[:kz]
Экономикалық зерттеулер институтына қарасты демографияны зерттеу орталығы Қазақстан аймақтарының этнодемографиялық паспортын әзірлеп, тиісті органдарға тапсырған. Жуырда бұл паспорт қолданысқа еніп, онымен көпшілік таныса алады.
Қазақстан халқының саны қазір 18 миллион 300 мың адамнан асқан. Бірнеше күн бұрын ғалым-демограф Александр Алексеенко он жылдан кейін Қазақстандағы қазақ ұлтының үлесі 80 пайызға жетеді деген болжамын айтты.
«Жас Алаш» сайтына сұхбат берген әлеуметтік-демографиялық дамуды зерттеу орталығының директоры Батжан Ақмолдина осы болжамға қатысты пікірін, Қазақстандағы әртүрлі ұлттардың үлесі қандай екенін, аймақтардың қатерлері мен тәуекелдерін, ішкі және сыртқы миграцияның себебі мен салдарларын, Қытайдан келген қазақтар бұрын неге азаматтық алуға асықпағанын айтып берді.
Оңтүстік пен солтүстік: бірінде – депопулация, бірінде – «артық өнім»
Батжан Ақмолдинаның айтуынша, аймақтардың этнодемографиялық паспортында аймақтардағы халықтың саны, соның ішінде, әр ұлттың үлесі, сол ұлт өкілдерінің көшу, туу, өлім-жітім көрсеткіштері, халықтың құрамы, еңбекке жарамды адамдардың саны, әлеуметтік жәрдемақы, зейнетақы алатын адамдардың демографиялық салмағы сияқты нақты факторлар көрсетілген. Сұхбатқа тұздық ретінде сарапшы екі өңірдің (Түркістан мен Солтүстік Қазақстан облыстары) этнодемографиялық паспортынан біраз мысал келтірді.
– Екі аймақтың этностық құрамына қарасақ, оңтүстікте азия халықтары көп кездеседі. Қазақтардың оңтүстіктегі туу көрсеткіші 1000 адамға шаққандағы коэффиценті 23,6. Тәжік, өзбек, әзірбайжан ұлттарының үлесі көп те, кәріс, татар, орыс, украин ұлттардың саны өте аз. Тіпті, украин ұлты қалмаған деуге болады. Бұл оңтүстік өңірге ғана емес, Қазақстанға тән құбылыс деуге болады. Қазақстандағы украин ұлтының қартаюы ең жоғарғы үлеске ие. Өйткені, кезінде елдегі жас украиндар Ресей мен атажұртына өте көп көшті. Қалғаны зейнет жасына жетіп, азайып жатыр. Туу көрсеткіші аз да, өлімі көп, – дейді Батжан Ақмолдина.
Ал, Солтүстік Қазақстан облысындағы ұлттық басымдық қазақтар мен орыстарда. Бірақ солтүстіктегі қазақ ұлтының туу көрсеткіші 1000 адамға шаққандағы коэффиценті 16 туу, ал оңтүстікте (Түркістан облысында) осы көрсеткіш қазақтарда едеуір жоғары – 28 туу, – дейді сарапшы.
Батжан Ақмолдина Қазақстанда аймақтардың ерекшеліктері, соның ішінде этностардың ерекшелігі өте көп екенін айтады.
– Сол оңтүстік пен солтүстікті алсақ, оңтүстікте «жасарып» келе жатқан этностардың, яғни, қазақ, өзбек, тәжік ұлттарының үлесі көп те, солтүстікте еуропалық этностардың үлесі басым. Алексеенканың «10 жылдан кейін Қазақстанда қазақтардың үлесі 80 пайызға жетеді» деп отырғаны да сондықтан. Аймақтардың этнодемографиялық құрамы маңызды рөл ойнайды.
Қазірдің өзінде біздің зерттеу солтүстікте депопулация (халықтың кемуі) қауіптері бар екенін көрсетіп отыр. Ал, оңтүстікте халық тығыз орналасып, Қазақстан ішіндегі миграция күшейюі мүмкін. Оңтүстік халқы күн көріс қамымен Алматы, Астана, Шымкент сияқты қалаларға көшеді. Қазірдің өзінде оңтүстіктегі ішкі миграция жоғары, бұл процесс әлі де қарқынынан таймайтындай, – дейді сарапшы. Мысалы, әлеуметтік сауалнама жүргізгенде, тұрғылықты мекенінен аса жылжымайтын дүңген ұлтының өкілдері көшуге дайынбыз деген ниеттерін білдіріпті.
«Әкеліп тастап, ұмыта салуға болмайды»
Билік солтүстіктегі депопулацияны жою үшін оңтүстіктен бүкіл отбасыларды, жастарды көшіріп, қоныстандыруды көздейтін бірнеше бағдарлама қабылданғаны белгілі. Батжан Ақмолдина жергілікті билік осы миграцияны орындаудан басқа, «оңтүстіктен көшкендер солтүстікке қаншалықты бекінеді» деген мәселені назарда ұстамаса, болмайды дейді.
– Өйткені, бәрібір екі өңірдің өмір сүру ерекшеліктері, шаруашылық жүргізу ерекшеліктері, тіпті, климатының өзінде өзгешелік бар. Әрбір мигрант адаптация, интеграция кезеңдерінен өтеді. Оңтүстіктен солтүстікке әртүрлі бағларламамен көшіп келіп жатқан отбасыларды «әкелдім, бітті!» деп тастай салу жөн емес. Олардың тұрақтану процестерін үнемі бақылап, туындаған проблемаларын шешуге жәрдем беру керек, – дейді Ақмолдина.
