[:kz]
Еліміз дамушы мемлекет ретінде инвестицияға мұқтаж мемлекеттердің бірі. Елбасымыздың әлемдегі зор беделі мен елімізде инвестиция салудағы ахуалдың қолайлы, әрі тұрақты болуына байланысты тек соңғы он жылдың ішіндеҚазақстанға 260 млд. доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Нәтижесінде Қазақстан инвестиция тартудағы жан басына шаққандағы көлемі бойынша Шығыс Еуропа елдері мен ТМД елдері арасында алдынғы орынға шықты.
Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция құятын — төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Оған дәлел 2005-2017 жылдар аралығында Қытайдың Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясы 13,9 млд. доллар, жалпы экономикаға салған инвестициясы 42,8 млд. долларды құрап, несиелеу көлемі 50 млрд. долларға жеткен. Соңғы 11 жылда Қытайға 100 млн. тонна мұнай 180 млд. текша метр газ тасымалданды. Қазақстандағы мұнай мен газ өндіру саласындағы Қытай компанияларының жеке меншігінде үлесі 22-% құрайды. Яғни елімізде өндірілген 86 млн. тонна мұнайдың 30 млн. Қытай компанияларының үлесінде.
Қазір көптеген мемлекеттер Қытай инвестициясы үшін арнайы бағдарламалар жасап, барынша тиімді инвестицияны көбірек тартуға ұмтылуда. Сондықтан да әлемдегі ең алып бай мемлекетпен көрші тұрып инвестициялық мүмкіндікті пайдаланбау үлкен қателік болар еді. Сол себепті Қазақстанға тікелей инвестиция салуды жүзеге асыратын заң жобасын тұжырымдамалық негізде қолдаймын.
Сонымен бірге үкіметтің назарын мынадай мәселелерге аударғым келеді.
Біріншіден, қазіргі таңда Қытайдың сыртқы және ішкі жағдайында және Қазақстан – Қытай қатынастарында да алып отырған мәселелер бар. Бұған байланысты қоғамда, ақпарат құралдарында алуан түрлі пікірлер көп айтылып жүр. Соңғы уақытта Қытай халқының ішкі «мені» өсіп келеді. Өздерінің әлемде мықты екенін сезіну рухы күн өткен сайын күш алып, өз мемлекетін жер-әлемнің кіндігі санайтын түсінік кең тарауда. Сондықтан болар, біздің қоғамда, ақпарат-құралдарында Қытайдан «үрейлену», «сақтану» сияқты тенденция жиі көрініс беруде. Мұның басты себебі осыған терең сараптамалық негізде талдау жасап, халыққа түсіндіріп жауап беретін – елімізде арнайы түрде Қытайды зерттейтін бірде бір ғылыми институттың болмауында болып отыр. Ал Қытайда Қазақстанды (Орталық Азия елдерін қоса алғанда) зерттейтін 22 институт пен орталықтар бар, онда жүздеген мамандарҚазақстанның басынан бақайшығына дейін зерттеп отыр.
Сондықтан да стратегиялық әріптесіміз Қытайдың саяси экономикалық және ішкі әлеуметтік жағдайын, болашақ беталысын, Қытайдың Қазақстанға ұстанған сыртқы саясатын, екі ел арасындағы қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерін, сауда экономикалық байланыстарын, кәсіпкерлік, индустрия саласындағы ынтымақтастығын зерттейтін арнайы Қытайды зерттеу институтын құрудың қажеттілігі пісіп жетілді деп ойлаймын. Оған елімізде, қытайтанушы, қытай тіл-жазуын терең меңгерген білікті мамандар жеткілікті.
Екіншіден, Қытайда қазір оқып жатқан 15 000 Қазақстандық студенттің 90-% астамы «Шет елдерге қытай тілін оқыту» мамандығы бойынша білім алып жатыр, қалғандары халықаралық сауда, экономика мамандықтарында оқиды. Ал технология мамандықтарында оқып жатқандардың саны 3 %-ге жетпейді, жаңа технология мамандықтары бойынша оқып жатқан студент жоқтың қасы. Сол себепті бірінші кезекте Қытай тілін меңгерумен қатар жаңа технология мамандарын даярлауға басымдық беру керек.
Үшіншіден, бүгінгі талқыланып отырған заң жобасында көрсетілген Қытай инвесторларының қаржысымен салынатын жаңа өндірістер, әсіресе мұнай-химия, тыңайтқыш өндіретін зауыттар қытайдың экологиялық проблемаларын Қазақстанға алып келуі мүмкін екенін де ескеруіміз керек. Өйткені Қытайдың аталмыш саладағы компаниялары халықтың денсаулығынан гөрі экономикалық пайдасын жоғары қояды. Олар көптеген химиялық өндіріс орындарын Пекинге жақын провинциялардан Шыңжан сияқты шеткері аймақтарға көшіруде.
Төртіншіден, Шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасындағы стратегиялық салаларын меншіктеп кету қаупі еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне, мемлекет мүддесіне қауіп төндірмей ме, қаржылай және технологиялық жағынан индустриялық дамыған мемлекеттерге тәуелді болып қалмаймыз ба, Қытай инвесторларына берілген жеңілдіктер – халықтың жұмыспен көбірек қамтылуына, шағын және орта бизнестің дамуына, Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың кеңінен жүргізілуіне, жергілікті жерден білікті мамандар даярлауға, келешек салынатын мұнай-химия заводтары ең соңғы үлгідегі барлық талаптарға сай келетін технологиямен жабдықтауға, шығарылған өнімдерді экспорттауға толық жауап бере ме сияқты маңызды мәселелерге назар аударып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек деп ойлаймын.
Кезінде Африка мемлекеттерінің бір басшысының мынадай қанатты сөзі болған. Европалықтар бізге келген кезде олардың қолында Библия болса, біздің қолымызда алтын болды. Арада ұзақ жылдар өткеннен кейін біздің барлық алтындарымыз олардың қолында кетті, ал біздің қолымызда Библия ғана қалды.
Мұны бізде үнемі есте ұстауымыз керек.
Мұрат Бақтиярұлы, сенатор
Abai.kz
[:]