзі жазып шығады. Осы тенденция, өкінішке қарай, қатты байқалады.

baribar.kz/

[:]