Екіншіден, сарапшының пікірінше, солтүстік өңір өзінің байырғы халқын сақтап, миграция толқындарын азайтқысы келсе, аймақтағы инфрақұрылымын, халыққа ұсынатын қызмет түрлерін, өңірдегі жалақы көлемі сияқты адам өміріне маңызды факторларды дұрыстауы керек. «Бұл процесті (солтүстіктегі халық санының миграция есебінен азаюын) тоқтату керек, тоқтатпаса, еуропалық этностар миграциямен кетіп азайған соң, қартаю процесі қатты қарқынмен жүріп жатқандықтан, ал туу көрсеткіші өспей отырғаннан, оңтүстік пен солтүстік халықтарының санындағы салыстырмалы пропорциясы жоғалады» – деп атап өтті ол.
Қазақстанда азиат ұлттардың үлесі көбейеді
Ал, ғалым-демограф Александр Алексеенконың мәлімдемесі бір жағынан дұрыс болжам дейді Батжан Ақмолдина. – Қазақтың саны көбейіп жатқаны, әлі де көбейетіні анық. Бірақ, әрине, ол айтқандай Қазақстан жалпы азаматының 80 пайызына немесе тіпті 90 пайызына жететінін нақты болжау қиын. Бірақ, өсетіні анық. Дегенмен, басқа халықтар да өсіп жатыр. Қазақстандағы еуропалық халық өкілдері азайып жатқанмен, азиялық ұлттары көбейіп келеді. Қазақстандағы азиялық халықтардың үлесі өсетінін сеніммен айта аламын. Жалпы, Қазақстан тарихынан да, Американың дамуынан да байқауға болатын бір құбылыс бар: негізі моноэтникалық елдерден қарағанда, полиэтникалық (көп этникалық) мемлекеттер тезірек дамиды. Толеранттылық адамдардың бір-бірінен жақсылық үйренуіне бастайды. Әр ұлт бір-бірін байытады. Немістерден ұқыптылық пен дәлдікті, өзге ұлттардан да жақсы қасиеттерін үйренуге болады,–дейді сарапшы.
«Өздері ғана емес, болашақ ұрпақты қоса әкетіп отыр»
Батжан Ақмолдина аймақтардың болсын, Қазақстанның жалпылама демографиялық жағдайы туралы болсын, қандай да бір зерттеу жасағанда мүдделі тараптар «ал енді, нақты ұсыныстарыңыды айтыңыз» деп қолқа салады дейді. Бірақ, сарапшы зерттеу орталығының жұмысы «барды бар, жоқты жоқ «деп айту екенін, ал, проблеманы шешу жолдарын әр орган, әр аймақ өзі ізденіп, түсініп, қарастыру керектігін айтады.
–Нақты ұсыныстар айт дейді. Бірақ, мен не айта аламын!? Мен тек жағдайды көрсетіп, талдап бере аламын. Мысалы, украин халқы азайып, қартайып жатыр дедік. Сонда бұған мен қандай ұсыныс беруім керек!? Украинадан жастарды көшіріп әкелейік деуім керек пе!? Ондай ұсыныс айта алмаймын. Мен тек зерттеу жүргізіп, себебі мен салдары не болатынын көрсетіп бере аламын. Ал, амалын сол аймақтың билігі ойластыру керек,– дейді Батжан Ақмолдина.
Сарапшының айтуынша, ішкі миграция қатты алаң тудырмауы мүмкін. Өйткені, маман, яғни, адами капитал елімізде қалады. Ал, жастар шетелге кетсе, біз біріншіден, экономикалық дивидендтен айырылдық деген сөз. Оны балабақшада тәрбиелеп, орта мектепте оқытып, жоғары білім берген инвестициямыз желге ұшады. Екіншіден, демографиялық дивидендтен айырыламыз. «Студент күйі кеткен жастар – ертеңгі ата-ана. олар өздері ғана кетіп жатқан жоқ, болашақ ұрпағымызды ала кетіп жатыр, – дейді Ақмолдина.
Сарапшы «қытай басып алды» деген қорқыныш туралы не дейді?
–Этносаралық некелер бойынша, Қазақстанда қытай ұлтының азаматтарымен некеге тұрған қазақтар көп емес. Бірақ, қазақ қызы немесе қазақ жігіті некесін Қытайда қидырса, ол статистика бізге көрінбейді. Яғни, өзіміздің статистикаға сүйенсек, ондай қауіп жоқ.
Екіншіден, Қытайдан Қазақстанға көшіп келіп жатқан қазақтар туралы айтайын. Олар қазір неден зардап шегіп отыр? Кезінде Қытайдан келген қазақтар көп болды, бірақ азаматтық алғандарының үлесі аз болды. Себебі, Қытайда қалған туыстарына барып-келу үшін немесе сауда-саттық жасау үшін олар шекарадан Қытай төлқұжатымен кедергісіз жүріп-тұра алатын еді.
Ал, қазір қандастарымыз Қазақстан азаматтығын алғысы келгенмен, Қытай тарапы оларды оңайлықпен елден шығарғысы жоқ. Бұл саясаттың астарында ұйғыр ұлты сияқты, қазақ ұлты да бас көрсете ме деген қорқыныш,–деді сөзінқорытындылаған Батжан Ақмолдина.
Жазып алған Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ
zhasalash.kz
[:]