[:kz]
Славяндар қыз тұрмысқа шығар алдында құрбыларын жиып, «девичник» дейтін бір рәсімді өткізіп жатады.
Негізінен бұл дәстүр Беларусьте, Украинада, Блогарияда, Сербияда, Польшада, Ресейдің солтүстік бөлігінде кеңінен тараған.
Ескі славян жоралғысы бойынша күйеуге кетіп бара жатқан бойжеткен қамсыз күндерімен, өрілген ұзын бұрымымен, сұлулығымен, ұят та болса айтайық, пәктігімен қимай қоштасып, сыңсып, құрбыларына «мұңын шағады». Мұндай жылап-сықтау бір аптаға, кейде екі аптаға ұласады.
Қызойнаққа күйеу бала жағынан да сүрбойдақ жігіттер келіп, қыз құрбыларына тәтті тағамдарын ұсынып, таң атқанша ән салып, эротикалық би билеп, көңіл көтереді.
Осы бір қанымызға жат дәстүр сыналап бізге де еніп жатқан сыңайлы. Әсіресе, Астанада, солтүстік өңірлерде өздерін заманауи жастармыз деп есептейтін қыз-қырқынның ортасында «қызойнақ» ойын-сауық дәстүріне айналып бара жатқандай.
Естеріңізде болса, базбір қазақ әншілері тұрмысқа шығар алдында құрбыларын моншаға шақырып, осындай «девичник» өткізген болатын. «Тойыма құрбыларымның бір түсті көйлек киіп келгенін қалаймын» деп еркелік танытқан жұлдыздар да кездесті.
Міне, содан бері еліккіш, желіккіш қыздар «бастаңғы» дейтін қазақы жоралғымызды желеу етіп, ұзатылар алдында мейрамхана-шатханаларда, жалдамалы пәтерлерде не өз үйінде құрбыларымен бас қосып жүр. «Бастаңғы» бөлек, онда үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері бір үйге жиналып, әзіл-оспақ айтысып, ұлттық ойындар ойнап, ән салып, күй тартып, әр түрлі өнерлерін ортаға салып, кеш батыратын
. Ал бұлардың «бастаңғысының» жөні басқа, онда тосын фантазияға, еркіндікке көбірек мән беріледі. Қыз-құрбылар белгілі бір стильде, мысалы, үсті-бастарына қына жағып, теңіз қарақшылары, ерке сәби, үнді актрисалары, қуыршақтар әлемі, ертегі кейіпкерлері кейпіне еніп, ойларында жүрген қияли қимыл-әрекеттерін жүзеге асырады. Үлгі ететіндері қазақ ертегілерінің кейіпкерлері болса мейлі ғой, батыс анимацияларының адам шошырлық мутант-қуыршақтары. Талғамға талас жоқ, әрине.
Бірақ, бұл сенің дәстүрің бе? Осыны бір сәт ойладың ба, жас құрбы? Ойпыр-ай, сыңсығың келіп, бойжеткен күндеріңмен қимай қоштасуды қаласаң, атадан келе жатқан «Сыңсу» дейтін өз дәстүрің бар емес пе?
Осының барлығы үйде, дастархан басында «қызға қырық үйден тыйым жасап», халықтық салт-жоралғымызды күнделікті айтып отырмаудан туындайтын жайттар болса керек.
Бір өкініштісі, қызойнақтың дастархан басында, арақ-шараппен шалқыта өткізілетінінде. Ал, шарап ішкен соң арада жасырын сыр қала ма? Құрбылар ағынан жарылып, іштегі құпия пікірлерін, көрген-білгендерін, естігендерін ортаға салып, қажет болса, төсек қатынасының кейбір құпия қырларымен ой бөлісіп, түрлі ойын-сауықпен таң атырады.
«Девичниктің» басым бөлігі ұзатылар қыздың өз үйінде өтетінін ескерсек, бұған жол беріп отырған ата-аналарының ойлайтыны не сонда? Әлде, олар қызойнақтың түн жарымынан соң жынойнаққа айналып сала беретінін білмей ме екен?..
Бекжігіт Сердәлі, фейсбуктегі парақшасынан
[:]